1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №30 (16216)   18 сәуір, сейсенбі 2017
18 сәуір 2017
Қазаққа шынайы одақтас кім?

«Біз Ресейдегі ғана емес, көршілердегі түрлі түсті революцияларды да басып-жаншимыз», – деген В.Путин Қазақстанға үшінші жолды қалдырмады. Қалған екі жолда бізді не күтіп тұр?
Бүгінде путиншіл Ресей мен батыс елдері арасындағы текетiрес шыңырау шегiне жетті. Мұндай шиеленіс соңғы 40 жылдан берi байқалмаған. Сирия, Украина, Солтүстік Корея және басқа да түйткілдерде қарсы тараптардың ымыраға келуі енді екіталай. Осы тартыс пен қақтығыстардың артын аңдып, алыстан бақылап келген елдер үшін енді «сенікі де жөн, сіздікі де дұрыс» деп Қожанасырдың кейпіне ену мүмкіндігі саңыраудай шектеліп қалды. Текетірестің не о жағына, не бұ жағына шығу, тарихи таңдау қажеттілігі туындады.
Негiзгi қарама-қайшылық – Кремльдің бұрынғы Совет Одағының өлігін тiрiлтуге талпынған әрекеттерi мен оған кедергі келтіріп тұрған халықаралық заңдар мен ұйымдар. Саясатта бәріне тиімді ортақ тәртiптің орындалуы үшін оны жүзеге асыратын, реттеуші тетiктердің болуы шарт. Бұл мүмкіндік мен міндет АҚШ пен НАТО-ға мүше мемлекеттердің қолында еді. Алайда ортақ тәртіпті қадағалайтын қалқан сыр бермесе, «тiзесiнен тiк тұрушы» путиндік Ресей Қырымды, Днестр аумағын, Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны басып алар ма едi?! Күмәндi.
Күмәнсізі – қазақ тәуелсiздiгiн сақтау жолында, әрине, бірінші кезекте өз күшіне сенгені абзал. Сонымен қатар қазіргідей аумалы-төкпелі заманда кімге арқа сүйеу, ал кiмнен аулақ тұруды таңдау тиіс. Оңай шешім емес. Бiрақ бұл таңдаусыз сындарлы саясат жүргізу неғайбыл шаруа.
Әйгілі британ қайраткері Уинстон Черчилльдiң қанатты сөзi бар: «Бұл дүниеде мәңгiлiк дос болмайды, мәңгiлiк маңызға ие тек мүдделер». Осы сөзді мемлекетаралық саясатта темірқазыққа айналдырсақ, дос, серiк немесе одақ – бұл белгiлi бiр кезеңдегi нақты жағдайдан шыққан саяси және тарихи ықтияр. Олай болса, дәл қазiр Қазақ еліне тиімді дос, серік, одақ қайсы?
Рас, сырт қарағанда көпвекторлы саясаты бар Қазақстанның жақтастары hәм одақтастары жеткiлiктi сияқты. Атап айтқанда, ТМД, Түркi әлемiн, мұсылман елдерін және де басқаларды атап айтуға тұрарлық. Екiншi жағынан қарағанда, нағыз дос қиын-қыстау сәттерде танылары бұрыннан белгілі. Ал оған мән бермеудің соңы өлшеусіз қасіретке әкеледі.
Мысалға жерiнiң бiр бөлiгiнен айырылып, соғыс жағдайында отырған Украинаны алайық. Кезiнде бұл елдiң саясаткерлерi құрғақ уәделер мен келiсiмшарттарға жүгініп, жайбарақат жүрді. Серiктестерi қиын сәтте қол ұшын бередi дегенге иланды. Алайда ел басына күн туғанда қорғайды деген одақтасының бiрi өзіне тарпа бас салды, бiрi байқамағансып сырт айналды, ендi бiрi алған мiндеттемелерiнен айнып, басқыншыны қолдап шықты. Осылайша саясат пен дипломатияда дер кезiнде ойластырылмаған, тiптi атын атаудан тартынған шындық зор апатқа ұласып, украиндықтар бармағын шайнап қалды.
Асылы, бұл текетiресте Украинаның айқын жанашыры ретiнде жалғыз күш табылды: ол – батыс, нақты айтқанда АҚШ пен Еуропа одағы. Бәлкім, олар айтарлықтай украиншыл болмаған да шығар. Маңыздысы – Киевтің тәуелсіздігін сақтау мен демократиялық жүйеге ұмтылысы батыс құндылықтарымен сәйкес келгенi. Сондықтан халықаралық заңдарды өрескел бұзып, озбырлық әрекеттерге басымдық берген Путиннің саясатын батыс «ғаламдық қауiпсiздiкке төнген кауiп» деп бағалады. Iзiнше оның қатерлі мысын басу үшін түрлі санкциялар қолданды.
Осы жағдайға кеңінен қарасақ, Батыс Украина ғана емес, басқа да ТМД мемлекеттерiнің тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығын сақтауда шешуші ықпалға ие. Рас, американдықтар мен еуропалықтардың Ресейден нендей артықшылығы бар деген сұрақ туындауы заңды.
Салыстыра қарасақ, батыстың қазақ жерiнде бiрде-бiр әскері жоқ, ал Ресейдiң бес әскери базасы мен полигоны тұр. Екіншіден, батыстың бiрде-бiр саясаткерi қазақ жерiне дәмесiн бiлдiрген емес. Ресей билігіне кіндіктері байлаулы атқамінерлер болса, уақыт өткен сайын жерiмiзге сұқтана қарап қыр көрсетіп келедi. Үшіншіден, Қазақстандағы АҚШ, Ұлыбритания, Франция елшiлерi Астанаға келе сала, қазақ шаңырағына құрметін көрсетіп, шапан киiп, қазақ тiлiн оқып, ұлттық мерекелерiмiзде халықты мемлекеттік тілімізде құттықтауды дағдыға айналдырғаны көп нәрсені аңғартады. Ресей елшiсiнің осындай сыңай танытуы былай тұрсын, қонақ емес, әлдебiр қожайынша қылық көрсетедi. Кремль өкілінің қазақ рухы мен дүниетанымының шырағына айналған «Аңыз адам» журналын жабу керек» дегенінің өзi неге тұрады!? Бұл қылығын тең ынтымақтастық пен ізгіліктің белгiсi ретінде бағалауға мүлдем келмейді.
Ендеше, пейілінің оң, шынайы әрі әділ, тең дәрежедегі ықпалдастыққа бейіл екенін Ресей билігі құрғақ сөзбен емес, нақты істерімен дәлелдеуі керек. Ал өз кезегінде ресми Астана Қазақстанның тәуелсіздігі мен тарихына, мәдениеті мен тағдырына құрмет танытуды әріптестік орнатқан кез келген мемлекеттен талап етіп, намысын жібермегені жөн. Бұл уақыт талабы. Мәселен, сәуірдің ортасында Бішкекте өткен Еуразия одағы мүшелерінің басқосуында Путин: «Біз Ресейде ғана емес, түрлі түсті революцияларды көршілерде де басып-жаншимыз», – деп мәлімдеді. Бұл нені білдіреді?
Еуразия одағына мүше елдер Мәскеуге ұнамсыз саясат жүргізсе, күш қолданамыз деген сес көрсету ғой! Кезінде Совет Одағының Еуропа жандармы болғаны еріксіз еске түседi. Сонда дәл осындай желеумен КСРО танктері Чехияда, Мажарстанда, Польшада демократияшыл күштерді, еркін ойлы жастарды, ел патриоттарын қан жосытқан еді. Енді XXI ғасырдың басында Путин сол өктем тәжірибені Еуразия одағында жандандырмақ. Демек, біз үшін басты мәселе дұрыс таңдау жасап, басқыншы әрекеттің қайталануына жол бермеу керек.
Таңдау жолы: не сепаратизм, тоталитаризм, империализм мен басқыншылыққа жол берген Путин, Асад, Ким Чен Ын, хезболлашыл шейх Насролла тобына ену немесе даму мен өркениетті түзу мемлекеттердің қатарына қосылу. Үшінші жол жоқ.

Расул ЖҰМАЛЫ арнайы «Жас Алаш» үшін

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті