1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27(16213) 6 сәуір, бейсенбі 2017
6 сәуір 2017
Бүгінгі білім саласы

«КІМ КІНӘЛІ?» ДЕГЕННЕН ГӨРІ «НЕ ІСТЕЙМІЗ?» ДЕГЕН СҰРАҚ ТӨҢІРЕГІНДЕ ОЙЛАНАЙЫҚ...
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері ең көп реформа білім саласына жасалынды. Бірақ оң нәтиже берген жоқ. Неге? Себебі бұл реформаларға мұғалімдер қатыстырылмады. Олардың пікірін ешкім сұрамады да. Түрлі реформалардан әбден шаршаған білім саласында шешімін табуға тиісті өзекті мәселелер шаш етектен. Меніңше, елімізде білім саласының кері кетуінің ең негізгі себебі – біз тым «реформашылмыз».
Еліміз тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде 12 білім-ғылым министрі ауысыпты. Сол министрлердің барлығы да «өз реформасын сүйрей» келген. Ең қызығы, бұл реформалардың барлығы да ғылыми тұрғыда зерттелінбей, жергілікті жағдай мен ұлттық ерекшелік ескерілмей, еш даярлықсыз, аяқастынан, тұтқиылдан басталған. Осындай реформалар бізге, мұғалімдерге, ақпарат түрінде педагогикалық кеңесте айтылып, соған байланысты қаулы қабылданатын. Сонда, өздеріңіз ойлаңыздаршы, қаулымен қабылданатын ол қандай реформа?!
Пікіріміз дәлелді болу үшін үштілділік пен ҰБТ-ға байланысты соңғы реформаны алайық.
Үштілділікке байланысты білім реформасы – қазақ-түрік лицейлері мен Назарбаев зияткерлік мектебіне арналған оқу жоспарының көшірмесі. Бұл білім ордаларына түсу – үлкен конкурс. Бір орынға 20-30 оқушыдан келеді. Шындығында, бұлар дарынды балаларға арналған мектептер. Оған мұғалімдер де үлкен конкурспен алынады, жалақысы да қомақты. Мектеп базасы да заманауи жақсы жабдықталған. Назарбаев зияткерлік мектебі мен қазақ-түрік лицейлерінде оп-оңай игерілетін тақырыптарды жалпы білім беретін орта мектептің оқушылары тіптен игере алмауы мүмкін. Өйткені балалардың барлығы бірдей дарынды емес және қабілеттері де әртүрлі. Үштілділікке байланысты жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деу – бос қиял. Оны бізде оқыта алатын мұғалімдер де, оқиын деп тұрған оқушы да жоқ. Неге? Себебі өзі білмейтін тілде мұғалім қалай сабақ береді? Жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне «әзірше ағылшын тілінде ғылыми терминдерді жаттаңдар» дейді. Сонда құр терминді ағылшынша жаттап, ғылымды оқушыларға қалай меңгертеміз?
Ал оқушылардың басым көпшілігіне болашақта ағылшын тілінің қажеті жоқ. Олар жұмысшы мамандығын таңдап отыр делік. Жұрттың барлығының ғылыммен айналысуы шарт емес қой. Айтыңыздаршы, қарапайым жұмысшыға, қарапайым инженер мен мұғалімге ағылшын тілінің керегі не? Олар өз мамандықтарын ағылшын тілінсіз-ақ игереді. Енді ҰБТ туралы. Бұл реформа да бізге әдеттегідей ақпарат түрінде жетті. 2015-2016 оқу жылының соңында бізге, мұғалімдерге, мектеп әкімшілігі «келер оқу жылында оқушылар ҰБТ-ны жаңа форматта тапсырады» деді. «Ол қандай жаңа формат? Несімен ерекшеленеді?» деген сұрақтарға ешкім де нақты жауап бере алмай, ҰБТ тестілерінің бірнеше нұсқасын айтып, «дәл қайсысы екені белгісіз, жоғарыдан қосымша нұсқау болады» деп түсіндірді. Содан жаңа оқу жылы басталды, оқу жылының ортасынан астық, ҰБТ-ның жаңа форматының үлгісі кешегі күнге дейін белгісіз болып келді.
Жалпы, ҰБТ ұзақ дайындық пен үздіксіз жаттығуды қажет етеді. Дәл қазіргі уақытта оқушы ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде болуы керек еді. Бірақ осы кезеңге дейін бізге ҰБТ-ның форматы белгісіз болып келді. Енді қалған үш-үш жарым ай көлемінде оқушы ҰБТ-ға қалай дайындалып үлгереді? Оның үстіне жаңа форматтағы ҰБТ-да оқушының білімі қалай бағаланады, белгісіз, ешкім білмейді. Оқушы тапсырады деген жаңа форматта әлі күнге дейін бірде-бір тест кітапшасы шыққан жоқ, ҰБТ-ны тапсыруға оқушы өзі бара ма, әлде мектеп алып бара ма? ҰБТ-ны тапсыратын балаға сынақ кезінде бір реттік тегін тамақ берілетін, оның жағдайы қалай болады? Ол да белгісіз. Сұрақ көп, ал жауап жоқ. Біздегі білім саласындағы реформалардың барлығында да осындай белгісіз, түсініксіз жағдайлар өте көп кездеседі.
Білім саласындағы асығыс түрде қаулымен қабылданған реформаның бірі – мектептердің 12 жылдыққа өтуі. Бұл реформа бойынша бала 6 жастан мектепке барып, мектеп қабырғасында 12 жыл білім алады. Осы 12 жылдық мектепті бітіріп шыққан бала жұмысшы мамандығын қоса алып шығады. Бұл 12 жылдық білім беру жүйесінің ең басты жетістігі деп түсіндірілді. Осы реформаға сәйкес, біз елімізде ұзақ уақыт қалыптасқан, (білім беру жүйесін қалыптастыру оңай шаруа емес) 10 жылдық білім беру жүйесін бұзып, кәсіптік жұмысшы мамандығын беретін мектептердің (кәсіптехучилище) тас-талқанын шығардық. Бұдан кім ұтты? Ешкім де! Қалыптасқан білім беру жүйесі бұзылған Қазақстан ғана бұдан оңбай ұтылды. Қазіргі таңда елімізде кәсіптік мамандық беретін мектептер жүйесі толық істен шыққан.
Ал кәсіптік білім береді деген 12 жылдық мектептер оқушыға мамандық беруге дайын емес. Себебі мектептерде кәсіптік білім беретін база жоқ. Бола қоюы да екіталай. Дәнекерлеуші, электрик, шофер, токарь мамандығын алу үшін әр мектептің жанында бір-бір эксперименталдық зауыт болу керек емес пе? Барлық нәрсені ақша шешетін мына заманда ондай зауыт туралы армандаудың да керегі жоқ.
Талассыз бір шындық бар: түрлі реформалардан қалжыраған еліміздің білім саласы әбден тозды. Тозған білім жүйесін қалпына келтіру үшін ғылыми негізі жоғары, өмірмен біте қайнасқан, бүкілхалықтық талқылауға ұсынылатын шын мәніндегі реформа керек. Ол үшін біз білім беру жүйесінің ұлттық концепциясын жасауға тиістіміз.
Ұлттық білім концепциясын жасамас бұрын, білім саласына тікелей қатысы бар мына төмендегі өзекті мәселелерді шешіп алуымыз керек деп ойлаймын.
Балалардың денсаулығы қатаң бақылауда болуға тиіс. Осы білім саласында үздіксіз жұмыс істеп жүргеніме 15-20 жылдың жүзі болды. Сонда бір байқағаным, осыдан 20 жыл бұрынғы балаларға қарағанда қазіргі балалардың есте сақтау және көру қабілеті нашарлап кеткен. 15-20 жыл бұрын бүкіл мектеп бойынша 6-7 оқушы ғана көзілдірік тақса, қазір әр сыныпта 3-4 оқушыдан көзілдірік тағады. Сондай-ақ сабақ айтып келе жатқан бала бастаған тақырыбын күрт ұмытып, ары қарай не айтарын білмей қалатын жағдай соңғы кезде жиі кездесетін болып жүр. Осы жағдайлардың себебін мамандардан сұрасам, олар: «Балалардың ағзасында йод пен кальций жетіспейді. Өсіп жатқан бала ағзасында кальций мен йодтың жетіспеуінен баланың көру, есте сақтау қабілеті нашарлап, сүйегі морт сынғыш келеді», – дейді. Бұрын мұның бәріне мемлекеттік бақылау бар еді, тұздың, ұнның және басқа да тағамдардың құрамында йод, кальций болуын қатаң қадағалап, балаларға мемлекет тегін түрлі дәрумендер беретін. Ал қазір балалар не жеп жатыр, олар қалай өсіп келеді, мұны бақылап отырған бірде-бір мекеме жоқ.
Ата-ананың жауапкершілігін арттыратын заң қабылдауымыз керек. Қазіргі білім саласының шешілмей келе жатқан ең өзекті мәселелерінің бірі – ата-ана жауапкершілігі. Ата-ананың мектеппен байланысы өте нашар. Мектепке келмейді. Зәуде бір сынып жиналысын жасай қалсаң, сыныптағы 25-30 оқушының 6-7 ата-анасы ғана келеді. Олардың өздері де тәуір оқитын оқушылардың ата-анасы. «Балам қалай оқып жатыр? Ол қалай өсіп келеді? Ол неге қызығады, қандай бейімі бар?» деген сұрақтар ата-аналарды, әсіресе ауылдық жерлердегі ата-аналарды көп қызықтырмайтын секілді. Бала бірдеңені бүлдірсе, не сабаққа келмей қалса да сынып жетекшісі кінәлі. Барлық нәрсеге тек қана сынып жетекшісі жауапкер. Ал ата-ананың мектеп алдында еш жауапкершілігі жоқ. Сондықтан да бала тәрбиесі үшін ата-ананың жауапкершілігін арттыратын заң қабылдау керек. Мысалы, баласының оғаш әрекеті, жауапсыздығы үшін ата-анаға түрлі әкімшілік шара, айыппұл салу қажет шығар.
Білім саласын әкімшіліктен ажыратып, өз алдына дербес сала ету керек. Білім жүйесі – шығармашылық сала. Ал әкімшілік – әмірші жүйе. Біздегі білім саласының дамымай кері кетуінің ең негізгі себептерінің бірі – білім саласының әкімшілік жүйеге тікелей бағынышты болуы. Мысалы, аудандық білім бөлімі – аудандық әкімшіліктің, облыстық білім бөлімі – облыс әкімшілігінің бір бөлімі болып біріктірілген.
Міне, осы жағдай білім саласының шығармашылықпен дамымай, ол салада әкімшіл-әміршіл жүйенің қалыптасуына тікелей ықпал етіп отыр. Сондықтан мұғалімдер залды толтыру үшін жиналысқа апаратын, күштеп газеттерге жаздыратын, түрлі сайлауалды науқандарға жұмсайтын әкімшіліктің қолбаласына айналды. Тікелей бағынышты болғандықтан, мектепті тексеретін де – әкімшіліктің оқу бөлімі. Ал олар қағаз ғана сұрайды. Қазіргі мұғалімдерде күнделікті сабақ жоспары мен күнтізбелік жоспардан бөлек, пән мұғалімдерінде «ата-анамен байланыс», «қоғаммен байланыс», «дарынды балалармен жұмыс», «қиын баламен жұмыс» секілді 13 папка-файл, ал сынып жетекшілерінде 19 папка-файл болуға тиіс. Осынша қағазды жазған мұғалімнің еркін ойлануына, сабаққа дайындалуына ешқандай уақыты қалмайды. Сонша қағазды бір мұғалімнің жазып үлгеруі мүмкін емес. Әкімшілікке де керегі осы секілді. Түрлі тексерулер, соңы «ескерту», «сөгіс», мұның бәрі ақша жинауға оңтайлы жағдай туғызады. Осындай тексерулерден құтылу үшін мұғалімдердің өздері ақша жинап, тексерушілерге апарып береді. Қысқасы, әкімшілік тарапынан сыпайы түрдегі «мәжбүрлеу» деген осы.
Ең қызығы, мұғалімнің сабағын сауатты талдап, оның шығармашылық жетістігіне не тексерушілер, не мектеп әкімшілігі тарапынан мән беріп жатқан бір адам жоқ. Әкімшіл-әміршіл жүйе кәсіби өзіндік пікірі, көзқарасы бар шығармашыл мұғалімдерді әдейі елеусіз, ескерусіз қалдыруда. Бұл мұғалімдердің қоғамдағы, айналасындағы жағдайларға немқұрайды, селқос қарауына тікелей әсер етеді. Олар қазір өздерін қоғамға керексіз, басы артық адам ретінде сезіне бастады. Бұдан өткен трагедия болуы мүмкін бе?
Оқушылардың мешітке баруына заңмен тыйым салу керек. Мен дінге қарсы емеспін, бірақ мектеп оқушыларының мешітке баруына қарсымын. Себебі қазір елімізде дәстүрлі дінімізге қарсы жат ағымдар көп. Оқушылар мектепке барып уағыз тыңдайды. Ол уағызды кім айтып жатыр, қалай айтып жатыр, ол өскелең жас ұрпаққа қалай әсер етіп отыр, оны бақылап отырған ешкім жоқ.
Мектеп оқушысы өмірге көзқарасы, пікірі қалыптасқан жеке тұлға емес. 15 жасар балаға түсінікті нәрсе 12 жастағы балаға мүлдем түсініксіз болуы мүмкін. Балаға айтылатын әңгімеде жас ерекшелігі қатаң бақылауға алынуға тиіс. Бір тақырыптағы әңгімені жас ерекшелігі мен қабілетіне қарай әр бала өзінше қабылдайды. Байқағаным, мешітке барып жүрген балалардың химия, физика, математика секілді жаратылыстану пәндеріне қызығушылығы төмен, барлығын бір Алла жаратты деп жаратылыстану ғылымына сенбейтін секілді. Сенбеген соң баланың ғылымға деген қызығушылығы төмендейді.
Ал дін мен ғылымды біртұтас дүние деп баланың ұғымына лайықтап талдап түсіндіріп жатқан уағызшыны өз басым әлі кездестіргенім жоқ. Осы тұрғыдан келгенде «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алланы өзінің бір сипаты ғылым арқылы тану керек» деген Абай ілімін терең насихаттап, абайтануды жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынар едім. Қазіргі мектеп бағдарламасында «Абайтану» жеке пән емес, тек факультатив сабақ ретінде оқытылып келеді. Мектеп оқушысы – ғылымның әліпбиін толық меңгермеген, ғылымды игеруші шәкірт. Оқушы ғылымның әліпбиін дұрыс меңгеру үшін және қоршаған орта мен қоғамы туралы жеке тұлғалық пікір қалыптасқанша, оның үстіне бөтен діни ағымдардың жетегінде кетіп қалмауы үшін Өзбекстандағыдай 18 жасқа толғанша мешітке баруына заңмен тыйым салу керек.
Кембридждік оқу тәсілі мен үштілділіктен бас тарта отырып, мұғалімдердің білім жетілдіру жүйесін қайта құру керек.
Кембридждік оқу тәсілі Қазақстанға 2000 жылдардың басында «Қараев технологиясы» деген атпен келіп, орта білім беру жүйесіне методикалық өзгерістер енгізе бастады. Ол кезде бұл оқу технологиясынан жұрт пәлендей сескеніп бас тарта қоймады, себебі америкалық педагог Блумм жүйесінің негізінде педагог-ғалым Қараевтың өзі ойлап тапқан оқытудың жаңа технологиясы екен деп ойлады көпшілік мұғалімдер.
2010 жылдарға қарай бұл методикалық тәсілді «Кембридждік оқу тәсілі» деген атаумен мұғалімдердің білім жетілдіру институттарында оқытып, мәжбүрлеу түрінде мектептерге енгізе бастады.
Кембридждік оқу тәсілінің ең негізгі ерекшелігі – мұғалім сабақты өзі түсіндіруге тиісті емес. Оқушылар сабақты ойын түрінде бір-біріне өздері түсіндіруі керек. Сонда оқушылар сабақты жеңіл әрі терең түсінеді екен. Мұғалім бұл жерде тек бақылаушы. Сіз жаңа сабақ өткізгіңіз келсе, тақырыпты алдын ала балаларға тапсырма ретінде үйге беріп жібересіз. Дайындалып келген оқушылар жаңа сабақты топтық жүйе арқылы бір-біріне өздері түсіндіруге тиіс. Оқушылар өздерінің білімдерін өздері бағалап, бір-біріне баға қояды. Мұғалімдердің білім жетілдіру институттарындағы оқытушылардың айтуы бойынша, халықаралық патенті бар кембридждік оқу тәсілін біздің ел сатып алған көрінеді. Сондықтан да біз оны еліміздегі орта білім жүйесінде қолдануға міндетті көрінеміз.
Мен осы кезге дейін кембридждік оқу тәсілін құптап-қолдаған бірде-бір мұғалімді кездестірмедім. Олардың пікірінше:
1). Бұл тәсілде айтылған жеті модульдің ешқайсысы педагогика ғылымында жаңалық емес. Бұрыннан қолданылып жүрген белгілі тәсілдер.
2). Оқушылар өздерін-өздері оқытатын болса, олардың белгілі бір зат немесе құбылыс туралы тереңдеп ойлануы және сөйлеу қабілеті қай кезде дамиды?
3). Жаңа сабақты дайындалып келіп түсіндіретін оқушы қанша жерден дарынды болса да, ол жоғары білімді, көзқарасы қалыптасқан жеке тұлға, кәсіби маман емес. Сондықтан да ойын элементтері арқылы оқушылардың жаңа сабақты бір-біріне түсіндіруі олардың жаңа тақырыпты терең түсінуіне мүмкіндік бермейді.
Методика – ғылым емес, тәсіл. Мұғалім қандай тәсілді қолданса да, тақырыпты оқушыға игертсе болды. Сен дәл осы тәсілмен оқытуға тиістісің деп мұғалімдерді мәжбүрлеу – мұғалімнің адами құқығы мен шығармашылық мүмкіндігін шектеу. Егер сен кембридждік оқу тәсілімен сабақ өтсең, ол сабақтың мақсатына жеткен-жетпегеніне ешкім де қарамайды, сенің сабағың жоғары деңгейде өткен «жаңа технологиялық» сабақ болып бағаланады.
Кембридждік оқу тәсілін бітіріп келген мұғалімдердің айлық-жалақысын көтеріп, оларға «көшбасшы мұғалім» деген атақ берілген. Бұл «көшбасшы мұғалімдер» өздерінен кейін ең кемі 3-4 мұғалімді осы оқу тәсіліне үйретіп, олардың өткен сабақтарын Кембридж оқу орталықтарына бейнематериал ретінде жіберіп отыруға міндетті. Тура бір секталық желі дерсіз. Қазіргі уақытта көптеген мектептің мұғалімдері «көшбасшы мұғалімдер» және «дәстүрлі мұғалімдер» деп екі лагерьге бөлінуге дайын тұр.
Енді мұғалімдердің білімін жетілдіру жүйесі туралы бірер сөз.
Ақиқатын айтқанда, еліміздегі мұғалімдердің білім жетілдіру институттарын түгел қайту құру керек. Білім жетілдіру институтындағы екі апталық курстарда мұғалім өзінің кәсіби білімін жетілдірген емес, жетілдіре алмайды да.
Мұғалімдердің білімін жетілдіру курсы екі апталық. Сол екі аптада 12 күн оқыған мұғалім, айталық, күніне төрт жұптан 48 сағат сабақ оқып, лекция тыңдады делік. Осы 48 сағаттың барлығында да кембридждік оқу тәсілін жарнамалап, тек қана методиканы оқытады.
Ал мұғалімнің негізгі мамандығына (математика, тарих, физика, химия, қазақ тілі және әдебиеті т.б.) байланысты екі аптаның ішінде бір ауыз сөз айтылмайды. Тек қана методиканы оқытады. Оқытқанда да, кім оқытады десеңші? Өмірінде мектепте сабақ беріп көрмегендер, оқыту пәні мен мектептің не екенін білмейтіндердің барлығы да мұғалімдердің білім жетілдіру институттарында сабақ беріп жүр. Айталық, оның сабағы екі аптада 10 сағат болады делік. Міне, сол 10 лекцияны ол компьютерден өткізіп жаттап алған. Оның 10 сағат лекциясы біткен кезде, екі апталық курс та бітеді. Ол енді бұрын өзі оқыған, сол дайын 10 сағаттық лекцияны 2-кезеңде курсқа оқуға келгендерге оқиды. Солай жыл бойы жалғаса береді.
Содан соңғы істейтін тағы бір жұмыстары – курсқа келген мұғалімдерді кітап пен түрлі методикалық нұсқауларды мәжбүрлі түрде сатып алуға көндіру. Мен осы білім жетілдіру институтында өзімнің пәнім, негізгі мамандығым бойынша кәсіби білімімді жетілдіргім келеді. Білім жетілдіру институтында тыңдаушы мұғалім екі аптаның ішінде 48 сағат лекция тыңдаса, соның ең кемі 38 сағатын өз пәні бойынша тыңдауы керек. Мұғалімнің мамандығы бойынша тыңдайтын лекцияларды университеттердің ғалым, профессорлары жүргізуі керек. Ал қалған 10 сағат мектеп оқу жоспарындағы тақырыптарды қамтитын методикалық көрнекі сабақтар болуға тиіс.
Білім саласын демократияландыра отырып мұғалімдерге «мемлекеттік қызметкер» деген мәртебе беру керек және мектепте ер мұғалімдердің санын көбейту керек. Ол үшін ер мұғалімдерге қосымша жалақы төлеу шарт.
Еліміздегі білім саласын дамытудың ең төте жолы – білім саласын демократияландыру. Ең бірінші білім саласының басшылары, әсіресе мектеп директорлары үш жылдан кем емес, бес жылдан көп емес, 3-5 жыл аралығына балама дауыспен сайлауға түсе отырып, мектеп мұғалімдерінің жасырын даусымен белгілі уақытқа сайлануы керек. Сайлауға түсіп жатқан үміткер өзінің сайлауалды тұғырнамасын ұжым мүшелеріне таныстырып өтуі шарт. Егер біз мектеп директорларын сайласақ, олар ұжымнан басқа ешкімге де тәуелді болмас еді. Сайланған директор сайлауалды тұғырнамасына сәйкес, атқарылған жұмыстары туралы жылына бір рет мектеп ұжымына есеп беріп отыруы шарт.
Мұғалімдер ұжымы кез келген уақытта жаңа сайланған директорға сенімсіздік көрсетіп, орнынан алып тастайтындай құқы болуы керек. Аудан әкімшілігінің сенімі мен қолдауына ие болған мектеп директорлары бір орында 10-15 жыл тапжылмай отырып, әсіресе мектептен басқа жұмыс орны жоқ ауылдық жерлерде шексіз билік иесі – диктаторларға айналып отыр.
Білім саласын дамытудың тағы да бір тетігі – мұғалімнің статусын көтеру. Ол үшін:
1). Мұғалімнің айлық-жалақысы өркениетті елдердегі мұғалімдердің жалақысына теңестіріле отырып, мектеп мұғалімдеріне «мемлекеттік қызметкер» деген мәртебе берілуі керек. Ол үшін педуниверситеттерде мемлекеттік басқару жүйесіне байланысты пәндер оқытылуы шарт.
Мұғалімдік – адамды тез жалықтыратын, бірқалыпты, психологиялық тұрғыдағы ауыр жұмыс. Мына сыныптарға айтқан сабағыңды келесі сыныпқа да айтасың, биыл өткен тақырыбыңды келесі жылы да өтесің. Мұндай жұмыста адам өзінің шығармашылық мүмкіншілік қорын жылдам тауысып алатыны мәлім.
Біз мұғалімдерге «мемлекеттік қызметкер» мәртебесін берсек, бірнеше жылдық үзіліссіз жұмыс өтілі бар мұғалім кез келген уақытта мемлекеттік жұмысқа ауысып кете алар еді. «Мемлекеттік басқару» ғылымын оқыған, «Психология» ғылымымен таныс, іс жүзінде балалармен жұмыс істеп көрген маман халықпен тез тіл табысып, араласып, кез келген мемлекеттік жұмысты алып кете алатынына сенімім кәміл.
Егер біз мұғалімдерге «мемлекеттік қызметкер» мәртебесін берсек, мұғалімдердің қоғамдағы беделі биікке көтерілер еді. Бұл педагогикалық университеттерге үлкен конкурстар арқылы студенттер қабылдауға мүмкіншілік жасар еді. Оның үстіне мұғалімдерге «мемлекеттік қызметкер» мәртебесін берсек, бұл жағдай ер адамдардың мұғалім мамандығын таңдауына оң ықпал етері сөзсіз.
2). Қазіргі таңда мектептерге ер мұғалімдерді көптеп тарту – күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе. Себебі бала үйде көбіне шеше тәрбиесінде. Әке жұмысбастылықпен түзде көп жүреді. Оның үстіне, ғылымда дәлелденгендей, бала 12 жасқа дейін анасымен көзге көрінбейтін биологиялық байланыста болады.
Үйде әйел тәрбиесі, мектепте мұғалімдердің 90 пайызынан көбі әйелдер. Сондықтан болар, ер балаларымыз әйел мінездес болып барады. Осындай себептермен және батысқа еліктеуден бүгінгі біздің қоғамымызда «қызтеке» ұл балалардың саны күннен-күнге көбейіп, өсіп бара жатқаны да жасырын сыр емес. Бұл – бүгінгі біздің қоғамымыздың трагедиясы. Ер балалар – біздің Отанымыздың қорғаушылары. Ер балаға ер адамның мінезі керек. Ал ол мінезді ұл бала мектеп қабырғасында жүріп қалыптастыруы шарт. Сондықтан мектепте ер мұғалімдердің санын көбейткеніміз жөн. Ол үшін ер мұғалімдердің жалақысын көтере отырып, оларға басқалай да мемлекеттік жеңілдіктер жасауымыз керек.
Қазіргі таңдағы білім саласының өзіміз білетін, жойылуға тиісті кемшіліктерін санамалап шықтық. Барлығын түгел қамтыдық деуден аулақпыз. Білім беру саласының мен айтқан кемшіліктері бір күнде жойыла салмасы анық. Десек те, білім саласын дамытпай отырған жоғарыда аталған өзекті мәселелерді шеше отырып, ұлттық білім концепциясын қабылдауға тиіспіз.
Атам қазақ «Қоңыз сойса да, қасапшы сойсын» деген. Ұлтымыз үшін аса маңызды осынау іс-шарадан кәсіби мұғалімдер, байырғы білім қызметкерлері, жалпы ұлт зиялылары шет қалмас деп ойлаймыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас». Егер біз білім беру жүйесінің концепциясын бүгін жасамасақ, ертең кеш болады, ағайын!


Нұрғали МАХАНОВ,
І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз
Созақ ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (10)
атырау | 6 сәуір 2017 17:03
оте дурыс
Жан | 6 сәуір 2017 21:55
Сізбен толықтай келісемін. Айтқаныңыз - Қазақстанның барлық мектептеріндегі жағдай. Кім көрінгеннің қолбаласы болып, ата-ана мен баланың күлкісіне айналып, көше сыпырып кеткен, қоғамда қадірі жоқ, алатын айлығы шайлығына жетпейтін мұғалімге тез арада көмек қажет. Білім беру саласына қашан жөн білетін басшы келеді?
талгат | 7 сәуір 2017 00:01
Пікіріңіз өте тамаша. Айта алмай ойда жүрген ойлар.
жалпы реформалайтын да мұғалім, дереформалайтын да мұғалім. Күштеп ештеңе істей алмайды. Болған жағдайда саналы,санасыз "қарсыласпай қарсыласу" қозғалысы басталады. Ол қазір де жүріп жатыр.
Тәке | 7 сәуір 2017 00:19
Өте жақсы айтылған. Мәселе осында барлық! Тұрақтылық жоқ,бiр жүйе жоқ.Әркiм бiр келедi де ойына келгенiн жасайды,зардабын елдiң балалары тартады. Айтып-айтып шаршадық. Дағдарыс!!!
Б.Шаяхметұлы | 7 сәуір 2017 10:11
Көкейге қонымды, өте дұрыс ұсыныстар! Менің өз басым авторды толық қолдаймын! Әсіресе , мына "үштілділік" деген" құбыжық бағдарламаны" енгізуге болмайды! Бұл дегеніміз - қазақты ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған құйтырқы жоспар екені анық!
Думан | 7 сәуір 2017 19:04
Шіркін-ай естір құлақ, түсінетін тұлғалар болса ғой. Білім саласының, жалпы басшылықтардан "мықты" менеджрлер, саудагерлер кетпей бұл жағдай түзелмейді. Бұл мәселені шешетін Сіз айтқан қасапшылар ол орындарға жетпейді, жеткізбейді.
Марат | 8 сәуір 2017 17:12
Оте жүйелі əрі орынды айтылған ұсын піпір мынау мұны ескеретін шенділер жоқ ау сірə еліміздің білім саласы осылай құрдымға кетіп еліміз ғылым білім тұрғысынан артта қалады деген қорқыныш бар менде. Кембриждік оқу тəсілі деп ұстаздарды шаршатты ғой. Одан да мүғалімдердің ізденуіне өз мамандығы бойынша білімін тереңдетуге мүмкіндік жасау керек. Таңертеңнен кешке дейін мектеп қабырғасынан шыға алмайтын, өз білімін тереңдету былай турсын отбасына дұрыс уақыт бөле алмайтын оқытушылардың өмірі тым сү
Нуржанат Батихова | 10 сәуір 2017 00:54
Автор сізге көп рахмет . Мектепке дейінгі мекеме педагогтерінің де бүгінгі жəйын осылай анық ашып көрсетсеңіз - халқыма.
Мирболат | 10 сәуір 2017 21:48
Нұрғали, өте орынды мәселе қозғағансың. Әсіресе, мектеп басшыларын жасырын дауыспен сайлау, мемлекеттік тестсінен өткізу - заман талабы. Қаншама қотыр тайлар жүр - көптің ішінде білінбей.Ішінде небір тұлпарлары бар ғой. ОНО-лардың құрту керек немесе жұмыс стилін өзгерту керек.Ескірген жүйемен әлі жүр. 80 жыл болды осы жүйе басталғалы.Ішінде небір мықтылар жүр өз орнына білімін жұмсамай
Правозащитник из трущеб | 16 сәуір 2017 00:43
Құды бір СЕКТА дегеніңіз шындыққа өте жақынырақ. Әйтпесе жатжерлік, бізге керек емес
технологияларды тек жаудың ғана еңгізуге тырысатыны анық. Америкада белгілі бір топтың БАТАСЫН алмай тірлік істеу мүмкін емес, ал Сағадиев бақандай 12 жыл "Фудмастерде" жұмыс істеп "Панамалық" офшорда ақшасы жалпақ жұртқа жария болып
қалған тұлға. Мұндай тарихи еңбек өтілі бар адамдарға халықтың болашақ ұрпағының тағдырын сеніп тапсыруға тіпті болмайды. Меніңше билікке де бәрібір сияқты. Білмей отыр емес.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар