1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
4 сәуір 2017
Сапарбаевтың санын көбейту керек!

Наурыздың соңғы аптасы әкімдер мен мемлекеттік қызметкерлерде біліктілік қалмағанын тасқа таңба басқандай айқындап берді. Ақтөбеге іссапармен барған премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көпшілік алдында сырын айтамын деп шынын айтып кетті.
«Көп нәрсеге көз тойдырған» үкімет жетекшісі Б.Сағынтаев: «Ақтөбенің ерекше аурасы ма, ол жағын білмеймін. Бәрі осы жерге келеді. Шетелдік инвесторлар да келеді. Жедел жәрдем бекетінің құрылысына бардым. Неге тек Ақтөбе облысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынып жатыр? Барлық облыс орталығында дәл осындай жедел жәрдем бекеті бар. Неге олар шетелдік инвесторларды қызықтырмайды? Шетелдіктер тек келіп қана қоймай, құрылыс жүргізіп жатыр. Олар өз қаржысына жедел жәрдем бекетін салып жатыр. Егер бұл істің бәрі Бердібек Мәшбекұлының арқасында болса, онда оны клондау (грек. clon – ұрпақ, бұтақ) – организмдерді жыныссыз жолмен көбейту арқылы сол организмдерге ұқсас ұрпақтар алу) керек», – деп салды.
Премьер-министр ағынан жарылып, облыс әкімін осылайша мақтап қойғанымен, оның бұл сөзінің астарында «басқа облыстарда Б.Сапарбаевтай әкімім неге жоқ» деген шарасыздығы жатқандай. Әрине, Ақтөбе облысының тұрғындары өзге аймақтағы жұртпен салыстырғандай бай-қуатты, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатыр деп айтуға тіпті келмейді. Соған қарамастан, премьер-министрге әкімнің жеке инвесторға әлеуметтік бірлі-жарым нысан салдырғаны аспандағы айды алғанмен бірдей болып тұрғандай. Б.Сағынтаевтың Б.Сапарбаевты көбейтпек сыры осыдан болса керек.
Клондалмақ «Сапарбаевтар», яғни премьер ұнатқан жақсы әкімдер Алматы облысының басшысына да ауадай қажет болып тұрғандай. «Маған «зауыттың (Ақсу қант зауыты) заттарын ұрлап жатыр» деді. Неге күзет қоймайсың? Сол жерде жүріп неге бақыламайсың?! Егер осындай жағдай қайталанатын болса, өзің сол жерде күзетші боласың», – деп облыс жетекшісі Амандық Баталов Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаевтың шаңын қақты.
Он шақты жыл қаңырап бос тұрған, қайта жаңғыруына 8 миллиардтай теңге жұмсалған, іске қосылатыны екі жылдай қайта-қайта хабарланып, былтыр ғана жұмысы басталды деген зауытта жұмысшы орнына ұрылардың тайраңдап жүргеніне Амандық Баталовтың алаңдауы, әрине, орынды. Дегенмен зауытқа күзет қойдыру аудан әкімінің міндеті ме? Есікке қара құлып іліп тұратын күзетші жалдауға зауытта басшысы жоқ па? Зауыт ісіне неге аудан әкімі араласуы тиіс? Үкімет жетекшісі Б.Сапарбаевты мақтағанда жеке инвесторларға ерік, еркіндік беру керек дейді. Ал Алматы облысы әкімінің сөзіне қарасақ, зауыттың күзетшісін қоюға дейін аудан әкімі араласуы тиіс. Бәлкім, А.Баталовтың Б.Сапарбаев сияқты «клондалып кетпеуінің» бір себебі де осындай көзқарасынан шығар? Әйтпесе А.Баталовтың аудан әкіміне ескерту жасауға жаны шығып бара жатса, «ел ішінде ұрлық неге көп?» деген сұрақты төтесінен қойса жетіп жатыр ғой. Ұрлық демекші, Алматы облысында мемлекет меншігіне алынған жерлер үшін 2 млрд теңгеден астам қаржы негізсіз жұмсалғаны да айтылды. Аудан әкімдігіндегілер мемлекет меншігіне алынған жер үшін осыншама артық ақша төлеп тастапты. Олардың осы істері үшін ауызбастырық алған-алмағаны жайында дауласып уақыт созудың керегі де жоқ. Ал негізсіз жұмсалған қаржыны ұрлықпен салыстыруға келмесе де, мемлекеттік қызметкерлер ісінің шалалығы екенін прокурорлар анықтап, сотта дәлелдеп шыққан. Яғни мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі сын көтермейді. Оның үстіне ауылдық жерлерде мемлекеттік қызметкер де тапшы.
«Ауылдық жерлерде кадр тапшылығы алаңдатып отыр. Өткен жылы 5 мыңнан астам бос орынға тек 3500 адам үмітті болды, яғни бір бос орынға қызметке тұруға ниеттілер саны аз. Сонымен бірге ұзақ уақыт бойы еліміз бойынша барлық бос орынның 25 пайызының орны толтырылмады. Бұл ретте, негізгі себеп ауылдық жерде мемлекеттік қызметтің тартымдылығы төмен болып тұр», – дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Астанада өткен жиында.
Демек, Сапарбаевтың шұғыл түрде мыңдаған данамен клондануына Қайрат Қожамжаров та мүдделі. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің арманы да осындай көрінеді. Экономика министрінің сөзінше, қазіргі өсіммен Қазақстан 2050 жылға дейін дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіре алмай қалуы әбден мүмкін. «Бүгінде Қазақстанда адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі – 25 мың доллар. Дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін бұл көрсеткіш 60 мың долларға жетуі тиіс», – дейді ол. Әрине, мұндай өсім үшін жергілікті жердегі әкімдердің ісінде береке, ширақтық болуы шарт. Бірақ әкімдердің ондай оңды ісіне үміт артқанша, Б.Сағынтаев ұсынғандай, Б.Сапарбаевты «жыныссыз жолмен көбейту» әлдеқайда ұтымды сияқты. Бұл іске дереу тендер ұйымдастыру керек-ақ!

Руслан ЕРБОТА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті