1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №97 (16179) 5 желтоқсан, дүйсенбі 2016
5 желтоқсан 2016
Атырау белсендiлерiне шығарылған үкiм: БИЛIКТIҢ ҚАТЕЛIГI НЕДЕ?
Әлдеқайда көп зияны тиетiн жағымпаздар мен дайын асқа тiк қасықтардан сақтанудың орнына, билiк ашық түрде қарсы шығушыларды жау көредi. Биыл­ғы жыл қоғамда үлкен реакция тудырған қайшылықты сот шешiмдерi жөнiнен рекордтық жылдардың бiрi болуы мүм­кiн. Сол рекордтардың қатарында – қоғамдық белсен­дiлер Макс Боқаев пен Талғат Аянның үстiнен қозғалған сот процесi де бар.  
 
САЯСИ ТРЕНДСЕТТЕРЛЕР 
Макс Боқаевтың туыстарының өтiнiшi бойынша, жаздың соңында-ақ мен оған қатысты сот мате­риалдары негiзiнде, әсiресе ҚР ҚК 174-бабының  2-бөлiмiне, “Әлеуметтiк, ұлттық, рушылдық, нәсiл­шiл­дiк, сословиелiк немесе дiни алауыздық тудыру” дегенге қатысты сараптамалық қорытынды дайындадым. Әрине, саясат элементi бар ондай iстерде бiздiң Фемида қолына таразыны көбiнесе көзiн таңбай тұрып ұстайды. Бiрақ бәрiбiр сот қорғаушылардың кейбiр дәлелдерiн қаперге алады деген азғантай үмiт болған. Оның үстiне, “жерге байланысты митингiлердi” билiктiң өзi қоғаммен қарым-қатынас­тағы сәтсiздiгiнiң бiр көрiнiсi, Қазақстанда кез келген себеппен оп-оңай бұрқ ете қалуы мүмкiн қарсылықты көңiл күйлердiң бар екендiгiнiң белгiсi ретiнде мойындаған.
Мұның сыртында жер реформасына қатысты жағдайда ҚР Конституциясы 18-бабының “Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, қызметтiк тұлғалар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты өз құқына қатысты құжаттармен, шешiмдер­мен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiмен қамтамасыз етуi тиiс” деген 3-пунктiнiң жүзеге айтарлықтай асырылмағаны анықталған.
Жер реформасына байланысты комиссияның құрылуының өзi – бұл баптың бұзылуын ресми түрде мойындау болып табылады. Тап осы жер мәселесi жөнiндегi митингiлерден кейiн, қыркүйек­тiң басында, VI шақырылымдағы парламенттiң екiншi сессиясында президент ықтималды қатер­лердi азайту мақсатында базбiр заң жобаларын қабылдау салдарларын талдау тақырыбын көтерген. “Заң шығару процесiнiң аясын кеңейту керек, – деген болатын сонда мемлекет басшысы. – Оның дайындалу барысына қоғамдық сарапшылар мен парла­менттiк емес партиялар, үкiметтiк емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiн тарту қажет. Экономикалық ық­пал­дастық пен даму ұйымы елдерiнiң халықты алдын ала ақпараттандыру және құқықтық жаңа енгiзiлiм­дердi қоғамдық талдау бо­йынша тәжiрибесiн қолдану керек. Заң шығару процесiне қатысатын мемлекеттiк ор­гандардың барлық басшылары, сондай-ақ партиялық фракциялар заңнамалық бас­тамалармен халықты жүйе­лi түрде құлағдар етiп отыруға мiндеттi”.
 
БИЛIКТЕГI ЖАЙСЫЗДЫҚ
Атырау белсендiлерi бас­тамашы болған “Жер мә­селесi” Қазақстанның саяси жүйесiнiң осал тұстарын көрсетiп, оны дүр сiлкiн­дiрдi. Айтқандай, ҚР Ұлттық қауiпсiздiк туралы заңының “Қоғамдық қауiп­сiздiктi қамтамасыз ету” жөнiндегi 19-бабының 1 және 2 бөлiм­дерiнде:
1) Қазақстан халқының бiрлiгiн бұзуға және этникалық, конфессия аралық жағдайды нашарлатуға;
2) қоғамдық келiсiмдi бұзуға әкелiп соқтыратын шешiмдердi қабылдауға, әрекеттердi жасауға болмайтыны айтылған. Бұл жерде мемлекеттiк органдардың әлеуметтiк шиеленiстi күшейтуге себепкер болатын шешiмдерi мен әрекет­терi де меңзелiп тұр.  
 
ӘУЕЛI “ҚАП!”, СОДАН КЕЙIН “АЙТАҚ!”
Бiрақ “қап!” деген билiк, артынша “айтақ!” дедi. Өзi­нiң қатесiн iшiнара мойындай тұра, ол кiнәнi дереу митингiнi ұйымдастырушыларға бұрып жiбердi, өзiнiң ескi әдетi бойынша ендi оларға қатысты сот проце­сiн өзiнiң ережесiне бағын­ғысы келмейтiндерге “ашық ескерту” ретiнде ұсынбақ.
Ол мұндай әрекетке бұ­рын да барған. Алматыдағы 2006 жылғы “Шаңырақ” оқи­ғасында да осылай болған. Ол кезде билiк, бiр жағынан, әлеуметтiк қайшылықтарды қарастыру және шешу жө­нiнде қоғамдық кеңес құр­ған. Ал екiншi жағынан, өзгелерге сабақ болуы үшiн, сол оқиғалардың бел­сендi ұйым­дастырушылары түрмеге жабылған. 
Бiрақ бұл 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасының тұтануына кедергi бола алған жоқ. Сол трагедиядан кейiн де кейбiр шенеунiктер қызметтен кеткен, заңнамаға (атап айтқанда, кәсiподақтар қыз­метiне қатысты) өзгертулер енгiзiлген, ал жергiлiктi әкiмдер еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты бұрын­ғыдан бетер қадағалауға көшкен. Бiрақ түрмеге тағы да қарсылыққа қатысқан қарапайым адамдар тоғытылған.
Жерге байланысты ми­тин­гiнi ұйымдастырушылар­ға қатысты да дәл осы жағдай қайталанды. Бiр ғана ерекшелiгi – айыптау қорытындысында, Тоқтар Төлешевке тағылғандай, билiктi басып алуға, сондай-ақ конституциялық құ­рылымды күшпен өзгертуге ашық түрде шақырғандық туралы айыптың болмағандығына қарамастан, бұған “вице-президент болғысы келген-мыс” деген “сыра королiнiң” ақылға қонбайтын әрекетiн қосып қойды. Бұл – Аян мен Боқаевты “сыра бүлiгiне” апарып таңуға тырысу әрекетiнiң сәтсiздiкке ұшырағанын көрсетедi.
“Шаңырақ” пен Жаңаөзеннен айырмашылығы, биыл билiктi жер мәселесiне байланысты митингiлердiң ауқымдылығы ғана емес, сонымен қатар оның ұйымдасқан түрде және зорлық-зомбылықсыз өткенi сақтандырды. Бұл “халық демократияға дайын емес, үш адамнан артық жиналған жерде мiндеттi түрде қайшылық, қирату және бей-берекетсiздiк болады” деген, бұрыннан бар және кеңiнен етек алған қорқынышты жойды. Мүлде олай емес екенi анықталды.
 
КҮНӘ ЖАСАДЫҢ БА? ТӘУБЕҢЕ КЕЛ!
Жүйенiң өз оппонент­терiн басып-жаныштау барысындағы жазылмаған ережелерiнiң бiрi – iстеге­нiн жария түрде мойындау. Негiзi, билiкке азап шегу­шiлердiң қажетi жоқ. Билiк олардан қорқады. Оның үстiне, халықаралық имидж тұрғысынан алғанда, олар бос әуреге салады. Ал “идея үшiн азап шегушi” даң­қын жоюдың жақсы тәсiлi – өз кiнәсiн жұрт алдында мойындау.
Атырау белсендiлерi тұр­ғысынан алғанда, бұл нұсқа жүзеге аспады. Олар оңай шағылмайтын жаңғақтар болып шықты. Нәтижесi – олардың бес жылға бас бостандығынан айырылуы. Мұның Сейтқазы Матаев­тiкiнен бiр жылға аз екенi көзге бiрден түседi.
 
№174 ТҰЗАҚ
Айтқандай, ҚР Журналис­тер одағы басшысына қа­тысты iс – мемлекеттiк тапсырыс аясында жұмыс iстейтiн және әрқашан қар­ғы бауда ұсталатын медиақұрылымға деген тұзақты көрсетсе, Атырау белсен­дiлерi жағдайында мұндай тор – ҚР ҚК 174-бабы болды.
Ол пайда болғаннан бас­тап, бұл қақпаққа бiрқатар блогерлер мен қоғамдық қайраткерлер түсiп үлгердi. Бұл баптағы терминдер аморфты және не нәрсенi де жасап шығаруға болатын пластилиндi еске түсiредi. Ол шабуылдауға өте қолайлы, бiрақ қорғануға емес. ҚР ҚК 174-бабы әлеуметтiк топтарды нақты жiктемейдi және анықтама бермейдi.
Онда тек “Әлеуметтiк, ұлттық, рушылдық, нәсiл­шiлдiк, сословиелiк немесе дiни алауыздық” тудыру туралы ғана айтылады. Бiрақ заңгерлер атап айтқандай, Қазақстанда “әлеуметтiк араздық” дегеннiң не екенi және қандай iс-әрекет­тердiң оны “қоздыруға” жататыны туралы толыққанды құқықтық анықтама жоқ.
Бұл өздерiн “әлеуметтiк топқа” қосуға құмар шенеу­нiктердiң қиялын сан-саққа жүгiртедi. Сөйтiп, олардың тарапына айтылған кез келген өткiр сын “әлеуметтiк араздықты” қоздырған болып түсiндiрiлуi мүмкiн.
Адамның құқы мен бостандығы арасындағы тепе-теңдiктi қалай қамтамасыз етуге болады?
Ғылыми тұрғыдан алғанда, кез келген “әлеуметтiк топ” – басқа әлеуметтiк топ­тардың мүдделерiмен, мақсаттарымен және құндылықтарымен сәйкес келе бермейтiн ортақ мүдделерi, мақсаттары, құндылықтары бар адамдардың әлдебiр қауымдастығы болып саналады. Бiрақ билiк өкiлдерi­нiң өзге әлеуметтiк топ немесе тұтастай алғандағы қоғам мүдделерiне қайшы келетiндей жеке, корпоративаралық мүдделерi болуы тиiс емес. Оның үстiне, “әлеуметтiк топ” белгiлерi­нiң бiрi – бiртектендiру, былайша айтқанда, “бiз бен басқаларды” қарама-қарсы қоя отырып, сол топтың мүшесiн өзiмен тең санау.
Осылайша, билiк өкiл­дерi жеке “әлеуметтiк топ” болып саналмайды. Сәй­кесiнше, тек сын ғана айтыл­ған жағдайда, оларға қар­сы “әлеуметтiк араздық” қоздырылған болып есеп­телмейдi. Мысалы, Макс Боқаевқа қатысты қылмыстық iс материалдарын талдау – оның сыны, шын мә­нiсiнде, Жер кодексiне өз­герту енгiзуге бастамашы болған билiк өкiлдерiне бағытталғанын көрсеттi. Бiрақ ол Жер реформасын “iрi жер иеленушiлердiң” немесе “шетелдiктердiң” пайдасына қарай жүргiзудiң салдарлары туралы айтты, ұлттық немесе сословиелiк араздықты қоздыруға шақырған жоқ.
 
ЖАҒЫМПАЗДАР СЫНАУШЫЛАРДАН ҚАУIПТIРЕК
Мұның сыртында, сын – егерде соған қолайлы басқа да жағдайлар пiсiп-жетiл­меген болса, қандай да бiр әрекеттердi қоздырушы болып табылмайды. Қоғамдағы қарсылықты көңiл күйдiң кез келген көрiнiсi билiк тарапына айтылған жай ғана сынға қарағанда салмақты. Сын – сол қарсылықты көңiл күйдi күшей­тетiн қосымша фактор ғана болуы мүмкiн, бiрақ оның негiзгi себепкерi емес. Оның үстiне, мен зерттеген материалдарда конструк­тивтi сын элементтерi болды.
Айтқандай, ҚР прези­дентiнiң “Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қыз­меткерлерiнiң мiнез-құлық ережелерi мен этикалық нормаларын одан әрi жетiл­дiру шаралары туралы” 29 желтоқсан 2015 жылғы қаулысында мемлекеттiк қызметкерлердiң “өз iс-әрекеттерi мен мiнез-құлқы арқылы қоғам тарапынан сын айтылуына, сын үшiн қудалауға жол бермеуге, конструктивтi сынды өз кемшiлiктерiн жоюға және iс-әрекетiн жақсартуға пайдалануға мiндеттi” екендiгi айтылған. 
Билiк қарсылық бiлдiру­шi­лермен диалог бастауға тырысқан да жоқ. Ал Макс Боқаевтың айтқан сөз­дерiне жасалған талдау – оның сондай диалогтi қалағанын көрсеттi. Мұның дәлелi – 2016 жылдың 24 сәуiрiнде өткен халықтық митингi қарарының петиция түрiнде мемлекеттiк органдарға ұсынылғаны. Саяси коммуникация тұрғысынан алғанда, петиция – қоғам мен билiк арасындағы диалог формасы. Бiрақ диалог бәрiбiр болған жоқ.
Бұл бiртүрлi болып кө­рiнуi мүмкiн, бiрақ билiктiң осал тұстарын көрсеткен Атырау белсендiлерiн соттау емес, керiсiнше қолдау қажет едi.
Билiктiң басты қателiгi – әлдеқайда көп зияны тиетiн жағымпаздар мен күнi үшiн уақытша жүргендерден сақтанудың орнына, өзiнiң ашық қарсыластарын жау ретiнде қабылдайды. Ал нақылға жүгiнсек, “жағымпаздық адалдықпен сыйыспайды, күнi үшiн жүргендер патриот бола алмайды”. Сондықтан сын айтушылардан гөрi, жарамсақтардың ортасында болған әлдеқайда қауiптiрек.
Досым СӘТПАЕВ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар