1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
14 қыркүйек 2017
Шырылдауық шегіртке немесе ерке-шолжаң ЭКСПО туралы

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін

«Шырылдауық шегіртке,
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алға...»
Лафонтен, Крыловтың нұсқасынан аударған Абай

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді атам қазақ. Заман өзгеріп, мақал да өзгеретін шығар, өйткені кейбір дүдәмал әрі екіұдай «тойлардан» кейін «тойдың болғаны да қызық» болып жатады.
Тоқсан күндік ЭКСПО-ның тобықтай түйіні қандай? Оның өту барысына президент бастап, шенеуніктер қоштап, биліктің ішіне кіріп, сыртынан шыққан тұлғалар да өз бағасын беріп жатыр. Бір қызығы, сол алақайлап, бөрікті аспанға лақтырған комплименттер легінде бірде-бір (!) сыни пікір жоқ: бәрі де ешбір кемшіліксіз, мінсіз өткен көрінеді. Осының өзі сол бағаларға сенімсіздік туғызады.
Сондықтан да көрмені өз қалтасынан ақша шығарып өткізген миллиондаған салық төлеушілердің атынан мен де өз ойымды қосайын.
Әрине, кез келген ел халықаралық деңгейдегі іс-шара өткізіп, қол жеткен табыстарын насихаттап, төрткіл дүниеге паш еткісі келеді. Ондай әрекеттің еш әбестігі жоқ. Бірақ ел экономикасының қысқа жібі күрмеуге келмей жатқан, халықтың жағдайы күрт төмендеп, тіпті мектептегі балалардың тамағын ауыздарынан жырып алып тастап жатқан тұста осыншама
қымбатқа түсетін әрі экономикалық қайтарымы нөлге жуық көрме өткізу идеясы о баста жұртшылық тарапынан қолдауға ие бола қойған жоқ.
Өз басым «көрмені қоярда-қоймай өткізу керек болса, соншама шығынға түспей, Алматы не Астанадағы (не болмаса басқа бір қаламызда) бар дайын павильондарды пайдаланып, өткізе салуға болар еді» деп осыдан екі жыл бұрын айтқанмын. Бірақ ондай сөзге кім құлақ асады дейсіз? Билік айтқанынан қайтпады.
Оның үстіне шенділер осы ЭКСПО-ны тым саясиландырып жіберді. Бастаманы көтерген президенттің өзі болғандықтан, ендігі жерде көрмеге сәл болса да күмәнмен қарап, оған қатысты өз пікірін айтуға тырысқан кез келген сыншы құдды бір Қазақстанның жауы ретінде қабылданып жатты. Сондықтан болар, ЭКСПО туралы әңгіме тым жалпақшешейленіп, тек қана жоғарыдағыларға жағымды рәуіште айтылып, даңғаза дифирамбтар деңгейінен аса алмай қалды.
Екіншіден, көрменің атына заты сай болмады. «Жасыл экономика» идеясына негізделуі тиіс көрмеден кейін Қазақстандағы «болашақ энергиясының» шыққан мүйізі қайсы? «Жасыл экономика» Астана қаласының қақ ортасындағы жалпы аумағы 25 гектарды құрайтын «киберкеңістіктегі» әдемі безендірілген стендтерден аса қойған жоқ. Иә, компьютерлік графикаға негізделген экспонаттар мен әртүрлі технологиялық жаңалықтардың макеттері біраз адамды, әсіресе балаларды қызықтырды. Ішіне кірсе шыққысыз павильондар жұртшылықты негізінен экономикалық емес, этнографиялық, экзотикалық сипаты мен мән-мазмұнымен таңғалдырып жатты.
Бір ғана сұрақ бар: ЭКСПО-дан кейін Қазақстан экономикасының «жасылдану» қарқыны қаншалықты өсті?
Сол қуаттың ұштығы түгіл, пұштығы да жоқ қой!
Оның үстіне қазіргі коммуникациялық мүмкіндіктер заманында осы қызықтың бәрін үйде жатып ап планшеттен не смартфоннан тамашалауға болатын еді ғой. Сол үшін соншалықты зор ғимараттар кешенін салудың не қажеті бар еді?!
Жо-жоқ! Біреулерге қажеті болса керек. Қазірдің өзінде «мемлекет қаржысына салынған ЭКСПО нысандарының тағдыры не болмақ?» деген сауалдың меншіктік сипаты бар: сөз жоқ, жалпы аумағы 30 мың текше метрден асатын элиталық жылжымайтын мүлік нақты кімнің қолына өтетіні де салық төлеушілерді қызықтыруы тиіс. Әрине, әзірше билік «ЭКСПО кешенінде Халықаралық қаржы орталығы немесе «Болашақ музейі» орналасады» деп жатыр. Бірақ өкімет жариялаған жаппай жекешелендірудің жаңа кезеңінде оның бәрі бір күнде жеке адамның иелігіне көшіп кетуі мүлде ғажап емес. Мәселен, кезінде бүкіл мемлекеттік органдар орналасқан Алматыдағы ғимараттардың бәрі ың-шыңсыз біреулердің қолына өтіп кетті емес пе?!
ЭКСПО билік қызметінің күн тәртібіндегі басты мәселе болып келді. Кейде президенттің өзі жиналыс жасап, ауылдағы ағайынның мүшкіл халін емес, дәл осы көрменің құрылысының барысын талқылап жатты емес ме?!
Бір мемлекеттің тұтас экономикасы бір ғана көрмеге телініп қалып, тек сол мақсатқа ғана қызмет жасауы – қарапайым қисын мен экономикалық заңдар тұрғысынан алғанда – нонсенс! Мемлекетттік органдардың да негізгі мақсаты осы көрменің бір уығын көтерісіп, кейде өздерінің тікелей функциясына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын істермен айналысу болды. Қаншама уақыт, қаншама күш-қуат зая кетті десеңізші.
Тағы да «лафонтеншелесек»:
«Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан,
Ойын қайда, ән қайда?»
Имидждік жоба ретінде ЭКСПО-ның тауар бағасы, тарифтер мен теңге бағамын әкімшілік жолмен мәжбүрлеп, қолдан реттеуге де қатысы болғанын саяси сәуегейлер ғана айтып жатқан жоқ. ЭКСПО біткен күні баға да, бағам да көтеріле бастады. Оның қандай әлеуметтік, саяси салдары болатынын билік сезінуі тиіс. Қыстың көзі – қырау, берекесіз істің арты – жылау...
Естіген құлақта жазық жоқ, ел ішінде кез келген тендерге қол жеткізу үшін мердігер-кәсіпкерлер мемлекеттен алған соманың шамамен 30 пайызын жауапты шенеуніктерге «шәпкі» ретінде беретіні туралы ашық айтылып жүр. Ал ресми түрде жарияланған 2 миллиард доллардың үштен бірі 600 миллион доллардан асады. Мұндай сорақылықты айтпайын десең, ЭКСПО-ның бұрынғы басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық істі қайда қоярсың, ол сотта да қолды болған қыруар қаржы туралы айтылды ғой. Әлде барлығы парақор да, ЭКСПО аумағында тек қана сүттен ақ, судан таза «періштелер» жүр ме?! Ертең іс насырға шауып, базбіреулердің басына қара бұлт үйірілмесіне кім кепіл? Кланаралық қақтығыстар асқынып бара жатқан заманда бәрі де мүмкін.
Ең бастысы, шығанға шыққан шығындар ақталды ма? Ақтала ма? ЭКСПО-ның барысын бақылап, оның болашағы туралы мемлекет басшысының аузынан шыққан ұсыныстарды тыңдаған мен ол сауалға әзірше жауап таба алмай отырмын.
Бір ғана мысал. Жақында ғана шенділер «Астананы газдандыру үшін 280 миллиард теңге қажет» дегенді айтып қалды. Бұл дегеніңіз – ЭКСПО-ға жұмсалған қаржының жартысынан да кем сома. Көрме кетті, көмір сол қалпында қалды.
ЭКСПО барысында біздің бағзы бір ауруымыз – «геосаяси кеудемсоқтық» тағы да бір асқынып кеткен сияқты.
Бұл өзі ЭКСПО мен саммиттерді қиюластырып, араластырып, ақырында шатастырып жіберген үш ай болды. Қарап отырсаңыз, билік дипломатиялық-протоколдық қулыққа барды: яғни көрменің ашылуы мен жабылуы күндері мүлдем басқа күн тәртібіне жиналған форумдар өткізді. Оған кейбір ел басшыларын шақырып, ол іс-шараны «саммит» деп атап жатты. Әрине, өз жиынынан келген шетелдік ығай мен сығай келіп қалған соң, ЭКСПО-ға да бас сұғып жатты. Осының бәрін билік пиаршылары: «Бұл президенттер мен премьерлер ЭКСПО-ға арнайы келді-мыс» деп, бүкіл әлемге жар салып жатты.
Бізге қонаққа келген мемлекет басшылары ЭКСПО секілді әлемде екінің бірі өткізіп жатқан қатардағы көрменің шынайы қадірі мен мәртебесін білетінін ескерсек, осынау макромақтампаздығымызға олар оңашада, өз ортасында қандай баға беретінін көз алдыма елестетсем, біртүрлі ыңғайсызданып қаламын...
Айтпақшы, ЭКСПО тақырыбының әлемдік баспасөзде көрініс табуы да «қызық» болды. Арнайы, алдын ала ақшасы төленген имидждік материалдар болмаса (қазіргі заманда ақылы әрі саясиландырылған жарнамалық ақпаратқа ешкім де сенбейді!), шетелдік беделді басылымдар мен телеарналар «Астанада әлемдік деңгейдегі көрме өтіп жатыр» деп алақайлай қоймады. Оның себебі де көкірегі ояу, көзі ашық аудиторияға түсінікті: мұндай көрмелер өркениетті елдерде соншалықты зор маңызы бар іс-шара боп саналмайды да, оның маңайында соншалықты ажиотаж ахуал қалыптаспайды.
Оның үстіне дәл осы көрмеде өзінің «жасыл экономикаға» жақындай түскені туралы XXI ғасырда көмір жағып, күн көріп келе жатқан Астана не жетістігін көрсете алды?! Өйткені көрменің бағдарламасына қарасақ, негізінен, концерт пен цирк, ойын-сауық пен ұлттық тағамдар мен сусындардың жәрмеңкесіне айналып кеткен сияқты. Экзотика болды, бірақ экономика мен энергия бірді-екілі дамыған елдің павильонында болмаса, аса көп көзге түсе қоймады.
Әйтеуір, тек біздікілер ғана түймедейді түйедей етіп, жыл сайын өтіп тұратын көрмеден өзіне дүниежүзілік дәрежедегі пиар жасап әлек.
Осы күндері ЭКСПО-ға келген қонақтардың нақты санына қатысты да көп сын айтылып жатыр. Үш айдың ішінде 4 миллионға жеткізіп, қолдан рекорд жасаудың не керегі бар еді? Ол дегеніңіз – айына 1,3 миллион, күніне – 44 333, ал көрме күніне 12 сағат жұмыс істесе, сағатына 3694 адам келіп кеткен деген сөз. Неткен қарқын, неткен қызығушылық, неткен ЭКСПО-ға деген махаббат!
Әрине, ЭКСПО-ның «қара» пиарының классикалық үлгісі ретінде бюджеттік мекемелер қызметкерлерін, мұғалімдер мен медиктердің басына сырық ойнатып, көрме билеттерін сатып алуға мәжбүрлеген ахуалды айтуға болады.
ЭКСПО-ның ең басты идеологиялық нәтижесі де бар. Көрменің мәйегі аузынан шығып тұрған менеджерлері оны «қырықтың қылауынан құралғандай» етіп көрсеткісі келгенімен, ол қоғамға өз кесірін тигізіп, жұртты ымырасыз, тіпті антагонистік «экспошыл» және «антиэкспошыл» екі топқа бөліп қана қойған жоқ, ол биліктің қара нан мен қара суға қарап қалған қарапайым халықтан алыстап кеткенін тағы да бір көрсетті.
Әлеуметтік-экономикалық проблемалардың одан сайын ушығып, ел ішіндегі наразылықтың асқынуы қарсаңында бұл дегеніңіз – өте-мөте қауіпті диагноз.
Тағы да Лафонтенге жүгінейік:
«Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!»...

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Қазақ үні | 15 қыркүйек 2017 10:57
Ия, Әбеке айтатыны жоқ. Біздің жақта айтатын "Өзің диуанасың, кімге пір боласың" деген нақыл сөз бар ғой. Сол сияқты, билігі жемқорлықтан рекорд жасайтын, халықтың тұрмысы Африка елдерімен салыстыруға ғана жарайтын, соты әділдіктен жұрдай ел кімге "пір" болғандай!!
Д.Келдібекұлы | 15 қыркүйек 2017 16:31
Өзін -өзі не үшін мақтата береді Президент .дұрысын тапқанға 5000 теңге сыйлыққа .+77075348674
Аймекен | 15 қыркүйек 2017 18:11
Экспоға билет сатып алған мұғалімнің барлығы бірдей барған жоқ. Мыс: біздің мектепте 120 мұғалімнің барлығы дерлік (4000 т) сол билетті сатып алды. 10 шақты мұғалім ғана барып көріп келді. Жол қаражаты, жататын орын дегендей ол билет құнына кірмейді. Ақысын төлеп алып, билетті қоқысқа тастадық.
Халық | 16 қыркүйек 2017 17:06
Ғұлама абай осыдан 150 жыл бұрын"əсіре қызыл мақтаншақ, бекерге гана мал шашпақ" -деп қалай дәл айтқан. Міне экспо осының дәлелі.ой өңкей мақтаншақ.халықтың қарғысыұрсын сендірді.
Дариғаның саммиті қашан 9теді?
Ерсін | 17 қыркүйек 2017 17:59
Тамаша сараптама
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар