1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №8 (16194) 31 қаңтар, сейсенбі 2017
31 қаңтар 2017
Алу. Қосу. Бөлу

МИНИСТРЛIКТЕРДI ҚАЙТА САПЫРЫЛЫСТЫРҒАННАН НӘТИЖЕ ӨЗГЕРМЕЙДI

Үкiметтiк құрылымдағы өзгерiстердi билiкке жақын жүретiн сарапшылар басқарудың тиiмдiлiгiн арттыруды көздейтiн, уақыт талабын ескере отырып, дер кезiнде қолға алынған шара есебiнде дәрiптей бастады. Бiздiңше, бұл көк тиын пайда әпермейтiн, кезектi көбiкауыз науқан. Дәл қазiргi жағдайда Қазақстанға жаңа министрлiктердiң құрылғанынан келетiн пайда кем. Керiсiнше, “қайта құрылымдаған” сайын, “мемлекеттiк институттарды оңтайландырып”, “тиiмдiлiгiн арттыруды көздеген” сайын үкiметтiң жұмысы қожырап, шенеунiктер қатары көбейе бередi. Ал бiзге бар жұмысы құжаттарды бiр бөлiмнен екiншi бөлiмге аударумен шектелетiн шенеунiктен гөрi, бiлiктi мұғалiм, дәрiгер, инженер, темiр ұстасы сияқты жаңа мамандар керек. “А” корпусы мен “В” корпусындағы ақ жағалылардан бұрын нақты қызмет көрсетiп, экономикалық өнiм өндiретiн, жаңа буынның бiлiмi мен денсаулығына, елдiң инновациялық және технологиялық серпiлiс жасауына жауапты адам капиталы ғана елдi өрге бастырады.
Астананың өзi ғана түсiнетiн, жыры бiтпейтiн қайта құру мен құрылымдаудан ел шаршады, оны өнбейтiн iс деп санайды. Жылдағы әкiмшiлiк реформалар шенеунiктердiң бiр ғимараттан екiншiсiне шұбырып көшуiмен ғана аяқталады. Сырт қараған адамға бұл астаналық шендiлердiң шыркөбелек айналған әткеншегiне ұқсайды. Президенттiң пәрменiмен шенеунiктерiмiз осылай әткеншек теуiп жүргенде, елдегi адам капиталының дамуы тежелiп қана қоймай, керi кетiп барады. Әсiресе өңiрлердегi медицина сапасының құлдырап кеткенiн, бұрынғы бiлiктi мамандардың орнын басатын маман тапшы екенiн, ал жастардың жұмыссыз сенделiп жүргенiн екiнiң бiрi бiледi. Демек, қайта құруды жергiлiктi жерлерден бастау керек. Өзiн-өзi басқаруды енгiзбейiнше, әкiмдердi халық сайламайынша бұл тоқырауға тоқтам болмайды. Соңғы 20 жылдағы үлкендi-кiшiлi реформалардың бәрi осы мәселелердi шешу үшiн жүргiзiлдi емес пе? Бiрақ одан өзгерген өңiрдi де, өмiрдi де көрмедiк. Билiк мемлекеттiк басқаруды тиiмдi еткiсi келсе, реформалар Астанадағы кабинет ауыстырумен, бiр министрлiктi екiншiсiне қосып-ажыратумен ғана аяқталмауы керек. Президенттiң өзi орталық билiктен түскен жоспар, бағдарламалардың жергiлiктi жерлерде сиырқұйымшақтанып кететiнiн талай мәрте айтты. Солай екенiн көрiп-бiле тұра нелiктен билiк пен мемлекеттiк басқарудағы өзгерiстер Астананың ескi үйлерiнiң көше жақ бетiн сырлап, әдемiлеп қойғаны секiлдi көзалдаудан әрi аспайды?
Жалпы, бiздiң елде жаңа министрлiктер құрып, артынан оны жойып немесе бiр-бiрiне қосу кеңес дәуiрiнен келе жатқан үрдiс. Және “мемлекеттiк басқаруды тиiмдi етуге бағытталған” осындай әрбiр реформа жаңадан құрылған министрлiктердiң атауын өзгертумен ғана есте қалады. Мысалы, 2002 жылы бiрнеше ведомство қайта құрылып, ақырында олардан үш жаңа министрлiк жасады. Жетi бiрдей комитет басы артық деп танылып жойылған едi. Екi жыл өткен соң, 16 комитет құрып, 10 комитет жұмысын тоқтатты. 2007 жылы президенттiң жарлығымен индустрия және сауда министрлiгiнен Монополияға қарсы агенттiк еншi алып шықты. Жеке агенттiк құрылғанынан монополистердiң күнi қараң қалғанын байқамадық. Одан бертiнде үш бiрдей министрлiктiң бiрқатар өкiлеттiлiгi мен қызметiн экономикалық даму және сауда министрлiгiне бердi. Оңтүстiк Корея, Сингапур боламыз, технопарктарды жаңа технологиямен толтырып тастаймыз деп күпсiнiп 2010 жылы индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiн құрып алдық. Ақырында Қытайда жасалған планшет-смартфондарды “Аққу” ғып ұшырып жiбердiк.
Үш жыл бұрын аймақтарды дамытамыз деген дақпыртпен Өңiрлiк даму министрлiгiнiң құрылғаны да есiмiзде. Министрлiк қарқынды жұмыс iстеп аймақтарды көтерiп тастады ма, әлде жұмысы жүрмедi ме, ол жағы белгiсiз, әйтеуiр ғұмыры қысқа болды. Экономикалық даму және сауда министрлiгiн алдымен Экономика және бюджеттiк жоспарлау, кейiн Ұлттық экономика министрлiгi деп қайта құрғаннан толымды табыстарға жеткен экономиканы көрмедiк. Сөзiмiз жалаң шықпауы үшiн өмiрi атын естiмеген “халықаралық беделдi ұйымдардың” жағымды пiкiрлерiн тықпалайтын Ақорданың әдiсiне салып, бiз де әлемдiк рейтингтерге жүгiнейiк. Мәселен, The Legatum Institute халықаралық компаниясының өркендеушi елдердiң рейтингiсiнде (Prosperty Index-2016) Қазақстан 149 елдiң iшiнде 82 орында тұр. Гайана, Белиз секiлдi кедей, ұсақ елдердiң өзi алдымызды орап кетiп, Гватемала, Сальвадор секiлдi елдермен көршi тұрмыз. Бiр жыл бұрын ғана осы рейтингте Қазақстан 56 орында тұрған едi. Ал 2011 және 2012 жылдары мұнайдың арқасында 46 орынға табан тiреппiз. Өркендеу рейтингi экономика, кәсiпкерлiк, басқару, бiлiм, денсаулық, қауiпсiздiк пен қорғау, жеке бостандық, қоғамдық капитал секiлдi сегiз өлшемнен түзiледi.
Ендi әйгiлi Bloomberg агенттiгiнiң Bloomberg Country Risk Score деп аталатын есебiне көз жүгiртейiк. Бұл құжат әлем елдерiндегi инфляция деңгейiн есептеп, сол арқылы қай ұлттық валютаның девальвацияға ұшырауы мүмкiн екенiн болжайды. Халықаралық агенттiктiң сарапшылары Қазақстанды валютасы құнсыздану тәуекелi жоғары елдердiң қатарына қосып отыр. Ал 2016 жылғы жемқорлық индексi бойынша Қазақстан 2015 жылғы 123 орыннан 131 орынға бiрақ сырғыған. Билiктiң басыбайлы басылымдары түрлi-түстi төңкерiстерден тоз-тозы шықты деп шулайтын Грузияңыз Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы жемқорлыққа мейлiнше аз батқан ел ретiнде көш бастап тұр.
Кез келген жаннан Денсаулық сақтау және Әлеуметтiк даму министрлiгiн екiге бөлгеннен медицинамыз жақсарып, әлеуметтiк тұрмысымыздың түзелiп кететiнiне сенер-сенбесiн сұрап көрiңiз. Қандай жауап аларыңызды iшiңiз бiлiп отырғаны даусыз.
Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын салаларды осылай бiрiктiрiп, мегаминистрлiктер құрғаннан не ұттық? Қайта құрудың берерi не? Бұл сауалдарға қоғам еш тұшымды жауап алмады. Педиатрлар дайындайтын факультеттердi жауып тастап, емхана, ауруханаларда бала дәрiгерлерiнiң штатын алып тастаған билiктiң оларды қайтадан ашып жатқан әумесерлiгiне қарап жөнi түзу жауап еститiнiмiзге күмәнданамыз. Бұған үкiметтiң орысша қарсы алатын ресми сайты президенттiң денсаулық пен әлеуметтiк даму саласын бөлiп жiбергенiнен әлi хабарсыз екенiн қосып қойыңыз.
Ертеңгi күнi қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсiбi дейтiн дардай аты бар министрлiктi тарих қойнауына жiберсе де таңғалмаймыз. Ондай министрлiк құру үшiн алдымен елде аэроғарыш өнеркәсiбi болуы керек емес пе? Әлде мәселен, Ресей мен Қытайдың ғарыш зымырандарына бiзден бөлшек сатып алғанын, Үндiстанның қазақстандық жер серiктерi қызметiн пайдаланып жатқанын естiп пе едiңiз?
Қайта құруымызға қайта оралайық. Министрлiктердi бiр-бiрiне қосып, артынша қайта ажыратумен ғана шектелетiн бiздегi реформада сол министрлiктердiң өзi орыстың “матрешкасына” ұқсайды. Бiреуiне барсаң iшiндегi келесi құрылымына, ол өзiнен кейiнгiсiне сiлтеп, дiңкелетедi. Мұндай реформа шенеунiктердi уақытша отырған адамның синдромына шалдықтырады. Ешкiм ешнәрсе үшiн жауап бермейдi. Бүгiн бастама көтерген министрлiктiң өзi ертең жойылып кетуi мүмкiн. Сұрауы жоқ, жүйелiлiгi мен мұрагерлiк дәстүрi жоқ жерде мемлекеттiк қызметкерлерден қандай жауапкершiлiк талап ете аламыз? Сондықтан мемлекеттiк басқарудағы кезектi қайта құрудың түптөркiнi қордаланған мәселелердi ескi министрлiктiң жұртына тастап кеткiсi келгеннiң керiне ұқсайды. Бiздiң елде жауапкершiлiктен жалтару үшiн өзiне банкрот жариялап, ертесiне жаңа атпен жұмысын жалғастырып жататын фирмалардың тiрлiгi сияқты. Мәселе министрлiк саны қанша болатынында, оларды қалай атағанда емес. Бар түйiн мемлекеттiк қызметтегi адамдардың сапасында, олардың қаншалықты адамгершiлiк өлшемдерiне сай болатынында жатыр.

Әдiл ҰЗАҚБАЙ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Ореке | 31 қаңтар 2017 15:00
Президенттен бастап жауапкершіліктен қашып жатқан жоқпа?. Қазақстанға үлкен Ар- соты келе жатыр. Жәдігөй мен жағымпаз қарынбайлар жауап беруге дайындала беріңдер!!!...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті