1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 11-12 (16197-198) 9 ақпан, бейсенбі 2017
9 ақпан 2017
Қытай келiп егiн ексе, тегiн екпейдi

НАНЫҢДЫ ЖЕГЕНIМЕН ҚАМЫҢДЫ ЖЕЙ МЕ?

Ресей басылымдары Қытай жылына 160 млн тонна бидай экспорттап, әлемдiк астық нарығын астаң-кестең етпекшi деп шулап жатыр. Қытай басылымдарына сiлтеме жасаған ресейлiктер Аспанасты елi Орталық Азияның аумағында астық дәлiзiн құруды, оның iшiнде Қазақстанның астық өндiрiсiнiң әлеуетiн пайдалануды көздеп отырғандарын жазады.
Жақында Қытайдың “Жэньминь жибао” дейтiн бас газетi мен “Синьхуа” ақпарат агенттiгi “Фудань” университетi сарапшысының пiкiрiн жариялады. Сарапшы өз сөзiнде “Қытай Орталық Азияның ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және аймақтық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететiн “астық дәлiзiн” қалыптастыруға мiндеттi” деп мәлiмдептi. Сюй Хайянь есiмдi сарапшы Жаңа Жiбек жолы экономикалық бағытының аясындағы “Белдеу мен жол” деп аталатын бағдарлама бойынша Қытай Орталық Азияның егiс алқаптарын игеруге және аймақты әлемдiк санаттағы астық қоймасына айналдыруға мүдделi екенiн жеткiзедi.. Байқасаңыздар, “Қытай осылай етудi көздейдi” немесе “жоспарлайды” деп отырған жоқ, “Қытай осылай етуге мiндеттi” деп кесiп айтады. Және бұл жобаны нақты сандарға сүйенiп жасайтындарын аңғартады. Мәселен, олардың дерегiнше, қазiр Орталық Азияда 38 млн га егiс алқабы бар. Оның 74 пайызы немесе 28 млн га Қазақстанға тиесiлi. Қытайлар инвестиция сала отырып болашақта дәндi дақыл егiлетiн аумақты 60 млн гектарға жеткiзгiсi келедi. Нәтижесiнде Орталық Азияның жерлерiнен жылына 225 млн тонна астық өндiрiп, оның 160 млн тоннасын экспортқа шығаруға болады деп санайды.
Қытайдың кезектi супержобасы көршi Ресейдiң мазасын алды. Өйткенi шығыстағы көршiмiздiң Таяу Шығыс пен Африка, Азия елдерiне экспорттағалы отырған астық көлемi әлемдегi iрi астық экспорттаушылардың бiрi – Ресейдiң қазiргi әлеуетiн 4 есе орап алады. Бұл жағдайда әлем нарығындағы ұсыныс астыққа деген сұраныстан асып кетiп, дәндi дақылдың бағасы күрт құлдырайды. Қытайдың арзан астығы дәстүрлi астық өсiрушiлердi банкрот қылуы мүмкiн. Дәл қазiр Ресей жақын болашақта астық экспортының көлемiн қазiргi 30-35 млн тоннадан 50 млн тоннаға жеткiзудi жоспарлап отыр. Көмiрсутек бағалары құлдырап кеткелi берi Кремль астық өндiрiсiн маңызды валюталық табыс көзi ретiнде қарастыра бастады. Ал Қытайдың жоспары жүзеге асқан жағдайда Ресейдiң бұл дәмесi талқан болатыны түсiнiктi. IFC Markets сарапшысы Дмитрий Лукашов астық нарығына жылына қосымша 160 млн тонна бидай шығарылса баға бiрден 30-50 пайызға құлдырайтынын айтады. Дәл қазiр әлемдегi астық тапшылығының көлемi 150-160 млн тоннаның көлемiнде және Қытай дәл осы сұранысты басы бүтiн қамтуды көздеп отырса керек деп топшылайды сарапшы.
Дегенмен бұл саладағы мамандардың денi Қытайдың бұл жобасы iске аса қояды дегенге күдiкпен қарайды. Өйткенi оны жүзеге асыруға үлкен кедергiлер бар. Бiрiншi кезекте iрi астық экспорттаушы болып табылатын АҚШ Қытайдың жоспарына барынша кедергi келтiруге тырысады және Орталық Азия елдерiне, әсiресе астықты Қазақстанға қысым жасайды. Бұл аймақты ежелден өз иелiгi санайтын Ресейдiң де қарап қалмасы анық, алпауыт Қытаймен тiкелей тiреспесе де, Орталық Азия елдерiнiң басшыларына ықпал етуге барын салатыны белгiлi.
Геосаяси себептерден бөлек, Орталық Азияның климаттық, географиялық жағдайының ерекшелiгiн де ескеру керек. Бұл өңiрдiң мемлекеттерi, оның iшiнде Қазақстан да су тапшылығы зардабын тартуда. Трансшекаралық өзендердiң қорын пайдалануға қатысты Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжiкстан арасындағы қайшылықтардың соңы қарулы текетiреске ұласып кететiн оқиғалар да аз емес.

Күрт құбылмалы континентальды климат жыл сайын тұрақты астық көлемiн жинауға мұрша бермейдi. Астық өндiруден жетекшi орындағы Қазақстанның өзi экспортқа шығаратын бидай көлемiн бiр қалыпта ұстауға қауқарсыз. Басты себептердiң бiрi – Орталық Азиядағы бес елдiң бәрiнде аграрлық саланы жаңа технологиямен, техникамен жарақтандыру деңгейi тым төмен. Тiптi мұндай көлемде астық өндiрiлдi деген күннiң өзiнде оны тасымалдау дәл қазiргi жағдайда мүмкiн емес. Ондай көлем түгiлi, қазiр өндiрiлетiн астықты толығымен жоғары деңгейде сақтайтын элеваторлар мүлдем жетiспейдi. Тасымал құны тым қымбат. Дәндi дақылдарды тасымалдайтын вагондар саны жетiмсiз. Мәселен, Қазақстан айына әрi кетсе жарты миллион тонна астықты тасуға қауқарлы.
Екiншi жағынан алып қарағанда, қытайлардың бұл сандарды аспаннан алып отырмағаны түсiнiктi. Озық агротехнологияларды қолданып, егiншiлiкке инновациялық әдiстердi жүйелi түрде енгiзген жағдайда бiр ғана Қазақстанның жылына 50 млн тоннаға дейiн астық өндiре алатын әлеуетi жайлы ғалымдар кеңес кезiнен айтып келедi. Қазақстанның таяу жылдардың өзiнде сыртқа кемiнде 12 млн тонна бидай сатуға шамасы жетедi. Соңғы кездерi Қазақстан Азия және Таяу Шығыс елдерiне Қытай арқылы астық тасымалдауға бет бұрғанын ескерсек, көршiнiң супержобасының бiр бөлiгi қазiрден жүзеге аса бастады деуiмiзге болады.
Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесiн Қытай су үнемдеушi технологияларды жаппай енгiзуге орасан зор қаржы бөлу арқылы шешуге тырыспақ. Алайда Орталық Азияда мұндай жоба жүзеге асқан күнде оның аймақ елдерiне тигiзетiн экологиялық зардабы экономикалық пайдасынан асып түсуi әбден мүмкiн. Қытай ауыл шаруашылығында химикаттарды, минералды тыңайтқыштарды кең қолданатынымен белгiлi. Елде жылына 50 млн тоннаға дейiн химиялық және минералды тыңайтқыштар себiледi. Орталық Азияның қолайсыз табиғат жағдайында астықтың өзiндiк құнын төмендетiп, оның өнiмдiлiгiн күрт өсiрудiң арзан жолы осы болмақ.
Ал ең басты мәселе – Қытайдың орасан зор инвестиция құю арқылы Орталық Азияны өзiн және әлемдi астықпен қамтамасыз ететiн азықтық қоймасына айналдыруды көздейтiнiнде. Қытай шаруаларының Қазақстанда мыңдаған гектар алқаптарды игерiп жатқанын “Жас Алаш” талай рет жазды. Қазiр елдiң шығысы мен солтүстiгiнде өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiретiн және өңдейтiн бiрлескен кәсiпорындар саны өсiп келедi. Былтыр China National Materials Group Corporation Ltd. дейтiн әлемнiң алпыс елi мен аймағында филиалдары, еншiлес компаниялары бар, құрамына 40-тан астам ҒЗИ кiретiн Қытайдың iрi мемлекеттiк корпорациясы Қазақстанның аграрлық саласына инвестиция құюға әзiр екенiн бiлдiрдi. Қытайдың iрi корпорациясы бiзден ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сатып алып қана қоймай, бiрлескен кәсiпорындар ашып, өндiрiс орындарына инвестиция салғысы келедi. Өзiнiң аумағы арқылы қазақ астығын Азия және Африка елдерiн сатуды қолдап отыр. Мың жылға алға ойлайтын көршi мұның бәрiн тегiн iстеп отырған жоқ. Өсiп бара жатқан миллиардтаған ауызға нан тауып беру оңайға түспейдi.
Алпауыт нарықты асыраған Қазақстанға да тиiмдi болар едi. Қытайдың инвестициясын ұтымды пайдаланып неге ауыл шаруашылығын көркейтпеске? Көршiнiң қолдауына сүйенiп, астық нарығындағы әлеуетiмiзге шек қоятын Ресей, АҚШ секiлдi елдермен тереземiз тең әрiптес ретiнде сөйлесе алар едiк. Шөл далада отырып, көршiлерiн көкөнiс, жемiс-жидекпен қамтамасыз ететiн Израильден асып түспесек, кем қалмас едiк. Қазақтың шаруасы дат фермерi секiлдi рентабельдiлiгi жоғары шаруашылыққа ие болар едi. Аграрлық өнеркәсiптiң әлеуетiн толық пайдаланып-ақ,ел экономикасын дамытуға, жаңа технологиялы өндiрiстi қалыптастыруға қажет қаржыны табуға, халықтың тұрмысын оңалтуға әбден болады. Ол үшiн Қытайдағы секiлдi ауыл шаруашылығы өндiрiсiн 5-10 жылға салықтан босатып, қараусыз қалған жерлердi игергендерге қаржылай қолдау көрсетiп, жаңа техника мен технологияны ең төменгi пайызбен жалға берсе, түрлi субсидия, қайтарымсыз көмек ақшаны қаптаған ұлттық компанияларсыз тiкелей шаруаларға берсе жетiп жатыр.
Бiрақ дәл қазiргi билiк жүйесiнде мұның iске аспайтынын бәрiмiз бiлемiз. Сол себептi халық Қытайға жалға жер беруге, олардың бiрлескен кәсiпорын құрып, жерiмiздi игеруiне түбегейлi қарсы. Сондықтан да Қытайдың әлемдi бидаймен қамтамасыз етемiн деген супержобасы бiзге үрейлi естiледi. Мұнайдың ақшасын былай қойып, халықтың қартайған шағында аламын деген зейнетақысына қол салған жемқор жүйенiң Қытайдың қызыл ақшасына мемлекеттi сатып жiбермесiне еш кепiлдiк жоқ! Сондықтан iргедегi көршiнiң қыр астындағы Ресейдi шошытқан жоспары бiздi де бейғам қалдырмауы тиiс.

Әдiл ҰЗАҚБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (7)
Тұран | 10 ақпан 2017 00:14
Қытайдан қауiптенгенiмiз дұрыс. Өздерiн кiргiзсек олар бизге дым уйретпейдi қара жұмысын жасатқаннан басқа. Оданда ғалымдарымызды бiлiмдi адамдарымызды сонда жиберiп олардың шөл-шөлейт аймақтарды қалай игерген әдiстерiн уйренiп алуымыз керек. Өйткенi бiздiң шөл және шөлейт аймақтарында ауылдық жерлер өте көп, негiзi қазақтар. Ауыл халқына үйретсек олардың әдiстерiн сонда бiзде оларды қуып жетемiз. Ауыл халқына көмек керек қазiр.
Тайтөлеу | 10 ақпан 2017 12:29
Қытайдың жоспарынан пайда табудың қарекетін қазірден бастап негіздеп, қытайдың өзі емес инвестициясының келуіне күш салу керек. Демек, Қытай жобасы біз үшін "инвестиция+нарық" форматында қажет. Осы формат бойынша біртіндеп жаңа тұрпаттағы шаруашылықтар құрылып, жол, теміржол тораптары, элетр желілері, газ құбырлары тартылса, астық кластерімен қатар мал шаруашылығын қоса дамытуға болар еді. Қиял сияқты көрінер, бірақ, Қытай жобасын мейлінше өз пайдамызға бағыттауымыз керек.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 10 ақпан 2017 13:11
Осыдан 1-2 жыл бұрын"қытайға соя,рапс өсіру үшін 1млн.га.жер беремін"деп лепіріп ХАЛЫҚТЫҢ қарсылығына ұшырады.АЗАМАТТАРДЫ қуды,соттады,әйтеуір жойды.КӨШБАСШЫЛАР түрмеде,қалғандары үреймен күй кешуде.ӨЗІНІҢ басқаруындағы ҚАЗАҚ ЕЛІ тоқырауға ұшырап,"инвестициямен"қарызға батып ЕЛ жойылу алдында тұрғанын түсінді.Бірақ өлермендікпен "біздің стратегиялық әріптесіміз "әләулайына"қайта бастады."Арманы"ӨЗІ тірі тұрғанда"арты ашылмаса"екен!Бізді бұл надандықтан орыс пен АҚШ-тың қарсылығы құтқарады..!
иван | 10 ақпан 2017 13:29
туран, дурыс айтасың, шетелге тыққан милиондаған ақшаны осындай іске жұмсау керек
Қазақ үні | 10 ақпан 2017 18:14
Менің қорқатыным, бұл билік Қытайдан алған қарызына, берілетін уәдені беріп қойып, енді тек заңдастыру жайымен жанталаса тырысуда! Оған кешегі Конституцияға енгізілгелі отырған 26-бапққа өзгеріс, "51 кәсіпорын" және өткен жылғы жер оқиғалары куә.
Тұмар | 12 ақпан 2017 17:03
Әй, осы Н әлдеқашан қазақты сатып жіберді - ау! Менің қорқынышым сол, балаларым, немерелерім қысық көздерге құл болама деп уайымдаймын. Ей, жаратқан ием бұның бетін аулақ қыла көр. Халқымның бағына елімнің қамын ойлайтын бір ұлды бере көр!
казах | 15 ақпан 2017 21:58
кытаидын астыгы дурыс зат пекен? ози кормегенди кордик ау ози
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар