1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №10 (16196) 7 ақпан, сейсенбі 2017
7 ақпан 2017
«Iштен шыққан жауымыз» кiм?

Өткен апта үкiмет мүшелерiнiң президент пен Қазақстан халқына ант беруiмен басталып, Н.Назарбаевтың үкiметтiң iшiнен жау iздеуiмен аяқталды. Президенттiң аузынан шыққан “бесiншi колонна” туралы сөз елдегi билiкте үрейi мен күдiгi күштi үрдiстердiң жүрiп жатқанын анық аңғартты. Алдымен Ұлттық банктiң төрағасы Данияр Ақышев, бас прокурор Жақып Асанов, “Сырбар” сыртқы барлау қызметiнiң директоры Ғабит Байжанов, әкiмдер мен үкiмет мүшелерi секiлдi жоғары лауазым иелерi Ақордада Конституцияға қолын қойып тұрып Қазақстан президентi мен халқына адал болуға ант бердi. Шенеунiктердiң Н.Назарбаевқа жеке-дара адал болуға ант бергенi президенттiң таяуда ғана суперпрезиденттiк өкiлетiмен үкiмет және парламентпен бөлiсуге дайын екенiн бiлдiрген мәлiмдемесiмен еш қабыспайды. Қисынға салсақ, үкiмет мүшелерi Конституция бойынша билiктiң қайнар көзi болып табылатын халыққа ант беруi ғана қажет едi. Бұл жағдайдың өзi билiктi тең бөлу туралы сөз бен нақты iстiң арасы жер мен көктей екенiн дәлелдеп бермей ме?
Шенеунiктердiң антын қабылдаған соң президент Н.Назарбаев әрқайсынан берген тапсырмасының орындалуын талап ететiнiн ескерттi. Көп кешiкпей үкiмет отырысында президент бұл ескертуiн қатулы қабағымен қайталады. Жарқыраған сарайда шетелдiң қымбат кәстөм-шалбарын киген шенеунiктер Н.Назарбаевтың ашуына тап болды. Қазақстанда жеке кәсiп ашудың ауыр екенiн айтып жаңалық ашқан президент елдiң қамын жеген игi бастамаларына үкiметтiң iшiнен шыққан жаудың кедергi келтiретiнiн айтты. Кәсiпкерлердi тексерулердiң де, тексерушiлердiң де сандарын қысқартқанымен, шенеунiктердiң бактериялар секiлдi өздiгiнен көбейiп кететiн өсiмталдығына қайран қалды. Қаржы министрлiгiне қарасты органдардың екi жыл iшiнде кәсiпкерлердiң үстiнен 17 мың сотқа дейiнгi тексеру iстерiн бастағанын, оның 9 мыңы негiзсiз деп танылғанын айтып ашуға мiндi. Президенттi қайран қалдырған жағдайға қарапайым жұрттың көзi әбден үйренген. Мәселен, жақында ғана автокөлiк жуатын орынның маңдайшасына iлген “Көлiк жуу” деген жазудан жарнама көрiп, жарты миллион теңге салық төлеудi талап еткен салық органдарымен соттасқан алматылық кәсiпкердiң көрген құқайын айтсақ, жетiп жатыр.

Қосымша құн салығын төлеу үшiн қарапайым салық төлеушiге салық кодексiнiң 82 бабын бiлуге мiндеттi екенiн, ал ол баптардың 268 сiлтемесi тағы барына тоқталған президент Салық кодексiн жаулық ниеттегi бiреулердiң жасағанын айтты. Осы кодекстi қабылдауға қол қойғанда неге байқамадыңыз деп президенттен сұрауға отырғандардың ешбiрiнiң дәтi жетпедi. Керiсiнше, келесi таяқты кiм жейдi, маған жетпей отырыс бiтiп кетсе екен деп қыпылықтаған шенеунiктердiң әрқайсысы қолындағы швейцарлық сағатына қарағыштай бергенi даусыз. Бұл сындарды аз көрген президент одан арғы сөзiнде рэкет, мафия туралы айтты. Президент жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрiне қарамағындағы “Фармация” кәсiпорнында мафия отырғанын ескерттi. Ондайларды орнынан қууды тапсырған президент министрлерге мiндетiн атқара алмаса бизнеске кетудi, қызметiнен өз еркiмен бас тартуды ұсынды. Президент айтқан былықтарға қатысымыз жоқ дедi ме, әлде жағдай анау айтқандай жаман емес пе, кiм бiлсiн, ешкiм орнынан тұрып, қызметiнен кетемiн дей қоймады. Бiреуiнiң билiктен ажырағысы жоқ екенiн көрген соң президент айыптыларды жаза күтiп тұрғанын айтып сес көрсеттi. Мемлекеттiк қаржыны талан-таражға салғандардың iсiн майшаммен қарайтын арнайы комиссия құруды және алдымен әр министрлiктердегi қаржының қалай және қайда жұмсалғанын анықтаудан бастауды бұйырды.
Iс жүзiнде президент елге де, ұрысқан шенеунiктерiне де жаңа ештеңе айтпады. Билiк басындағыларды елдiң болашағы да, 180 млрд долларға жеткен сыртқы қарызды қалай қайтаратынымыз да, елдiң әл-ауқатын көтеру, бәсекеге қабiлеттi өнiм өндiру жағы да толғандырмайтынына көзiмiз жетiп қойған. Бұлай болмаса, бiлiмдi жастар шетел асып кетпес едi, әдiлет iздегендер сот пен прокуратураның алдында өздерiн өртемес едi, баспанасынан айырылғандар, күнiн көре алмағандар аштық жарияламас едi. Шенеунiктердi қайткен күнде мемлекеттiң қаржысын талан-таражға салу, тендерден теңге iлу, қолынан келiп тұрғанда қонышынан басып, қарпып қалу ғана толғандырады. Өйткенi президент “әрқайсысын сотқа жетектеп апара алатынын” айтып қыр көрсеткенiмен, бiрлi-жарымын айтпағанда, көбiнiң мұртын балта шаппайтынын бәрi бiледi. Сотталды деп ауыз толтырып айтқан шенеунiктер, аз күн абақтыда отырған соң бостандықта сайран салып жүргенi де мәлiм.

Халықтың қазынасымен құлқындарын тойдыра алмаған шенеунiктер “дер кезiнде” миллиондаған ұрлық ақшамен шетелге қашып кеткендерге қызыға-қызғана қарайды. Көпшiлiгi қысым жетсе, қалай қыр асып кетсем дегендi ғана ойлап әуре болып жүр. Бұлай алаңдауларына себеп те жеткiлiктi. Ұлттық қордың ақшасы түгесiлдi.
Мемлекеттiк қаржы институттары ендi зейнетақы қорларындағы болашақтың ақшасына қол сала бастады. Жердi сатып, тұрғылықты халықты үндiстер секiлдi резервация тұрғындары еткiсi келедi. Демек бүгiнiмiздi тонап бiтiргендер ертеңгi күнiмiздi қараң етуге көштi. Екiншi деңгейлi банктердiң жағдайы ауыр екенiн президенттiң өзi мойындап отыр.
Bloomberg iскерлiк агенттiгiнiң рейтингiсiне сәйкес, Қазақстан әлемдегi ең әлжуаз экономиканың ондығында тұр. Жұмыссыздық пен инфляцияның жиынтық көрсеткiшi саналатын индексте жаппай жемқорлықтан, санкциялардан сансыраған Венесуэланың көш бастағаны, соғыс пен босқындардан зардап шеккен Түркияның, азаматтық соғыстан қалжыраған Украинаның алдыңғы бестiкте тұрғаны түсiнiктi. Ал “экономикасы дамып жатыр” дейтiн, “тыныштық пен тұрақтылықтың аралы” ретiнде әспеттелетiн Қазақстан неге “бақытсыз экономикаға” душар болды? Елге кесiрiн тигiзiп жүрген “iштен шыққан шұбар жыланды”,“бесiншi колоннаны” билiкке тағайындап, өкiлеттiлiк берген кiм? Ат төбелiндей топтың 26 жылдан берi билiктiң бишiгiн уысынан шығармай келе жатқанын ескерсек, кәсiпкерлердi кiмдердiң тұншықтырып, оларды “көлеңкелi экономикаға” кетуге мәжбүрлеп отырғанын аттарын атамай-ақ бiлесiз. Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев президентке “ешкiмнен қорықпай, керек болса есiмдерiн атап” әуре болмай ақ, жұрт кiмнiң мемлекеттi жемқорлық былығына батырып, қарыздың қамытына жегiп қойғанын жақсы бiледi. Сондықтан билiктегi былықтарды сынап қана қоймай, оны түзеудiң жолдарын ұсынған отансүйгiш қоғам белсендiлерiн қудалайтын күш құрылымдары жауды жүйенi iрiтетiн жемқорлықтың жегi құртын асырап отырған шенеунiктерден iздеуi керек. Бiрақ бұл жолы да “баяғы жартас сол жартас” күйi қалатынына ешкiм шүбә келтiрмейдi.
Сондықтан президенттiң кезектi мемлекеттiк билiкке қатысты реформасы, үкiметтi тәрбиелеуi сырт көзге елiмiздi алда күтiп тұрған үлкен дағдарыстың жауапкершiлiгiн өзгелерге арта салуға тырысу секiлдi көрiнедi. Н.Назарбаев тiзiп шыққан кемшiлiктер күнi кеше пайда болған жоқ, керек десеңiз, тәуелсiз Қазақстанның тарихында үкiмет басында ең ұзақ отырған Кәрiм Мәсiмовтiң және оның үкiметiнiң “қосқан үлесi” зор. Сүйiктi премьерiн ҰҚК-нiң төрағасы етiп тағайындаған президентке барлық жауапкершiлiктi кейiнгi үкiметке жүктеген жеңiлiрек болар. Қағаз жүзiнде құзыретi мен өкiлетi күшейетiн, iс жүзiнде президенттiң қалауынсыз қаулы шығаруға да қауқарсыз үкiмет пен қолбала парламенттiң бiр ғана жер дауына қатысты iсте қандай қайсарлық көрсететiнiн көрiп алайық. Олай болмаса, саяси сахнаның әуесқой актерлерiнiң ойынына Станиславский де, халық та сенбейдi. Демек, үкiметте, билiкте жүргендер бiр мезет ойланулары керек. Бар мәселе өзiңдi кiмнiң “iшкi жау” деп санайтынына тiреледi. Президенттер, премьерлер келедi-кетедi, ал халық пен оның жадысы мәңгiлiк қалады. Тарихта Батыраш, Қотыраштардың Ақан Серi туралы айтқандары емес, халықтың ұлына жасаған қиянаты ғана жазылып қалды емес пе?

Әдiл ҰЗАҚБАЙ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар