1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (16255)   31 тамыз, бейсенбі 2017
31 тамыз 2017
Ел болам десең, есігіңді түзе!

НЕМЕСЕ КӨШІ-ҚОННЫҢ ЕКІ ЖАҒЫ ТУРАЛЫ

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
Көші-қон сынды құбылыстың бір-біріне қарама-қарсы қос қыры бар: иммиграция, яғни елге келу және эмиграция, яғни елден кету. Америкалық Boston Globe басылымы жақында иммиграция үшін ең оңтайлы әрі ыңғайлы елдердің тізімін жасақтаған екен, онда Қазақстан 46-орынды иеленіпті. Зерттеу 80 елді қамтып, онда экономикалық тұрақтылық, табыстар теңдігі, еңбек нарығы мен бизнес-лидерлері және элита өкілдерінің елдегі жағдайы туралы ой-пікірлері негізге алыныпты.

Осыған орайлас тағы бір ақпарат: Ranking.kz агенттігінің мәліметінше, 2017 жылдың бірінші жартысында Қазақстаннан шетелге 15 мың адам қоныс аударып, бізге 9 мың азамат көшіп келген.
Осы статистиканың ұлттық сипатына келсек, елден кеткендердің ішінде орыс, неміс және украиндар көп. Сонымен бірге 5,2 мың қазақ атажұртқа оралған. Ал 613 қазақ Қазақстаннан басқа елге қоныс аударған.
Әрине, кез келген рейтингке құлай сенуге болмайды.
Мәселен, мұнай бағасына тәуелді «экономикалық тұрақтылық» та тұрлаусыз емес пе? «Табыстар теңдігі» мен «еңбек нарығы» сияқты критерийлердің біздегі жағдайы да шартты. Өйткені ең байлар мен ең кедейлер табыстарының арасындағы алшақтық Қазақстанға келем деушілерді қатты ойландыруы тиіс. Немесе олар міндетті түрде мұнай не газ саласының топ-менеджерлері қатарына қосылуы тиіс. Әйтпесе шоқ басуы әбден мүмкін. Сондықтан да бізге келсе, экономикалық жағдайы қиын мемлекеттердің кәсіби деңгейі төмен азаматтары ғана келуі мүмкін. Ал басқа ұлттан осындай біліксіз мамандардың Қазақстанға ұмтылуы бізге қажет пе?
Әрине, батыстық рейтингтегі 80 елдің қақ ортасынан орын табу мақтанарлық та, күйінерлік те жайт емес, мектептегі бағаға салсақ, толыққанды «үштік» қой. Бірақ осы орынға қатысты екі ой бар.
Біріншіден, біздің экономика мен қоғамдық өмірдің шынайы жағдайы мен шетелде жүргізіліп жатқан мемлекеттік пиардың арасы жер мен көктей. Оның үстіне біздің билік түрлі халықаралық саммиттер мен ЭКСПО сияқты имидждік жобалар жасауда біраз машықтанып алған. Оған қыруар қаржы жұмсалып, шетелдің аты дардай, қаламақысы зордай лоббистік компаниялары жалдануда.
Екіншіден, сол иммиграция бізге керек пе?! Шетел кадрларына біз соншалықты зәруміз бе? Оның есесіне о баста биліктегі баз біреулер «оралман» деп кемсітіп қойған, қандас, отандастарымыздың Қазақ еліне оралуы туралы ойлануымыз қажет емес пе? Тиісті заңнамаға соңғы кездері енгізілген өзгерістер ұлы көшке өз кесірін тигізді, атажұртқа оралған қазақтардың азаматтық алуына белгілі бір дәрежеде кедергілер қойылғаны да рас. Неге осы қолдан жасалған кілтипандарды шешпейміз?!
Осы орайда, ұлттық реңкі бар бір мәселеге ерекше тоқталғым келіп тұрғаны.
Ресейлік басылымдар ұлардай шулап, «Қазақстанда орыстілділер өз құқықтары бұзылғандықтан Ресейге қоныс аударуда-мыс» деген тезиспен бізді тістеп қалғысы келеді.
Оларға айтар қарсы уәжім мынадай: «Әр ұлт өкілінің өзінің тарихи Отанына оралуы – заңды әрі орынды процесс. Ресей патшалары мен большевиктерінің отаршылдық саясатынан кейін қалыптасқан ұлтаралық, демографиялық статус-квоны қайта қарайтын уақыт келді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін миллионнан астам неміс те өз Германиясына қайта оралды емес пе? Сондықтан нақ орыстардың Ресейге көшуін тым саясиландырудың әсте де қажеті жоқ. Жаңа Қазақстандағы жаңа жағдаймен санасатындары осы бастан-ақ балаларын қазақ мектебіне беріп жатыр».
Өз басым кез келген ұлт өкілінің өз атажұртына оралуын табиғи әрі қисынды ғаламдық процестің бір бөлігі деп білемін. Мұндай тенденция басқа да елдерде бар. Ал Казақстан жалпыадамзаттық үрдістен тыс қала алмайды.
Сонымен бірге мені қазақтардың Қазақстаннан эмиграциясы қатты мазалауда. Қолынан іс келетін, білімді де бақуатты азаматтар шабуын таппай кетіліп, шетел асуда. Олар елдегі жағдайдан түңіліп: «Әділеттік пен шындық жоқ. Қандай да бір тірлік жасайын десең пара беру керек, міндетті түрде бір олигархтың қол астына кіруге мәжбүрсің. Бизнес пен карьера жасауда өркениетті бәсеке жоқ», – дейді. Туған жерге ту тіккенге не жетсін. Бірақ қазіргі жаһандану, экономикалық және рухани интеграция жағдайында «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалдың да жайы бөлек боп қала ма дейсің. Оны біз ашық мойындауымыз керек. Өз елінде басын тасқа соғып, дегеніне жете алмаған азамат шетелде өз мүмкіндігін жүзеге асыра алса, «жеріңнен бездің» деп оны қалай айыптай аламыз?! Бұл өзі жаһандану сияқты үрдістің кез келген тәуелсіз елге қояр жаңа шарты мен талабы.
Ел болам десең, есігіңді түзе! Есігің «кетем» деген басқа ұлт өкілдеріне, «келем» деген әрбір қандасыңа айқара ашық болуы тиіс.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Әбу | 1 қыркүйек 2017 01:37
Әміржан Қосанов мырзаның жазғыштығына дау жоқ, кезкелген тақырыпта қазақша да, орысша да жаза береді. Онысы дұрыс-ау, бірақ, басқа сөз таба алмағандай, кейде басқалар айтып кеткен сөзтіркесін "өңдейтіні" ыңғайсыз. Мұхтар Әуезовтің барша білетін: "Ел болам десең, бесігіңді түзе" дегеніне жармасқаны - өрескел-ақ!
Қызылордалық Балталы Төлеген | 5 қыркүйек 2017 14:59
Соңғы сөйлемдерді оқысай."Кетем","келем" деген сөздер тырнақшамен жазылған ғой.Онда"жармасқан"деп айта алмайсың.
ҚАЗАҚ ЕЛІН ҰЛТТЫҚ мемлекет ретінде жойып,АНАУ айтқандай"екінші АҚШ"жасау баяғыда қолға алынған.Сондықтан қандастарымызды елге кіргізбеу орыстар,қытайлар солардың агенті"нұрбану"арқылы іске асуда."Нұрбануға"ҚАЗАҚ ЕЛІ АЗАМАТТАРЫН жою(Мамай т.б.АЗАМАТТАР)орыстілді,жүрегінде ОТАНЫНА деген ОТ жоқ тірі өліктерді аренаға алып келу тапсырылды.Өтірікші мылжың,мжалтақ сүмектер.Кетпегенде..!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар