1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16249)   10 тамыз, бейсенбі 2017
10 тамыз 2017
Банктің қаңсығы – халықтың таңсығы...

Әміржан Қосанов арнайы «Жас Алаш» үшін
Ұлттық банк осыдан 15 жыл бұрынғы бір шешімінің күшін жойыпты. Яғни қаржылық топтарға есімі белгілі Нұржан Сұбханбердинге 2002 жылы «Казкоммерцбанктің» акцияларының ірі көлемдегі иесі болуға берген рұқсатын қайтарып алыпты.
Кейінгі кезде қолдан-қолға көшіп, әбден мазасы қашқан бірегей қаржылық институтын о баста аяқтан тұрғызған тұлғаға қатысты құжат неліктен енді қайта қаралып жатыр? Меніңше, оның өзіндік бір себебі бар.
«Казкоммерцбанк» секілді іргелі қаржы ұйымының төңірегіндегі өзгерістердің шын мән-мазмұнын көзі ашық ағайын білетін болар: қысқа қайырып, бір сөзбен айтқанда, билікке талас банктер таласымен сырт көзге түсе бастады. Мұндай шешімдер биліктің ұшар басында шешілетіні айтпаса да түсінікті. Яғни банк сияқты нарықтық құрылымның тіршілігі саяси күрестің мүдделеріне тәуелді болып қалды.
Ал Сұбханбердинге қатысты құжаттың өз күшін жоюы пострақышев (посттасмағамбетов деп те оқи беріңіз!) жағдайындағы банктің алдағы жолы нақты анықталмағанын, биліктің екі ойлы болып жүргенін көрсетсе керек. Сұбханбердин банк төріне қайта шығуы әбден мүмкін деген сезік болса керек. Енді, міне, саяси шешім қабылданған сыңайлы.
Меніңше, ресми баспасөз көңіл аудармайтын осы шағын дерек айрықша талдауға сұранып тұр.
Экономикамыз олигархтық сипат алып, кешеге дейін жалпыхалықтық болып саналған шикізат, жердің асты-үсті байлығы бір күнде қалталы топтардың қолына тұтасымен өтіп кетті. Олар миллиардтаған қаржыға кенелді. Сосын сол қыруар ақшаны орналастыратын жер іздеді. Қаржыны басқа біреудің қолына сеніп тапсырайын десе, ертең не болары белгісіз. Оның үстіне қаржы кез келген уақытта қолжетімді жерде болуы тиіс. Міне, осыдан келіп әр қалталы әрі билікке жақын тұлға банк аша бастады.
Естеріңізде болса, 90-жылдардың ортасынан бастап бізде банктер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, екінің бірі банкир атанды емес пе?!
Банк үшін табыс табудың жолы да оп-оңай екен: сыртқы нарықтан азғана пайызбен қарыз алып, оны еселеген пайызбен елге үлестіріп, қып-қызыл ақша тапты. Қазіргі банкирлер ренжімей-ақ қойсын: біздегі банк бизнесінің басты ұстыны әлі күнге дейін осы болып тұр.
Әрине, шетелден алған қаржыны жаратудың басқа да, өркениетті әрі заманауи жолдары бар. Бірақ біздің банктер оған аса көп бас ауыртпады, сол баяғы – арзан қарызды қымбат несие берумен жауып, үстінен пайда табу – сүрлеуімен жүре берді. Ол несие ұзақ мерзімді әрі нақты өндірісті қаржыландыруға салынбай, қысқа мерзімді сауда-саттық немесе күнделікті тұтынушылық сипат алып кетті. Мұндай жағдайда экономика алысқа бармайтыны белгілі еді.
Кейін ол банктердің дені банкротқа ұшырап, із-түзсіз (шоттарындағы қаржысыз!) жоғалып, көзден ғайып болды.
Нәтижесінде бюджет «еміп» аман қалған банктердің «элиталық» тізімі жасалды. Мемлекет жеке банктерге (!) ауық-ауық миллиардтаған доллар салып жатты. Ашық айтқанда, бұл жеке адамдарға берілген жәрдем ғой.
Қарапайым халық мұқтаж дүниеге азғантай қаржы бөлуге қатты қиналатын үкімет мемлекеттен миллиардтаған долларды оңай алатын банктердің артында кім тұрғанын, әрине, жақсы білді. Оларды бірақ халықтан жасыра алмады. Халықаралық қаржылық терминологияда «түпкілікті бенефициар» деген термин бар. Ол – ресми түрде бір адамның атына жазылған банк (не басқа қаржы, ұйым не мүлік) жеме-жемге келгенде кімдікі екенін анықтап беретін ұғым. Сөйтіп, сол бенефициарлар биліктің өз адамдары боп шығып жатыр. Осыдан келіп біздегі банк жүйесі биліктің сойылын соғушы, оған кіріптар құбылыс боп қалыптасты.
Билік пен оның айналасындағылардың банкке әуестігінің экономикалық себептен бөлек, тағы да бір реті бар. Оның аты – саясат, билік үшін талас.
Совет идеологиясы «дүниежүзілік пролетариаттың көсемі» атаған Ульянов (Лениннің) өзі революция жасар алдында «банк, поштамт, телеграф пен вокзалдарды басып алу» қажеттілігін айтқан жоқ па? Осы классикалық тұжырым қазір де өзекті әрі көкейкесті.
Біздегі олигархтар тағдырлары шешілер бір сілкіністің алдында тұр емес пе? Осы тұста олар банк сияқты қаржылық құрылымдарды өз қолыңда ұстап тұрғанды жөн көреді. Міне, Қазақстандағы банк жүйесінің ішкі этимологиясы мен генеалогиясы осындай.
Не істеу керек?
Екінші деңгейдегі банктерді ағымдағы саяси бәсеке мен тартыстан тәуелсіз ету керек. Олар билікке жақын адамдардың ойыншығы болмауы тиіс. Банктер биліктің нұсқауынсыз, таза нарық заңдарымен өмір сүруі шарт. Сонда ғана олар бюджетке тас кенедей жабыспай-ақ өз күнін өзі көріп, экономиканы шынымен қаржыландырып, дағдарыс сайын тәлтіректемей, масылдықтан арылып түзу жүретін болады.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті