1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 11-12 (16197-198) 9 ақпан, бейсенбі 2017
9 ақпан 2017
Жолдау жұмбағы – ЖАҢҒЫРУ 3.0

Бiздiң қазекең де қызық негiзi, әнеугүнi президент жолдауын жазбаша “жөнелткен” күннiң ертесi-ақ телефонымызға тыным бермеген. Көбiнiң қоятын сұрағы – “Бiз қашан жаңғырдық?”. Оқырманның осындай сауалдары “кiсi өлтiредi”. Кiмнiң қашан жаңғырғанына бiз неге жауапты болуымыз керек? Сондықтан жолдауды “тәптiштеп оқымағандары” үшiн шетiнен “ұрсып” жүрiп, әрең қойдырып едiк. Ендi тағы бiр сауал шықты. “Жаңғыруға жабысқан “3” пен “0” және олардың арасындағы “нүкте” ненi бiлдiредi?” дейдi жұрт.

Расында қызық сұрақ. Дегенмен бiз оған жауап iздемес бұрын алдыңғы сауалға там-тұмдап болса да, жауап бере кетейiк. Ол үшiн долбар жасап, тон пiшудiң қажетi жоқ. Естiмесеңiздер, естiп алыңыздар, президент жолдауда бүй дедi: “Қазақстанның бiрiншi жаңғыруы бәрiмiздiң есiмiзде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде бiздiң буын iргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды... Екiншi жаңғыру “Қазақстан-2030” стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелi болғаны дау тудырмайды. Елiмiз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегi экономикасы бәсекеге қабiлеттi 50 мемлекеттiң қатарына кiрдi. Табысты өткен екi жаңғыру арқылы баға жетпес тәжiрибе жинақтадық. Бiз ендi алға батыл қадам басып, Үшiншi жаңғыруды бастауға тиiспiз”.
Әнеки, жаңғыру дегенiңiз – осы. “Одақтан шыққанымыз жаңғыру болса, сонда бiз елдiң ең соңы боп жаңғырғанбыз ба? Мұны айтудың өзi ұят емес пе? 50 елдiң қатарына кеше кiрiп едiк, бүгiн қайта шығып қалдық. Астананы салдық, бiрақ ауыл қирап жатыр. Ендеше қай бетiмiзбен “батыл қадам” басамыз”? дейтiн сауалдардың көкейiңiздi тесiп бара жатқанын бiлемiз. Алайда оған жауап iздеп, әңгiменi көбейтуге – бiздiң құлқымыз жоқ. Дұрысы, ондай сауалдарды өз әдiрiсiне жолдаңыздар!
Ал “Жаңғыру 3.0” туралы сұрақ шынымен де тосындау. Әп дегенде бiз мұны президенттiң баспасөз қызметi арқылы бiлмек болғанбыз. Ақорда сайтындағы жалғыз нөмiрге барған қоңырау тұрып-тұрып, ұзақ шыңылға ұласады. Араға уақыт салып, қайта қоңырау шалсаң, тағы сол шыңыл. Содан бiр бiлсе, осылар бiлетiн шығар деген дәмемен “Нұр Отан” партиясының орталық аппаратын “атқылап” көрдiк – тұтқаны ешкiм көтермейдi. Ендi өңiрлерге ауыз салдық. “Нұр Отанның” Алматы облыстық филиалының идеология жөнiндегi бөлiмiнен бiр қыз “әлөу” дедi. Аты Гүлнара екен. Жалма-жан жаңғыруға жабысқан “үш” пен “нөлдiң” мәнiн сұрап жатырмыз.
– Мемлекеттiк БАҚ-тың денi президенттiң жолдауын “Жаңғыру 3.0” деген айдармен берiп жатыр. Осы сөздi тақырыпқа шығарып жатқандары да аз емес. Жаңғыруды түсiндiк, ал 3.0 деген не?
–Негiзi жолдауда ондай ештеңе жоқ едi. Бұл журналистердiң өздерiнiң шығарып жүргенi шығар, бәлкiм, – дедi Гүлнара. Дерiн дегенiмен, “бiрдеме бүлдiрiп қоймайын” деп қауiп қылды ма, орталық аппараттан бiр нөмiр бердi. Тердiк. Бiрақ Гүлмира есiмдi қызметкер де мандытып ештеңе айта алмады. “Негiзi мұны “разработчиктерден” сұраған дұрыс едi. Бiрер сағаттан кейiн қайта хабарласыңызшы” дедi ол. “Разработчиктердi” бiлесiз, телефонында – шыңыл. Гүлмираға қайта хабарластық, ол әлдебiр жаққа шығып кетiптi. Телефон тұтқасындағы Сырым да бiзге толымды жауап бере алмады.
Айтпақшы, бiзде “түсiндiретiн” адамдар бар екен ғой деп, депутаттардың да нөмiрiн тердiк. Бәрi “жолдауды қолдау” дүрмегiмен аймақ-аймақта жүр екен. Көбiнiң ұялы телефонын көмекшiлерi көтередi және “мұндай сұраққа жауап бере алмаймыз” деп ат-тонын ала қашады.
Әрiптестердi де айналдырып көрдiк. “Осындай тақырып сiздерге шығыпты” дедiк. “Бұл – жаңғырудың үшiншi кезеңi дегендi бiлдiрсе керек, “Егеменнен” сұрап көрiңiзшi, оларға да шыққан, – дейдi “Ана тiлiндегi” әрiптесiмiз.
Тәуелсiз журналистердiң де “мазасын” алдық. “Менiңше, 3 – билiк, нөл – халық” болуы керек», – дейдi бiрi. “Бiр нүкте кем, үш пен нөлдiң арасында қос нүкте болуы тиiс едi. Сонда “Жаңғыру 3:0” болады. Оның алдына “Алға, Қазақстан!” деген сөздi тiркейсiз. Сонда “Алға, Қазақстан, Жаңғыру 3:0” болады. Бұл – бiздiң мақтангершiлiк мiнезiмiзге лайық. Кiмдi жеңдiң, қайтiп жеңдiң, ол мәселе емес. Бастысы, бөрiнiң артындай шулауға iлiк болар тақырып дайын”, – деп күледi екiншiсi. “Сендер де қызықсыңдар, соны да мәселе қылып, 3-тен кейiнгi нүкте – “жаңғыру” осымен тәмам деген сөз. Ал нөл – құрыдыңның белгiсi” дейдi тағы бiрi.
Ешкiмнен денi дұрыс жауап таба алмай отырғанда “Нұр Отаннан” Сырым хабарласты: “Жаңғыру 3.0” деген сөздiң еш қателiгi жоқ екен. Байқасаңыздар, президент жолдауында жаңа технология туралы көп нәрсе айтты. Бұл – технологиялық сөз. Әрiптестерiңiз ғой, “Айқынға” хабарласыңыздаршы, түсiндiрiп бередi. Мұны IТ мамандары жақсы бiледi”.
Қысқасы, жолдауға “жолдан қосылған” сандардың сырын бiзге Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар институтының түлегi, талантты өнертапқыш Азат Шәуен ашып бердi. Түйiнiн айтқанда былай: Сiз бiр бағдарлама жасадыңыз дейiк. Оның анықтамасы – 1.0. Оны жетiлдiрдiңiз, дамыттыңыз, жұмыс өнiмдiлiгiн арттырдыңыз, ендеше оныңыз 2.0 болады. Бағдарламаңыздың келесi толқыны – 3.0, одан асырсаңыз – 4.0.
Ендi “Қазақстандық жаңғыруды” осы қалыпқа салып көрейiк. Келе ме, келмей ме? Бiздiңше, әйелдiң киiмiн еркекке кигiзгендей бiртүрлi ерсi көрiнедi. Неге? Өйткенi одақ тарағанда барлық республикалар алды-алдына кеттi. Қазақстан “ортақ үйде” ешкiм қалмаған соң, амалсыздан елдiң ең соңы болып, тәуелсiздiгiн жариялады. Ендеше оны “жаңғыру” деп әспеттеуге, “бiздiкi” деп меншiктеуге бола ма? Болмайды ғой.
Рас, Арқа төрiне Астана салдық. Қыруар қаржы кеттi деп жыламай-ақ қояйық. “Тақыр жерден тау боп” тұрған шаһарға тамсанып, көршi елдер салмаған қала тұрғызғанымызға марқаяйық. Бiрақ ол қалайша 2.0 болады? Бiзде 1.0 жоқ қой. Егер алдыңғы екеуiнiң мәнақасы болмаса, үшiншi жаңғыруды “3.0” деп тәлтиту не үшiн керек?
Мейлi ғой, “Үшiншi жаңғыруды” кiм қалай “жаңғыртам” десе, өзi бiледi. Бiрақ жолдауды түсiндiру әуресiмен өңiр-өңiрде жүрген депутаттардың өзi 3.0-дiң не екенiн бiле ме екен деймiз де? Бiлгеннiң өзiнде ауыз суға жарымаған ауыл халқына жолдаудың жөн-жобасын “АйТи тiлiмен” ұғындыра ала ма? Бiз бұл тақырыптың жалғасын алдағы уақытта оқырман хаттарынан күтемiз.

Сансызбай НҰРБАБА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (9)
Алаңғасар. Аңқаулар елі. | 9 ақпан 2017 13:56
Шыныда да қызық мәселе екен, көңіл бөлмеппін. Жолдау қағазға басылып насихатталатын болғандықтан да, осындай кілтипандарға қысқаша түсіндірме берілуі қажет қой. Менің долбарымша мұны көпшілік "халық қалаулылары да" біле бермейді.
Темир | 9 ақпан 2017 14:48
3 рет жангырайык дегенбиз бирак натижеси 0
Ұлтшыл | 9 ақпан 2017 23:24
Темірдің айтқаны тура келіп тұр.
Сақтап Майдан | 9 ақпан 2017 23:36
Жаңғыру емес, жаңғырық қой бұл. Үй қайда қаңғып жүрген қазаққа үй-й-й десең, саған - уй-й-й- деп жауап береді жаңғырық. Бәрін айт та бірін айт, Баабще біздің Нұрекең маладес қой, анау Америкадағы Трамп емес, қайдағы бір сотқа әлі келмей жүрген. Ондай судьяны біздің Нұрекең сразу на мыло посадил бы.
пионер | 10 ақпан 2017 11:25
Жолдауды ешкім түсінбейбі. Оқуға да құнт жоқ. Жолдау ешқашан орындалған емес."Қалаулыларда" оқығысы келмейтіні белгілі. Енді олар халыққа қалай түсіндірем деп жүргені. Діні үшін емес, күні үшін жүрген пенделер-ай.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 10 ақпан 2017 12:25
1987 жылы бүкіл БАҚ-ы арқылы Назарбаевтың өзі "бір адам билікте ұзақ жыл отырса экономика алға жылжымайды тоқырауға ұшырайды" деп Қонаевтың "ұзақ жыл Республиканы басқарғандығынан "1986 жылғы қырғынына ұрынып," экономикамызда өсу болмағандығы" деп жар салды. Енді ӨЗІ 26 жыл (Үкіметті басқарған уақытынан санасақ 37 жыл) ЕЛДІ басқара отырып "тоқырау жоқ. Экономикамыз дамып жатыр" дейді. Өзіне өзі қайшы сөйлейді. "Жетістіктің" бәрі өтірік, мұнай сатып күн көріп отырғандығымызға мән бермейді. Бұны түсінбедім?
Төлеутай | 10 ақпан 2017 12:43
Маоның мәдени революциясы кезінде үш секіріп даму дей ме, бес ырғып секіру дей ме, әйтеуір, ырғулары мен секірулері көп болыпты. Енді білдік, біз де бүгінге шейін ешкімге айтпай ақ екі рет ырғып түскен екенбіз, ә!
Ай мен едім | 11 ақпан 2017 09:02
usb 3.0 деген технология шығып еді. Біздің жоғарыдағыларымыз сонымен шатасты-ау.
иван | 13 ақпан 2017 14:22
«Болыс бол да - кырши бер» - деген адайда макал бар, халыктын басын айналдыру гой
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар