1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
Мешiн мiнездес оқиғалар және оның кейiпкерлерi

Он екi жылдан соң бiр айналып соғатын Мешiн бiзге не бердi деген сауалға жауап iздеуге әлi ерте. Себебi Наурыз келiп, Тауықтың дауысы естiлгенде ғана мерзiмi бiткен Мешiн тарих сахнасынан сырғып түседi. Оған дейiн әлi бақандай үш ай бар. Дегенмен жұрт 2017-нi қарсы алудың қамына кiрiскен бүгiнгiдей мерекелiк көңiл-күйдiң тұсында 2016-ның “келбетiнен” мешiнге тән “рең” iздеудiң ерсiлiгi жоқ секiлдi. Өйткенi кейбiр жағымсыз жағдаяттар жұртты күлкiге қарық қылып қана қоймай, ерекше таңданысын да тудырды. Және сол оқиғалар кiмнiң кiм екенiн айғақтап бергенi тағы рас. Осының бәрiн ескере келiп, мешiн жылындағы оқиғалардың талассыз кейiпкерлерiн iрiктеп, орайы келiп тұрғанда оларға “жыл” аталымы бойынша номинация үлестiрiп жiберудi жөн көрдiк.

«ЖЫЛ ДЕПУТАТЫ» – М.ТIНIКЕЕВ
Қараша айы кешегi Мәжiлiс төрағасы, бүгiнгi депутат Қабиболла Жақыповқа тым қатты келдi. Оның лауазымды қызметтегi баласы буда-буда ақша алып жатқан жерiнен ұсталғанда, “е, жыл депутаты осы кiсi болатын шығар” деп топшылағанбыз. Себебi жемқор бала тәрбиелеген әкенiң халық қалаулысы болуға моральдық тұрғыдан қақы жоқ едi. Алайда жеме-жемге келгенде Жақыповқа бұйыруы мүмкiн “жүлденi” Мұхтар Тiнiкеев жұлып әкеттi. Оның қойған “концертiн” бүгiнде бүкiл халық көрiп болды деп ойлаймыз. Бейнежазбадағы Мұхтар Тiнiкеев пен Николай Полевойдың кергiсi ормандағы ойынпаз маймылдардың шатақтасуына ұқсағанын ешкiм де жоққа шығара алмаса керек. “Арты ашылған” депутаттың “ауырып” қалуы, болған оқиғаны “әзiлге” теңеуi мешiндiк мiнезден мәжiлiстiң де құралақан еместiгiн айғақтайды.
Елдi шулатқан Тiнiкеев ақыры ақиқатына көштi. Орталық сайлау комиссиясына өкiлеттiгiн тоқтату туралы өтiнiш жолдады. Онда болған оқиғаның жұмыс күнi емес, демалыс күнi орын алғанын, бiрақ бұл өзiн ақтауға себеп бола алмайтынын, сондықтан сайлаушылардан, халықтан және әрiптестерiнен кешiрiм сұрайтынын айта келiп, хатын бүй деп аяқтапты: “Мен дәл бұрынғыдай, өз ғұмырымды Президентке, отанға және адамдарға қызмет етуге арнауға дайынмын”. Бұл сөзден қандай мiнез iздеудi оқырманның өз еншiсiне қалдырамыз.

“ЖЫЛ МИНИСТРI” – А.МҰХАМЕДИҰЛЫ
Қазақстанда ел назарынан түспей келе жатқан бiр шендi болса, ол – Арыстанбек Мұхамедиұлы. Бiрде әнұранға ұйыған спортшының құлағына ұялы телефонын тықпалап көзге түссе, ендi бiрде “Ресейдегi дәретхана тазалаған” қырғыз қыздарына қатысты оғаш пiкiр айтып, көршi елдiң қыз-келiншектерiнен “таяқ жейтiн”. Президенттiң сауалына орай “Бақытты кезде өмiр сүрiп жатырмыз ғой” деп елдi күлкiге қарық қылатыны тағы бар.
Бақыт дегендi бiздiң қазақ аумалы-төкпелi деп сипаттайды. Арыстанбектiң де алдын ораған оқиғалар биыл оны орнынан аударып жiбере жаздады. Режиссер Талғат Жәнiбеков “пара сұрады” деп айыптаса, Тұңғышбай Жаманқұлов оның бiрқатар “былықтарын” баспасөз бетiне шығарды. Бiрақ “Арыстанбектiң аяғы көктен келедi” деп күткендер жаңылыпты. Режиссердi сотта жеңген министр 1,5 миллион теңге берiп, “әкесiн таныған” әртiстi қамаудан өзi “суырып алды”.
Айқасып жүрген адамын бәледен арашалауға деген ниет нендей мiнезден белгi беретiнiн түйсiну – өз еркiңiзде. Бiрақ қыздардың таққан айыбы Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған. Бiлдей шенеунiктiң сексуалды сипаты мығым айыппен жазғырылуы тұңғыш рет. Алайда “тiлтабысқыш” министр онымен де «келiсiмге» келдi. Бұл да тұңғыш рет! Демек мешiн жылы аты жер жарған шенеунiктi “жыл министрi” демегенде кiм деуге болады?

«ЖЫЛ ӘРТIСI» – Т.ЖАМАНҚҰЛОВ
Әнеукүнi ғой, Тұңғышбай Жаманқұловтың “ағалаған” дауысы алты қырдың астынан естiлгенi. Президенттiң назары үшiн жолдаған бейнеүндеуiне үңiлгендер Тұқаңды танымай қалды. Себебi ол кино мен театр өнерiнде Қайыр хан, Абылай хан, Құнанбай, Ораз мерген т.б. тұлғаларды сомдаған. Сомдап жүрiп, сол тұлғалардың бейнесi есебiнде жұрттың жадында қалған. Ал бейнеүндеуде Абылайдың айбыны мен Қайыр ханның ерлiгiнен жылт еткен жұрнақ та жоқ. Керiсiнше, көз алдыңызда “Мен ешбiр Ашық хатқа қол қоймадым” деп президенттен рақым тiлеп, жанұшырған әлдебiреу тұр.
Т.Жаманқұловтың бұл жағдаятқа қалай түскенiн де оқырман жақсы бiлсе керек. Өнер академиясында оқыған қыздар А.Мұхамедиұлын “төсекке сүйрелемек болды” деп кiнәлай бастағанда, айыптаушылар қатарына Тұңғышбай да қойып кеткен. Бiрақ мұнысын ол кезде жұрт жақсы қабылдады. Ерлiкке балады. Ұстаздың шәкiртiне ара түсуi деп есептедi. Ал соңында не болды? Бейнеүндеуде Тұңғышбай “қыздардың өсегiне ергенi” үшiн “кiнәсiн мойындады”.
Сонда алдындағы әңгiме қайда қалды? Ел ағасы дейтiн жасқа жеткен әртiстiң мұнысы – алдымен қорған болуға ұмтылған ағаның қарындасын тастай қашқанымен тең емегенде не? Бiрақ бұл оқиғадан мешiнге тән мiнез iздеудiң қажетi жоқ секiлдi. Себебi Тұқаң қанша айтқанмен әртiс қой, ал әртiс қай кезде кiмге ұқсағысы келетiнiн өзi бiледi.

«ЖЫЛ ӘНШIЛЕРI» – ҚЫДЫРӘЛI МЕН ҚАРАҚАТ
Қыдырәлi мен Қарақаттың “қызығын” оқиға деуге келмейдi, әрине. Бiрақ үлкен бiр оқиғамен тiкелей “байланысы” бар. Байланыстырған – ерлi-зайыпты екеудiң өздерi. Ал Қыдырәлiнi тыңдап көрiңiз, не дейдi екен: “Мен арнайы Астанадан Алматыға ұшып келiп, осы туралы ағаларыммен, бауырларыммен, әрiптестерiммен ақылдастым. Сол уақытта адамдар менен: “Алаңға шықсақ қалай болады?” – деп сұрап жатты. Маған қиын болды. Қарақат қана менiң шарасыздықтан көзiме жас алғанымды көрдi. Ұйықтай алмадым. Таңертең маған бiр ой келдi”.
“Шарасыздықтан көзiне жас алған” кiсiнiң тапқан ақылы – тоқал туралы дақпырт. “Қарақат Қыдырәлiге тоқал әпередi екен” деген қауесеттi естiген жұрт алаңға шығуды қойып, осы тақырыпты талқылап кетiптi-мыс. Бұл ендi адамның күлкiсiнен гөрi құсқысын келтiретiн сөз. Бiрақ қызығы бұл емес. Қыдырәлi келтiре алмаған қисынды Қарақаттың сөзiнен табасыз. Ол бүй дейдi: “Стадионда алғаш рет концерт беретiн едiк. Оның үстiне, шетелдiк әншiлердi шақырмай, өз күшiмiзбен аншлаг жинайық дегенбiз. Бұл (тоқал туралы жаңалық) пиар үшiн жасалғаны анық. Концерттi белгiлеп қойғанбыз, оған қаншама қаражат кеткенiн өздерiңiз де бiлесiздер. Аяқ астынан соғыс басталып кетсе немесе тағы бiрдеңе болса, кiмге жақсылық келер едi?”.
“Әпкеме жездем сай” дегендi қазақ осындайда айтқан болса керек. Ал ендi шимай-шатпақ осы әңгiмелерден Сiз мешiн жылындағы пенделердiң мiнезiн қалай бағалайсыз?

«ЖЫЛ ЖУРНАЛИСI» – ШӘУКЕНТАЕВА
Владимир Познерге “сұхбат берген” Аймира Шәукентаеваның қазiр не iстеп жүргенi белгiсiз. Шынын айтқанда, соны бiлгiмiз де жоқ. Бiр анық дүние, “Еуразия” бiрiншi арнасының бас редакторы Руслан Смыков осы “сұхбат” үшiн жұмысынан кеттi. Ал В.Познер не дедi? “Мұндай сұмдықты ешқашан көрген емеспiн. Бұл бастан-аяқ жалған. Осы бiр шылғи өтiрiк қазақтардың бiрiншi арнасындағы ақпараттардың сенiмдiлiк деңгейiн көрсетедi, мен президент Нұрсұлтан Назарбаевты осы үшiн құттықтаймын” дедi.
Демек Шәукентаеваның шалдыр-шатпағынан өрбiген “шапалақ” Назарбаевтың да “жағын осып өттi” деген сөз.
Сонда бұл журналистiң өтiрiгi тек президентке ғана кесiрiн тигiздi ме? Жоқ, әрине. Қыдырәлi мен Қарақат “Қытайға жер бермеймiз!” деп ашынған жұртты тоқал-өсекпен “тоқтатқалы” жүргенде Шәукентаева мен Смыков еш шiмiрiкпестен “шеруге шыққандар 50-150 доллардан алды” деген ақпарат таратып жатқан. Бұл көпе-көрнеу жала едi. Жердiң тұтастығын ойлаған азаматтарды күстаналап аты шыққандар ақыры Познермен “әзiлдесемiн” деп от басты. Әзiлдiң бiр аты – ойын. Тақырыпқа арқау болған ойынқұмар хайуанның не екенiн айтып жату артық. Қосатын бiр ғана мәселе бар. Шәукентаеваның Тiнiкеевтен бiр айырмашылығы – депутат әрiптесiмен ойнаса, журналист халықпен ойнады.

ТҮЙIН
Басқа жануарлармен салыстырғанда мешiн бiршама ақылды. Өйткенi олар айнаға қарағанда өздерiн таниды дейдi ғалымдар. Осыны және Тауық келгенше әлi үш ай бар екенiн ескерiп, бүгiнгi әңгiмеге iлiкпеген, бiрақ болмысынан мешiн жылының өзгеше иiсi мүңкiп тұратын адамдардың барлығына айнаға бiр қарап қою қажеттiгiн ескертемiз.

Сансызбай НҰРБАБА
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті