1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
Латынға көшу мемлекеттік тілдің мәселесін шеше ме?

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мемлекеттік басылым «Егемен Қазақстанда» жарияланды. Үндеу сипатты мақалада латын әліпбиіне көшу де сөз болып: «2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды – бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», – делінген.
2011 жылы латын әліпбиіне көшу қызу талқыланып, үлкен дауға ұласқаны оқырманның есінде болар. Кейінгі бірер жылдың бедерінде ғана әліпби мәселесі тыншып, көмескіленген еді. Енді, міне, кезекті рет латынға көшу жайы қозғалып, ол тағы да ел ішінде талқыға түсіп жатыр.
Латынға көшуді билік қазақ қоғамымен арадағы кезекті ойын үшін көтеріп отыр ма, әлде шынымен кешегі советтің отарлық санасынан, бүгінгі Ресейдің зор ықпалынан құтылудың жалғыз жолы есепті көріп отыр ма – оны уақыт көрсетер. Бұл жерде биліктің анық бірнеше ойы бар. Ол – күрделеніп, шешуі мүмкін емес дәрежеге жеткен қазақ тілінің мәселесін бірден шешіп, қазақтың – халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие болу. Алайда екі тілдік лагерьге бөлінген қоғамның екінші тарабының мұндай бастамаға қалай қарайтыны тағы белгісіз. Тіл арқылы қоғамды екіге бөлген билік енді екі жақты біртұтас етуге талпынғысы келетін ниетін байқатады. Бірақ ол қаншалықты жүзеге асады? Жалпы, Қазақстандағы тіл мәселесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни проблема соншалықты тереңдемей, Ресейдің ықпалы бүгінгідей зораймаған шақта шешімін табуы тиіс еді. Бірақ ондай қадамға биліктің ерік-жігері жетпеді. Сөйтіп, уақыттан ұтылды. Енді өткеннің орнын латынға көшумен толтырғысы келеді. Ал латын қоғамдағы тілдік мәселені шеше ме? Өйткені латынға көшудің саяси-экономикалық һәм қоғамдық астары көптің қолдауына ие болғанымен, кириллицада жазылған мәдени-әдеби, рухани аса зор мұрадан латынша ғана оқумен өсетін ұрпақ ажырап қалмай ма деген үлкен сұрақ бар. Шынымен, көп уақыт пен мол қаражатты талап ететін ол жұмысты кім істейді?
Егер тарихи, мәдени және рухани мұрасынан қол үзген ұрпақ өсіп шықса, оның обалы кімге? Нағыз тамырынан ажыраған ұрпақ сол болмай ма? Осындай күрделі мәселені де қаперден шығармау керек.
Қоғамның латынға көшуді қолдауы түсінікті. «Ресейдің ықпалынан кетеміз, тіл арқылы рухани тәуелсіздікке жетеміз» дейді. Латын әліпбиіне көшуден Ресейдің ықпалы азайып кетеді деу қисынсыз. Өзге елдің ықпалында қалмау елдің саяси билігінің ерік-жігерімен, ұстанымына, айқын бағыт-бағдарына, табандылығына тікелей байланысты. Сондықтан латынға көшкен бойда Қазақстанның «Сау бол, Ресей!» дей алмасы анық. Иә, стратегиялық ұзақ мерзімді саясатпен алғанда түркітілдес елдермен бір кеңістікте болу, рухани азаттыққа жету қоғамды біртұтастандырып, ұлттық біртектілікті қалыптастыруда латынға көшу қажеттілігі бар екені рас. Дегенмен бұл іс дабырадан гөрі ұзақ дайын-
дықты керек етеді. Екі-үш жыл дайындық аз. Әліпби ауыстыру – парламент сайлауы емес.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Мемлекеттік тілдің мәселесі әліппені ауыстырумен шешіледі деу үлкен ағаттық. Әрине, латын әліпбиіне көшудің өзіндік қажеттіліктері бар. Қоғам тұтастай қазақ тіліне көшпей тұрып, латын әліпбиін енгізу тілдік мәселені күрделендіріп, ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан ең бірінші мәселе барлық салада қазақ тілін нақты мемлекеттік мәртебесіне лайық деңгейге жеткізу. Азаматтар 100 пайыз қазақ тілін меңгеріп, мойындауы керек.
Саясат, ақпарат және басқа салалар қазақша сөйлемесе, латынға үстірт көше салу нені шешеді сонда? Бұл көзбояушылық па, қоғамның ойын басқа арнаға бұру ма, алдап-арбау ма – әркім өзі шешсін.
Латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп отырған биліктің өзі неге қазақша сөйлемейді? Отырыстарды неліктен қазақ тілінде жүргізбейді? Неге ісқағаздардың басым бөлігін бөтен тілде жүргізеді? Конституцияны бұзып, мемлекеттік тілді неге мойындамайды? Неге балаларын қазақ мектептеріне бермейді? Міне, осы сауалдарға жауап берсін.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (13)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 13 сәуір 2017 14:22
"Үш тілділік",енді"латын әліпбиі"сияқты былықтардың да пайдасы бар.Экономикасы күннен күнге құлдыраған,балаларының болашағы бұлыңғыр,ешқандай саяси,экономикалық,ЕЛДІК,ХАЛЫҚТЫҚ бағдарламасы жоқ,тек БІР ғана"кемеңгердің"айтқанымен жүріп-тұратын мемлекеттен басқа ұлт,басқа тілділер қашады,кетеді.Сонда соларға арқа сүйейтін"өзіндік тілі жоқ рухсыздар да"құриды,немесе ҚАЗАҚТЫ,ОНЫҢ ТІЛІН амалсыз мойындайды.Ал бізге бәрібір.МЫНАУ тұрғанда"мойнымызға түскен арқаннан басқа жоғалтар ештеңеміз жоқ!"
Тайтөлеу | 13 сәуір 2017 15:49
кириллицада жазылған мәдени-әдеби, рухани аса зор мұрадан латынша ғана оқумен өсетін ұрпақ ажырап қалмай ма

Түуу, осы бір түкке тұрғысыз пікірді алға тарта беретіндерің-ай. Сол мұраның шын керегін екшеп алғанда тап-тұйнақтай ғана дүние қалмай ма. Оны қазіргі компьютерлік заманда латынға көшіре салу да сөз болып па. Латынға көшу замана талабы екенін айтпағанда, бізге зордың күшімен таңылғаны үшін де кириллица мансұқталуға тиіс.
Мен | 13 сәуір 2017 16:53
Енді латын харпіне көшу актуалды емес баяғыдан бері шошқа тағалап жүрма не? 90-шы жылдардың басында не ортасында көшу керек еді. Неге 2025 жылға дейін? ОЛ өзін соншасыншы жылдада президент боламын деп болжайдыма? Мынауың бүгін ертең өз еркімен кететін адамға ұқсамайдығой.
Жұмкен | 13 сәуір 2017 23:38
Латын әліпбиіне көшкен дұрыс. Қолдаймыз. Қуанамыз. Дегенмен, көп проблема пайда
болады. Бүгінде мектеп оқулықтары өте сапасыз. Сапасыз дүниені латынға көшіре салғаннан не ұтамыз? Алдымен мектептегі оқулықтарды, жоғары оқу орындарындағы,
колледждердегі кітаптарды дұрыстап алу керек. Содан кейін сапасы жоғары нәрселерді
латын алфавитіне көшіру онша көп қиындық туғызбайтыны анық. Қимылдау керек.
Шымкенттен Нұрлан | 14 сәуір 2017 00:30
Бұл енді "Бүйректен сирақ шығару" деген сөз. Және "Атың шықпаса жер өрте" дегенге де келеді. Сол латынға өтіп қай тесігіңді жамамақсың? Қайта дүбара қазақ одан бетер мазақ болады ғой. Бір кирилл әрпінің орнына екі латынды қолданып, басына не құйрығына бірдеңе қыстырып әбден былықтырудан басқа ештеңе өнбейді. Барын жарытып игерген дұрыс еді. Мен мектеп, университет мұғалімдерінің "шығармасымақ" мақалаларын көп тексеремін. Бала оқытатын мұғалімдердің өзі әбден сауатсызданған, екі сөздің басын құра
Қазақ | 14 сәуір 2017 00:43
Қазақ мектебінде оқитын бала 2-сыныптан бастап "орыс тілі" дейтін пәнді оқиды. Әрине оның материалы кирилл әрпімен екені бесенеден белгілі. Сонда кирилл әрпімен жазылған рухани мұрамыз жоғалып кетеді деген қорқыныш қайдан туып отыр екен?
Әлде орыстың жазуынан бас тартқан басқа түркі тілдес халықтардың біз білмес, бір ойлағаны бар ма?
Шымкенттен Нұрлан | 14 сәуір 2017 00:43
Қазіргі мұғалімдер екі сөздің басын құрап сөйлем жаза алмайды. Оларды екісінің бірі деудің өзі артық, көпшілігі. Сөйте тұра тағы да "реформашыл" болмақпыз. "Жығылып жатып сүрінгенге күлудің" өзі ғой.
Ойына келгенін істейтін болды. Қазақстанды қытайға не орысқа сатып тынса да таң қалмайтын шығармыз.
Осы орыстан не жамандық көрдің? Көзің ашылды, ғылым үйрендің, қаруы қорғаның болып тұр. Орыстан қашам деп хохолдың кебін киерің анық.
ақсақал | 14 сәуір 2017 15:54
Расул Жұмалы інім жеріне жеткізе айтқан екен, қосып-аларым жоқ. Бүгін бір садақада молданың өзі құдайы сөз айтып отырып "еще", "вообще"- деп сайрағанын өз құлағыммын естігенде інімнің пікіріне толық қосыламын.
Бекжан | 14 сәуір 2017 18:33
Асатпай жатып "құлдық" демей, әліптің аяғын күтейік.
Белгісіз | 14 сәуір 2017 21:28
Жұмыссыздық, жемқорлық, қоғамдағы тереңдеп бара жатқан әлеуметтік теңсіздікті шешу орнына латынға көшуді қозғау - көрегендік емес.
Серім | 16 сәуір 2017 23:04
Қазақ орыстан не жамандық көрді дейсің. ә! Қылышынан қан тамған Патшалық Ресей мен оның мұрагері Кеңес Одағы орыс емей кім еді. Ата бабаңды қынадай қырғанда, қалмаққа қару беріп, айдап салғанда, ұлтыңды геноцидке ұшыратқанда орыс гегемондығы көзделмеп пе еді. Арағын атаукереңдей құныға ішуді үйренгенің болмаса, орыстан алғаның шамалы. Білім ғылымыңның түрі анау. Ал әліпби өзгерту ұлттың жеке ісі. Оған орыс мәселесінің еш қатысы жоқ.
Токен | 17 сәуір 2017 19:10
латынга 25 жыл бурын кошкенде бул кезде уйрен!с!п кетет!н ед!к Каз!р кош сонында ылги кеш журем!з Бастадык па корыкпай алга умтылу керек
Бақыт Нұрай | 17 сәуір 2017 23:31
Маған латын тіліне ауысқан бір жағынын жақсы бір жағын қиын
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар