1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №100 (16182) 14 желтоқсан, сәрсенбі 2016
14 желтоқсан 2016
Немiс сарапшысы: «РАХАТ ӘЛИЕВТI ӨЛТIРГЕН!»
Немiстiң беделдi сот-медициналық сарапшысы Бернд Бринкманн Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшiсi, президент Н.Назарбаевтың бұрын­ғы күйеубаласы Рахат Әлиевтi әлдекiмдер өлтiрген деп мәлiм­дедi. Асылып немесе буындырып өлгендердi зерттеуге маманданған сот медицинасы профессорының қорытындысы Австрия тарабының Рахат Әлиев асылып өлдi деген тұжырымын жоққа шығарады.
 
Венада өткен баспасөз жиы­нында Б.Бринкманн 2015 жылы Австрия түрмесiнде асылып өлдi делiнген Р.Әлиевтiң мәйiтiн ашу хаттамасы мен фотосуреттерiн зерттей келе Әлиевтi алдымен тұншықтырып, содан кейiн жiпке асқан деген қорытынды жасады. Бринкманн сонымен бiрге бiрнеше адам марқұмның кеуде тұсын күшпен басып тұрып, мұрны мен аузын жабу арқылы тұншықтырған деп санайды. Австрия газеттерi Рахат Әлиев­­тiң адвокаттары немiс сарапшысының қорытындысын Вена прокуратурасына тап­сыр­ғандарын, олар өз кезегiн­де 2015 жылы өзiн-өзi өлтiргенi туралы болжамды қуаттаған швейцарлық сот сарапшысынан құжаттарды қайта талап еткенiн жазады.
Бринкманның қорытындысы Австрияда үлкен саяси жанжал туғызуы мүмкiн. Бернд Бринкманн Ватиканға жақындығы үшiн “Құдайдың банкирi” атанып кеткен Роберто Кальви есiмдi итальян банкирiнiң асылып өлмегенiн, оны алдымен буындырып өлтiргенiн дәлелдеген беделдi маман. Ол тiптi бiрнеше ғасыр бұрын он жасында тұтқында қаза тап­қан Людовик XVII-нiң француз королi Людовик XVI мен ханша Мария Антуанеттаның ұлы бол­ғанын анықтап берген. Егер осындай беделдi немiс сарапшысының пiкiрiне қосымша айғақтар табылса, еуропалық мемлекеттiң билiгiне абырой әпермейтiн дау тумақ.
 
Бұған дейiн Рахат Әлиевтiң адвокаты Манфред Айнедтер Die Presse басылымына мар­құмның түрмеде жазған күнде­лiгiнiң бiрнеше бетiнiң жыртыл­ғаны туралы айтқан болатын. 
“Бұл Әлиев камерасында болмаған кезде орын алуы ық­тимал. Жүрек-қан тамыр ауруларымен ауырған Әлиевтi сырқатына байланысты Венадағы Krankenhaus Barmherzige Brьder клиникасына ауыстыр­ған сәттi әлдекiмдер пайда­лан­са керек. Марқұмның қойын кi­тапшасында оның неден қо­рыққаны, қауiптенетiнi және кей­бiр ойлары туралы жазбалар болуы әбден мүмкiн”, – деген адвокат Манфред Айнедтер.
Р.Әлиевтiң iсiне қатысты куәлiк берген полицияның аға инспекторы да марқұмның қойын кiтапшасы болғанын және түрме камерасында бiрге отырғандардың оны өлтiретiн­дерiн айтып қоқан-лоқы жасағанын да растаған.
Рахат Әлиевтi Австрия астанасында мұсылман салтымен жерлеуге Астанадан оның ұл­дары келген болатын. Жақында Р.Әлиевтiң кiшi ұлы Айсұлтан Назарбаев әлеуметтiк желiде нағашы атасы Н.Назарбаевтың нөкерлерiн аяусыз сынаған жазбаны жариялады.
 
Президенттiң жиен не­мересi ең алдымен Қазақстан футболының Әдiлбек Жақсы­бе­ковтiң иелiгiнде қалғанына наразылық бiлдiрген. Одан арғы ойларында Айсұлтан Назарбаев футбол тақырыбынан шығып, президенттiң төңiре­гiн­дегi­лерге деген ашу-ызасын жасырмайды. “Елдi уысында ұстауға ұмтылған кландарды ел болашағына төнген қатер” ретiнде әшкерелеп, Әдiлбек Жақсыбеков, Болат Өтемұратов және Иманғали Тасмаған­бетовтi “ортағасырлық деңгейде ойлайтын”, бә­рiн “қаржылық мүдделерiнiң тұр­ғы­сында” қарастыратын саясаткерлер есебiнде атады.
Айсұлтанның жазбасы елдегi кландар арасындағы билiкке таластың асқынғанын және билiктi мұрагерлiк жолымен беруде шиеленiскен теке­тiрестердiң жүрiп жатқанын айғақтайды. Және президент­тiң серiктерiн “ортағасырлық адамдарға” теңеген Айсұлтанның өзi де билiктiң ауысуы туралы айтқанда халықтың сайлауы, демократиялық таңдаулар туралы ләм-мим демейдi. Р.Әлиевтiң кiшi ұлы билiктiң отбасы мүшелерiнiң уысынан сусып кетуiне көбiрек алаңдайтын секiлдi.
Екiншi жағынан, Айсұлтан Назарбаевтың Әдiлбек Жақсы­бековтiң жеке басына өшi бардай әсерде қаласыз. Ә.Жақсыбеков Астана әкiмi болған кезде қаланың сасық исiнен жиiр­кенген президент тез арада мәселенi шешпесе, Жақсыбековке Астананың сарқынды сулары төгiлетiн Талды­көлдiң жағасында киiз үйде тұратынын ескерткенi есiмiзде. Iле-шала президенттiң жиен неме­ресi Әдiлбек Жақсыбековке арнап Талдыкөл жағасынан өз қолымен киiз үй тiгетiнiн мәлiмде­ген. Футбол саласын басқаруды армандайтын Айсұлтан тағы бiр мәрте Ә.Жақсыбековке қарсы “ойын ережесiн” бұзғандай әсерде қалдық.
Бәлкiм, Айсұлтанға марқұм әкесiнiң иелiгiнде болған футбол федерациясы мен кейбiр бизнесiн Әдiлбек Жақсыбе­ковтiң өзiне қаратқаны ұнамайтын шығар? Бұл текетiрестiң бiз бiлмейтiн себептерi де болуы әбден мүмкiн. Не десек те, Австриядан жеткен хабар, президент отбасының мүшелерi мен Н.Назарбаев нөкерлерiнiң арасындағы текетiрес Ақорданың билеушiсiне оңай тимесi анық.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар