1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №8 (16194) 31 қаңтар, сейсенбі 2017
31 қаңтар 2017
Әншiлердiң әләулайына айналды

АҚПАРАТТЫҚ КЕҢIСТIКТЕГI КЕЛЕҢСIЗДIКТЕР

Ақпараттық қауiпсiздiк туралы аз айтылып жатқан жоқ. Бiрақ оны барлық ресейлiк телеарналарды өшiрiп тастаумен ғана қамтамасыз ету мүмкiн емес. Ол үшiн, ең алдымен, сапалы контент, қызықты бағдарламалар жасайтын телеарналар қажет.Интернеттiң ықпалы артып келе жатқанымен, халықтың басым көпшiлiгi әлi де ақпаратты негiзiнен телеарналардан бiледi. Алдағы қысқа уақыттың iшiнде телеарналардың қоғамдық пiкiрге әсер етуге мүмкiндiгi орасан болып қала бермек. Тiптi АҚШ-тың өзiнде де солай. 2016 жылғы президент сайлауының жалпы бюджетi – 6 миллиард долларды құрады бұл елде. Соның 4 миллиарды – телеарналардағы жарнамаға жұмсалыпты.

Десек те, телеарналардағы контентке оның басшылары тiкелей жауапты болса керек. Ал бiздiң телеарналардың бiрде-бiреуi бәсекеге қабiлеттi, сапалы деп айту мүмкiн емес. Көрсететiнi – күндiз-түнi концерт. Экраннан түспейтiн 4-5 әншi. Олардың жеке өмiрi, тойда қанша ақша алатыны, не киiм киетiнi, көлiгi. Қазiргi ақпараттық кеңiстiктiң “пайғамбарларына” айналдырып бiттi бұл әншiлердi. Барлық бағдарламада – солар. Тiптi ақыл айтып, көсемсiп отырады. Тәрбие, бiлiм туралы ой айтатынын көрсеңiз!
Сонда бiздiң елде бұл әншiлердiң концертi мен жеке өмiрiнен басқа проблема қалмады ма? Неге бiрде-бiр телеарна Маңғыстауда аштық жариялап, қудалау көрген мұнайшылар туралы бiр сюжет көрсетпедi?! Жер митингiлерi кезiнде қайда болды? Атырауда Макс Боқаев пен Талғат Аянды соттағанда, неге үнсiз отырды? Жақтасын, қолдасын демейiк. Әр телеарнаның өзiндiк ақпараттық саясаты бар. Бiрақ елде, қоғамда болып жатқан оқиғалар туралы неге айтпайды? Боямасыз ақпаратты неге таратпайды? Қай арнадағы жаңалықты қоссаңыз да, көрсететiнi – қылмыс. Ұрлық-қарлық, кiсi өлiмi туралы. Ондай жағдайды айтатын баяғыда арнайы бағдарламалар болатын едi ғой? Қазiр бұл – басты жаңалық. Бiрақ елдегi болып жатқан өткiр мәселелер туралы бiр телеарна жақ ашпайды. Шындықты, ақиқатты айтатын бiрде-бiр телеарна қалған жоқ.
Телеарна басшылары, продюсерлерi тiптi идеядан жұрдай адам ба дейсiз. Қосып көрiңiзшi – қайсысы өздерiнiң қиялынан, ойынан туған отандық бағдарлама? Барлығын ресейлiк телеарналардан көшiрiп алған. Дәлме-дәл. Нұрлан Қоянбаевтың “Түнгi студиясы” – “Первый каналдағы” “Вечерний Урганттың” көшiрмесi. Концерттер де сол. Бiр жаңашылдық, тың идея, басқаша көзқарас жоқ. Шығармашылық iзденiс нөл. Одан қала бердi, қыруар қаржыға сатып алынған өмiрi бiтпейтiн Үндiстан мен Түркияның сериалдары. Сонда бұл телеарналарға бюджеттен бөлiнетiн ақша қайда кетедi? Осынша уақыттың iшiнде бiрде-бiр сапалы бағдарлама жасай алмайтын бұл не деген дарынсыз, қабiлетсiз мамандар дейсiз.
Батыстың телеарналарын қосып көрiңiз. CNN, BBC, Fox News, NBC сияқты жетекшi телеарналарда концерт дегендi мүлдем көрсетпейдi. Әрине, бiр маңызды сыйды тапсыру туралы сюжеттер, болмаса елдi алаңдатқан оқиғалар болса, танымал өнер адамдары жайында айтылады. Бiрақ негiзiнен қоғамдық-саяси, экономика, әлеуметтiк проблемалар көтерiледi. Ал әншiлердiң арнайы телеарналары бар. Күндiз-түнi концерт, “жұлдыздар” жайында айтатын. Бiзде неге солай жасамасқа? Әншiлер мен әртiстердiң бiрнеше арнайы телеарналары бар. Тек қана сол жерде айтылсын олар жайында. Ал басқа республикалық телеарналар елдегi проблема, қоғамдағы жағдай туралы айтуы керек емес пе? Неге пiкiрталас бағдарламалары ашылмайды? Талқылайтын мәселе шаш-етектен. Тәуелсiздiктi қалай сақтаймыз? Лаңкестiкпен қалай күресемiз? Экономикалық жағдай не болады? Айтылатын, талқыланатын мәселе аз емес.
Телеарналардың кемшiлiгiнiң бiрi – ақпаратты жедел, тiкелей эфирде жеткiзе алмайтынында. Өткен жылы жаздағы оқиғаны алыңыз. Жалғыз-жарым қылмыскер Күлекбаев Алмалы аудандық полиция бөлiмшесiне шабуылдап, бiрнеше құқық қорғау қызметкерiн мерт еттi. Бұл ақпарат әлеуметтiк желiлер, интернет арқылы ел арасына тарап кеттi. Алматыда террористiк қатердiң “қызыл” деңгейi жарияланып, ел iшiнде үрей туды. Сол кезде бiрде-бiр телеарна үндеген жоқ. “Техникалық жұмыстарға” байланысты деп. Бiреуi тiкелей эфирге шығып, болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат таратпады. Мұндай жағдайда Батыстың барлық телеарналары тiкелей эфирге шығар едi. Болған оқиға туралы баяндап, тиiстi орган басшыларына сұрақ қойып, боямасыз бейненi көрсетедi. Ал бiздiң барлық телеарна тек қана кешкi жаңалықтарға шықты. Осының өзi телеарналардың кәсiби деңгейiнiң төмендiгiн, олардың ақпарат таратуға дайын еместiгiн көрсетедi. Күнi бүгiнге дейiн билiк те, телеарна басшылары да интернеттiң жылдам, тез ақпарат тарату мүмкiндiгiн түсiне алмай келе жатқан сияқты.
Егер дәл осындай жағдай қала берсе, бiз ешуақытта бәсекеге қабiлеттi, қазақстандық көрермендердi өзiне тарта бiлетiн ақпараттық кеңiстiк құра алмаймыз. Ол үшiн сәл де болсын, телеарналарға еркiндiк берiлуi тиiс. “Еуразия” арнасындағы кремльшiл, ұлттық мүддеге қайшы келетiн саясат ұстанатын медиа менеджерлер орнынан кетуi тиiс. “КТК”-да отырған “жау iздегiш” платоновтар шеттелуi керек. Ұлттық мүдденi ойлайтын, қазiргi ақпараттық кеңiстiктiң қыр-сырын меңгерген ұлтжанды мамандар аз емес. Жағдайды бүгiннен бастап түземесек, бұл түрiмiзбен, Қазақстандағы жағдай туралы шетелдiк арналардан ақпарат алатын боламыз. Ал бұл – қауiп. Ақпараттық қана емес, тәуелсiздiкке төнген қатер.
 

Жанболат МАМАЙ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті