1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16243)   22 шілде, сенбі 2017
22 шілде 2017
Айдос САРЫМ: Латынға көшу жарты жолдан қайтатын той емес

НЕМЕСЕ ОРЫС ДИІРМЕНІНЕ СУ ТАСЫП ЖҮРГЕН СҮЛЕЙМЕНОВ СИЯҚТЫЛАРДЫ ҚАЛАЙ ҚҰРМЕТТЕЙСІҢ?
Латын әліпбиіне көшу мәселесінің қызуы қайтпай әлі талқыланып келеді. Түрлі сарапшылар мен тіл мамандары «әліпби ауыстырудағы ең маңызды нәрсе Ресейдің ықпалынан шығу» деп есептейді. Бұл мәселенің бұдан басқа сан қыры бар. Толғауы тоқсан мұндай күрделі мәселені саясаттанушы Айдос Сарым төмендегі латын әліпбиіне қатысты көлемді сұхбатында жан-жақты талдай түсіндіреді.

– Айдос мырза, бүгінгі қазақ – жаңа қоғам латын әліпбиіне көшуге дайын ба?
– Бүгінгі қазақ қоғамы жаңа әліпбиге көшуге іштей дайын. Азын-аулақ қарсы пікір айтушыларды есептемегенде, қазақ қоғамында латын графикасына көшу туралы қоғамдық келісім, ұлттық мәміле бар. Әсіресе жас буын арасында. Қарсылық танытып, қарсы шығушылардың дүйім көпшілігі негізінен совет заманын көріп қалғандар. Олардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Бірі – қазақ тілінің болашағына, оның мемлекеттік тіл ретінде дамуына алаңдаушылар. Бұлардың уәжін адами тұрғыдан ұғынуға, түсінуге де болады. Себебі көңілдері мен алаңдаушылықтарының артында қитұрқы дүние немесе басқа мемлекеттің мүддесі тұрған жоқ. Тағы бірі – латын қарпіне қарсы шығу арқылы билікке сес көрсеткісі келеді, осы арқылы, жалпы, өзінің оппозициялық көзқарасын ұғындырып жатады. Қысқасы, бұл олардың билікке сенбеуінің сублимациясы.
Табиғаты қисық-қыңыр, «не айтсам да ауыз өзімдікі» дейтін де ағайындарымыз жоқ емес. «Мықты болсақ, түркі руналарына өтелік!», «Қайтадан араб қарпіне көшелік» деушілерді де өз басым осы топқа жатқызамын. Бұлардан бөлек те бір топ бар. Оларды топтастырып «еуразияшылдар», анығында, «ресейшілдер» деп айтуға толық негіз бар. Бұлардың ойы мен ойыны айдан анық. Мақсаты – қазақты Ресейдің уысынан шығармау, орыс әлемінің ішінде баяғы отарлық ұстында ұстап отыру. Бірі осыған имандай сеніп сөйлейді, екіншісі нақты тапсырыспен, нақты орталықтардың айтағымен мәселе көтереді. Қазаққа басты қауіп осылардан. Қазақы, ұлттық мүддеден туындаған қарсылықты ақылмен, оймен, парасат-пайыммен жеңіп, екіойлы азаматтармен бір мәмілеге келуге болады. Себебі олармен қанша жерден қырқыссақ та, айтыссақ та бір мүдде жанынан табыламыз. Рухани азығымыз бір, су ішетін құдығымыз бен өлетін жеріміз бір. Әсірелеп айтсақ, жау шабатын болса, бір окопта жатып бір жаққа қарай оқ атамыз. Себебі құбыламыз – қазақ, қазақ халқының намысы мен ары, ділі мен тілі. Әрине, қазақты жұмаққа шығару туралы ойларымыз сан алуан, тәсілдеріміз басқа, жолдарымыз бөлек болуы ықтимал. Бұл заңды да. Қоғамның 100 пайыз бір ойда жүруі аса қауіпті үрдіс. Оны кезінде басымыздан өткеріп, соның кесірінен халқымыздың 70 пайызынан айырылып қалған елміз ғой. Содан сақтасын!
– Түсінікті. Ал латын қарпіне өту үрдісі қаншаға созылуы керек? Біреулер «бұл бастаманы созбай, тездету қажет» десе, екіншілер «асықпау керек, түбі өтетініміз анық, дайындалайық» дейді.
– Дана халқымыз «Шешінген судан тайынбас» деген ғой. Латын қарпіне өту туралы әңгіме бүгін шыққан жоқ. Бұл туралы әңгімені қазақ ғалымдары, зиялы қауым өкілдері 1990 жылдардың басынан үздіксіз айтып жүр. Саяси талқыға бұл мәселе 2000 жылдардан бері еніп, өзінің орнын тапты. Осы арада жүздеген мақала жазылып, көптеген кітап та шықты. Қоғамда да біраз әңгіме айтылып, талай талқы өтті. Қайталап айтайын, қазақ қоғамы бұған іштей дайын отыр. Мәселе тек осы үрдістің философиясы мен идеологиясын анықтау, әдістемесі мен іске асыру жолдарына тіреліп тұр. Қалай болғанда да мынаны ұғынып алғанымыз дұрыс.
Жаңа әліпбиге өту – ұлттық үлкен нартәуекел. Жаңа әліпбиге көшу ұлы өркениеттік таңдау, бәлкім, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының ең тағдырлы, ең ғаламат саяси-символикалық таңдауы шығар. Өзінің тереңдігі мен астарынан қарағанда, пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға көшкеніндей хиджрасы іспеттес дүние. Ұлтымыздың отарсыздану жолындағы Рубиконы. Бұл мәселеге бәріміз тек осындай пафоспен, осындай көзқараспен, философиямен қарағанымыз абзал. Бұл, шындап келсек, қатардағы науқан немесе кезекті үкіметтік «әләуләй» емес. Бастасақ, қайта орала алмайтын, жарты жолдан қайтып кететін той-томалақ емес.
– Дегенмен «біз латын қарпіне көшіп жатқан жоқпыз, латын қарпіне оралып жатырмыз деу керек» дегендей де уәж айтылады. Шындығында, біз көшіп жатырмыз ба, әлде оралып жатырмыз ба?
– Бұған, әрине, әртүрлі жауап бар. Қожанасырдың «жапалақты таспен өлтіру» деген әпсанасындай дүние ғой. Былай қарасақ, бәрібір сияқты: жапалақты таспен ұрып өлтірдің не, жапалақты тасқа ұрып өлтірдің не? Нәтижесі бір болса болды ғой. Кейбір сыншыл ағайынды алдарқатып, қатарға қосуға жарайтын дәйек болса, болсын.
Алайда мынадай уәж айтуға да болады. Бүгінгі таңдаудың жөні де, реті де бөлек. «Оралу» десек, мынаны түсініп алсақ: 1929 жылғы латын қарпіне өту қазақ тарапынан, қазақтың беткеұстар элитасы тарапынан қарсылық көрген үрдіс болатын. «Большевиктер қазақты неге латын қарпіне көшірді?» деген сұраққа жауап ізделікші. 1926 жылы Қазақстанға басшы болып келген Голощекин «бұл жерде ешқандай өзгеріс болмаған, қазақтар әлі де жаңа режимді қабылдап жатқан жоқ, сондықтан кіші Қазан төңкерісін жасау керек» деп ұран тастағанын баршамыз жақсы білеміз. Себебі діліне, тіліне, дініне берік қазақ халқы қанқұйлы большевиктік эксперимент ұсынған тәсілдер мен әдістерді қабылдай алмады. Ұлттың иммунитеті, жатқа қарсыласу, қарсы тұру тетіктері мықты болатын. Оны құрту үшін қазақты рухынан, ділінен, дінінен айыру қажет болатын.
Латын қарпіне көшу, айналып келгенде, қазақты діні мен ділінен айырудың құралы ғана болатын. Қазақтар өзіне дейін бабалары жүрегімен қабылдап, санасына сіңірген дінінен айырылсын деген саясат. Бірінші кезеңде қолына қалам ұстаған зиялыны, қазақтың байларын, молдаларын қудалап, атып-асып, итжеккенге айдады. Екінші кезегінде барша халықты «ескі» сауаттан айырып, жаңа «сауатқа» көшірді. Сол үшін де латын қарпін енгізді. Ұлт көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов атамыздың қарсы болғаны да осыдан. Сондықтан осы жерде бірдеңе демес бұрын, тарихи контекске де бір қарап алсақ деген ұсыныс бар. Оралатынымыз – отар жағдайы, отарлық күй емес. Керісінше, бүгінгі латынға көшу отарлық қалыптан шығу, отарсыздану үшін қолға алынып жатыр. Әсірелеп айтсақ, ашығудың да түр-түрі болады. Мысалы, сізді қамап, тамақ бермей ашықтыруға болады. Немесе сіз денсаулық үшін, арықтау үшін өз еркіңізбен, ырқыңызбен, ғылыми жолмен ашығуыңызға болады. Біріншісі де, екіншісі де – ашығу, қарап тұрсаңыз. Алайда екеуінің арасы жер мен көктей. Өз еркіңізбен диета ұстасаңыз, сіз оны күшпен, залымдықпен жасалған ашығуға «оралу» деп айтасыз ба?
– Әрине, жоқ.
– Міне, көрдіңіз бе, арасы жер мен көктей деп отырмын ғой. Яғни ұлтымызға жасалған қастандық кезіндегі латын қарпіне өту мен қазіргі күні жаңа заманға, жаңа дәулетке деген ұмтылыстан, серпілістен туындаған латын қарпіне көшудің жөн-жосығы да, табиғаты да, тәсіл-тәмсілі де бөлек дүние. Біріншісі – ұлтты өлтіру үшін жасалған қандықол эксперимент болса, екіншісі – ұлтты өлтіріп алмау үшін, кезінде жасалған қиянаттан құтқарып қалу үшін жасалып жатқан ем-дом, күрделі хирургиялық ота.
Құдай өзі кешірсін, мен мынадай бір мысал келтірейін. Адам ағзасы жаман ауруға, яғни обыр ауруына шалдықса, дәрігерлер аса қиын, аса күрделі ем-дом жасауға мәжбүр болады. Химиялық терапия, сәулелік терапия деген сияқты. Адам ағзасы, жаны әбден титықтап қиналады. Бірақ нәтижесінде сауығып шығады. Біздің ұлт ретіндегі жайымыз да осы. Біз отарлық «жаман ауруға» шалдыққан ұлт екенімізді еш ұмытпайық. Істеп жатқанымыз ерінгеннің не еріккеннің шаруасы емес. Егер ауруымызды жасырмай, оған дұрыс диагноз қойғанымыз рас болса, онда жанымыз бен ағзамызды қинауға тура келеді.
Жаңа әліпби қиындық тудырады, талай адамның қытығына тиеді, жылдар бойы қалыптасқан қалам ұстау, қағаз оқу әдеті мен мәдениетін бұзады. Бұл психологияға да үлкен жүк. Жаңа әліпбиге көз үйретіп, ет пен сүйекке дарытқанға дейін талай замандастарымыз қиналады. Әңгіме де, реніш те, шаршау да болады. Бірақ осыған шыдап, осыны дұрыс санап, көніп, төзіп, барша қажетті «ем-домды» уақытында жасайтын болсақ, түбі емделіп шығамыз, қан жаңартамыз. Ал егер осымен біттік, енді адам болмаймыз, өлеміз дейтін ұлт болсақ, жанды қинап не бар? Ондай болса кебінімізді киіп, тойымызды тойлап, ештеңені өзгертпей, зират жаққа қарай аяңдай берейік. Бірақ мұнымыз таза суицид. Ал суицид дегеніңіз – Құдай мен табиғат заңына қарсы шығу, адамзат заңына жасалған қиянат.
– Латын әліпбиіне көшу экономиканың өсімін, өзге де маңызды салалардың өркендеуін һәм халықтың рухани тұрғыдан дамуын жеделдете ме?
– Соған сенгім келеді. Қолға алып, нартәуекел деп отырған шарамыз еріккеннің ісі емес. Біз латынға амалсыздықтан көшкелі жатырмыз. Бір қалыптан екінші қалыпқа өткіміз келсе, отарлық қалыптан шыққымыз келсе біз осыны атқаруға міндеттіміз. Басқа лажымыз жоқ. Бұл үрдіс өзінің нақты нәтижесін бүгін емес, ертең береді. Біз мұны өзіміз үшін жасап жатқан жоқпыз, келешек ұрпақ үшін жасап жатырмыз.
Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған баладан «өл-тал, ай сайын мың доллар айлық әкел» деп талап етпейміз ғой. Жаңа ғана егілген ағаштан «маған жыл сайын он қап жеміс бер» деп талап ете алмайсың. Айлықты да, жемісті де көру үшін, зейнетін көру үшін әрқайсымыз әлі талай-талай еңбек етіп, аянбай тер төгуіміз қажет. Сол сияқты латын графикасына көшу де өз жемісін болашақта бере бастайды. Отарсыздану дегеніміз, айналып келгенде, ұйықтап тұру немесе тойып тамақ ішу емес. Бұл аса күрделі үдеріс. Ұзақ мерзімді, көп жұмысты талап ететін үдеріс. Латын қарпіне көшу, ауысу, өту, айналып келгенде, осы отарсыздану үдерісінің алтын тәжі. Ұлт жүріп өтуге тиісті үлкен жолдың символикалық белесі, нышаны.
– Осы ойыңызды кеңірек тарқатып, түсіндіре кетсеңіз...
– Тырысып көрейін. Алдымен өзіңізге бір сұрақ қояйын. Ленин бастаған большевиктер билікке келген кезде ең алдымен қандай заңдар қабылдады?
– Жер мен бейбітшілік туралы заңдар болса керек...
– Дұрыс, мұны барша адам біледі. Бірақ жаңа Совет өкіметі қабылдаған алғашқы заңдардың ондығында тіл реформасы туралы да декрет болғанын көпшілік біле бермейді.
– Үй ішінде, үй сыртында соғыс жүргізіп жатқан ел басқа мәселе жоқтай, тілді жаңартуды қолға алған ба?
– Дәл солай, оның себебі де бар. Егер әлемдегі модернизация үдерістеріне мықтап назар аударсаңыз, тереңіне барсаңыз, іске асқан модернизациялық жобалардың барлығы да өз жолын символикалық ортадан бастаған. Совет өкіметі де осыны іске асырған. Патша заманында қалыптасқан, жасақталған жазу жүйесін өзгерткен. Патшалық Ресейде «ять», «ижица», «фита», «ер» деген әріптер болған. Мысалы, қазіргі орыс тіліндегі мәтін мен патшалық Ресей кезіндегі орыс тілінде жазылған мәтіндерді оқып көрдіңіз бе?
– Қарағаным бар, патшалық заманның жазбасын оқып-ұғыну қиындау соқты...
– Міне, көрдіңіз бе, большевиктер бір нәрсені айқын сезініп, түсінген. Соғыста жеңу, қираған экономиканы орнына келтіру, қоғамдық сананы өзгерту аса қиын ғана емес, өте үлкен шаруа. Бұл үшін ұзақ уақыт тыраштанып еңбек ету қажет болды. Алайда «жаңа заман адамын» дүниеге алып келу қажет болды, ескі дәстүрден ажырау қажет болды. «Біз бұрынғы Ресей емеспіз, біз жаңа, жаңарған Ресейміз, бөлек елміз» деген қағидатты қалай болғанда да қоғамға, әлемге жеткізу қажет болды. Ал оны қалай жасауға болады? Ең озығы – тілдік, әліпбилік реформа. Байқасаңыздар, 1917 жылдан кейін большевиктер орыс тілін мүлдем түрлендіріп жіберді, тіпті жаңа орыс тілін жасақтап шығарды деп айтсақ артық кетпейміз. Оған барша мәтіндердің жаңарған әліпбимен жазылып, оқытылғанын қоссаңыз, бірнеше жылдың ішінде, басы-аяғы 6-7 жылдың ішінде бір символикалық қоғамның орнына екінші бір, мүлдем бөлек қоғам орнады. Мойындау керек, мұны большевиктердің өзі ойлап тапқан жоқ. Оларға дейін де айтылып-жазылған дүние болатын. Бірақ патша өкіметі жасауға дәті бармаған, ерік-жігері жетпеген шаруаны большевиктер айналасы бір жылдың ішінде бастап кетті. Большевиктер мұны аз көргендей, орыс тілін латын қарпіне өткіземіз деп те тыраштанған. Халық ағарту наркомы, Луначарский бастаған үлкен топ орыс тілін латын қарпіне өзгерту туралы үлкен реформашыл бастама көтеріп, алғышарттарын да жасаған. Алайда билікке Сталиннің келуі, оның революциялық идеялардан гөрі имперлік жобаларға жақындығы бұл жобаларды тоқтатып тастады. Егер сол кезде Ресей латын қарпіне өтіп кеткенде әлем тарихы мүлдем басқаша өрбуі ықтимал еді... Есесіне большевиктердің латыншылдық бастамалары басқаша дамып, басқа тарихи арнаға бұрып, басқа тарихи айрықтарға апарды.
– Мысалы?
– Мысалы, сол кездегі түркі мұхтариаттары мен республикалары осы үрдісті жалғастырып алып кетті. Тілдік жоба қашанда, қай елде де мегажоба. Оның ерекшелігі – кез келген топ ішінен өзіне қажетті, ұтымды тұстарды таба алады. Мысалы, біздегі латын қарпіне өтуді алайық. Голощекин бастаған отаршыл топ латын қарпі арқылы қазақты отарландырамын десе, қазақ ішіндегі латыншыл топтар – осы арқылы ескіліктен құтылып, орыстан оқшауланамыз деп тапты. Сол кездегі зиялы топтың ішінде, алашордашылар ішінде де латынды қолдаушылар болған. Әр топ қарсыластарын алдап соғамыз, осы арқылы ұшпаққа шығамыз деп тырысты. Қазақ мұхтариаты, артынан советтік республикасы осы себепті де 10 жыл ішінде латын қарпіне тез арада өтіп кеткен болатын.
Алайда тілдік бөліністің қаупін Сталин режимі тез арада ұғынып алды. Онсыз да ділі, тілі бөлек түркі республикалары бара-бара мүлдем оқшауланып, басқа жаққа бұрып кете алатынын ұқты. Сондықтан да 1930 жылдардың орта шенінен бастап түркілерді латыннан кириллицаға ауыстыруды мықтап қолға алды. 1937-1938 жылдары таяқ тастар, сөз айта алар барша зиялы атылып кеткендіктен, Сталиннің бұл саяси экспериментіне қарсы төтеп берер күш те қалмады.
Большевиктердің тілдік инновациялық әдістемесін жаңаруға, жаңғыруға аяқ басқан Түркия мен оның көсемі Ататүрік те жақсы түсініп, пайдалана білді. Күні кеше ғана мұсылман әлемін араб қарпі арқылы билеп келген Осман империясының латынға көшуі де оңай болмады. Ататүрік те қулыққа салды, неше түрлі уәж ойлап табуға мәжбүр болды. Соның бірі – Советстандағы түркі дәулеттері мен халықтарынан қол үзіп алмайық, бір рухани-символикалық ортада болайық деген уәж болды.
Бүгінде Олжас Сүлейменов сияқты ағаларымыз «латынға көшу – түріктерге еліктеу, Ататүрікке еліктеу» деген кезде өтірік айтып, өзінің тілдік мәселедегі кещелігі мен бейхабарлығын танытып жатады. Шындап келгенде, латын қарпіне көшу идеясын бастаған түріктер емес, әзірбайжандар болатын.
Түркі тілдерін латынға көшіру туралы алғашқы жобаны 1860 жылдары Әзірбайжанның ұлы ағартушысы Мырза Фатали Ахундов жасаған еді. Ол өзінің жобасын османдық Ыстамбұлға апарып, таныстырған да еді. Алайда оның идеясын ол кезде ешкім ұғына алмаған. Сол Әзірбайжан латынға 1922-23 жылдары көшіп кеткен. Ал қалған түркі елдері мен халықтары осы ағайындардың ізін басып, солардан тәлім алған болатын.
Қысқасы, көптеген елде үлкен модернизациялық жобалар я діни, я тілдік реформалардан басталып жатады. Біздегі жағдай да соған ұқсап тұр. Бұл біздің ойлап тапқанымыз емес. Ертең барша жұрт – үлкені де, кішісі де бір күнде партаға отырып, өз руханиятын жаңа символикалық кеңістікте жалғастыратын болады. Тағы да қайталап айтайын, латынға көшу біз үшін жасалып жатқан жоқ. Ертеңгі күні балабақшаға, мектепке барып, 10-15 жылдан соң саясат сахнасына келетін ұрпақ үшін жасалып жатыр. Сол ұрпақ латын қарпі арқылы, бір жағынан, кешегі метрополиядан алыстап, заманауи өркениеттік бағытқа қарай ұмтылса ғана жеңе аламыз. Баяғыда Панаманы Торрихос деген президент басқарған екен. Ол АҚШ жаулап алған Панама каналын елдің меншігіне қайтаруды мақсат еткен. Айналасындағылары оған «Президент мырза! Егер сіз каналды қайтарсаңыз, тарихқа енесіз» дейді екен. Сонда Торрихос: «Менің мақсатым тарихқа ену емес, мақсатым – Панама каналының кеңістігіне еніп, ұлт меншігіне айналдыру», – деген екен. Мен осыны сәл өзгертіп былай дер едім: біздің мақсатымыз – әлем қазақ тарихына ену ғана емес, орыс тарихы кеңістігінен шығу. Осы арқылы әлемдік тарихтан, әлемдік кеңістіктен өзімізге лайық орын іздеу.
– Тарихи шешім қабылданар тұста халық зиялы қауым өкілдерінің ой-пікіріне арқа сүйейді. Алайда жаңа бастаманы бұра тартып, көңілді әрі-сәрі күйге салып қоятындар да бар. Жақында ғана белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің латын әліпбиіне көшу мәселесіне қарсы шыққан бір сұхбатын көзім шалып қалды. Сүлейменовтің осынша шала бүлінуінен қандай да бір саяси астар іздеуге бола ма?
– Сіз ол кісінің бір ғана сұхбатын көрген екенсіз. Шын мәнінде осы екі айдың ішінде ағамыз он шақты сұхбат беріп тастады. Бұл, турасын айтсақ, өте аянышты жағдай. Ядролық қару технологияларында «өлімнің алақаны» деген ұғым бар. Яғни екі мемлекет бір-бірін ядролық қарумен бомбалап жатқан кезде, ұтылып жатқан ел осы «өлім алақанын» іске қосады. Оның мақсаты – өзі жойылып кетсе де, барлық ядролық потенциалымен жауды да өзімен бірге ала кету. Олжекеңнің латынға қарсы шабуы – жас буынды тұншықтырып, кеңірдегінен ұстап, болашақ ұрпаққа қарсы қолданылып жатқан «өлім алақаны». Өзі құрдымға кетіп бара жатса да, жаңа ғана еркіндік алып, енді ғана тарихи руханиятымен танысып, жаңа рухпен тыныстап жатқан ұрпақты өзімен бірге алып кетуге тырысқандай әсер қалдырады. Олжас Сүлейменовтің әрбір сұхбатын өз басым осындай отарлық «өлім алақаны» технологиясымен салыстырамын.
Мынаны баса айту қажет: Олжас Сүлейменов – өте-мөте трагедиялы тұлға. Мұндай типаждар патша заманында да, совет кезінде де болған. Бірақ оның дәуірі мен дәулеті өтіп кетті. Қалай өтіп кеткенін өзі де байқай алмады. Біресе мәңгіріп жүрді, біресе ләйліп жүрді, талай жыл шетелде елші болды. Осы арада елінің, қоғамының қалай өзгеріп, қалай дамып кеткенін өзі де түсініп, сезініп, ұқпай қалған болар деп санаймын. Сонысымен қоймай, өзіне жат, өзін жақсы көрмейтін, сыйлай бермейтін қазақ жастарын, жаңа қазақ ұрпағын, тәуелсіздік ұрпағын қайтадан өзіне әбден жатық, түсінікті «орыс-қазақ», «орыс-түркі», «еуразиялық» кеңістікте қалдырғысы келеді. Орыстілді аудитория «Олжас! Алжас Амарович!» деп арқасынан қағып, көсем қылған сайын есіріп, адуындап бара жатқандай. Ең өкініштісі, орыстілді билігіміздің өзі де осыған көп сеп болды. Классик ақын, қайраткер деп қолтығына су бүркиді. «Семіздікті қой ғана көтереді, онда да қойдың қарасы» деген қазағым қандай көреген халық екен деп қайран қаламын кейде... Осы ағамызды көсем қылғанды қойып, әрбір айтқанын пайғамбардың хадисіне теңестіргенді қою қажет. Айтқысы келсе айта берсін, бірақ оған да тиісті бағасын беріп отыру керек.
Ақын деп жүргеніміз бүгінгі Олжас емес, кешегі Олжас. Оның соңғы рет өлең жазғанын көргендер бүгін зейнетке шығып жатыр, керек десеңіздер... Қатардағы қоғам қайраткері, онда да Ресейдің сойылын соғып, орыстілді саясатты жүргізіп отырған қайраткер. Мен де, сіз де оның аузына қақпақ бола алмаймыз, алайда оның әрбір сөзіне үңіліп, ду қол шапалақтап жатудың еш қажеті жоқ.
Олжекеңе қатысты бұрын да екі мысал келтіріп едім. Біріншісін айтсам, біз бүгінде түн уақытында далаға шығып, жұлдыздарға қараймыз. Біздің көретініміз – ықылым заманда өліп кеткен алыс ғаламдардағы жұлдыздардың сәулесі. Бізге жетем дегенше сәуле шашқан әлгі жұлдыздар өліп кеткен. Сүлейменовтікі де сол сияқты. 1960-1970 жылдардағы жетістіктері мен өлеңдерін әлі саудалап жүр, қазір кім екенін түсінуден де қалдық. Ақын ба – өлең жазсын. Себебі ақынның ұлт алдындағы бір ғана миссиясы бар: ол – ұлт рухын көтеретін, адам этикасы мен эстетикасын жаңартатын жақсы, сапалы өлең жазу. Ғалым ба – онда ғылыми негіздерге сүйеніп айтсын. Себебі Олжастың көптеген жазбаларын өз басым ғылым емес, саяси-филологиялық публицистикаға жатқызамын. Әрбір елде ондай «ғалымдардың» саны көп, дорбасы жүз теңгеден сатылып жатады. Анатолий Фоменко, Лев Гумилев, Александр Дугин сияқты еуразияшылдардың бірі ғана. Қайталап айтамын, бұлар ғалым емес, Ресей империясының диірменіне су тасып (саналы-санасыз) жүрген саяси идеологтар. Бұлардың бірі де қазақтың жайын ойлап, күйін күйттеп жүрген жоқ. Қазақты тек Ресеймен бірге, Ресейдің қол астындағы халық ретінде ғана көретін өткінші уақыттың базардан қайтқан персонаждары.
Екіншісі былай: мысалы, бір адам көшеде келе жатып екінші қабаттағы үйдің отқа оранып, ішінде балалардың тұншығып жатқанын көріп қалды делік. Бірден, ойланбастан терезеге секіріп шығып, өрттен үш баланы аман алып қалды делік. Оны жұрт марапаттайды, құрметтейді, «батырсың» деп мақтап, көкірегіне салпыншақ тағады. Артынан бір-екі жыл өткен соң әлгі батырымыз ішіп алып, басқа көшедегі кәмелетке толмаған баланы зорлап кетсін делік. Сонда жаңағыны не деуіміз керек? Батыр ма, әлде педофил ме? Қайсысы басымырақ? Батырлығы ма, әлде педофилдігі ме? Сол сияқты Олжас Сүлейменовке әке-шешеміздің кезінде құлай сүйген, махаббатқа толы көздерімен емес, ұлттық мүдде мен ұлттық миссияға адалдығы тұрғысынан қарайтын кез келді. Әрине, жаңа замандағы позиция тұрғысынан.
– Сүлейменовтің соңғы кездердегі ұстаным-пікірлері халық наразылығына жиі ұшырап жүр. Мұның бір себебі «қазақылану процесінің» қарқын алуынан оқырманы жоғала бастаған Олжас ақынның ішкі қарсылығы деп ойламайсыз ба?
– Қоғам да ақымақ емес қой енді. Бүгінгі күні Олжастың өткен ғасырдағы өлеңдерін тамсана оқып, жаттап жүрген қазақ жастарын өз басым көрген емеспін. Болашағын ойлағаны шын болса, қазаққа жаны ашыса, қайдағы жоқ лингвистикалық фантастикамен емес, өз өлеңдерін қайта жарияламай ма? Қадыр Мырза Әли ағаларымыз бастап аударған дүниелерін қайтадан қалпына келтіріп, өңдеп, қайта жарияламай ма? Егер, әрине, мақсаты қазақтың жадында, тарихында қалу болса... Ал әр айтқанымен дүңк еткізіп бал ашып, жауырыншылдығымен бүгінгі Олжас ешкімді иландыра алмайды.
Бүгінгі қазақы ортада әп-әдемі Олжас атын «А» әрпінен бастап келеке етілетіні де тегіннен емес шығар. Жақсы қартаю, ақсақал болу да өнер екен. Адам ретінде Олжасқа айтарым: Құдай жас берсін, денсаулық берсін! Бірақ саясаткер, идеолог ретінде өз басым Олжасты құрметтемеймін, құрметтей алмаймын. Оның саяси ойыны мен «тәуелсіздіктен – өзара тәуелділікке ұмтылу қажет» деген сияқты былапыт, таяз конструкцияларынан жұрт шаршаған сияқты.
– Сіз бір сұхбатыңызда «әліпбидің өзгеруі – бұл тағдыр таңдауы секілді» депсіз. Әрине, бұл мәселеде әртүрлі бағыт ұстанушылар көп. Ойлар да екіұшты болып көрінеді. Ашығын айтыңызшы, бұл өзгеріс сәтті жүзеге асса, қоғамның жеңісі деп қабылдаймыз ба, әлде саясаттың жемісі деп қабылдаймыз ба?
– Ол ұлттың жеңісі болсын! Қазақтың жеңісі болсын! Біздің буынның мақсаты, қайталап айтайын, қазақ тарихына ену емес, қазақты Ресей тарихы аясынан шығару, қазақты қара түнектен тәуелсіз тарих даңғылына шығару. Мақсат – жаңа келе жатқан тәуелсіздік ұрпағының жолын ашу, тазарту, алдына асфальт болып төселу. Кім жеңді, кім жеңілді деген жеңілтек есептің бізге қажеті жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген Шерхан ТАЛАП
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Мен | 16 тамыз 2017 16:49
Олжас ол-жас болсын.Отанды неге Атан дейді?Орыстар ғана емес орыстілділер де. Қымыз бен домбыраны неге өзгертіп айтады?Соны неге қойғызбаймыз?Латын әліпбиіне мен қарсы емеспін. Тек оған көшу әлі ерте. Ағылшын тілі, орыс тілі, әліпби...Әуелі балалар ана тілін меңгерсін. Ал трагедиялық тұлғаға келсек оның қазаққа жаны ашымауы мүмкін емес. Меніңше, оны қазақтан гөрі орыс сыйлағаны қадірін білгені секілді. Әдетте қазақтың таланттылары мен зиялыларының бағасын орыс танитын. Ойлан, қазақ.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар