1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
Шағын қаланың шығыны шаш етектен

Сағынтаевтың іскерлігі сыналатын тұс...

Еліміздегі шағын қалалардың қазіргі жағдайына қарап отырып жалп етіп бастан ұшып кеткен бақ-берекенің қайтып оралуы тым қиын екен демеске амалың жоқ. Әрине, соңғы жылдары шағын қалалардың баяғы ажары мен «базарын» қайта оралту үшін бірқатар шаруалар атқарылды. Бірақ, жасыратыны жоқ, әлі де еңсесін тіктей алмай жатыр. Қираған үйлер, көшіп жатқан жұрт, жабылып қалған кәсіпорындар, тозып кеткен ғимараттар... Міне, қазіргі шағын қалалардың көрінісі... Содан болар, ол шаһарлардың тұрғындары әлі күнге баяғы кеңес заманындағы дәурендерін сағынышпен еске алып, сол кездегі жұмақ жағдайды «жыр» ғып айтады.

Жалпы, моноқалаларды дамытудың ең басты жолы – жұмыс орнын көптеп ашу болса керек. Екі қолға бір күрек табылған жерден ел қашпайды. 2012 жылдан бастап елімізде шағын қалаларды дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылданып, 45 жоба іске асып, 6000 жұмыс орны ашылды. Бұл бағдарлама бойынша бас-аяғы 93,4 млрд теңге жұмсалды. Әрине, бір қарағанда жұмыс қарқынды түрде жүріп жатқан сияқты. Бірақ 2012 жылы осынау миллиардтарға 26,8 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Ал ашылғаны 6-ақ мың орын. Яғни бұл жоба бізге тым қымбатқа түсіп отыр деген сөз. Сонда қаншама қаржының желге ұшып, бұл істе зеңбірекпен торғай атқандай болғанымыз ба, қалай өзі?.. Ал бұған кім жауап береді?
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуына қарағанда, осы бағдарламаның арқасында Теміртау мен Жезқазған қалалары шаруасын әжептеуір түзеп алған көрінеді. Нақтырақ айтсақ, Теміртау қаласында үш жоба қолға алынып, 17,5 миллиард теңге игеріліп, 373 жұмыс орны ашылған. Содан бері 47 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Бірақ шағын қалалардың шығыны шаш етектен екені осы тұста тағы білініп қалды. 373 жұмыс орны үшін 17,3 млрд теңге жұмсалыпты. Яғни бір жұмыс орнын ашу үшін 47 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды деген сөз. Сонда 26,8 мың жұмыс орнын ашу үшін қаншама қаржы керек? Бұл қаншалықты тиімді?
Биылдан бастап бұл бағытта 64 жоба қолға алынды. Мақсат – қалайда 26 мың жұмыс орнын ашу. Бірақ қаржыны оңды-солды шашып, құр айқаймен, құр ұрандатумен тірліктің алға баспайтыны анық. Бұл бағдарлама бойынша қаншама қаржы бөлінсе де, шағын қалаларды дамытуда орайын таппаған мәселелер әлі көп. Мысалға, шағын қала тұрғындарының банктен несие алуы өте қиын шаруа. Екінші деңгейлі банктер мұндай шаһарларға мүлдем жолағысы келмейді. Сондай-ақ моноқалалардан ашылған кәсіпорындар қаржы дағдарысына төтеп бере алмай жатыр. Бұл кәсіпорындар өздерінің тұтыну нарығын таба алмай, кейбірі жарым-жартылай жұмыс істеп тұрса, кейбірі жұмысын тоқтатудың сәл-ақ алдында тұр. Тағы бір мәселе – шағын қалалардағы инфрақұрылымдардың істен шығуы, тозуы. Мұны жаңалап шығу үшін тағы да бірнеше миллиард теңге қажет. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуына қарағанда, өз саласы бойынша қолға алған жобалардың 16-сы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бес жобаның шығар-шықпас жаны бар. Сондай-ақ тағы сегіз жобаның қарқыны тым төмен, өз жоспарынан кешігіп келе жатыр. 12-сін пайдаланатын күн жақын.
Осыдан кейін үкімет миллиардтап қаржы бөлумен мәселені толық шеше алмайтынын түсінсе, қанеки... Жыл басынан бастап бұл бағдарлама бойынша 60-тан астам жоба қолға алынды. Ендеше, бұл іс премьер-министрдің іскерлігіне сын болғалы тұрғандай. Бақытжан Сағынтаев бұл бағдарламаға қаншалықты серпін бере алады? Үкімет жетекшісі шағын қалаларға жұмсалған шығынның орнын толтырып, бұл істен оң нәтиже шығара ала ма? Оны енді уақыт көрсетеді.
 

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар