1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №98 (16180) 7 желтоқсан, сәрсенбі 2016
7 желтоқсан 2016
Телекөпiр тәмсiлi: БАСТАЙ БЕРСЕК БОЛА МА?
Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шара болған соң ба, әйтеуiр “жалпыұлттық” деген атауы бар телекөпiр президенттiң туған күнiне ұқсап кеттi. Жүргiзушiлерден бастап, кәсiпорын жетекшiлерiне дейiн Қазақстанның жылт еткен жетiстiгiнiң бәрiн Н.Назарбаевқа телiп, алғыс пен мадақ айтты. Қазақ басшысы бұл жолы елiмiздiң 16 аймағындағы 23 жобаға Астананың төрiнде отырып, старт бердi. Бұл өткен жылдары тұсауы кесiлген кәсiп­орындармен салыстырғанда әжептәуiр көп. Бiрақ Қазақстанның шынайы өмiрi теле­көпiрдегiдей түрленiп жатпағанын пре­зиденттiң өзi де сезетiн тәрiздi. Мұны көк жәшiкке үңiлген жұрт анық аңғарды деп ойлаймыз.
 
Мұрнына индустрияландырудың иiсi бармайтындар да қазiр телекөпiр арқылы тұсау кесудiң қы­зық-шыжығын жақсы бiледi. Қай жылғы телекө­пiрде де аймақтан тiкелей байланысқа шыққандар президенттен “Бастай берсек бола ма?” деп рұқсат сұрайды. Биылғы ноу-хау – алғашқы кезек президент еңбек жолын бастаған Темiртауға тидi. Әрине, жаңа кәсiпорынға бата берiлмес бұрын ол қалада кiмнiң жұмыс iстегенi егжей-тегжейлi айтылды. Қазақ жiгiтi – орыс тiлiнде, кәрiс қызы – қазақ тiлiнде жүргiзуiнiң өзi – телекөпiрге дайындықтың мемлекеттiк деңгейде ойластырылғанын айғақтаса керек. Биылғы және бiр жаңалық, жұмыс­ты бастауға рұқсат сұрап, президентке алғыс айтқандар – кiл қазақстандықтар емес. Кшиштоф Доморецки, Клаус Аль Уста т.б. секiлдi шетелдiктер­дiң телекөпiрде сөз алуы индус­трияландыру жобасының халықаралық деңгейде қарқын алып бара жатқанын айғақтау үшiн керек бол­ған сияқты.
Сонымен Н.Назарбаев 23 жобаға батасын бердi де­дiк. Соның бiрi – Ақтөбе облысында ашылған “Үй құрылысы комбинаты” ЖШС. Серiктестiктiң құрылуын да өндiрiстiк жобалар тiзiмiне енгiзудiң қаншалықты дұрыс екенiн кiм бiлсiн, бiрақ президент бұл тұрғыда былай дедi: “Өндiрiстi iске қосу – бұл өте маңызды. Бiз Ақтөбе Қазақстанның ең дамыған мегаполистерiнiң бiрi болсын деген мiндет қой­ғанбыз. Сондықтан тұрғын үй құрылысын дамытып жатырмыз, қаржы бөлiнiп жатыр. Бiрақ мен онда болған кезде ескерту жасадым. Кейiн ешкiм тұрғысы келмейтiн бiр пiшiндi қораптар сала бермеңдер. Әсем үйлер, сәуле­тi көз тартар нысандар салыңдар!”.
Осы тұста жұрт орайы келiп тұрғанда президент сапасыз құрылыстар жөнiн­де де әңгiме қозғар, салаға жауапты атқамiнерлердiң екi аяғын бiр етiкке тықпаса да, тиiстi тапсырма берер деп күткен. Бiрақ Н.Назарбаев ел емекси күткен тақырыпқа бармады. Бiр жағынан онысы дұрыс та шығар, Алматыдан аттай қалап алдырған Есiмовтiң жұмысынан мүлтiк шығып, иегiнiң астындағы ЭКСПО-ның көпiрi құлап жатқанда, президент бұл тақырыпта кiмге не дей алғандай?!
Телекөпiр арқылы президентпен “тiлдескен” кәсiп­орын­ның бiрi – “Казлегпром Алматы” фабрикасы. “Өзi­мiз­дiң жеңiл өнеркәсiптi қолдау керек екенiн мен ылғи айтып жүрмiн. Жаңадан өндiрiс ашылады дегеннен кейiн бүгiнгi басқосуға отан­дық костюм киiп келдiм. Аяқ киiм де сатып алдым. Қазiр аяғымды көтерiп көрсете алмаймын, бiрақ сендер өндiрген аяқ киiмдi киiп отырмын”, – дедi сөзiне әзiл қыстырған президент отандық өнiмге қолдау бiлдiретiнiн танытып.
Әрине, “жаңадан өндiрiс ашылатынын” естiгенде ғана иығына отандық кәстөм iлгенi – “осы Нұрекең отандық киiмдi екiншi орынға қойып отырған жоқ па?” дейтiн сауал тудыратыны рас. Бiрақ әдемi әзiлi бұл ойды жуып-шайып кеткендей. Әзiл демекшi, осы кәсiпорынның ашылуынан да әзiл iздеп жатқандар көп. Себебi “Казлегпром Алматы” серiктестiгiнiң сайтына үңiлген адам бұл кәсiпорын өнiмдерiнiң 2011 жылдан берi нарықта жүргенiн байқайды. Тiптi дәл осы кәсiп­орын “Қазақстанның үздiк тауары – 2014” өңiрлiк конкурс-көрмесiне белсене қатысқаны үшiн” сол кездегi Алматы әкiмi А.Есiмовтiң қолынан “Алғыс хат” алған екен. Мiне, осыны ескергендер “құдай-ау, бiздiң президент баяғыдан берi iстеп тұрған кәсiпорынды да “iске қосатын” болған ба?” деп күлкiге айналдырып жатыр.
Президент тағы бүй дедi: “Бiз дағдарысқа, өзге де қиындықтарға қарамастан, дамып келемiз, тоқтаусыз өсiп келемiз, таудай өнеркәсiптердi iске қосамыз, жаңа жұмыс орындарын ашамыз, заманауи за­уыттар, өңдеушi кәсiпорын­дар... Айтыңдаршы, кiм қа­зiр әлемде осылай iстеп жатыр? Қай мемлекет? Жоқ ондай”.
Жоғыңыз не, толып жатыр ғой... деп әрине, маңындағылардың айта алмасы анық. Назарбаевтың бұл сөзi айналасындағылардың асыра мақтауына сенiп қалған адамның кейпiн аңғартатындай. Алайда бұлай деп ойлауға мүлде болмайды. Себебi президент “бiз дамып барамыз”, “сендер бақыттысыңдар” деген ой­ды жұрт жадына сiңiруге тыраштанғанымен алдағы күннiң қалай боларына кә­дiмгiдей алаңдайтын тәрiз­дi. Ал тыңдап көрiңiз: “Ешуақытта Қазақстан мұндаймен шұғылданған жоқ. Совет одағы кезiнде, патшалық Ресей кезiнде жерден қазылған байлықтың бәрiн елден әкетiп отырды. Бiзге шаң жұтуды ғана қалдырды. Елiмiздiң iшiнде жүретiн жолымыз да жоқ болатын. Көрдiңдер ғой, жаңа қандай темiржол сеткасы салынды Қазақстанда. Қай өңiрге барам десең, барасың. Бұрын ондай болған жоқ. Себебi бiз колония болдық. Ендi ел болуымыз үшiн басқа жұрт секiлдi мынадай тауарларды шығаруы­мыз керек. Алтын, күмiс, мұнайдың бар болғаны құдайға тәуба, бiзге берген бақыт ол, қалтамызда жатқан байлық! Ол ешқайда кетпейдi. Бiрақ бiр түйiр мұ­найы жоқ Швейцария, Швеция сияқты өркендемесек болмайды. Қалып қаламыз”.
Қалтадағы алтын-күмiс. Ол кiмнiң қалтасында? Егер президент оны халықтың байлығы деп есептесе, бұ­ған дейiн өндiрiлген мұнай мен алтын-күмiстен жұртқа неге үлес тимеген? Халық үлес алған болса, неге тәубе демейдi? Совет одағы кезiнде Қазақстанда жол болмағанына кiмдi сендiре аласыз? Әрине, бұл сауалдарды әркiм өзiнше қорытуға құқылы. Ал бiз “өркендемесек болмайды” дейтiн президент пайымын iлiк ете отырып, әңгiмемiздi ары қарай өрбiтемiз.
Өркендеудiң жолы қандай? Мұны президент ашып айтқан жоқ. Бiрақ тағы бiр министрлiк құрылуы мүмкiн. Президенттiң пiкiрiнше, кiмнiң немен айналысатыны нақты болуы шарт. Нақтылықтың бiр көрсеткiшi ретiн­де ол сауда мәселесiн Индустрия министрлiгiнен алып, Сыртқы iстер министрлiгiне қосқан дұрыс шығар дедi. Дұрыс-бұрысын уақыт көр­сетер, бiрақ бұл телекөпiр кезiнде айтылатын мәселеден гөрi Ақордада отырып-ақ талқылауға лайық дүниеге көбiрек ұқсады.
Сондай-ақ, президент шетелдiк инвесторлардың келмей жатқанына налыды: “Трансұлттық компаниялармен қарым-қатынас жасамай, экспорттарын арттыра алған бiрде-бiр дамып жатқан елдi бiлмеймiн. Оларда дайын нарық бар, технология бар, мүмкiндiктер де бар. Сондықтан үкiметтегi­лер­ге трансұлттық компания­ларды өзiмiзге қалай тартуға болатынын ойластыруды тапсырамын. Мен шетел­дiк инвесторлармен кездесулер жүргiзiп жатырмын, келiсiп те жатырмын. Олар болса маған: “Бiз Қазақстанға келемiз” дейдi. Кейiн инвесторлар бiзге келедi. Бiреуi бiр министрлiкке барады, екiншiсi тағы бiреуiне барады. Алайда олар бiздiң шенеунiктерiмiздiң арқа­сын­да дәлiздерде жүгiрiп жүредi. Содан олар Қазақстаннан кетiп қалады”.
Осыны айтқан президент шетелдiк инвесторларды кеудеден итеретiн шендi­лер­дi жұмыстан қуатынын айтып, ашуға мiндi.
Ендi сұрақ туады: бiз неге сонша шетел инвестициясына зәрумiз? Президент айтқан таудай өндiрiс­терiмiз, заманауи зауыттарымыз, өңдеушi кәсiпорын­дарымыз қайда? Жыл сайын әлденешесi ашылады, ол дабырайтып көрсетiледi. Бiрақ нәтиже неге жоқ? Индустриялық жоба ретiнде әспеттелген кәсiпорындар­дың қаншасы жұмыс iстеп тұр? Қаншасы жабылып тынды? Мұны тарқатсақ, әңгi­мемiз тым ұзаққа созылатындықтан сөзiмiздi мақала тақырыбымен түйiндейiк.
Кәсiпорынды ашуға, жұмысты бастауға президенттен рұқсат сұрау әдетке айналды. Мұны телекө­пiр­дiң тәмсiлi десек те ар­тық емес. “Бастауға рұқсат етiңiз!”, “Бастасақ бола ма?” деген сауалдар сырт қараған адамға президенттiң батасын ала алмаған әлi көптеген өндiрiс ошақтары кезек күтiп тұрғандай әсер қалдырады. Күшеншек би­лiк­тiң көздегенi де осы секiлдi. Әйтеуiр ертеңгi ұрпақ “президентте не кiнә бар, бiр адамның батасына қарап, көштен қалған өз­дерiңнен көрiңдер!” деп бүгiнгi буынды жазғырып жүрмесе жарады.
Сансызбай НҰРБАБА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар