1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Жаңа оқулықтан не ұттық?

Отыз бес жылдық педагогикалық тәжірибеме сүйене отырып, биылғы оқу жылындағы 1-сыныптардағы жаңартылған білім мазмұнына көшкен оқулықтардың сапасы жайлы пікірімді білдіруді жөн көрдім. Сөзімнің басын алдымен екі негізгі пән – математика мен дүниетану оқулығына сараптама жасаудан бастайын. Бұл оқулықтар, біріншіден, Назарбаев зияткерлік мектебіне арнап жазылған. Қазіргі таңда 1-сыныптағы «Сауат ашудан» басқасы осы мектепке арналған оқулықтармен оқып жатыр. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің табалдырығын кез келген оқушы аттай алмайды. Себебі ол мектепке қабылдану үшін міндетті түрде сынақ тапсырылып, жоғары балл жинаған оқушылар іріктеліп алынады. Яғни біз сөз еткен оқулық тереңдетілген немесе дарынды балаларға арнап жазылған. Енді осы оқулықты барша мектепке, оның ішінде ауыл мектебінің балаларына жаппай оқыту ақылға сыймайды.
Мен ауыл баласының әлеуметін, түйсік, алғырлығын кемсітіп, төмендетіп отырғаным жоқ. Барлық ауыл баласы балабақшаға бармайтыны, мектепалды даярлық тобында тәрбиеленбейтіні өтірік емес. Демек, бұл оқулықтар дайындықсыз мектепке келген баланың ұғымына өте ауыр тиеді.
Екіншіден, барлық мектептің базасы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасындай емес, тіпті оның маңына да жолай алмайды. Олай болса, материалдық базасы жұтаң мектептің балаларына жоғарғы базаға арналған мектептің оқулығымен оқыту аттымен жаяуды жарыстырғанмен тең. Алыс ауылдағы интернет желісі жоқ, интерактивті тақта мен техникалық құралдармен жабдықталмаған мектептегі білімнің деңгейі қаншалықты екені айтпаса да түсінікті ғой.
Үшіншіден, Назарбаев зияткерлік мектебі мұғалімдерінің еңбекақысы ауыл мектебінің мұғалімі алатын айлықтан анағұрлым жоғары.
Жаңа оқулықта ұстаз бір бөлімді оқытып болған соң жазба және бақылау жұмыстарын алуға міндетті. Енді күнделікті өтетін бес пәнге және оны аптаның бес күнінде өтетін пәндерге көбейтіп көріңіз. Мұғалімге қосымша қыруар жүк түседі. Оқушыны дайындау мен бақылауды тексеруге кететін уақыт, қосымша қағаз, ксерокс көшірмесі дегендей шығындар көп. Ал мұндай материалдық шығынды мұғалімге кім өтеп беретіні ескерілмеген. Бұрынғы оқулықта мұндай бақылау айына бір-ақ рет алынатын.
Енді ойлаңызшы, мұғалімге жұмыс пен талап көбейгенімен, төленетін еңбекақысы лайықты түрде өсті ме? Жоқ!
Оқулық сапасына қайта оралайын. Математика оқулықтарындағы материалдар, атап айтқанда екі амалды өрнектер, ұзындық, масса, теңдік және теңсіздіктер бұрын екінші сыныпта оқытылатын. Ал «Кесінді» тақырыбы 3-сыныпта кездесетін. Сонда оқулықтағы материалды екі есеге күрделендіретіндей не басымызға күн туды? Бір жылдың ішінде 6 жасар баланың ақыл-ойы екі есеге артты деп елді алдағысы келе ме? Оқулықтардың 5-бөлімінде «Пиктограмма», «Диаграмма», «Комбинация» бойынша тапсырма құрастырулар берілген. Осыған қарап 6 жастағы балаға мұндай тапсырманың берілуіне таңғалмасыңа лажың жоқ. Соңғы бөлім «Глоссарий» деп аталады, бұл қай елдің деп таңдай қағасыз. Латын сөзінен аударғанда глоссарий «атаулардың түсіндірме сөздігі» деген мағына береді. Алты жасар балаға арналған оқулық мазмұнына латын сөзін кіріктіріп, оның қазақша мағынасын қолданбауға соншалықты не итермеледі?
Дүниетану да бұрынғы оқулыққа қарағанда күрделеніп кеткен. Мәселен, «Саяхат» бөлімінде «алғашқы адамдар қандай болды?», «сақ ханшайымының есімі кім?», «адамдар өткен заманда қалай саяхат жасаған?» деген үш тапсырма беріліп, «ойланып көр» делінген. Осы үш тапсырманың арасында қандай байланыс бар? Алты жасар баладан сақ ханшайымының есімін сұрау не үшін қажет? Тақырыптардың бірінде ғұндар туралы айтылып, «олардың қоныс аударуын картадан көрсет» дейді. Сақ, ғұн тайпасы жөнінде оқушы 6-сыныпта Қазақстан тарихында таныс болады. Ал бірінші сыныптағы балаға бұл тақырыпты не үшін тықпалағанын түсінбеймін. «Саяхат» тақырыбы да оқушыға география пәні арқылы 6-сыныпта кездеседі. Сонда оңы мен солын танып білмеген, мектеп табалдырығын жаңа аттаған «жас шыбықты» 6-сыныпта оқытылатын материалдармен «төмпештегеннен» не ұттық? Ұтса, Назарбаев зияткерлік мектебінің балалары мен ұстаздары ұтқан шығар. Ал ауыл мектебінің ұтылғаны анық. Бұл оқулыққа ата-ананың айтар уәжі бір төбе. Олар апталық қорытынды жұмысына қойылған бағалау критерийін түсінбей, әрі-сәрі күйде жүр. Енді ұстаздар ата-ананы жинап, жаңа жүйедегі бағалау критерийін үйретуге мәжбүр. Бұл шаруа ұстаздың уақытын алып, дайындығын қажет етеді. Сөздің тоқ етерін айтсам, 1-сыныптардағы жаңартылған білім мазмұнына көшкен оқулық сапасы білімнің биік шыңына шығарады деп айта алмаймын.


Талғат ШАЙМЕРДЕНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы
Созақ ауданы
Шолаққорған ауылы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қазақ үні | 17 наурыз 2017 14:12
Талғат мырза, сөзіңіз бен келтірген уәжіңізге қарап "Міне, біздің Министр қалай әдемі сыни түсініктеме берген" деуге болар еді! Бірақ, өкінішке орай Сіз министр емессіз және Сіз бен бізді ешкім тыңдамайды. Тіпті, "мүйізі қарағайдай", осы саланың бірден бір дуалы сөзді профессорын да, елдің "Зиялы" мен "Ақсақалын"да ешкім тыңдамайды. Біздің сорлы Қазақстанда тек әлемдік деңгейде ойлай алатын, ешқашан қателеспейтін бір-ақ адам бар, сол айтты -бітті, өл-тіріл орында! Зәулім "жартастың"айналсындағы
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті