1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
ОТАН және... ОТБАСЫ

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
Студент кезде көз майын тауысып, конспектілеп оқыған Фридрих Энгельстің бір кітабының атын мен бүгінде мүлдем басқаша қабылдап жүрмін: «Отбасының, жекеменшіктің және мемлекеттің шығуы». Қарап отырсаңыз, үш ұғым шынымен де бір-бірімен тығыз байланысты, ал Қазақстандағы қазіргі жағдай бұл философиялық тұжырымға жаңаша реңк пен мазмұн қосқандай...

Өзбекстанның экс-президенті Ислам Кәрімовтің үлкен қызы Гүлнара Кәрімова әкесінің көзі тірісінде де елді біраз шулатқан еді. Әкесінен сөз естіді, таяқ жеді, істі болды, үйқамаққа жабылды. Неше түрлі комментарийлер де беріліп жатты: бір қызығы, «Гугушаны» қолдап, оған жанашырлық танытып жатқан ел көрінбеді: солардың бәрі «өзбек ханшайымының» шашбауын көтеріп, сойылын соғып келді емес пе?
Бірақ күні кешегі оған тағы да қосымша, адам шошырлық сұмдық айыптар тағылып, тұтқынға алынғаны туралы хабар «әкең өлмесін, әкең өлсе де, оның көзін көргендер өлмесін» деген мәтелге басқаша бір қырынан қарауға бізді мәжбүрлеп жатыр.
Бұл тақырып терең әрі күрделі және отбасындағы бір адамның болмысы не тағдырымен шектелмейді. Нақтыласақ, ол – әлі де ашылмаған астары көп «Отан және отбасы» деген мәселе. Өйткені мәселе Гүлнараның (басқа «ханзада» не «ханшайымның») жеке басында емес, мәселе – осындай құбыжықтарды дүниеге келтірген, өсіп-өндірген жүйеде!
Тарих куә: авторитарлық, бір адамның жеке бас билігіне негізделген жүйелердің өзіндік ұқсастықтары болады. Соның бірі – билік басындағы адамның отбасы мүшелерінің экономикалық және саяси өмірге ретті-ретсіз араласуы.
Қарап отырсаңыз, постсовет елдерінде осы фактор ерекше үрдіске айналып, әкелерінің тұсында бала-шағасының тасы кенеттен өрге домалап, кешегі шенеуніктің ұл-қыздары мемлекеттік қызметте жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар боп, «таңғаларлық» карьера жасап, өздерін тамаша әрі табысты бизнесмен ретінде танытып, ресми және бейресми миллионер (кейбіреулері – миллиардер!) болған. Бір әттең-айы – олардың кәсібі тек қана кешегі халықтық меншікке (соның ішінде қазбалы байлыққа) жеке-дара ие болып және де мемлекеттің (яғни бюджеттің) тікелей қолдауымен ғана жеке байлығын еселеуден аса алмай жатты. Өздері оқып-тоқыған мамандықтары бойынша ғылыми не кәсіби жаңалықтар аша қоймады. Шағын бизнестің немесе төменгі деңгейдегі мемлекеттік қызмет мектебінен өтпеді. «Дайын асқа – тік қасық» болудың бар рахатын көрді.
Ресейдегі – Ельциннің, Өзбекстандағы – Кәрімовтің, Қырғызстандағы – Ақаевтың, Тәжікстандағы – Рахмонның, Әзірбайжандағы – Әлиевтің, біздегі елбасының кейбір жақын туыстарының өмірбаяндары соған әрі дәлел.
Отан және отбасы деген мәселенің, әрине, әрбір азаматтың отбасына қатысы бар: бала кезден «Отан – отбасынан басталады» деген тұжырым құлаққа сіңіп кетті. Бірақ «отбасы» деген универсалды әрі баршаға ортақ, киелі ұғым белгілі бір саяси себептермен тек қана ел басқарып отырған адамның отбасына ғана қатысты мағынада айтыла бастайтынын о баста біз білмеппіз.
Меніңше, постназарбаевтық кезеңге қадам баспастан бұрын, біз, қоғам, осы феноменге жан-жақты әрі мейлінше объективті талдау жасауымыз керек. Көп нәрсені ашық айтуға қоғам әлі де дайын емес, өйткені «қазір отбасының бір мүшесіне сын айтсам, ертең ол таққа отырып алып менің түбіме жетер» деген қорқыныш-үрей де жоқ емес.
Әрине, президенттің жақын-жұрағаты да мемлекетіміздің толыққанды азаматтары, баршамызға ортақ конституциялық құқықтар оларда да бар. Оны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан да олардың өздері таңдаған кәсіби салаларда белгілі бір табысқа жетуінің еш әбестігі жоқ.
Бірақ мемлекет басшысының ұлы не қызы, күйеубаласы не келіні (кейінгі кезде – жиені, немересі деп те айтуға мәжбүрміз) өзінің жеке басы мен жария қызметіне (ақпараттық технология мен интернет заманында олардың аттаған әрбір қадамы мен селфиіне!) жұртшылық мейлінше қызығушылықпен әрі талаппен, шұқшия, керек десеңіз, тырнақ астынан кір іздеп, қоғамдық микроскоппен бақылап отыратынын да сезінуі тиіс.
Өкінішке қарай, біздегі және сырттағы біраз мысалдар осы қағиданың қағажау қалғанының көрнекті көрінісі болып жатыр.
Менің ойымша, қазақстандық «отбасы» факторының үстемдік етуінің басты себебі – биліктің өз құрылымында, яғни оның олигархтық (кландық, топтық) сипатында. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, осы екі феномен – олигархия мен отбасы мүшелерінің өз мүдделері – бір-бірімен жараса қалды да, елдің экономикалық және саяси дамуының мықты анықтауышына айналды.
Жалпы алғанда, «отбасылық» принцип – ашық бәсеке мен сайысты жақтырмайтындардың таңдауы. Мәселен, сол отбасы мүшелері президенттің көмегінсіз-ақ маңдай терімен өсіп-өніп, қатарластарымен иық теңестіріп жүріп, әділ сынақтар арқылы өздері таңдаған мамандығымен табысқа кенеліп жатса ше?! Бізде олай бола қоймады. Атышулы Рахат Әлиевтің өзі неге тұрады?! Оның құбыжықтай культін жасаған да отбасының өзі емес пе?!
Басқасын айтпағанда, дамыған демократиялардың өзінде кешегі не бүгінгі басшының балалары ел қатарлы өмір сүріп, қатарынан қалмай жатыр ғой. Отбасылық фактор, әрине, демократиялық үрдіске жатпайды. Бірақ демократиясы аса дамыған дейтін АҚШ-тың өзінде Дональд Трамптың отбасы мүшелерінің Ақ үйдегі жауапты қызметке келуінің өзі не тұрады? Бірақ олардың өміріне, жүріс-тұрысына сол сәттен бастап-ақ заңнамалық тежеулер пайда болды, олар журналистер іздеп жүріп сауал қоятын паблик-тұлғаларға айналды. Және де оған қарсы болып жатқан жоқ: тілші сұрақтарына жауап беріп, конгрестің арнайы комиссияларының алдына барып, өз қызметтеріне қатысты есеп беруде.
Ал авторитарлық жүйелерде жағдай басқаша: отбасы мүшелерінің тұрмысы мен тірлігі құпия. Сондықтан да оларға қатысты сан мың сауал жауапсыз қалып жатады. Олардың саяси өмірдің кейіпкерлеріне айналуы өз қатарластары тарапынан наразылық туғызуда: қаншама қанат қайырылды, қаншама үміт ақталмады. «Алдынан келгенін тістеп, артынан келгенін тепкен» кездер болды емес пе?
Бір жерде айтқан ойымды осы жерде қайталайын: тәжірибелі саясаткер ретінде елбасы кезінде өз ортасымен санасып, кейбір қарсыласын досқа айналдырып келсе, оның бірқатар туысы оғаш мінездері, ретсіз қимыл-әрекетімен оның саяси қарсыластарының қатарын молынан толықтырды. Мәселен, демократиялық таңдау қозғалысы 2001 жылы ең алдымен президенттің жоғарыда аты аталған күйеубаласына ғана қарсы шықты емес пе?! Сол наразылықтың арты неге ұласқанын, оқиғаның қалай өрбігенін бәріміз білеміз. Мұның өзі мемлекеттің өркениетті демократиялық дамуына орасан зор кесірін тигізді, саяси либералдану процесін ондаған жылдарға артқа апарып тастады.
Отбасылық фактор, әрине, бұрын да болған, бірақ қазіргі Қазақстанда ол ерекше ушығып тұр: өйткені осы шақта отбасы мүшелері де жас пен тәжірибе жағынан толысып, қаумалаған дос пен дұшпан тауып үлгерді. Олардың да өз миллиардтарына сәйкес кәдімгідей амбициялары бар. Несін жасырайық: қазірде басқарушы топтар отбасы ішіндегі қай фаворитке жабысарын, ант беріп, аяғына жығылып, құлдық ұрарын білмей қалғандай.
Және де таққа таласушылардың бәрі Ельциннің, Ақаевтың, міне, енді Кәрімовтың отбасы мүшелерінің әрқилы тағдырын көз алдына елестетіп тұрғаны айдан анық. Ендігі жерде бас жүлдені қолға түсіру үшін олар жан-тәнін салмақшы. Басқа шегінер жер жоқ.
Шынын айтсақ, қазіргі «отбасының» өзі біртұтас әрі бірегей күш ретінде емес, кланаралық тартыстың нағыз алаңына да, белсенді кейіпкеріне де айналып отыр. «Отбасы ала болса, кереге бас сайын пәле болады» деп атам қазақ бұл сырқатқа о баста диагнозын беріп қойған.
Отбасылық факторға қоғамда теріс көзқарас тууының тағы бір себебі – отбасы мүшелеріне қатысты ақпаратқа салынған тыйымдар. Билік бір нәрсені анық түсінуі тиіс: ондай тыйымдар, сөзсіз, отбасы мүшелерінің өзін ұятқа қалдырады, ел алдындағы беделіне нұқсан келтіреді, қоғамның сенімсіздігін арттырады.
Қанша заң қабылдап, ауызға қақпақ болуға тырыссаң да, қазіргі заманғы ақпараттық мүмкіндіктер кез келген адам туралы жақсы да, жаман да хабарды сол сәтте аудиторияға жеткізіп жатады. Кім қай жерде түшкіріп қойғанын ел сол мезетте біліп тұр. Сондықтан ақпаратты емес (оның не жазығы бар?!), кейбіреулердің айнаға қарап, жүріс-тұрысын, қаржысы мен мүлкін ретке келтіріп, халықтың ашу-ызасын туғызбайтындай жағдайға жеткізуі керек болар...
Заман шынымен де өзгеріпті: президенттің кейбір отбасы мүшелерінің белсенді саясатқа ашықтан-ашық араласа бастаған кезде-ақ біз осы, екінің бірі беттей бермейтін ащы тақырыпты қозғап, талай таяқ та жегенбіз. Ал қазір қараңыз: отбасы факторы туралы екінің бірі жазып жатыр. Және де (қоғамдық пікір де биліктің бір айнасы емес пе?!) елбасының отбасы мүшелерін жан-тәнімен қорғап, «олар да адам баласы, Қазақстанның азаматы, қолынан келген іспен айналыссын» деп жатқандар жоқтың қасы. Мұның өзі «отбасылық» құбылысқа деген қалыптасып қалған қоғамдық пікірдің жарқын бір көрінісі.
Бүгін бар адам ертең – жоқ. Бүгін бар мүмкіндіктер ертең дәл сондай жауапкершілікке ұласуы мүмкін. «Судың да сұрауы бар». Сондықтан да тек қана елбасының отбасы мүшелері емес, қазіргі биліктің басында жүрген басқа да үлкен-жастылы тұлғалар ертең, постназарбаев кезеңінде қалай (қайда, қандай мәртебеде?!) күн көретіні және елге қалай есеп беретіні туралы осы бастан қамданғаны дұрыс болар.
Мәселен, қазіргі басшылар мен байлардың көбісінің батыстың бай елдерінде виллалары мен пентхаустары бар екенін ауылдағы балаға шейін біледі. Өздері арагідік барып тұратын сол үйлерде әйелдері мен бала-шағасы қазірдің өзінде тұрып, болашақ мекені мен тұрағын игеріп жатыр. Президент жыл сайын «шетелдегі ақшаларыңды елге қайтарыңдар» деп жатса да, отандық банктерге құйылып жатқан қазақи қаржы ағыны көрінбейді де, сезілмейді де. Меніңше, өз қаржысын өз елінде ұстамау ол елдің экономикасы мен қаржы жүйесіне деген сенімсіздік қана емес, ол өз елінің саяси болашағы мен өзінің осы елдегі жеке болашағына деген сөзсіз сенімсіздік.
Жағдайды түзеу үшін не істеу керек?
Бір ғана жолы бар: келесі президенттің отбасы мүшелері мемлекеттік қызмет пен мемлекеттің қатысы бар бизнесте басшылық қызметте болмауы тиіс. Отбасылық фактор ендігі жерде қайталанбауы керек. Бұл біздің өркениеттік таңдауымыздың бір бөлігі болуы шарт. Сонда ел ішіндегі дербес тұлғалардың бәсекелестігі, нәтижесінде қоғамдық өмірдің сапасы арта түспек.
Алдағы президент сайлауына түсетін оппозиция өкілі осы тұжырымды басты ұраны етіп, оған қоса, «екі мерзімнен артық президент қызметінде отырмаймын» деп жарияласа, қарсыластарын оп-оңай жеңеді деп ойлаймын.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар