1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
19 наурыз 2017
Біз кешірейік...

Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз – жаңарумен қатар, жамандықтан арылу, оның ішінде өкпе-ренішті доғарып, кешіріммен қарау күні. Былтырғы Наурыздан бергі күнтізбені парақтасақ, бұқара мен биліктің бірін-бірі кешіретін жағдайы шаш етектен.
2014 жылы әлем чемпионын марапаттау сәтінде ойнап тұрған Қазақстан әнұранына құрметпен қарамай баса-көктеп, ауыр атлет Илья Ильиннің құлағына жас баладай телефон ала жүгіріп, төрткіл дүниеге күлкіге қалған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы биыл «кіндіктен төмен» әңгімеге ілікті. Түтіні түзу мемлекетте мұндай дауға қалған министр қызметінен бір күнде өз еркімен кететінін айтып несіне таусыламыз?! Мәдениет министріміздің бар мәдениеті осы шығар, қайтеміз, кешіре салайықшы!
Илья Ильин демекші, осы күнге дейін Халықаралық олимпиада комитеті он шақты спортшымыздың медальдарын допинг дауымен қайтарып алды. Батыста допингпен ұсталған спортшы жанкүйер алдында алаяқ! Басқа әңгіме жоқ. Бірақ бас жаққа барысып қайтеміз, жанкүйер жанына селкем түсірген спортшыларды кешіре салайықшы!

Ұстаз мәртебесін көтере алмай жатып үштілділік білім беру жүйесін дақпыртып, қазақ тіліне қырын қараған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев елді ұлардай шулатты. Кеңпейіл жомарт ұлт едік қой, министрдің шалалығын кешіре салайықшы, ол да райынан қайтып, ұлтқа пайдалы іске күшін салар.
Алаштың 100 жылдық мерейтойында Алаш астанасы – Семейдің орталық көшесінің атауын Лениннен ауыстыра алмай жүргенде депутаттар «Астана немесе әуежайға президент Н.Назарбаевтың есімін беру керек» деп күйдірді ғой. Күйдіретіні – президенттің өзі «қой десе» де, депутаттар басқа жұмыстары жоқтай түстерінде тек Н.Назарбаевты көретіндей қоймайды. Өздерін де, мемлекет басшысын да сөзге қалдырып, «қарғайын десем жалғызымның» кебіне келтіріп жүр. Қайтеміз, халық сөзі мен тілеуіне құлақ аспайтын депутаттарды да кешіре салайықшы, мүмкін, ғайыптан тайып олар да түзеліп кетер.
Іс қозғайтын органдардың сөзіне сенсек, қашқында жүрген банкир Мұхтар Әблязов зейнетақы қорындағы ақшамызды жеп қойыпты. Құдай-ау, халықтың ақшасын кім жемеді? Қай басшы жемей жатыр? Бәрібір жұрттың қалтасына қайтпайтын қаржы ғой, оны да кешіре салайықшы!
Шыны керек, биліктің М.Әблязовқа тегін сыйлық жасап жатқанына қарап, президенттің өз сөзімен айтқанда, біздің ішіміз ауырады. Мәселен, «Трибуна. Саяси қалам» газетінің жетекшісі Жанболат Мамайды күштік құрылымдар «М.Әблязовтің заңсыз тапқан ақшасын жұмсады» дегендей күдікке алып, тергеуге қамап тастады. Ағайын, Жанболат Мамай кім еді? Жастығына қарамастан, саяси белсенділігімен елге танылған жігіт. Мемлекеттің түзу жолда дамуына шын ниеттес, билік басындағы жемқорлыққа жаны қас азамат.
Ашық пікірсайыста ел көзіне түскен журналисті істі қылып, қамауға алу М.Әблязовқа көктен түсірген тегін сыйлық қой! Неге дерсіз? Айтайық, М.Әблязов ертең Еуропаның кез келген мінберінде Ж.Мамайдың қамалуын саяси іс деп бағалап (онсыз да саяси іс болғалы тұр), өзіне «саяси қайраткерлігім үшін қуғынға түстім» деген шапанды оп-оңай жауып алады. Ақорданың айналасындағылар, біздіңше, осыны түсінбей отыр. Алматыдағы Ж.Мамайды қамау арқылы Еуропадағы М.Әблязовтің саяси мәртебесін арттырып, өздері күлкіге қалғалы тұр. Биліктің осы кемшілігін де кешіре салайықшы! Олар да кешірімді болып Жанболат Мамайды босатсын!
Сондай-ақ ауылшаруашылық жерді сатып, шетелдіктерге жалға бергісі келген билік былтыр халықты көшеге шырқыратып шығарған еді ғой. Мемлекет тұтастығы мен ұлт бірлігі, тәуелсіздік тағдырына алаңдаған жұрт қарсылық шараларынан көрінді. Сол жолы билік бейбіт түрде наразылық танытқан халықты аямады. Алаңға жолатпай қудалап, белсенділерді қамап, айыппұлға жықты. Атыраулық Макс Боқаев пен Талғат Аянды соттады. Бірақ осы азаматтардың ерлігінің арқасында Жер кодексінің қыңыр-қисығы күзеліп, түзетілді. Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығына төнген қауіптің беті қайтты. Әз Наурыз ғой, биліктің жерге қатысты шала ісін шын пейілмен кешіре салайық. Билік те Макс Боқаев пен Талғат Аянды кешіріп, бостандыққа жіберсін! Ата-бабамыздан қалған Анамыз – қасиетті қара жерді қорғаудағы наразылық шарасында жанына жара түсірген, басына таяқ тигізген ел азаматтарынан билік те кешірім сұрасын!
Әз Наурызда кешірімшіл болғаннан кішірейіп қалмаймыз, ағайын!


Жасұлан АҚКЕР
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар