1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №31 (16217)   20 сәуір, бейсенбі 2017
20 сәуір 2017
Президенттің ұлттық таңдауы ма, әлде?..

Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ МАҚАЛАСЫН ОҚЫҒАННАН КЕЙІН ТУҒАН ОЙЛАР
Президенттің жақында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, сөзсіз, мемлекеттің рухани өмірдегі саясатындағы басты бағыттарға жаңаша және ең бастысы, жария басымдықтар беріп отырған дүние. Қанша биліктің сыншысы болсам да, онда айтылған көптеген дүниемен, соны идеялармен келіспеу, оларды қолдамау мүмкін емес. Өйткені қоғам қазанында бұрқ-бұрқ қайнап жатқан біраз мәселенің басы шалыныпты.

Жалпы алғанда, рухани өмірдің біраз саласына көңілге қонымды баға берілген. Әсіресе, ескі мен жаңа секілді философиялық категориялардың нақты өмірге телініп айтылуы, қазақ ұлтының проблемаларының ашық та бүкпесіз жазылуы президенттің өз аузынан шығуы – мықты сигнал. Түсінген адам оны түсінеді. «Рухани» сөзі «рух» сөзінен туған. Сондықтан да ұлттық, қазақи мәселелер турасында президенттің өзі айтуы – қазіргі биліктің ресми позициясы деп біліп, көп жағдайда жоғары жаққа жалтақтап үйреніп қалған біраз ағайын осы жайтқа арқа сүйеп, өз намысын оятуына бір жақсы себеп болды.
Өз басым арамызда жүріп, іштей тынып жүрген «ватниктер» енді ашықтан-ашық бас көтермесе де, өзінің қарсылығын танытатынын сезіп отырмын. Ол да жақсы: кім кім екенін көрсетіп қалады.
Мақалаға берілген осы жалпы бағаға қосарым мыналар:
Ұлттың рухани коды туралы жақсы айтылған. Бұл өзі бір жаңаша тренд болайын деп тұрған сияқты. Енді осы кодымызды анықтау ісі саяси конъюнктураға тәуелді боп қалмаса екен.
Кейбіреулер ұлттық кодты жер, тіл секілді киелі ұғымдармен байланыстырғысы келеді. Бірақ басқа ұлттар да өз жері мен тілі үшін күресті емес пе? Олардан не айырмашылығымыз бар. Ұлттық код – тек қазаққа ғана тән, эксклюзивті дүние емес пе? Бейнелеп айтсақ, ұлттық кодымыз – әл-Фараби, Абай, Махамбет. Яғни ғылым мен білім, философиялық сана, батырлық пен азаттық секілді жалпыадамзаттық критерийлердің қазақ арқылы көрініс табуы.
Мақалада батыстық үлгіге деген біртүрлі скепсис бар секілді: «XХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында».
Меніңше, «батыстікі екен» деп, ол өркениеттің барлық жетістігі мен үлгі-өнеге аларлық қазынасынан бірдей бас тарту дұрыс емес. Шығыстың батыстан, батыстың шығыстан үйренер жақтары аз емес: өркениетаралық интеграция, бірін-бірі толықтыру – екіжақты қозғалыс.
Президент: «Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп түйіндейді бұл ойын. Бірақ қалыптасқан осы жағдаятқа соңғы кезде «жаңғыру» туралы ұранды керекті, керексіз жерге тықпалай беретін шенеуніктердің өзі кінәлі емес пе: бір заңға бір сөз енгізсе «жаңғыру» не «реформа» боп шыға келеді.
Президенттің: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деген сөзімен толық келісемін. Әсіресе, «Дат, тақсыр!» деген сөзге тоқтаған, «Әй, Абылай!» деп ақыл айтқан Бұқар жырауы мен «Хан емессің, қасқырсың!» деп сын айтқан Махамбеттей батыр ақыны болған, сөз бостандығына жол берген хандары мен жұрт сайлап алған билері болған ұлт тамыры тұрғанда, біз қайда барамыз?!
Президент «тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырту» туралы айтады. Мемлекет басшысының бұл тезисіне «биліктің де қатып-семіп, әбден бюрократияшыл боп кеткен санасын жаңғырту» туралы бап қосар едім.
Айтпақшы, президент көтерген рухани саладағы заманауи биік мақсаттарды қазір осы саланы басқарып отырған, ескінің ықпалынан басыбайлы әрі біржолата шыға қоймаған, жоғары қарап өмір сүруге дағдыланып қалған, мынадай бағдарламаны насихаттауды айтпағанда, ел алдында екі сөздің басын құрай алмайтын, рухани жағынан жетімсіздеу кадрлар жүзеге асыра ала ма? Осы жағын да мықтап ойлану керек сияқты. Әйтпесе мына тамаша идеялар бір мезеттік идеологиялық акция ретінде қағаз жүзінде қалуы әбден мүмкін (арты сиырқұйымшақтанып кеткен небір дабыра бағдарламаларды көріп жатырмыз ғой). Олай боп жатса, «президенттің бұл мақаласы қоғам назарын басқа жаққа аударудың кезекті бір әлегі» деушілердің көріпкелдігіне иланбасқа амал жоқ...
Президент «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар жайында айтыпты. Бірақ «үштілділік» концепциясы ел ішінде біраз қарсылық туғызғаны рас. Меніңше, осы бағдарламаны нақтылай түсу керек: сөз жоқ, үш тілді білу қажет, бірақ бастауыш кластардағы білім қазақ тілінде берілуі тиіс.
Президент: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – дейді.
Келіспеуге лаж жоқ. Бірақ бір қосарым, біз «билікке сын айтқан не оппозицияшыл пікір білдірген кез келген адамды мемлекеттің жауы ретінде қарау» сияқты басты дағды мен қасаңдықтан құтылуымыз қажет. Және де осы сөз нақ президенттің өз аузынан шыққаны дұрыс болар еді. Өйткені «дос жылатып, дұшпан ғана күлдіріп айтады». Оның үстіне біз айтып жүрген жалпыдемократиялық принциптер президенттің жақында ұсынған конституциялық өзгерістердің логикасына да дөп келеді емес пе?
Президент: «Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді», – деді. Адамзат трагедиясына айналған алғашқы екі идеологияға берілген баға түсінікті (тек қана Қазақстанда коммунистік партияның заңды болып, тіпті парламентте отыруы түсініксіздеу). Бірақ либерализм идеясының қазақ топырағында әлі де болашағы бар деп ойлаймын, әлемдік қоғамдық ойдың озық бір нұсқасының жаназасын шығару әлі де болса ерте. Оның үстіне нарықтық заманда либералды экономика болады емес пе? Саяси жүйелері де либералды болғандықтан, дамыған елдердің экономикалары (яғни халқының өмір сүру деңгейі) ілгерілеп жатыр емес пе?
Президент: «Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», – дейді.
Бірақ сол жершілдікті, трайбализмді, топшылдық пен жікшілдікті қолдап, өмір заңдылығына, баю мен карьера жасаудың бұлжымас шартына айналдырып отырған президенттің қол астындағы шенділердің өзі емес пе? Қарапайым халық жершілдікті ұмытқалы қашан!
Президент революция мен эволюция секілді даму парадигмалары туралы да айтыпты: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді».
Революцияны, төңкерісті ешкім де қалап отырған жоқ. Бірақ эволюциялық дамудың бір шарты – диалог. Қазір қоғам қақ жарылған: билік, оған күні түскендер және қалың жұртшылық (оның құрамы да біркелкі емес, алуан түрлі позиция бар). Екі жақтың арасында диалог жоқ. Соны қолға алу керек.
Өз құндылықтарымыз туралы айта келіп, президент: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі», – депті.
Олай болса, сол дамыған елдердің демократиялық үрдістерін, соның ішінде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік, сөз бостандығы, әділ сайлау, сот еркіндігі, жергілікті әкімдерді сайлау жүйесі сияқты «ноу-хауларды» да Қазақстанға енгізу керек.
Президент 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы айтып отыр. Меніңше, бұл мәселенің екі жағы бар.
Сөзсіз, бұл қадам қажет, соның ішінде қалпымыз бен қарпімізді де орыстандыру, десоветтендіру үшін қажет. Меніңше, бұл шешуші қадамға тек қана лингвистикалық, бір қаріпті екіншісіне ауыстыру секілді механикалық тұрғыдан емес, өркениеттік тұрғыдан қарау керек сияқты. Сонда көп нәрсе түсінікті боп қалады. Сонымен бірге 1940 жылдан бері қағазға түскен барша рухани байлығымыздан да бір күнде айырылып қалмайық.
Мақалада айтылған білім беруде гуманитарлық пәндердің қайта қалпына келтірілуі де жағымды жаңалық.
«Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы» – тамаша идея. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты идея да жақсы. Тек бір өтініш: оған тек қазіргі билікті мақтауға құштар атақтылар ғана еніп кетпесе екен. Билікке жақпаса да, қоғамға еңбек сіңіріп, елге жағып жүрген замандастар да бар.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты жобаны «Жаһандағы заманауи қазақ мәдениеті» деп неге атамасқа?
Қорыта айтарым: сөз жоқ, президент қоғамда жария және жария емес формада айтылып келе жатқан біраз рухани мәселелерді дөп басқан. Бұл мақала сонымен бірге, дәл осындай бағалар мен идеялар мемлекет басшысының аузынан шығып отырғанымен құнды. Мұның өзі іштей қазақ мүддесіне қарсылардың аузына құм құяды. Бірақ мақаланың кейбір тұстарына, соның ішінде латын әліпбиіне көшу туралы тезистеріне қарсылық көрсететіндер де шығады. Кремль де бұл бастамаға қуана қоймасы анық. Ол дегеніңіз – кремльдік «пропагандистер» енді осы тақырыпты мықтап қолға алады деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, мақаланың басты бағыттарын жұрт болып қолдау керек деп ойлаймын. Және де сол пропагандистер шыға беретін Ресей телеарналарының идеялық контентін бір сүзіп шығу керек сияқты.
Бір нәрсе анық: қоғамда әртүрлі пікір иелері болуы заңды: билік, оппозиция, осы екеуіне де қосылмайтындар. Бірақ ел Тәуелсіздігі, жер тұтастығы, ұлттық, халықтық мүдделер төңірегінде ол күштер сөзсіз бірігуі тиіс. Ондай тұғырнамалық идеяларды қолдамағандар – ұлт пен мемлекеттің жауы болмақ.
...Әрине, президент бұл мақаласын тек қана рухани салаға арнағаннан кейін мен биліктің экономика, әлеуметтік, саяси салалардағы қызметіне баға беріп отырғаным жоқ. Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Бағдарлама бар, оны елге жеткізу, оң тұстарын насихаттау тағы бар. Мақаланың сиясы кеппей жатып-ақ ресми бұқаралық ақпарат құралдары бұл туындыны оңды-солды мақтауға кірісіп кетті. Меніңше, осындай шолақ белсенділер «артық қыламын деп, тыртық қылады».
Өз басым президенттің мақаласын талқылауға орта буын мен әртүрлі пікір иелерін шақырып, талқылау өткізген «Қазақстан» телеарнасының бастамасы – «1-студия» ток-шоуының дүниеге келуі әбден орынды деп санаймын. Мен де көппен бірге сол пікірталасқа қатыстым, ресми арна аясында өз позициямды білдіруге тырыстым. Елге танымал басқа да азаматтар болды. Олардың да сөздері біршама нанымды шықты деп ойлаймын. Тек осы үрдіс өз жалғасын тапса деген ой бар.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Ресейдегі Қазан революциясының 100 жылдығына арнайы тоқталған президент «Алашорданың» 100 жылдығын бір ауыз сөзбен атап өткенде тіпті тамаша болар еді...

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Азат | 21 сәуір 2017 01:34
Әлгi "жаңғыру" мен "жаңаруларың" бұл құданың қоштасу "кетер аяғы". Өмiр қып-қысқа қанша ұзақ боп көрiнгенмен, дәулетiңде солай өткiншi, аяулы нәрсеңнiң бәрi қалады соңыңда ,бiрақ әдемi адам боп қалу ең қиыны өмiрде. Ендi келiп... Әйтпесе баяғыда ақ қолға алатын нағыз шаруалар емес пе едi? Талай әдiлдiк iздеп зарыққан, жұмыс таба алмай тарыққан күндер естен кете қоймас ау.
ойшыл бала | 22 сәуір 2017 16:22
акш та ұлтқа болінбейді американцы болды бізде ұлтқа бөлінбеуіміз керек деген жоқ па едик ал енді қалай болады?баримиз бир елмиз тату татти арка жарка омир суру керек емес пе едик не болды ози.ар улт салт дастирге болинип рухымызды котеремиз деп жан жакка тартса не болады?ойлану керек.
samat | 22 сәуір 2017 17:13
НӘНнің латынға көшу туралы өз аузымен айтуы әсіресе көк көздер мен көкшіл көздердің ауыздарына су құйды. мұнысымен өзінің көп минусының біреуін өтеді деуге болады. елу жылдан кейін жаңа ел боламыз десек, енді мұны тоқтатпау керек.
Әріпхан | 23 сәуір 2017 16:18
НӘНнің латынға көшу туралы өз аузымен айтуы әсіресе көк көздер мен көкшіл көздердің ауыздарына су құйды. мұнысымен өзінің көп минусының біреуін өтеді деуге болады. елу жылдан кейін жаңа ел боламыз десек, енді мұны тоқтатпау керек.


су құймайды құм құяды ауызға
Шектi | 24 сәуір 2017 01:10
Әмiржан нұр отанға өтiп кетейiн деп жүр ау дейм осы. Мына қиын қыстау кезең көп адамға әсер етiп жатыр.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті