1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №98 (16180) 7 желтоқсан, сәрсенбі 2016
7 желтоқсан 2016
«Немерелер» саяси өмiрдiң шешушi факторына айналған елдiң болашағы бұлдыр
Зымырап өтiп жатқан Уақыт-ай!
90-жылдардың аяғында ашық саясатқа келген бойда “Қазақстандағы саяси ахуалға президент тiкелей жауапты” деп бастап едiк. Содан кейiн, 2000-жылдардың басында оның аяққа тұрып, мемлекет iстерiне бел­сен­дi араласа бастап, бiраз нәр­сенi бүлдiрiп, жұрттың ашу-ызасын туғыза бастаған қыздары мен күйеу балаларын сынап келдiк. Ендi, мiне, елбасының өз балаларымызбен жасты немере­лерiне қатысты мақала жазуға тура келiп жатыр... О бастан айтарым: “немере етiн жеп, сүйегiн қалдырады” деп нақылдап, от басы, ошақ қасы ғана мәнi бар бос әңгiмеге бармай-ақ қоялық. Немерелер факторына қоғамдық тұрғыдан қарайық.
 
Өткен аптада бiрден елге танымал екi “жоғарғы лауазымды” немере БАҚ-қа шығып, өз мемле­кеттерiн (және ол елдерге назарын аударып жүрген басқа жұрт­ты) дүр сiлкiндiрдi. Бiрi – қазақ елбасының, екiншiсi – кеше ғана өмiрден өткен өзбек басшысының немересi.
Алғашқысы нiлдей бұзылып, елдегi қоғамдық-саяси ахуалға өз бағасын берiп, былай дейдi:
“Олар коалиция мен кландар­ға бiрiгiп, ықпалы үшiн өзара айтысып, бар нәрсеге өздерiнiң қаржылық мүддесi арқылы баға берiп, шешiм қабылдап жатқанда Қазақстан iштей тынып қалады, тiптi ондаған жылдарға артқа шегiнедi. Интернетте кiмнiң одағы күштiрек деген мәселе ашықтан-ашық талқыланады; Өтемұратов пен Жақсыбековтiкi ме, әлде Тасмағамбетовтiң адамдары ма? Билiк транзитiн кiм қамтамасыз етедi? Кiм мұрагер болады?”.
Мәссаған, безгелдек! Өз атасының сенiмдi серiктестерiне өкпесi қара қазандай екен. Мынадай ащы да билiкке, соның iшiнде тiкелей елбасының өз басына тиiп кететiн сұрақты әдетте бiз, оппозиция өкiлдерi, қойып жүретiн едiк. Ендi, о тоба, бiздiң сөздерiмiз елбасының өз неме­ресiнiң аузынан шығып жатыр!Оның осыншама отқа май       құю­ының себебi неде?
“Орны бiткен ескi жара”. Тарих спираль (шиыршық) арқылы дамиды, яғни бұрын болған оқиға кейiн де қайталануы мүмкiн деген жорамал бар емес пе? Дәл осы пафостағы сөздi бiз осыдан 16 жыл бұрын осы немересiнiң әкесi – қылышынан қан тамған ҰҚК жетекшiсiнiң бiрi, генерал Рахат Әлиевтiң аузынан естiп едiк. Ол да өз қайынатасын iште шыққан жаулардан қорғамақ болдым деп алғашында айтып едi ғой!
Өзбек немеренiң жағдайы бiздiкiнен анағұрлым қиындау: президент атасы о дүниелiк болды, анасы, өзiнiң айтуынша, үй­қамақта, өзi – шетелде бас сауғалап жүрген секiлдi. Ендi бар жағдайы кеше ғана сайланып алған жаңа президенттiң қабағына байланысты: ол не десе, сол болатын сияқты. Әри­не, Мырзияев демократиялық риторикаға салынып, сырт көз бен құлаққа жағымды сөздер айтуы түсiнiктi. Бiрақ көршi болса да, бiз үшiн әлi де жұмбақ, билiк механизмiнiң нақ­ты тегершiктерi белгiсiз өзбек елiн жаңадан басқаруға келген ықпалды топтың ойының түбiнде не жатыр, оны бiр Құдайдың өзi бiледi. Еске сала кетейiн, Ислам ака Кәрiмов аяқ астынан дiм­кәстәнiп қалып, не өлi, не тiрi екенi белгiсiз жатқан күндерi Батыстың беделдi-беделдi басылымдарында оның қыздарының шетелдегi, әрқайсысы ондаған миллион доллар тұратын аса қымбат жылжымайтын мүлiктерi туралы ақпарат жарқ ете қалды.
Ол немере де өзiнiң анасының басына төнiп тұрған қауiп туралы ашық айтып отыр. Сол себептi кеше ғана өз атасы бас­қарып келген Отанына бара алмайды екен. Бұдан асқан қасiрет болуы мүмкiн бе?!. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың “Ан­на Каренина” романын қайта бiр оқып шығу керек шығар. Өздерi­ңiз бiлетiндей, ол шедевр “Барлық бақытты отбасылар бiр-бiрiне ұқсас, әр бақытсыз отбасы – өзiнше бақытсыз болады”деген баяғыда-ақ афоризмге айналған қанатты сөзiмен басталады. Менiңше, авторитарлық жүйенi басқарған тұлғалар отбасыларының тағдыры да Толстойдың толғамына толық сәйкес келетiн сияқты.
Шынымен де билiктiң басында жүргенде ол отбасыларының бәрi бақытты, көрген күнi рахат, тiптi сырт көзге уайым-қайғысы жоқ сияқты көрiнедi. Және де бастарына қонған бақ ешқашан таймайтындай сезiнедi өздерiн. Бiрақ, “үй iшi болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды” деген дана қазақтың сөзi бар. Бiрақ осы күнге дейiн бiздiң елбасы өз отбасындағы кикiлжiң­дердi сыртқа шығармауға тырысып-ақ келдi. Бiр осал тұсы Рахат Әлиевтiң кезi едi, одан да үлкен қиналыстармен, көп нәр­сенi құрбандыққа шалып, өз қолын өзi кескендей болып өттi. Ендi, мiне, “елу жылда – ел жа­ңа” демекшi, немерелер өз бастарын көтере бастады. Және де кешегi сөзiнiң бiр астары мынада: Айсұлтанның айтып тұрғаны рас, бiрақ ол нелiктен бiрден БАҚ-қа жүгiндi? Неге атасының өзiне барып, оңашада өз қауiп­терiмен бөлiспедi?! Мiне, гәп сонда.
Өзбекстан транзит кезеңiнен өтiп жатыр: ел басына нақты адам келдi, билiк маңайындағы саяси және қаржылық топтардың басы ноқтаға керiлдi, тек өзбекке ғана тән кландар мен жiктер дамыл тапқандай, алдағы болашақтарын болжай алатындай, өзара мәмiлеге келгендей күй кешуде. Ал бiзде ше? Президент ойы онға, санасы санға бөлiн­генiн бiлдiргiсi келмей, сенiмдi түрде:“2020 жылға дейiн отырамын”, – деп қойды. Әрине, оны бiр Құдайдың өзi бiледi. Бiрақ бiр нәрсе анық: осы уа­қытқа дейiн билiк iшiнде жүрiп жатқан броундық қозғалыс алдағы жылдары одан сайын үдегенде (оның себеп-салдары туралы бiз бұдан бұрын да талай жазғанбыз) немерелер де найза ұшына iлiнiп кетпей ме? Өзбек немеренiң басына түскен жағдай қазақ неме­ренiң басына түсiп жатса ша?
Әрине, кез келген саяси тартыста өзiнiң не таққа отыратынын, не құрбан болатынын сезетiн күштер мен тұлғалар болады. Және де өз тағдырының екiталай екенiн олар о бастан бiлiп, өз басын қатерге саналы түрде тiгедi. Бiрақ мемлекеттiң бiр құрамдас бөлiгi әрi оның қозғаушы күшi – ең үлкен басшының және оның жандайшаптарының отбасылары болса, олардың балалары мен немерелерiнiң басына тек бақ орнап қана қоймайды: белгiлi бiр тарихи бұрылыстар мен өзге­рiстер кезiнде олардың басына бұлт үйiрiлуi де мүмкiн. Олай болса, өткендегi былық пен шылыққа еш қатысы жоқ және ендi ғана аяққа тұрып жатқан, оң мен солын ендi ажырата бастаған ол немерелердiң жазығы не? Айсұл­танға дәл осындай сөздiң тiгiсiн жатқызып жазған сауатты да қауiптi хатты жариялатқызған басқа бiреулер емес пе? Олай болса, лас саясатқа араластырып, ол немерелерге осы бастан обал жасағаны қалай?
Әрине, немеренiң де назы бар, олар да қоғам мүшесi, сондықтан кез келген салада өз бiлiмi мен қабiлетiне сай жұмыс жасап, табысты болуға қақылы. Бiрақ аузы күйген үрiп iшедi демекшi, оның бәрi әдiл бәсеке жағдайында, басқалардың ала жiбiн аттамай, таза да абыройлы негiзде жүзеге асуы керек! Әйтпесе, өскелең ұрпақ iшiнде болуы ықтимал болашақ қақтығыстардың негiзi осы бастан қалануы әбден мүмкiн. Оның үстiне оғаш белсендiлiк таныт­қанды ағаш атқа мiнгiзiп жiбере­тiн әдетi бар емес пе атам қа­зақтың?
Бұл дегенiңiз – саяси жүйенi қалыптастыруда отбасылық, династиялық принциптен түбегейлi бас тартудың тағы бiр себебi. Мәселенiң және бiр ұрпақтық мәнiсi бар.
Елбасы және оның маңайында жүрiп, кезiнде өз тұстастарына тiзесiн батырып, зардап шек­кiзген мықтылардың немере­лерiмен қатар елде және одан тыс жерлерде билiк басындағылардың кесiрiнен, тiкелей тапсырмасы не орындалуымен тағдырдың тәлкегiне ұшыраған азаматтардың да немерелерi ер жетiп қалды емес пе?! Олардың кезiнде “берсе, қолынан, бермесе, жолынан” деп атойлап шықпасына қай ата кепiл?! Аталары мен әкелерiнiң кiмнiң кесiрiнен нақақтан-нақақ күйiп кеткенiн өз қолы өз аузына жеткен олар ұмыта қояр ма екен?
Иә, тағдыр солай болды. Әкем­нен жасы кiшi өзiне, бiзбен құрдас қыздары мен күйеубалаларына сын айтты деп, елбасы бастаған жүйе бiздiң ұрпақты мемлекеттiк iстер мен бизнестен шеттетiп келедi. Ендi сонда немерелерiне сын айтқан олардың қатарластарына да сол жүйе қырғидай тиiсiп жүрмей ме? Олай болса бiз оппозицио­нер­лердiң отбасылары саяси күрес­тiң құрбаны болған 90 жылдардың ортасындағы мемле­кеттiк бандитизм заманына қайта оралмаймыз ба?!
Менiң де сескенетiнiм сол...
Әмiржан Қосанов
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті