1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (16204) 2 наурыз, бейсенбі 2017
2 наурыз 2017
«Саяси жүйеде үлкен өзгеріс жасалмайды»

26-БАП СОЛ КҮЙІНДЕ ҚАЛАДЫ

Бір ай ішінде халықтан түскен алты мың ұсынысты екі-үш күнде екшеп тастаған жұмыс тобы наурыздың бірі күні президенттің алдында есеп берді. Президент әкімшілігінің жетекшісі, реформа бойынша жұмыс тобының басшысы Әділбек Жақсыбековтің есебін тыңдаған Н.Назарбаев бұл жиынға тыңғылықты дайындықпен келіпті. Ол билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу реформасында конституцияның 23-бабы өзгеріп, түзетілетінін мәлімдеді.

Бірақ негізгі саяси модел сақталатынын және президенттік басқару жүйесі қалатынын, саяси жүйеде үлкен өзгеріс жасалмайтынын нығыздап айтып, «конституция өзгерістеріне қатысты референдум болмайды» деді. Жалпы, бұл реформада референдум өтпесі о бастан-ақ түсінікті еді. Ал 12 адамнан құралған жұмыс тобы ұсынатын жобаны парламенттің қалай қабылдайтынын ел айтпаса да біліп отыр. Халық талқысына ұсынған жобадан билік бір мәселе бойынша ғана шегініпті.
26-бапқа қатысты қоғам пікіріне қараған президент «Бұл бап бойынша заңгерлер көп жұмыс жүргізді. Түсіндірілді. Қабылдай салуға да болар еді. Алайда конституцияның аты – конституция... Конституцияға қатысты мінсіз консенсус (келісім) болуы шарт. Көпшілік конституцияны қолдауы керек. Осы себепті 26-бапты бұрынғы күйінде қалдыруды ұсынамын» деді.
Ұсынылған заң жобасындағы 26-бапта «Қазақстан азаматы заңды түрде алған мүлкін жекеменшігінде ұстай алады» деген сөйлемдегі «Қазақстан азаматы» сөзін «әркім» деп өзгерту көзделген болатын. Алайда «әркім» сөзі Конституцияға енсе, «шетелдіктер жерді жаппай сатып алады» деп қауіптенген көпшілік наразылық танытып, биліктен оны өзгертпеуді талап етті. Ақорда бұл талапқа құлақ асқандай. Бірақ кейбір саясаткерлер 26-бап қоғам назарын алдау үшін «әдейі ортаға тасталған амал болатын» деп жатса, басқалары «халық наразылығын көрген билік амалсыздан артқа шегінді» деген пікір айтады. Қалай десек те, Ақорда билік өкілеттіктерін қайта бөлу реформасындағы «ойынның» келесі сатысына өтті. Ендігі «ойын алаңы» парламентте өтпек. Отырып тұруға дайын депутаттар наурыздың үші күні парламент палаталарының бірлескен отырысын өткізеді.
Бір айлық жалпыхалықтық талқылау мен жұмыс тобының шешіміне қатысты саясаткерлердің пікірін сұрадық. Ардагер саясаткер Серікболсын Әбділдин «бұл реформа шеттегі саяси күшті алдау үшін керек болды» десе, Әміржан Қосанов реформа жөніндегі жұмыс тобының шешімінен «Мұрагер» операциясына дайындықты көргенін айтады.


Серікболсын Әбділдин,
саясаткер: БҰЛ – СЫРТ КӨЗДІ АЛДАУ НАУҚАНЫ
Мұның бәрі алдын ала дайындаған сценарий болғандықтан Қазақстанда қандай да бір саяси өзгеріс болады дегенге өз басым сенбеймін. Тіпті мұны реформа деп қабылдамаймын. Ал бұл шара сыртқы саясат үшін ғана қажет болды. «Қазақстанда демократия бар» дегенді білдіретін саяси айла ғой. Қазақстан БҰҰ-ның қауіпсіздік комитетіне мүше болып жатыр, сол үшін де қажет. Егер президент саяси өзгерістерді қаласа, онда ең алдымен сайлау туралы заңды өзгертуден бастағаны абзал. Келесі бір мәселе – өзін-өзі басқару тетігін жетілдіру. Яғни жергілікті атқарушы билік те сайлау арқылы додаға түсуі тиіс. Саяси жүйенің осындай басты түйткілдерін шешпейінше, бізде ешқандай реформа жүзеге аспайды. Ел ішінде қолға алынатын қандайда бір өзгеріс ең алдымен қарапайым халықтың жағдайын, әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталып, соған жұмыс істеуі керек. Шынын айтқанда, біздің қазіргі экономикалық ахуалымыз мәз емес. Былтыр ішкі жалпы өнім теңгемен есептегенде 25 пайызға құлдырады. Долларға шаққанда одан да асып кетеді. Шенеуніктер экономикадағы өсім бір пайыз деген дерек келтіреді. Олар түскен табысты теңгемен есептеп отыр. Ал егер оны долларға шақса, көрсеткіш бір пайызға да жетпейді. Еуразия экономика одағы аясында тұрмысымыз көтеріледі дегенмен, іс жүзінде олай емес. Бұл одақтағы экспорт көрсеткіштері де құлдырады. Президент өзі бір сөзінде «1990 жылдардың деңгейіне түсіп кеттік» дегенді айтып қалып еді, сонысы рас. Осындай қиын сәтте елді және сырт көзді алдай тұру үшін өтіп жатқан науқанның бірі – осы.

Зәуреш Батталова, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті: БАР МӘСЕЛЕ 26-БАПТЫҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛДЫ
Әу баста «Конституциялық реформа жүзеге асады» дегенде бұған мен әсте сенбедім. Оның «косметикалық» реңкте жүзеге асатынын сездім. Неге? Себебі, өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, бір айдың ішінде атүсті жүргізілетін реформаның сиқы қандай болады? Реформа дегеніңіз жүйелі, салмақты түрде жүргізілетін үлкен өзгеріс, кең талқылаулар. Оған қоғамның барлық өкілдері белсенді түрде атсалысуы тиіс. Ал бізде қалай? Он екі адамнан тұратын жұмысшы тобын құрды. Сол жұмысшы тобы бір айдың ішінде Ата Заңымызға өзгеріс енгізе ала ма? Жалпы не тындыра алды? Ірі қоғамдық жүйелі өзгерістерді тағайындалған 12 адамның жүзеге асыруы мүмкін емес. Олар тағайындаған адамға, тағайындаған институтқа тәуелділер. Солардың көлеңкесінен шыға алмайды. Демек, айтылған ұсыныстар, өзгерістер қолдан ұйымдастырылған – көзбояушылық. Шынтуайтында, жұмысшы тобына қоғамдық ұйымдар, саяси партиялардың өкілдері, саясаткерлер, саясаттанушылар, белсенді жастар бәрі қатыстырылуы керек-тін. Бәрі бірігіп бір үстелдің басында мемлекет басшысы ұсынған келелі ұсыныстарды жан-жақты талқылап, соның нәтижесінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, саралауы, жинақтауы тиіс еді. Біздің қоғам қандай өзгерістерді қалайды, биліктен нені талап етеді, осының бәрі талқыдан өтіп, екшеліп, ұсынылуы тиіс-тін. Қандай өзгерістер болса да халықтың тұрмысын жақсартуға, арттыруға жұмыс істеуі керек еді. Мейлі, ол экономикалық, әлеуметтік, мәдени өзгерістер болсын, олардың бәрі ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Міне, бір ай өтті, Конституцияға енетін өзгерістер, атап айтқанда, парламенттің өкілеттілігі туралы ойталқы, пікірсайыс 26-баптың тасасында қалып қойды. Меніңше, осы 26-бапты әдейі ойлап шығарған. Қоғам назарын басқа арнаға аудару үшін осылай істеді. Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында әдейі дау-дамай, айқай-шу туғызып, ел-жұрттың назарын аулаққа тастады. Қоғам 26-баптың төңірегінен аса алмай қалды. Бұл – үлкен қателік. Президенттік, парламенттік өкілеттілік туралы талқылау мүлде болмады. Зиялы қауым 26-бапқа байланысты ашық хат жазумен шектелді. Билік өкілеттігін бөлісу сөз жүзінде қалды.

Әміржан Қосанов, саясаткер: «МҰРАГЕР» ОПЕРАЦИЯСЫНА ДАЙЫНДЫҚ
«Конституция – Құран емес. Сонымен бірге ол – ойыншық емес!». Химияда «лакмус қағазы» деген ұғым бар, яғни бір процестің (ол саяси да болуы мүмкін) қаншалықты қанықты екенін сол бұйым көрсетеді. Президент өзі бастап, бүге-шігесіне дейін түсіндіруге тырысып бақса да (басқа ешбір идеолог ел алдына шығып, ағынан жарылған жоқ қой) ел ішінде осы өзгерістерге қатысты біршама күмән бар. Оны ашық айтуымыз керек! Елбасының кешегі «президенттік мемлекет боп қаламыз» деген сөзі қазіргі билік басында болып жатқан ішкі, кланаралық пікірталастан көп нәрсені аңғартса керек. Яғни, қазіргі елбасының орнына толыққанды өкілеттігі бар жаңа тұлға келеді деген сөз! Мұның өзі болашақта, «Мұрагер» операциясын жүзеге асырғанда, бас билік басына ықпалды, бар өкілеттігі мен жауапкершілікті өз мойнына ала алатындай тегеурінді тұлға келуі мүмкін деген сөз. Мұндай шешім, сөзсіз, кланаралық тартысты одан сайын өршітуі мүмкін. Яғни, біз «компроматтар» соғысының жалғасын, жаңа кезеңін көретін боламыз. Әйтпесе, парламент пен үкімет өкілеттіктерін күшейтеміз деген ойға біраз адам алданып, кәдімгідей риза боп қалып еді ғой. «Нағыз Конституциялық реформа болады!» деген жорамалдар да айтыла бастап еді. Сөз жоқ, жұмысшы тобы талқылау барысында айтылып жатқан алуан түрлі ой мен ұсыныстар бар екенін айтып жатыр. Оған да шүкір. Бірақ ұсыныс айтылуы бір бөлек те, оны іске асыру, Конституцияның мәтініне енгізуі тіпті бөлек әңгіме... Оған Ақорданың саяси жігері жете ме? Әлде, «баяғы жартас – сол жартас» боп қала ма? Гәп сонда! Әзірше, қарап отырсақ, о баста 1995 жылы асығыс-үсігіс қабылданып, мемлекеттегі бар билікті бір адамның қолына шоғырландырып бере салған Конституцияның іргетасы сол қалпында қалатын сияқты. Билік өз өкілеттіктерінің тепе-теңдігін жасауға әлі де құлықсыз сияқты. Бірақ билік бір нәрсені жете түсініп алуы тиіс: егер де эволюциялық өзгерістер болмаса, революция болып кетуі мүмкін! Оның ішінде атышулы 26-бапқа қатысты позиция қызық болып отыр. Оны соншалықты қорғаштауына қарасақ, билік ішінде сол баптан пайда көргісі келетін лоббистер бар сияқты. Әйтпесе, еліміздегі меншік пен мүлікке ие бола алатын бірегей «Қазақстан Республикасының азаматы» деген ардақты атақты «әркім» дегенге ауыстыру кімге керек бола қалыпты?! Және де жұмысшы тобының атынан сөйлеген Әділбек Жақсыбеков ел ішіндегі осы алаңдаушылық бар екенін ашық айтқаны мені таңғалдырып отыр. Әйтпесе, осы ойынан айнымаса, биліктің алдына тағы да бір «Жаңаөзен» шығуы мүмкін: өйткені осы талқылау барысында ел-жұрт президент, парламент не үкімет арасындағы тепе-теңдікті емес, осы аса маңызды бапты талқылаумен боп жатыр! Оны да ашық айту керек!

Жасұлан Ақкер

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Арбакеш | 2 наурыз 2017 16:39
Жөнiне тұрған заңды өзгертем деп халықты дүрлiктiрiп. Не қажетi бар едi сонша? "Мұрагерлiгi"құрысын,болдырмайық ондай жүйенi! Сақ отырайық!
Мен | 3 наурыз 2017 01:00
Әміржан Қосанов, «Конституция – Құран емес. деген сөзді бекер жазғансын. Құранмен ойнама және ойын алаңына итермелеме өзин мен өзин болсай.
Бек | 3 наурыз 2017 16:29
Кiм Құранмен ойнап отыр, жай сөздiң ыңғайына келгесiн айтып отырған болар. Жаппай бейбiт еруiлге шығып президенттiкке басқа адамды ұсынайық сол кезде өзгерiс болады. "Тұнық лайды"шайқап ағызып тазарту керек.
Елім-ай | 3 наурыз 2017 17:23
Қазақтың әліде белі қайысады десейші.
НАН | 4 наурыз 2017 00:06
Мен оз басым А.Косановтын мурагер операциясына дайындык дегенге келіспеймын, ойдейтын себебiм мурагерлык дейтын ол Н де мурагер жок. ол ешкiмге сенбейдi шенеуныктерге де баскасынада ешкымге.
Ал С.Абделдиннын созынын жаны бар ол кici бурындары да айтып келе жатыр казыр де айтып отыр бары козбояушылык алдау деп. халыкты Н агай деп ол шын таза да ашык сойлейтын азамат осы САКЕН жаксы айтат жане былыпте отыр
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар