1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №103 (16185) 26 желтоқсан, дүйсенбі 2016
27 желтоқсан 2016
Қойылмай қалған концерт

Ресей Қорғаныс Министрлiгiнiң жексенбiде құлаған Ту-154 ұшағы ресейлiк әскердiң басты ансамблiнiң мүшелерiн, үш бiрдей федералды телеарна журналисi мен операторларын, тәжiрибелi ұшқыштарды, офицерлер мен әскери ведомствоның бiрқатар басшысын, бас-аяғы 92 адамды Қара теңiздiң құрдымына алып кеттi. Сирияға ұшып шыққан әскери ұшақтың сынықтары теңiздiң 10 шаршы шақырымнан астам аумағына шашылған. Ұшақтың қалдықтары мен мәйiттердi Абхазия республикасының жағалауынан да iздей бастады. Осы жағдайлар ұшақ апатына қатысты түрлi жорамалдар мен болжамдарды туындатып отыр.

АСПАНДАҒЫ АПАТ

Сочиден ұшып шыққан Ту-154 әскери ұшағының бортындағы жолаушылардың басым бөлiгi, дәлiрек айтқанда 64 адам Александров атындағы әскери ансамбльдiң хор әртiстерi мен балет труппасының мүшелерi болған. Қаза тапқандардың iшiнде ансамбльдiң директоры және жетекшiсi генерал-лейтенант Валерий Халилов та бар. Ресейдiң әскери ансамблi аузына Алланы, қолына автоматты алған содырлармен бiрге олардың жазықсыз құрбандарын да кеңес кезiнен қалған ауыр бомбалармен тып-типыл етiп, Алеппоны алған ресейлiк әскердiң жеңiсiнiң құрметiне концерт қоюы керек едi. Ресейдiң қорғаныс министрлiгi әртiстерi Сириядағы Хмеймим әуежайында жаңажылдық концерт ұйымдастыруға шақырылды дегенiмен, ресейлiктердi өздерi қорғаштап отырған президент Башар Асад әшкерелеп қойды.
Сирияның мемлекеттiк САНА агенттiгi: “Бiзбен және Алеппо тұрғындарымен бiрге жеңiс пен мереке қуанышын бөлiскiсi келген қымбатты достарымыз отырған ресейлiк Ту-154 ұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабарды қабырғамыз қайыса отырып қабылдадық” деген Асадтың жеделхатынан үзiндi келтiредi.
Ресей армиясының Александров атындағы ән-би ансамблi – елдегi ең iрi әскери көркемөнерпаздар ұжымы. Оның құрылғанына 90 жылдай болды. Осы уақыт iшiнде ансамбль әртiстерi алдымен кеңес, кейiн Ресей әскерi болған әскери қақтығыстар аумағында талай мәрте өнер көрсеттi. Iс жүзiнде Ресейдiң әскери жеңiстерi мен басымдығы туралы үгiт-насихатпен айналысқан ансамбльдi Батыста “Кремльдiң әншi қаруы” деп атап кеттi. Ал екi жыл бұрын ансамбль Қырымды басып алған Ресей әскерiнiң құрметiне “Вежливые люди” әнiн орындап дауға қалған едi. Шығыс Еуропа елдерiнiң бiрқатар саясаткерлерi мен қоғам қайраткерлерi әлем жұртшылығын ансамбль концерттерiне бойкот жариялауға шақырған. Қазiр қаза тапқан әртiстердi анықтау үшiн олардың туыстарынан қан талдамалары алынуда.
 

ТЕРАКТ...

Әскери ұшақтың апат болуына байланысты қылмыстық iс қозғаған Ресейдiң ресми орындары әзiрге апат салдарын ең алдымен техникалық ақаудан iздегендi жөн көрген секiлдi. Қайғылы оқиғаның себеп-салдарын зерттеу мақсатында құрылған үкiметтiк комиссияның жетекшiсi, Ресейдiң көлiк министрi Максим Соколов теракт туралы айтуға әлi ерте деп мәлiмдедi. Өз кезегiнде Ресей қарулы күштерiнiң ұшу қауiпсiздiгi қызметiнiң жетекшiсi Сергей Байнетов ұшақтың техникалық ақауы болмағанын, тексеру-жөндеу жұмыстары соңғы рет қыркүйек айында ғана өткенiн алға тартты.
Мәскеу iргесiндегi Чкаловск әуежайынан жексенбiде Мәскеу уақытымен түнгi 1:38-де ұшып шыққан ұшақ жанармай құю үшiн Моздоктағы әуежайға қонуы тиiс болғанымен, ауа-райының қолайсыздығынан Сочиге бет алған. Сочидiң iргесiндегi Адлер әуежайынан ұшып шыққаннан кейiн екi минуттан соң ұшақ радар бетiнен жоғалып кеткен.
Көктегi кез келген ұшақтың ұшуын онлайн бақылауға мүмкiндiк беретiн Flightradar24 қызметiнiң өкiлдерi апатқа ұшыраған Ту-154 туралы ешқандай ақпарат жоқтығын айтады. Flightradar24 қызметiнiң өкiлдерi транспондерi (жердегi қызметтерге әуе кемесi мен оның ұшу бағытының көрсеткiштерi туралы мәлiмет беретiн құрылғы) өшiрiлген ұшақтардан мәлiмет алу мүмкiн еместiгiн, бiрақ құлаған ұшақта құрылғының қосылған-қосылмағанын айту мүмкiн еместiгiн мәлiмдедi.
Бiр болжам бойынша, ұшақ апатына Адлер әуежайында құйылған жанармай сапасының нашарлығы себеп болуы мүмкiн. Алайда, бiрқатар сарапшы мұндай жағдайда көптеген әуе кемесiн қабылдайтын Адлер әуежайында басқа да ұшақтар құлауы тиiс едi деп бұл долбарды жоққа шығарады. Екiншi себеп, ұшақтың техникалық жарамдылығына келiп тiреледi. Ресейдiң Қорғаныс министрлiгiнiң ресми дерегiнше, апатқа ұшыраған Ту-154 1983 жылы құрастырылған, оның ұшып жүргенiне 34 жыл болыпты. Ресей әскерилерi соңғы рет екi жыл бұрын күрделi жөндеуден өткен ұшақ әлi ұшу әлеуетiн түгеспедi деп санайды.
Дегенмен Батыс басылымдары Ту-154 ұшағын сенiмсiз әуе кемесi ретiнде атап, апатқа техникалық ақаулар себеп болуы мүмкiн дегенге көбiрек бойұсынады. Еуропа 2006 жылы ресейлiк бұл ұшақтың жаңартылған бiр үлгiсiнен өзге түрiне өз аумағында ұшуға тыйым салған. Ресейдiң өзiнде Ту-154 ұшағын жасау өндiрiстiк әлеуетiнiң ескiруiне байланысты тоқтатылған. Ту-154 ұшағының борттағы жазба құралдарында жаңа ұшақтардағыдай радиомаяктың болмауы Батыс журналистерiн таңғалдырады. Және 2010 жылы Польша президентi Лех Качиньскийдiң дәл осындай ұшақпен апатқа ұшырағанын еске салады.


Ұшқыштар қателiкке бой алдыруы мүмкiн бе деген жорамалды Ресейдiң қорғаныс министрлiгiндегiлер жоққа шығарады. Ұшақ командирi, бiрiншi санатты ұшқыш Роман Волков пен оның әрiптестерi бұған дейiн Сириядағы Хмеймим әуе базасына Су-30, Су-35 және Су-24 ұшақтарымен ұшқан тәжiрибелi ұшқыштар ретiнде аталады. Ал апатқа ұшыраған Ту-154 штурманы подполковник Александр Петухов 2011 жылы дәл осындай ұшақты апатты жағдайда аман-есен қондырғаны үшiн арнайы орденмен марапатталған.
Бұл орайда, бiрнеше ресейлiк әскери ұшқыштар мен авиация саласының мамандары ұшақта теракт болды деп санайды. Олар әскери ұшақтың үш бiрдей қозғалтқышының бiрден iстен шығуына сенбейдi. Ұшқыштар қателiк жасаған күннiң өзiнде, жаңа ғана әуеге көтерiлген ұшақтың көкте шашылып кетпейтiнiн айтады. “Коммерсант” басылымына берген сұхбатында ұшқыш-нұсқаушы Андрей Красноперов ешқандай апат белгiсiн бермеген ұшақтың аяқасты теңiзге құлауына ұшақта болған жарылыс себепшi деп топшылайды. Ал техникалық ақау болса, экипаж мүшелерi ұшақты теңiзге қондыруға тырысар едi, тiптi суға құлаған күннiң өзiнде оның сынықтары соншама алыс аумаққа шашылмайды деп түйiндейдi.
Алайда Ресейдiң ресми орындары ұшақты бiреулер жарып жiбердi деген болжамды қабылдағысы келмейтiн секiлдi. Төтенше жағдайлар жөнiндегi қызмет өкiлдерi “Интерфакс” агенттiгiне ұшақ суға құлағанда күл-талқаны шығып, оның бөлiктерi алысқа ұшып кетсе керек деп мәлiмдедi. Ал Федерация кеңесiнiң қорғаныс және қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Виктор Озеров “Ресей аумағында, Қорғаныс министрлiгiнiң ұшағында теракт болуы мүмкiн емес” деп, бар кiнәнi ұшқыштардан немесе техникалық ақаудан iздеу керектiгiн айтты. Әншейiнде бүкiл әлемдi өзiне жау көретiн Ресейдiң ресми тұлғаларының бұл жолы қастандық туралы болжамнан бойларын алып қашқаны назар аудартады. Бәлкiм, апат алдында ғана “Ресей бәрiнен де күштi” деген президент В.Путиннiң астамшыл мәлiмдемесiнен кейiн әлсiз көрiнгiлерi келмеген шығар?

... ӘЛДЕ ЗАУАЛ


92 адамның өмiрiн жалмап кеткен апаттың анық себебiн әзiрге табылмаған “қара жәшiк” айта жатар. Ал бiздiң жоғарыда келтiрiлген болжамдарға қосарымыз бар. Қазақша айтқанда “зауал” дейдi. Кейде құдiреттiң күшi тәубаға кел дегендi ым-ишарамен бiлдiрiп жататыны бар. Жазықсыз жандардың қанына жуылған Сириядағы жеңiстi әндетiп тойлатпақ болған Ресей басшылығы сириялықтарды ажал бомбаларын тасыған ұшақтарымен зар еңiреткен едi. Бұл елде бейбiтшiлiк орнатамыз деген жәдiгөйлiкпен мынау содыр, мынау бала деп айырмай ұшақпен атқылаған ресейлiктердi Сирияның халқы қарғап-сiлемедi дейсiз бе?
Ұшақ құлаған Қара теңiздiң бiр жағасында украиндар мен татарлардан күшпен тартып алған Қырым жатыр. Кремль ата-бабасының жерiнде емiн-еркiн жүруден қалған қырым татарларының, бауырым деген елдiң басқыншылығын көрген украиндардың наласына қалмады деп айта аламыз ба? Ресейдегi талай отбасы үшiн азалы күнде бұлай дегенiмiз адамгершiлiкке жатпайтын қылық сияқты көрiнуi мүмкiн. Бiрақ олар да басқыншылық саясаттан басы айналған билiктен жәбiр көрiп отырғандарын түсiнулерi керек. Путин бастаған билiктегiлер Украинаға көз алартып, оның шығысында лаң салмағанда, талай жауынгер өз елiнде тiрi жүрер едi. Батыс елдерiмен бақталасып Сирияда соғыс ашпағанда Александров атындағы ансамбльдiң әртiстерi айдаладағы араб елiндегi түсiнiксiз соғыстағы мағынасыз жеңiстiң құрметiне концерт қоюға ұшып шықпас едi. Ажал айтып келмейдi, бiрақ әр iсiң мен сөзiңде өмiр мен өлiмнiң қатар жүретiнiн, бұл жалғанда да обал-сауаптың жауабы барын ұмытпаған абзал. 
Әдiл ҰЗАҚБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар