1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (16234)   15 маусым, бейсенбі 2017
15 маусым 2017
ЭКСПОнат

«Көппен көрген ұлы той» деп көрмеге тым қатты тиіспеуге де болатын еді. Бірақ «көңіл қазы, көз таразы». Осы жұрт ЭКСПО-ны неге жақтырмайды? Былай қарасаң, еліміз төрткіл дүниеге танылып жатыр. «Жасыл экономика» секілді ұраны да көңілге қонымды. Беделді-беделді мемлекет басшылары қатысқан ашылу салтанаты да жаман өтпеген сияқты. Оны «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде әп-әдемі көрсетті. «Жыртылмағанда, қашан жыртыламыз енді?» демей ме осындайда?!

Меніңше, дүйім жұрттың ЭКСПО сияқты халықаралық іс-шараға көңілі толмауының, тіпті, шындығын айту керек, жұрттың ызасы мен наразылығын туғызуының бірнеше себебі бар.
Сөз жоқ, кез келген мемлекет өзін әлемге танытқысы келеді. Ал ЭКСПО секілді ғаламдық көрме – солай танылудың тиімді әрі бірегей жолы. Сондықтан мұндай көрме өткізудің еш айыбы жоқ: басқалар да жыл сайын өткізіп жатыр емес пе?!
Бірақ бізде ЭКСПО-2017 идеясы о бастан орынсыз саясиланып кетті. Идея авторы президенттің өзі болғандықтан, ол көрмеге қатысты айтылған кез келген бейресми пікір («Сын түзелмей, мін түзелмейді») билік тарапынан құдды бір Қазақстанға, оның тәуелсіздігіне қарсы жасалған идеологиялық диверсия ретінде қабылданды. ЭКСПО-ны сынасаң, билікті ғана емес, мемлекетті сынағандай боп қаласың.
Екіншіден, осыншама астамшыл боп, сұмдық қаржыны қажет еткен көрме Қазақстан экономикасының дағдарысқа ұшырап, үкіметті тығырыққа тірелген кезеңде қолға алынып отыр. Байқасаңыз, әлемнің небір қуатты мемлекеттерінің өзі ЭКСПО не олимпиада өткізуден бас тартып жатыр. Ал біз болсақ «бұдан да жаман кезде тойға барғанбыз» деп, бір айтқаннан қайтпай сіресіп қалдық. Біреуге мал, біреуге бас қайғы. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіріп жатқан бұл алмағайып заманда үнемнен гөрі әсіремақтаншақтыққа бой ұрып кеттік.
Әйтпесе ЭКСПО-ға жұмсалған 3 миллиард долларды сусап, аңқасы кепкен экономикаға, азып-тозған ауылға, жаңа кәсіпорындар ашуға жұмсауға болар еді.
Қаржының орнын толтырамыз деп мұғалімдер мен дәрігерлерді зорлап билет сатып алуға мәжбүрлеу де ЭКСПО-ға абырой қоса қоймады. Немесе ЭКСПО-ға зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін жұмсау туралы сұмдық бастаманың өзі не тұрады?! Жыл сайын мемлекеттік бюджетте 1 миллиард доллар (!) игерілмей жатқанда қарапайым қазақ мұндай бастамаларға ашуланбағанда, қуана ма?!
Үшіншіден, осы көрмені әзірлеу барысындағы жемқорлық та оның беделін құлдыратып жіберді. Қыруар қаржыны жымқырған бұрынғы басшылары бүгінде түрмеде отыр. Және де олар жоғарыдағы көкелерімен бөліскен жоқ деп кім айта алады? Парақорлардың жанын шығарып, бидайықтай қуырып жатқан елбасы да жоқ. Сондықтан да сол сот шешімін жұрт «жартыкеш» деп қабылдады. Осындай қылмыс пен дау-дамайдан көзі ашылмаған жобаның абыройы қандай болмақ?
Төртінші түйткіл – көрменің мамандандырылған тақырыбында жатыр. Сөз жоқ, «жасыл экономика» – әлемдік заманауи тренд. Бірақ ширек ғасыр бойына мұнай қарғысынан құтыла алмай, бірде-бір мұнай өңдеу зауытын салуға шамасы келмеген, басқасын айтпағанда, бас қаласы көмір мен түтіннен көз ашпаған елде дәл осындай көрме өткізуді қалай түсінуге болады?! Немізді мақтан етіп жұртқа көрсетеміз? Бар қаржыны жылтырақ көрмеге төгіп-шаштық. Арындаған амбициямызды қанағаттандырдық. Енді не істемекпіз? Үш айдан соң 118 620 шаршы метр аумақты алып жатқан павильондардың тағдыры не болмақ?
Мәселен, ЭКСПО басшылығы көрменің символы – «Сфераны» ертеңгі күні болашақ музейі еткісі келетінін мәлімдеді. Музейлерде өткен тарихтың экспонаттары тұруы керек емес пе еді? Біздікілер болса келешектің өзін музейге тығып қоймақшы!
Бесінші астар, әрине, сыртқы саясатқа тікелей қатысы болмақ. ЭКСПО ашылар күні Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Оған тәртіп бойынша ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары қатысты: протокол сондай. Осылайша олардың бәрі әп-сәтте ЭКСПО-ның құрметті қонағы боп шыға келді. Оған Қазақстанда экономикалық (және тағы басқа) мүддесі бар бірнеше елдің жетекшілерін қосыңыз. Бірақ «келісіне қарай келсабы»: әлемнің индустриалды әрі дамыған демократиялық елдер басшылары бой көрсетпеді.
ЭКСПО – халықаралық шара. Бірақ оның ашылуын сол күндері әлемнің басты телеарналары мен ақпараттық агенттіктері насихаттамай-ақ қойды... Өзіміз ғана өз теледидарымыздан көріп, алақайлап жаттық.
Тырнақ астынан кір іздемей-ақ қояйын, осы тізім де жетер.

PS. Осы бір «әттең-айлары» мен «әттеген-айлары» болмағанда, ЭКСПО-ның ең басты жарнамашысы өзім болар едім.

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар