1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №8 (16194) 31 қаңтар, сейсенбі 2017
31 қаңтар 2017
Жердiң нарқы алтыннан қымбат

Өткен аптада бiрқатар әлеуметтiк желiлер Алматы маңайындағы ең қымбат жер телiмдерiнiң бағасын жариялады. Тiзiмнiң көш басында Таулы қырат ықшамауданында орналасқан “Эдельвейс” коттедж қалашығындағы жер телiмi тұр. Меншiк иесi 250 сотық үшiн 3,1 млрд теңге сұрапты. Одан кейiнгi орынды “Жайлау” гольф клубы маңындағы, “Қарғалы” ықшамауданындағы, Достық пен Оспанов көшелерiнiң және Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тас жолының қиылысындағы жерлер еншiлеген. “Қарағайлы”, “Юбилейный” ықшамаудандарындағы 220 және 150 сотық жер телiмдерi де 1,7-тан 2 млрд-қа дейiнгi шамада бағаланыпты. Сонда ең қымбатының әр сотығы 38 мың, ал арзан дегенiнiкi 35 мың доллардан айналады екен.
Қымбат жер телiмдерiнiң көпшiлiгi Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарына жақын маңайда орналасқан. Нақты алатын адамға қожайындар көрсетiлген бағадан 10-20 пайыз арзанырақ беруге дайын көрiнедi. Ең бастысы, сатылатын – тек жер ғана. Ал жарық беру, су жүргiзу, газ тарту сияқты басқа да жұмыстарды сатып алушының өз есебiнен атқаруына тура келедi.
Бiз сарапшылардың Алматы мен Астанадағы тұрғын үйлер мен жер телiмдерi бағаларының түсетiндiгi жөнiндегi болжамдарын талай мәрте естiгенбiз. Бiрақ шын мәнiсiнде жағдайдың басқаша екенiн жоғарыдағы бағалар айғақтай түсуде. Ал ендi баға не себептi қымбат десек, бұл ең әуелi жер телiмiнiң қайда орналасқандығына байланысты. Екiншiден, инфрақұрылым мен коммуникацияның бар-жоғы, үшiншiден, жердiң пайдаланылу мақсаты мен геологиясы да зор маңызға ие.
Байқағанымыздай, соңғы кезде жұрттың басым бөлiгi, әсiресе оралман бауырларымыз көпқабатты үйден пәтер алғаннан гөрi, азын-аулақ болса да жер алып, үй салуға ықыласты. Мұның өзi де жер бағасының көтерiлуiне себепкер болды. Сонымен қатар жердi бизнес көзi, қаражатты соған салып, артынан сату арқылы қыруар пайда табу жолы деп қарайтын адамдар да жетiп-артылады. Жер телiмдерiн үлкен көлемде сатып алатындар да солар. Оралмандар 5-10 сотықтан алып жатса, латифундистер жүздеген-мыңдаған гектарлап әлдеқашан бауырына басып алған.
Бiр анығы, нарқы алтыннан қымбаттаған жер телiмдерiне бүгiнде екiнiң бiрiнiң қолы жетпеуге айналды. Осы орайда, кейбiр мамандар пәтерге берiлетiн ипотекалық несиелердi жер телiмдерiне де беру бағдарламасының енгiзiлуiн құптайды және “Банктер осы қадамға барған жағдайда жердi сату-сатып алу рыногы анағұрлым тиiмдi әрекет етуге көшедi, себебi жер бағасы қай кезде де бағасын жоғалтқан емес” деп есептейдi.
Жалпы, дағдарысқа дейiнгi кезеңде жердiң жылжымайтын мүлiк есебiндегi болашағы зор екенiн жақсы түсiнгендер оған ие болып қалуға күш салды. Жер сатып алуға ықыластылар қазiр де көп. Дегенмен барлығында бiрдей ондай мүмкiндiк жоқ. Бiрқатары “баға түседi”, “жер арзандайды” деген үмiттiң жетегiнде жүр. Бiрақ оның ауылы алыс екенiн Алматы маңайындағы жер телiмдерiнiң бағасына қарап-ақ бағамдай берiңiз.

Р.СЕРIКБАЙ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар