1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №8 (16194) 31 қаңтар, сейсенбі 2017
31 қаңтар 2017
Үндеу және ескi сүрлеу

Әбден құлақсiңдi болған “Жолдауды қолдау” дейтiн бiр тiркес бар. Бұл әдетте президенттiң жолдауынан кейiн жаппай ауызға iлiгедi. Мемлекетiк басылым беттерiндегi таңдану мен тамсанудан тұратын пiкiрлер осындай айдардың аясында жұртқа жария болады. Бiр қызығы, бiзге үндеуге үйлесе кететiндей тартымды сөз табылмай тұр. Сондықтан да болар, мемлекет басшысының үндеуiне үн қосу науқаны бiр ұранның ауқымына ұйыса алмай, шашырап шығып жатыр. Дегенмен бәрiнiң айтпағы – “табылған ақыл”, “дер кезiнде көтерiлген мәселе” дегенге саяды. Мұны үндеуге ұйыту, көптi сендiру, ертеңгi күннен үмiттендiру десеңiз, артық емес. Мiне, сол себептен де бiз үндеу мен одан кейiнгi жаппай үн қосуларды “ескi сүрлеудiң” жоралғасына жатқызуға мәжбүрмiз.

Шыны керек, “Н.Назарбаев халыққа үндеу жолдайды екен” деген-дi естiгенде талай ел “бұ кiсi не айтар екен?” деп құлақ түрген. Ақордадағы соңғы ауыс-түйiстердiң ауаны да әркiмнiң көңiлiне әртүрлi ой салған-ды. Саясаттың ықпыл-жықпылын бiлетiн саясаткерлер президенттен тосындау пiкiр күткен тәрiздi. Алайда мемлекет басшысы көпшiлiкке бұған дейiн мәлiм болып үлгерген билiктегi өкiлеттiктердi бөлiсу туралы ойын айтты: “Бiрiншiден, президенттiң әлеуметтiк экономикалық процестердi реттеудегi бiршама өкiлеттерiн үкiметке және басқа да өкiлеттi органдарға берген жөн деп санадым. Сонда бұл салаға министрлiктер, әкiмдiктер толықтай жауап беретiн болады. Екiншiден, одан да күрделi мiндет бар. Билiктiң тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды конституциялық негiзде теңгерiмдi ету. Осы реформаның аясында үкiметтi жасақтаудағы парламенттiң рөлiн күшейтемiз. Парламент сайлауында жеңген партия үкiмет құрамын анықтауға түбегейлi ықпал ететiн болады”, – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттiң “Парламент сайлауында жеңген партия” дегенi – қай партия? Әрине, “Нұр Отан”. Демек парламенттегi басым дауысқа ие бұл партия “үкiмет құрамын анықтауға түбегейлi ықпал етедi”. Ал партия төрағасы кiм? Нұрсұлтан Назарбаев. Сонда бұл жерден Сiз қандай өзгерiстi, нендей билiк бөлiстi көрiп тұрсыз? Әлде парламент сайлауы қайтадан өткiзiле ме? Бiздiң бұған күмәнiмiз бар. Егер президент парламент сайлауын шынайы өткiзiп, нағыз халық қалаулылары бас құраған парламентке билiктi бергiсi келсе, мұндай үндеу 2017 жылы емес, не 2015, не 2016 жылы жасалуы тиiс едi. Өйткенi Н.Назарбаев билiктi бөлiсу туралы пiкiрiн алғаш рет айтып тұрған жоқ. Алғашында оны 2015 жылы мамыр айында Бурабайда бас қосқан ТМД үкiмет басшыларының кеңесiнде айтқан. Ал парламент сайлауы 2016 жылдың наурыз айында өттi. Мiне, осы аралықта президенттiң үндеу жасауға, билiктi бөлiсудiң алғышартын қалыптастыруға әбден мүмкiндiгi бар едi. Сол тұста “Нұр Отан” төрағалығын өткiзiп берiп, таза сайлау өткiзуге мұрындық болса, бүгiнгi билiк бөлiске қатысты мәселеге күмәнмен қарауға еш хақымыз болмас едi.
Екiншi мәселе, парламент құрамындағы депутаттарға қатысты. Депутаттар халықтың мүддесiн қорғаймыз десе, бұған дейiн де ондай құзыретi болған. Өздерiн “халық қалаулысы” көретiн депутаттар жұрттың сөзiн сөйлеп, көптiң мұқтажын өтеуге күш саламыз десе, қолдарын ешкiм қаққан жоқ. Бiрақ бiрде-бiр рет үкiметке қарсы келгенi, табандап қарсы тұрғаны, президентке талап қойғаны елдiң есiнде жоқ. Бiр мысал ғана айтайық, кешегi Жер дауы әрi-берiден соң қарапайым халықтың (студенттiң, жұмысшының, зейнеткердiң, мүгедектiң) жанын сала қорғайтын мәселесi емес едi. Ол – парламенттiң парызы болатын. Парламент өз мiндетiн адал атқарса, халық митингiге шықпас едi, шетiнен қамалып, зардап шекпес едi. Демек, ел мен жердiң бүтiндiгi үшiн азаматтық танытып, алаңға шыққандардың, сотталғандардың обал-сауабы да осы жанбақы парламенттiң мойнында! Бүгiн осындай болған парламенттiң ертең өзгере қоюы да неғайбыл.
Билiк өкiлеттiгiн бөлiсу сарсаңымен Ата заңға да өзгерiс енгiзiлмек. Ал Конституцияның қандай баптары өзгередi? Оның бiрi – жекеменшiк құқығын қорғауға қатысты бап. Дәлiрек айтқанда жекеменшiк құқығын қорғау тетiктерi күшейтiледi. Не үшiн? Кiм үшiн? Қарапайым халық үшiн бе, әлде мемлекеттiң дәулетiн жекешелендiрiп алған шендi-шекпендi, бай-бағландардың мүддесi үшiн бе? Тағы қандай баптарға өзгерiс енедi? Бiз бұл тақырыпқа әлi де оралатын боламыз. Өйткенi президенттiң үндеуiн талқылау 25 ақпанға дейiн жалғасады.
Жұрт үшiн аса маңызды тағы бiр мәселе бар. Ширек ғасырдан берi бар билiктi уысында ұстап келе жатқан президент неге билiктi бүгiн бөлiскiсi келе қалды? Сарапшылар мұның ықтимал себебi ретiнде бiрнеше мәселенi атап жүр. Сiрә, соның ең негiзгiсi – И.Каримовтың оқыс қазасы болуы әбден мүмкiн. Тәуелсiздiктен берi аттан түспей келе жатқан, тiптi өзбек халқы үшiн өлместей көрiнген Каримовтың тағдырын ажал “әшкереледi”. Уақыт өз дегенiн жасады.
Пенденiң күткенi емес, Алланың дегенi болды. Бұл – Орталық Азия елдерiндегi орнын ешкiмге бермей келе жатқан жалғыз президенттi ойландырмай қоймайды. Сонда президент тақты бiреуге беруге дайындалып жүр ме? Әбден мүмкiн. Дегенмен алдымен билiк бөлiстiң президентке не берерiн болжап көрудiң жөнi бар. Ең алдымен Н.Назарбаев демократияның елесiмен “елiрiп” жүргендердiң аузына “құм құяды”. “Ширек ғасыр бойы жалғыз өзi биледi” деген сөздiң ендi салмағы кеми бермек. Бұл – қартаң тартқан президент үшiн аз мәртебе емес. Екiншiден, билiк тармақтары бөлiске түскенiмен, бақылау тетiгi бәрiбiр өз қолында қала бередi. Өйткенi парламент өзгермейдi. Парламент өзгермеген соң, билiктiң өзге тармақтарынан халыққа қарайлас ниет-пейiл күту де бекер.
Осы тұста украиналық астролог Влад Россттың өткен жылдың қаңтар айында айтқан жорамалдары есiмiзге оралып отыр. Ол қазақ басшысының билiктегi ғұмырын 5 жылға мөлшерлеген. Бес жылыңыз – 2021. Ал одан кейiн не болады? Төңкерiс Қырғызстандағыдай аяқасты бұрқ етедi. Күштiк құрылымдар ең қиын кезеңде Назарбаевтан терiс айналады. Ол өз жақтастарымен бiрге Ресейге қашады т.б.
Басқаша болуы мүмкiн бе? Мүмкiн. Бiрақ Влад Росст оның бiр ғана ықтимал себебiн айтқан. “Ол үшiн Назарбаев 2018 жылы тақты өзге адамға берiп, сыртынан басқаруға көшуi мүмкiн. Бұл – жалғыз мүмкiндiк. Олай болмаған жағдайда халықтың ренiшi мiндеттi түрде төңкерiске ұласады”.
Әрине, украиналық астрологты әулие деуден аулақпыз. Бiрақ соңғы ауыс-түйiстер мен билiктi бөлiсу қамы әлдебiр жағдайдың жақындап келе жатқанын меңзейтiндей. Мұны отандық сарапшылар да басыбүтiн жоққа шығармайды. Мәселен, Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында Досым Сәтпаев президент орнын босата қалған мезетте билiкке келуi мүмкiн адамдардың аттарын атапты. “Мүмкiн деп қарастырылып отырған үмiткерлер айтарлықтай көп емес. Бұл оның қызы – Дариға Назарбаева, күйеубаласы Тимур Құлыбаев, ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбiш”, – дейдi Д.Сәтбаев.
Үшеуi де елге жақсы таныс есiмдер. Бiрақ саяси әлемдегi қандай да бiр артықшылықтары арқылы емес, үлкен отбасының мүшелерi есебiнде танымал. Дегенмен олардың саясаттанушының тiлiне iлiгуi тегiн бе? Мiне, мәселе осында болса керек.

Қ.БАЯН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар