1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №80 (16266) 10 қазан, сейсенбі 2017
10 қазан 2017
Қасиетті Торғайды Ресейден кім қорғайды?

Жерді қорғау қазақтың қай заманда да пешенесіне жазылған тағдырдың ісі ме дерсің. Міне, кезекті рет жерді қорғау жалауы көтерілді. Заманымыздың майдан алаңы болған әлеуметтік желіде жұрт «Тарт қолыңды Торғайдан!» деп ұран салып жатыр. Бұл – қасиетті Торғай даласын сол баяғы Ресейден және орыс билігінің айтқанын екі етпейтін ресми Астанадан қорғаудың қамы. Жә, зарлы шалқыманы осы жерден шиыра тұрып, айтпағымыздың мәнісіне көшейік.

ҚАЗАҚ ЖЕРІ ҚАЗАҚ БИЛІГІНІҢ ҚАС ЖАУЫ МА?
Қазанның 6-сында Қостанай облысы Жангелдин ауданының орталығы Торғай ауылында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «СОЮЗ–2» ғарыштық мақсаттағы зымыранды ұшырудың қоршаған ортаға әсерін бағалауға арналған төтенше қоғамдық тыңдау өтіпті. Жиынға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, ғарышкер Айдын Айымбетов қатысыпты. Бұл жиын жұрт ішінде «Торғайдан Ресейге зымыран қалдықтары құлайтын жер береді екен» деген қауесеттің басын ашып, күдікті сейілту үшін жасалғанға ұқсайды. Бірақ билік елдің қауіп еткен дүниесін сейілткісі келгенімен, зымыранның қалдықтарынан бәрібір құтылмайтын сияқтымыз. «Қостанай таңы» аймақтық басылымының жиыннан берген материалына қарасақ, қоғамдық тыңдау өткізген шенеуніктер Қазақстанның емес, Ресейдің мүддесін қорғап, сол елдің сөзіне торғайлықтарды қалайда сендіруді мақсат тұтқандай.
Мұндай орысшыл шенеуніктерді дүниені төрт айналсаңыз да таппайсыз, сондықтан министр Атамқұловтың сөзін келтірейік. Бейбіт мырза сөзін «Ұшып келе жатып жерлеріңіздің кеңдігіне, әсемдігіне куә болдым» деп бастапты. Түһ, не деген сөздер! Бірақ «жерлеріңіздің» дегеніне қарағанда, Торғай даласы Атамқұловқа жат жер сықылды. Демек, жат жерге зымыран қалдығы түгіл, қан жауса да Атамқұловқа бәрібір болып тұр. Әйтпесе қазақтың жері біртұтас, бөлінбейтін, бөлшектенбейтін тұтас территория екенін Бейбіт мырза білсе керек-ті. Оның үстіне өзі үкіметтің адамы. Сонда Атамқұловтың айтқаны үкіметтің ұстанымы болып шығады. Ал үкіметіңіз Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімшартқа сәйкес, ел аумағынан зымыран қалдықтары құлайтын жер телімдерін Ресейге беріп те қойған көрінеді. Өйткені Атамқұлов: «Соның бірі – Жанкелдин ауданына қарасты Ақкөл мен Қарасу ауылдарының маңындағы Шөптікөл даласы», – дей келіп, «арнайы құрылған комиссияның барлау жұмыстары нәтижесінде 76 мың гектар қолайлы аумақ анықталды» депті. Торғайдың 76 мың гектар жері ғана емес, бүкіл Қазақстан аумағы Ресейдің әскери полигондары мен зымырандарының қалдықтары құлайтын қолайлы жерге айналғалы қашан... Жерімізді гептил улап, қалдықтар төбемізден жауып жатқанын көріп-біліп отырған үкіметтің бұл әрекетін елдің мүддесін көздейтін қадамға жатқызу өте қиын. Қалай айтсаңыз да, Ресей зымырандарының қалдықтары құлайтын аумақты Ресейдің емес, біздің үкімет өз халқына тықпалап, Ресейдің мүддесін жаны қалмай қорғауын екі дүниеде түсіну қиын. «Шөптікөлді емес, оның ар жағындағы елсіз иен даланы неге алмайды?» – деген тұрғын сөзіне Атамқұлов: «Зымыранды ұшырудағы мақсатымыз – ғылымға қажетті орбита нүктесіне жету. Соған түсу үшін дәл жылдамдық белгіленеді. Ғалымдардың есебі бойынша, қажетті жылдамдық шамасында зымыран қалдықтары осы маңға кеп құлайды екен. Сондықтан да осы жерге байланып отырмыз», – депті. «Мыз» деп сөз саптасына қарасаң, құдды Ресей үкіметінің өкілі секілді. Зымыранды Қазақстан емес, Ресей ұшыратынын біздің ел тек соның улы зардабын ғана тартып келе жатқанын дос түгіл, дұшпан көріп отыр. Тек өзіміздің үкімет халқын аспан құлайтын қалдықтардың астына айдаудан тайынбай келеді. Астананың сол жағалауындағы Ресейдің ұлы көлеңкесі болмаса, Атамқұловтар тікұшақпен шалғайдағы Торғай ауылына шақырсаң барар ма?

СОНДАҒЫ АРХИМЕДТІҢ АЙТҚАН СӨЗІ...
Ресей десе иіні босап сала беретін біздің билік Кремльге берген уәдесін орындау үшін кезекті рет халықты алдап-сулап зымыран қалдықтарын қорасына түсіртпекші. Әлгі жиынға жиналған жұрт Торғайдағы ауызсу, жол мәселесін жыр ғып айтыпты. Сөйтсе, Архимед Мұхамбетов: «Ресейге жалға беретін жерден аудан қазынасына жылына 152 млн теңге түседі, үш жылда 456 млн теңге болады, соны Торғайдың жағдайын жақсартуға жұмсаймыз», – депті. Оу, Ареке, 27 жыл бойы Торғайға жетпеген жол мен ауызсу зымыран қалдықтары құласымен-ақ жетіп келе ме сонда? Бәлкім, облыс әкімі жермен жеткізе алмаған ауызсуды Торғай даласына құлайтын зымыран бөлшектеріне тиеп жібергелі отыр ма екен?! Есепке жүйрік әкімнің ойынша, қайткен күнде де Торғайға зымыран қалдықтары құласа болды, қалғаны соның есебінен шешіле қалатындай көрінеді-ау. Сонда бұған дейін Архимед мырза ай қарап, жұлдыз санап отырған ба? «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, Атамқұловты алдына салып, үкіметтің тапсырмасын арқалап барған Архимед мырзаның жоғарыдағы сөзі қалайда торғайлықтардың көңілін табуға талпынған түрі-ау. Біз сөз етіп отырған жиын басында әкім: «Қоғамдық талқылаудан кейін нақты шешім қабылданбақ. Сол ұйғарым орталықтағы құзырлы органдарға жіберіліп, сараптама жасалады», – депті.

«ЕКІ ЕЛДІҢ БАСШЫЛАРЫ КЕЛІСКЕН ШАРУА»
Әкімнің сөзіне қарағанда, зымыранның қалдықтарын Торғай даласына құлату туралы шешім қабылданып та қойды-ау, өйткені қоғамдық тыңдаудың соңында сөз алған торғайлық ақсақал Кәкімжан Кәрбозов: «Екі елдің басшылары келіскен шаруаға аядай Торғай жұрты, біз, ақыл айтпайық. Керісінше, қолдап, болашаққа сенейік», – деп бір қайырыпты. Сонда Торғай жұрты зымыран қалдықтарының құлауына қолдау көрсетіп, қалдық қаптаған болашаққа сене ме? Дегенмен жиынды тап осы ақсақалдың түйіндеуінде гәп бар. Ол – «қоғамдық тыңдау сәтті өтіп, жұрт қолдады, болашаққа сеніп отыр» деп келетін хаттама толтырылып, жоғарыға кетті деген сөз. Архимед әкімнің «қоғамдық талқылаудан кейін нақты шешім қабылданбақ» деп шешімді сөзді жиналыстың басында айтып тастауының сыры сонда болса керек. Ал, жалпы, Торғай даласына Ресей зымырандарының қалдықтарын құлату мәселесінің түп мәнісін торғайлық ақсақал «екі елдің басшылары келіскен шаруаға...» деп ашып айтқан екен. И-ә-ә, «балық басынан шіриді» деген осы-ау. Сайып келгенде, мұның аты – принципсіз саясат (М.Ганди). Халық мүддесінен туындайтын мемлекеттік мүддені көздеген принципті саясат болса, ақша үшін өз территориясын өзге елдің зымыран қалдықтары құлайтын алаңға айналдырмас еді. Халық денсаулығы мен экологиялық мәселені былай қойғанда... Ал Ресей 2050 жылға дейін Қазақстаннан жалға алған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 12 қазанда кезекті зымыранын ұшырса, 2018 жылдың екінші жартысында төрт рет зымыран ұшырылатын көрінеді. Сол зымырандардың қалдығы Торғай даласына құлайды. Сөйтіп, қайран Торғайдың қасиетті даласы уға айналады. Билік болса жерді жалға берген аз ақшаға мәз болып, жасай береді. Сонда қасиетті Торғайды Ресейден кім қорғайды?

Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ, «Антигептил» азаматтық қозғалысының мүшесі:
– Қозғалыс «Байқоңырдан» ұшатын зымырандарға қатысты көптеген зерттеу жасады, түрлі ақпараттарды сүзгіден өткізді. Соның ішінде «Қазғарыштың» ақпаратына қарағанда, «Байқоңырдан» ұшып шығатын зымырандардың екі ұшу жолы бар. Бірі – Қарағанды облысы Жезқазған аймағы, екіншісі – Қостанай облысы Жангелдин ауданы мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы. Зымыран, жалпы, үш бөліктен тұрады. Соның бірінші бөлігі ұшып шыққан соң, жоғарыда аталған аймақтардағы белгілі бір аумаққа құлайды.
Торғай жерінен зымыран қалдықтарын құлатуға беріледі деген 76 мың гектар жерге келсек, бұл жерге қалдықтар бұрыннан құлап келген болуы мүмкін, енді сол жерді заңдастыруға талпыныс жасалып жатуы да ғажап емес. Екінші бір болжам, ол – қалдықтар құлайтын қосымша 76 мың гектар жер берілгелі жатуы да бек мүмкін. Жалпы, Қазақстанда Ресейдің жеті әскери полигоны бар. Оған зымыран қалдықтары құлайтын аумақты қосыңыз. Ал жалға берілген жерден алатын қаржының аудан бюджетіне түсетін 152 миллион ақшасы бір аудан үшін көп қаржы шығар, бірақ Қазақстанның бір ауданға сондай көлемде қаржы беруге шамасы жетеді. Сондықтан биліктің Ресейге зымыран қалдықтары құлайтын немесе әскери полигонға арналған жерді үсті-үстіне бере беретініне азаматтық ақылым жетпейді. Меніңше, мұның бір-ақ себебі бар: ол – Қазақстан билігінің Ресейге тәуелділігінде. Басқаша болжамға қисын табу қиындау.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Әбдіқадыр Әбдірайымұлы | 10 қазан 2017 19:52
Мақсат Ілиясұлының ой бөлісудегі ең соңғы айтқан тұжырымы: ол – Қазақстан билігінің Ресейге тәуелділігінде дегені - еш бүкпесіз дұп-дұрыс, анық, "соқырға таяқ ұстатқандай" дәл айтылған. "Халық айтса - қалып айтпайды" деген рас қой!!! Шынында да, басқадай болжамның болуы мүмкін емес! Орысқа тәуелді болған сонау атам заманнан (орыс патшасының Тәуке ханның билігіне қол салғаннан) бері көріп келе жатқан жоқпыз ба?!
Қайран. жарылыстан көз ашпаған Елім-ай?!.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 11 қазан 2017 12:59
Қасиетті Торғайды Ресейден ешкім қорғамайды.Өйткені ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ"Елімді,жерімді қорғаймын"десең атыласың,қамаласың!ҚАЗАҚ ЖЕРІ"БАС пешшінің"жеке меншігіне айналғалы қашшан.Орыс"әй бүкіл былығыңды айтып,ҚАЗАҚТАРДЫ көтеріп жіберемін"деумен"БАСТЫ"ҚАЗАҚТАРДЫ талайтын төбеті ретінде ұстайтыны өтірік емес."Өлтіртіп жібере ме"деп"қорқыттың көрінен"қашып жүрген сорлы,намыссыз болған соң,орыстың"артына"кіруді ар санамайды.Ал мыналар айтақ-бишаралар.Намыссыздықтың"туын тіккен"сілімтіктер ғой.
Азат | 11 қазан 2017 16:50
Бекболат Тілеухан, Айбек Қалиев неге үнсіз, Торғайдың депутаттары қайда?
Жұматай йскаков. | 12 қазан 2017 23:37
Ешқандай жер берілмесін.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар