1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №1 (16187) 5 қаңтар, бейсенбі 2017
5 қаңтар 2017
Астарлы ауыс-түйiс

Бiр орнында байыз тауып отыра алмайтын мешiннiң мiнезi секiлдi Мешiн жылында билiктегi ауыс-түйiс әдеттегiден көп болды. Наурызда Тауық шақырғанға дейiн әрi-берi сапырылысқан шенеунiктердiң саны бойынша Мешiн жылы рекорд қоюы да әбден мүмкiн. Тiптi жаңа жылдың қарсаңында да елдi елеңдеткен кадр алмасулар, керек десеңiз, “не дейдi?” дегiзген тұтқындаулар да болды.

ЫДЫРЫСОВТЫ КЕТIРГЕН “ҚЫРЫМНЫҢ ҚЫРЫҚ ДАУЫ” МА?

Халықаралық күнтiзбе бойынша 2017-нiң есiктен кiруiне екi-үш күн қалғанда күтпеген жерден сыртқы iстер министрi орнын босатты. Бұл қызметке әр жылдары үш мәрте тағайындалған, 2012 жылдан берi сыртқы саясат тiзгiнiн ұстап келген Ерлан Ыдырысов президенттiң жарлығымен қызметiнен кеттi. Оның орнына ЕҚЫҰ, БҰҰ секiлдi халықаралық ұйымдарда жұмыс iстеп ысылған, шетелде жүрiп жинаған тәжiрибесi мол Қайрат Әбдiрахманов тағайындалды. Алда-жалда Астанада Ресей мен Түркия қалағандай Сириядағы қақтығысты реттеу жөнiндегi саммит өте қалса сыртқы iстер министрлiгiнiң Азия, Таяу Шығыс және Африка елдерi бойынша басқармасына басшылық еткен Қайрат Әбдiрахмановтың тәжiрибесi әбден керек болады.
Дегенмен Ерлан Ыдырысовтың аяқ астынан министр қызметiнен алынып, Ұлыбританияға елшi болып кеткенi көпшiлiкке тосын көрiндi. Кейбiр сарапшы Е.Ыдырысовтың қызметiнен қуылуына оның Қырымға қатысты айтқан соңғы мәлiмдемесi себеп болса керек деп топшылайды. Халықаралық құқық тұрғысынан Қырымның мәртебесi түбегейлi реттелмегенiн айтқан Е.Ыдырысов Қазақстан бизнесмендерiне Қырыммен қарым-қатынаста абай болуды ескерткен едi. Шындығында, БҰҰ көпшiлiк дауыспен Ресей “басып алған аумақ” ретiнде таныған Қырымның мәселесi мен мәртебесi жақын уақытта шешiлмейдi. Ал түбектегi халық оны күтiп отыра алмайды. Қиын экономикалық және әлеуметтiк жағдайда қалған Қырым халқының ашуын В.Путин ақшамен басқысы келедi. Сол себептi түбекке инвестиция тарту Кремль үшiн маңызды мәселе. Оның үстiне ЕАЭО аясында Қырымдағы ресейлiк кәсiпорындарға қатысты кедендiк дау да Қазақстанда туған едi. Осындай жағдайда сенiмдi одақтасы саналатын Қазақстанның сыртқы iстер министрiнiң ел азаматтарын Қырымға ақшаларын салуға асықпауға шақырғаны Кремльдiң қожасына ұнамай қалуы әбден мүмкiн. Әйтеуiр бұған дейiн отандастарына Қырымда демалу жағын мұқият ойлануға кеңес берген Е.Ыдырысовты президент Н.Назарбаев Ресейге барып келiсiмен орнынан алды.
Ендi сыртқы саясаттың да, Астанадағы iшкi саясаттың да жiлiгiн шағып, майын iшкен Е.Ыдырысов Ресейге ұнамайтын пiкiрдi неге айтты дегенге келсек. Кез келген қазақстандық шенеунiк секiлдi Е.Ыдырысов президент Н.Назарбаевтың аузын бағатын, айт дегенiн айтып, айтпа деген тақырыбына жұмған аузын ашпайтын адам. Әрине әр сөзiн айтардың алдында президентпен кеңесiп алады деуден аулақпыз, бiрақ Путиндiк Ресей секiлдi аңдап баспасаң, аузыңды айға қарататын одақтастың шамына тиетiн мәлiмдемелердi бұрынғы сыртқы iстер министрiнiң өздiгiнен жасай қоюы екiталай. Президент Н.Назарбаев өзi тiкелей айта алмайтын әңгiменi шенеунiктердiң аузына салып берiп, ымырамен жеткiзгiсi келуi де ғажап емес. Оның үстiне осы мәлiмдеменiң алдында ғана жаңа жылдан кейiн Ақ үйдегi орнын Д.Трампқа босататын Б.Обама Ресейге санкция салуға себепкер болған “Адам құқықтарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк туралы Магнитский Актiсiнiң” аясын кеңейту туралы жарлыққа қол қойған едi. Құжатқа сәйкес, АҚШ ендi адам құқықтарын бұзған, өзге елдерге қатысты заң бұзған, жемқорлыққа iлiккен кез келген ел мен сол елдiң шенеунiктерiне қарсы санкция қолдана алады. Ресейден басталған санкция салдары бiрiншi кезекте оның одақтастарына салқынын тигiзетiнiн ескерсек, Ақорда Батыстың қатаң әрекетiнен кейiн осылай құбылуы да мүмкiн.
Е.Ыдырысовтың кетуiне қатысты кезектi жорамал президенттiң сыртқы саясатпен айналысатын министрлiкке экономикалық құзырет пен қызметтiң бiр бөлiгiн беру туралы ұсынысымен байланысты. 4 жыл бұрын Е.Ыдырысов президенттiң министрлiкке шетелден инвестиция тартуды мiндеттегенiн айтқан. Тiптi әр елшiге инвестиция тартуға қатысты тапсырма берiлiп, жоспардың орындалғаны туралы есеп тапсыру жүктелген. Бұл мiндеттi Е.Ыдырысовтың қаншалықты атқарғаны белгiсiз, бiрақ президенттiң өзi алақан жайып әлем аралап жүргенiне қарағанда, Н.Назарбаевтың шеттен инвестиция тарту жұмысына көңiлi толмайтыны анық. Демек жаңа сыртқы iстер министрi Ақорданың ақша табу туралы тапсырмасын орындауға мiндеттi.

“БӘЙТЕРЕГI” ШАЙҚАЛҒАН БИШIМБАЕВ

7 ай ғана ұлттық экономика министрi болған Қуандық Бишiмбаевтың қызметiмен тез қоштасқанының себебiн президент Н.Назарбаевтың өзi түсiндiрiп бергендей болды. Бұрынғы министр бұған дейiн үш жыл бойы басқарған “Бәйтерек” холдингiндегi жемқорлық пен парақорлыққа байланысты қылмыстық iс бойынша тергеушiлердiң назарына iлiгiптi!
“Ұлттық экономика министрiнiң “Бәйтерек” холдингiндегi қызметiне байланысты сұрақтар туғандықтан қызметiнен босатылды. Қазiр оған қатысты тергеу шаралары жүргiзiлiп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейiн ештеңе айта алмаймын”, – дедi Н.Назарбаев.
Есесiне, сiз бен бiз президент Н.Назарбаев арнайы мәлiмдеме жасаған қылмыстық iске жауапкер ретiнде тартылғандардың iстi болып шығатынын жақсы бiлемiз. Президенттiң тергеу аяқталмай жатып дүйiм жұртқа Е.Өтембаевты кiнәлi еткенi де ұмытыла қойған жоқ.
“Бәйтерек” холдингiнiң төңiрегiндегi дау былтыр қарашада басталған. Холдингтiң топ-менеджерлерi мен оның еншiлес “Байтерек Development” компаниясының лауазымды тұлғаларына мемлекеттiк тапсырысты параға саудалады деген айып тағылды. Оның үстiне айыпталғандардың бiрi 36 жасында министр болған Қ.Бишiмбаевтың министрлiгiнде iстеген. Осы даудың алдында ғана президенттiң күйеубаласы Тимур Құлыбаев басшылық ететiн кәсiпкерлердiң “Атамекен” Ұлттық палатасы Қ.Бишiмбаевтың министрлiгi ұсынған салық саясатын қатаң сынаған. Кәсiпкерлер депутаттарға жолдаған ашық хаттарында ұлттық министрлiктiң салықты көтеру бастамасына ашық наразылық бiлдiрген. Ақырында Т.Құлыбаев бастаған кәсiпкерлер дегендерiне жеттi.
Айтпақшы, жер дауына қатысты ең алғаш мәлiмдеме жасаған шенеунiктiң бiрi де осы Қ.Бишiмбаев едi. Мамыр айында ол жердi сатсақ ауыл шаруашылығындағы өнiмдiлiк күрт артып, елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгi күшейiп, кедейлiк деңгейiнiң төмендейтiнiне уәде берген.
“Бәйтеректiң” бәлелi дауына шатылған Қ.Бишiмбаевтың орнына 2012 жылдан берi Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесi болған Тимур Сүлейменов тағайындалды. Ендi ол жыл соңында қол қойылған жаңа Кеден кодексiнiң жұмысын бастауы керек.

МЕМЛЕКЕТТIК ҚҰПИЯ және ӘБЛЯЗОВ

Дегенмен iстi болған бұрынғы ұлттық экономика министрiнiң дауын жаңа жыл қарсаңында жұртты дүр сiлкiндiрген келесi жаңалық басып кеттi. 29 желтоқсанда ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев пен Нұрлан Хасен және Ерлан Нұртаев есiмдi шенеунiктердiң тұтқынға алынғаны белгiлi болды. Оларға мемлекеттiк құпияны жария еттi, билiгiн және қызметiн асыра пайдаланды деген айып тағылған. ҰҚК баспасөз қызметi ұсталғандардың қандай мемлекеттiк құпияны жариялағаны жөнiнде ләм-мим демейдi. Ресми хабарламада олардың үйлерiнде “тiну жасалғаны, заттай айғақтардың табылғаны” туралы айтылады.
ҰҚК-нiң бұрынғы басшысының ұсталуына қатысты жорамалдар өте көп. Кейбiр дерек көздерi Нартай Дүтбаев шын мәнiнде қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен байланысы үшiн қамауға алынғанын хабарлайды. 2003 жылы М.Әблязовтiң түрмеден шығуына себепкер болғандардың бiрi осы Н.Дүтбаев болды деген деректер бар. Және ҰҚК генерал-лейтенанты М.Әблязов француз түрмесiнен босаған соң онымен байланысқа шыққан көрiнедi. Бұл мәлiметтердiң рас-өтiрiгiн анықтау бiзге мүмкiн емес. Бiрақ Нартай Дүтбаев пен қуғындағы М.Әблязовтi байланыстыратын жағдайлар жетерлiк. Мәселен, 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандықтан кейiн ҰҚК төрағасы қызметiнен кеткен Н.Дүтбаевтың М.Әблязовтiң түрмеде отырған досы, “Қазатомөнеркәсiп” АҚ-ның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшевтiң орынбасары болғаны белгiлi. Нартай Дүтбаевпен бiрге тұтқындалған күйеубаласы Нұрлан Хасен Италияда дипломатиялық қызметте жүрген кезiнде М.Әблязовтiң әйелi Алма мен қызы Алуаны Қазақстанға ұрлап әкету iсi бойынша Италия тарабы қозғаған iс бойынша күдiкке iлiнгендердiң бiрi. Алма Шалабаеваның өзi Қазақстанға алып кеткен ұшақта Нұрлан Хасеннiң отырғанын мәлiмдеген де едi. Ал Н.Дүтбаевтың СIМ-нiң Лондондағы өкiлдiгiнде iстеген туысы Ерлан Нұртаев кей дерек бойынша М.Әблязовпен арадағы ақша мәселесiне араласқан көрiнедi.
Ендi Нартай Дүтбаев қандай мемлекеттiк құпияны жария етуi мүмкiн дегенге келсек. ҰҚК-нiң бұрынғы төрағасына мәлiм құпиялардың iшiндегi бiзге белгiлiсi Е.Дүтбаев комитеттi басқарып тұрған кезде болған оппозиция жетекшiлерiнiң бiрi Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiн “Арыстанды” пайдаланып ұрлап әкету, қазаға ұшырату оқиғасы. Естерiңiзде болса, президенттiң үлкен қызы Дариға Назарбаева “Дежа вю” атты әйгiлi мақаласында сол кездегi ҰҚК төрағасының президентке бұл қылмысқа кiмдердiң қатысы барын мәлiмдегенiн жазған едi. Қалай десек те, Н.Дүтбаевтың тәуелсiз Қазақстанның тарихындағы ең атышулы саяси өлiмдерге қатысты көп нәрседен хабардар екенi анық. Ал бұл қазiргi билiк үшiн мемлекеттiк құпияның көкесi. Егер Н.Дүтбаев пен оның туыстары М.Әблязовқа Ақорданың Қазақстан жұртшылығы бiлмейтiн былықтарын сатты деген сөз рас болса, онда Франциядағы банкирдiң әр сөзiне мән беру керек болады. Немесе бұл құпиялар алдағы уақытта М.Әблязовтiң аузымен жария етiлуi мүмкiн.
Осы орайда СIМ-нiң бұрынғы басшысы Е.Ыдырысовтың аяқасты қызметiнен кетуiне М.Әблязовтiң iсi де жанама әсер етуi мүмкiн деп ойлаймыз. М.Әблязовпен арадағы текетiрестегi соңғы сәтсiздiктерден кейiн кiнәлiлердi iздеген жоғарғы билiк Италиядағы елшiлiктiң қызметкерi мемлекеттiк құпияны жария еттi деп айыпталып жатқанына, Франция мен Қазақстанның арасындағы экстрадициялық келiсiмнiң сол күйi жасалмағанына назар аудармауы мүмкiн емес. Бұл жағдайлар Е.Ыдырысовқа да салқынын тигiзiп кетсе керек.
Жаңа жыл қарсаңындағы ауыс-түйiстер мен тұтқындауларға қатысты алғашқы түйiн осындай. Айтпақшы, Нартай Дүтбаев мемлекеттiк құпияны жария еттi деп айыпталған ҰҚК-нiң екiншi төрағасы. Оған дейiн Әлнұр Мұсаев пен ҰҚК төрағасының орынбасары болған марқұм Рахат Әлиевке бұдан бөлек мемлекетке опасыздық жасады деген ауыр айып тағылған болатын. “Органның” тағы бiр генералы түрмеде “өзiне қол жұмсады”. Осыдан кейiн ҰҚК-нiң кiмге қауiпсiз, кiмге қауiптi екенiн тап басып айтып көрiңiз.
Қанша құпия делiнсе де, “Жария етiлген мемлекеттiк құпия” туралы қоғамға ашық айтылуы керек. Сондай-ақ, билiгiн және қызметiн асыра пайдаланғанда ненi бүлдiргенi туралы да халық бiлуi тиiс. Олай етiлмеген жағдайда жоғарыдағыдай пiкiрлер мен болжамдар дұрысқа шығады. Ақиқат қажет, ақиқат...
 

Әдiл ҰЗАҚБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (10)
мен | 5 қаңтар 2017 16:25
Бірің ді бірің ашып беріп жатқан кез. Қазіргі министрлер де ертеңін ойлағандары дұрыс болады. Асықпаңдар сендерге де күн туады. Сол үшін биліктен өз еркіңмен БАС тарту батырлық. Халыхпен санасу басты міндет. Ұрпақтарыңның ертеңін ойла ҚАЗІРГІ БАСТЫҚ.
Есенғали, Антакиядан | 5 қаңтар 2017 16:28
Е. Идирисов - "козел отпущения". Қорқақ көсеуші орысқа қарсы аузын аша
алмайды. Шөпкетышарына айтқызып, өзі қортық "стратегтің" жан досы
болып қала береді.
БАГЫС | 5 қаңтар 2017 16:55
НАРТАЙ ДҮТБАЕВ ЕШҚАНДАЙ ҚҰПИЯНЫ АШҚАН ЖОҚ ӘБЛЯЗОВ, ҚАЖЫЕЛДИНМЕН
КЕЗДЕСІП ҚОЙДЫ ДЕГЕН БАЙБАЛАМ. ЫДЫРЫСОВ тың да ҚЫРЫМ деп ҚЫРТҚАН СӨЗІ
ЖОҚ. Англядағы Қажыгелдинді пайдаланып үшеуің де ОРТА ЖҮЗСІҢ деп біріңмен бірің келісіп"Әблязовтың үнін өшіру" тапсырылған. ІНІМ ӘБЛЯЗОВ көрер қорлығыңның
бәрін көрдің. Енді саған артқа жол жоқ. Аятолла Хоменей құсап ПРЕЗИДЕНТТІК
бағдарламаңды газетке жариялап самолетпен бір ақ түсуге тырыс. Әрине оған дайындық керек. Ондай мүмкіншілк сенде бар. АЛҒА, МҰХТАР
көпжан | 5 қаңтар 2017 23:23
Мұқтар Әбілязов түлкібастың жігіті, біздің жерлес сондықтан оған қолдау көрсету керек
көпжан | 5 қаңтар 2017 23:27
Әбілязов Түлкібастың жігіті басы қатты істейді тұрар Рысқұловтың ізбасары түбінде ел оған əділ бағасын береді.
Ербол Оралдан | 6 қаңтар 2017 17:49
Әбілязов Түлкібастың жігіті басы қатты істейді тұрар Рысқұловтың ізбасары түбінде ел оған əділ бағасын береді.

Басы істемесе Европада тұруға ақшаны қайдан алды. Әлде айлық ақшаларын жинап, соған өмір сүріп жатыр ма жанұясымен? Жақсы маман, бірақ дым жемеді дегенге сене алмаймын.
Төре | 7 қаңтар 2017 11:57
Естеіріңізде болсын! Түбі Қазақтың Иесі екі Мұхтар болады! Олар: Жәкіш! пен Әбіләз! Осыны Төре бұрында айтқан, қазірде айтады! ... Жаратқан Ием, Бір Алла! кешір мені, құлыңды?
Төре | 7 қаңтар 2017 17:43
"Ыстық суға аузы күйген адам, суық суды үрлеп ішеді" деуші ме еді біздің Қазақ? "Байқұс" болған Жас Алаш, басынан сот кетпеген соң, пікірлерді арандап қалмау үшін, "тексеріп-іріктеп" жіберіп жүр. Жақсы ойланған әдіс! Көп асқанға, Бір тосқан! "Сорлыныңда" күні туады?
Есенғали, Антакиядан | 9 қаңтар 2017 10:47
Әй жезде !
Саған қор болған апамды Құдай аясын !
Ініңді көсеушінің қазанына түсіргің келіп Мазақстанға шақырып отырсың ба ? !
қонақ | 9 қаңтар 2017 16:59
есенғали тағы кімдер төре дей ма? барлығың қуғынбай екенсіңдер
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар