1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №80 (16266) 10 қазан, сейсенбі 2017
10 қазан 2017
Атамбаев үшін кешірім сұратудың, тізе бүктірудің қажеті жоқ

Айдос САРЫМ арнайы «Жас Алаш» үшін

Көршілес қырғыз елінде сайлау науқаны жақындап қалды. Сайлау күні жақындаған сайын ел билігінің құты мен берекесі қашып, елдік пен көршілікке сызат түсіріп, ағайындық арақатынастарға кеселін тигізетін мәлімдемелер жасауға итермелеп жатыр. Сенбі күні өзінің Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында Қырғызстанның дамуына қосқан үлесі үшін марапатталған ел азаматтарына наградалар тапсыру рәсімінде ел президенті Алмазбек Атамбаевтың сөзі екі елдің интернетін жарды деуге болады.
Әрине, сайлаудың аты – сайлау, науқанның аты – науқан. Әрбір билік өз адамының сайлауда жеңгенін қалайды, соған барынша жанталасып жұмыс істейді. Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев та өз партияласы, өзінің ең сенімді адамы Сооранбай Жеенбековті қолдап, соның жеңіске жеткенін қалайды. Оған ешкімнің дауы жоқ. Сайлау елдің ішкі шаруасы болатын болса, сайлауда жеңу үшін қырғыз тарапы қазақ тақырыбын неге қайта-қайта шығара береді? Осыған жауап іздеп көру қажет сияқты. «Ойбай! Атамбаев шындықты шырылдатып айтты!» дегеннен гөрі (себебі Атамбаевтың айтқанын қазақ газеттері мен интернеті сан мәрте айтып тастаған), «Қазақ пен қырғыз арасы неге суыды? Сайлауда саяси қарсыласын жеңу үшін қазақ картасын неге ойната береді? Қазақ шын мәнінде қырғыздың жауы мен құбыжығы ма?» деген сұрақтарға жауап іздеу маңыздырақ сияқты. Осы сұрақтарға алынатын шынайы да шыншыл жауаптар Атамбаевтан кейінгі Қырғызстанмен жаңаша жұмыс істеуге, жаңа сапада қарым-қатынастар орнатуға себеп болуы керек.
Дау неден басталды? Дау президенттікке үміткер Өмірбек Бабановтың Қазақстанға келіп, қазақ басшылығымен кездесуінен басталған жоқ. Оның алдында да Атамбаев Қазақстанды сынап-мінеуге, кекетуге жақын болатын. Бірақ Өмірбек Бабановтың Қазақстанға келуі қырғыз билігінің шынайы бетпердесін ашты десек еш қателеспеспіз. Осы арада кейбір ел ішіндегі азаматтарымыздың «Бабановпен кездеспеу керек еді, бұл көрші елдің ішкі ісіне араласу болды» деген уәждеріне де жауап бере кету қажет. Қырғызстан – Қазақстанмен көршілес, еншілес мемлекет. Қырғызстандағы ішкі жағдай, оның болмысы мен болашағы бізді қатты алаңдатады. Егер осы елдегі жағдай күрт нашарлап кетсе, елді криминалдық топтар мен діни экстремистер басқарып кетсе, біздің жағдайымызға да теріс әсерін тигізетіні белгілі. Қанша жерден бай болсақ та, барша қазақ-қырғыз шекарасын тарс жауып, мың шақырымдық тас қамал, тас қорған сала алмаймыз. Яғни қазақ билігі, қазақ қауымы көрші елдің барша заңды, белсенді топтарымен жұмыс істеп, қатынас орнатуы заңды құбылыс.
Егер осы сайлаудағы негізгі күрес Жеенбеков пен Бабановтың арасында болады деген әңгіме рас болатын болса, екі үміткермен де кездесіп, екеуіне де сәттілік тілегеніміз дұрыс үрдіс. Біздің билік осыны істеді. Ең алдымен Жеенбековпен кездесті, кейін Астанаға сапармен келген Бабановты қабылдады. Әдеп толық сақталды.
Қазақ билігі Жеенбековпен кездескен кезде қырғыз басшылары, саясатшылары «қазақтар ішкі шаруамызға араласып жатыр» деп ұлардай шулаған жоқ. Керісінше, үміткерімізді барша әлем мойындап жатыр дегендей ишарат жасады. Артынан Бабановтың келуі мұң екен, «оңбаған қазақтар өз кандидатын тықпалап жатыр» деп тулап шықты. Сол Жеенбеков, оның алдында үміткер болған кезінде Атамбаев Ресей президенті Путинмен кезіккен болатын. Ол кезде де ешкім оларға «Ресейдің құйыршығы, Ресей біздің шаруаға араласып жатыр» деген шу шыққан жоқ болатын. Осы жерде «Қырғыздар үшін алыстағы орыс құбыжық емес, есесіне жақындағы ағайын қазақ неге жау болып көрінеді?» деген сұрақты өзімізге қоюымыз керек.
Біздің қоғамда «қазақ-қырғыз – бір туған» деген стереотипті сөз, айта-айта құты қашқан жалпылама сөз бар. Бірақ бір туған ағайынның арасы да бұзылып, жақын туыстар ренжісіп, бір-бірімен амандаспай да жатады емес пе кей кезде? Менің ойымша, бүгінгі қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын шынайы ағайыншылдық, шынайы бауырмалдық деп айту қиын. Керісінше, ағайындардың арасы алшақтап, қос қоғамның ішінде де керағар үдерістер жүріп, бұрыс қоғамдық пікір қалыптасып жатыр. Қарапайым қырғыз арасында қазаққа деген пікір, негізі, дұрыс емес. Ең кемі «маңқа қазақпыз». Жақсылық жасасақ та, көлгірсіп көсемсісек те жақпаймыз. Тіпті жақында көрші елге көмек деп берген 100 миллион доллар көмегіміздің айналасында да талай-талай алыпқашпа әңгіме жүрді. Айтыскер ақындарының айтатындары мен интернеттегі тролльдерінің жазатындарын тізбектей бермейік. Керек деген адам ерінбей қырғыз сайттарын бір көріп шықса жеткілікті. Біраз нәрсеге көздері ашылады. Егер биліктің кандидатына балама түсіп жатқан саясаткерді «қазақтың адамы», «қазаққа туыс» деп айыптап жатса, бұл айыптар «ұры-қары» дегенге жақын, аса ауыр айып болатын болса, қырғыз арасында адамның қадір-қасиетін түсіріп, берекесін қашыратын ұғымға айланып бітсе, екі елдің, екі халықтың арақатынасын керемет жақсы деп түсіну ақымақтық болар.
Мәселенің ушығуына екі елдің де билігі кінәлі. Қазақ билігі, қазақ элиталары көбінесе қырғыз ағайынға жоғарыдан төмен қарауға құштар болды. Ақымақтау, дарақылау бауырымыз ғой дегенге саятын риториканы, саясатты ұстанды. Бір емес, екі төңкеріс кезінде қырғыздарды жазғырып, даттап келдік, сол елдегі дүрдараздықты өз ішіміздегі авторитаризмді күшейту үшін, өз қоғамымызды қорқытып-үркіту үшін пайдаланып келдік. Мұндай жағдай, шынын айтайық, қырғыздың қазаққа деген көзқарасын еш жақсартқан жоқ. Оның үстіне елімізде жарты миллионға жуық қырғыз ағайындардың қара жұмыс істеп жүргенін де ұмытпағанымыз жөн. Нан табу үшін, күнелту үшін біреудің қара жұмысын жасау, сол қара жұмысты істеп жүрген адамдарға құл-күң ретінде қарау, гастарбайтерлердің құқы мен ар-абыройын таптау да қазаққа деген оң пікір қалыптастырмағаны анық. Ресейде, әртүрлі дерек бойынша, 1 миллионнан 1,5 миллионға жуық қырғыз жұмыс істеп жүр деген дерек бар. Ресейдегі қырғыздарға деген көзқарасты керемет деп айту қиын. Фашистік, шовинистік идеологиямен уланған Ресей қоғамының барша ауыртпалығын, қысастығын қырғыздар көріп келді. Жүздеген азаматтары о дүниелік болып кетті, талайы соққыға жығылды, қамалды, қуылды. Алайда қырғыз қоғамындағы Ресейге, орыстарға деген көзқарас түбегейлі түрде өзгермеген. Әрбір саяси партия, әрбір сайлауға түсіп жатқан үміткер өз сөзін Ресеймен жақсы қатынастар орнату керек, Ресейге басымдық беру керек деген әңгімені көп те, жиі де айтады. Ресейдің саяси ықпалына кірген президент Атамбаев тіпті елдің оңтүстігінде орыстың жаңа әскери базасын құрамыз деген әңгімені ашық айтып жүр. Есесіне жақын ағайынға деген қырғыздың өкпесі қара қазандай. Бұл факторды біз естен еш шығармауымыз керек сияқты.
Ал енді не істемек керек? Менің ойымша, мәселе Атамбаевта ғана емес. Қазақ үшін Атамбаев деген саясаткер жоқ, оның дәурені өтті де кетті. Ұмыталық. Оның, әрі кеткенде, екі-үш ай саяси уақыты қалды. Оған сөз шығындап, таусылудың қажеті шамалы. Қырғыз сайлауының аман-есен, соғыссыз, төңкеріссіз өткенін қалаймыз. Сол сайлау нәтижесінде кім жеңсе де, сонымен дұрыс қарым-қатынас орнатуымыз қажет. Егер қырғыз саяси табының ақыл-есі дұрыс болатын болса, жаңа билігі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастауы керек. Мұны қазақ қауымы жақсылыққа жорып, қырғыз ағайынның Атамбаев үшін кешірім сұрағаны деп ұққаны керек. Арнайылап кешірім сұратудың, тізе бүктірудің, ант-су ішудің бізге еш қажеті жоқ. Екі ағайын ұрсысып жатса, барлық кінә ақылдыға жүктеледі. Осы текетіресте ақылдысы біз болуымыз керек. Сайлау аяқталысымен біз қырғыз қоғамымен дұрыс қарым-қатынас орнату жөніндегі жоспарды жасап, қабылдап, алдағы 10-20 жылға стратегиялық көкжиектерімізді айқындауымыз міндет.
Бұл жоспарға төмендегідей мәселелерді қарастыру парыз:
– екі ел арасындағы мәдени және ақпараттық жұмысты жаңа деңгей-дәрежеге көтеру, екі ел арасында ортақ ақпараттық ресурстарды жасақтау, қаржыландыру;
– екі елдің зиялы қауымдары арасындағы қарым-қатынастардың саны мен сапасын арттыру, жаңадан әр бағыттағы диалог алаңдарын құру;
– Қырғыз мемлекетіне, қоғамына сөзі өтетін, аса беделді, аса белсенді елшіні тағайындау, оның жұмысына қатысты қаржылық, басқа да жағдайын жасау;
– Қырғыз еліндегі қазақ диаспорасының мүмкіндігі мен әлеуетін дұрыс пайдалана білу, сол елдегі қазақ ағайынның беделін арттыру, ақпараттық, мәдени қажеттіліктерін толық өтеу;
– қазақ пен қырғыз кәсіпкерлері арасындағы беделді, белсенді қарым-қатынастарды орнату, арнайы ұйым құрып, оның жұмысын жандандыру;
– Қырғызстандағы есірткі трафигі, экстремизм мен радикализммен күрес салаларында аса белсенді екі және көпжақты қарым-қатынастар орнату;
– Қырғызстан ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерінің студенттері мен мұғалімдерін тартып, Орталық Азия университетін құру қажет. Мысалы, Әл-Фараби атындағы университеттің негізінде. Жаңа университет гуманитарлық бағытпен қатар, аймаққа ауадай қажет су, экология, ауыл шаруашылығы, технология мәселелеріне оқытатын әлемдік дәрежедегі университетке айналып, жұмысқа әлемдегі және аймақтағы ең үздік деген мамандарды тартуы қажет. Басты мәселе – аймақаралық шешімдерге қол жеткізіп, Қазақстанға деген дұрыс көзқарасы бар ортаазиялық элиталарды тәрбиелеу, өсіру;
– қазақ-қырғыз саясаткерлері, элиталары арасындағы белсенді талқылардың санын көбейтіп, аймақтың дамуына деген ортақ стратегиялық көзқарастарды жасақтау, қалыптастыру;
– аймақтық интеграция, түркі бірлігі мәселесін негізге ала отырып, көпжақты интеграциялық жобаларды жүзеге асыру.
Қысқасы, Қырғызстан – Қазақстан үшін аса маңызды мемлекеттердің бірі. Қырғызстанның ұтылып, ыдырауынан, бүлінуінен бізге ешқандай жақсылық болмасы анық. Қырғызстанның Ауғанстанға айналғаны ешкімге де жақсылық әпермейді. Олай болса қазақ элиталары, халқы менмендіктен арылып, көрші ел мен бауырлас халыққа деген терең, стратегиялық көзқарастарды өз бойына дарыта білуі керек. Қажет болатын болса, көрші елдің дамуына талай қаржы-қаражат құюымызға да тура келеді. Осының бәріне де дұрыс көзқарас, дұрыс пайым мен түсінік ең алдымен қазақ ішінде пайда болуы шарт. Қазақ өзгеріп, өз жауапкершілігі мен мұратын дұрыс түсінетін болса, талай нәрсені өзгертуге болады. Тек жауапкершілік пен мұратшылдық жүгін арқалаған қазақ қоғамын қырғыздар да құрметтейтін, санасатын болады. Басқа жолы жоқ.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (7)
Қадағалаушы | 10 қазан 2017 18:44
Бабанов Астанаға емес, Алматыға келді. Екіншіден, қырғыздар Қазақстанда қазақтан жәбір көріп жүр деген ақылға қонымсыз. Қазір Алматыдағы барлық базарды қытай мен қырғыз жаулап алды. Қазақстанда қырғыздардың жағдайы жақсы, Алматы мен Астанада әрқайсының сатып алған пәтерлері мен қырғыз ұйымы бар. Қырғызға жалпақтаудың қажеті жоқ. Атамбаевтың кей сөзі шындыққа жақын. Жері бай қазақтың қайыршылықта күн көріп отырғаны өтірік пе? Біздің президенттің екі үміткермен кездескені дұрыс емес. Қытай Меркел
Серік | 10 қазан 2017 20:20
Несіне мылжың қылады. Былай, былай орап, əшекейлеп. Атамбаев өте дұрыс айтты. Ұры екені өтірік па?
Тоқтар | 11 қазан 2017 03:56
Бұл ел қайда асып кете алмайды. Сол баяғы күйiнде қала бередi. Неге? Ресей сайлау басталмай жатып ақ "шекпенiмен" орап жатыр. Ал, ресейдiң ата кәсiбi "соғыс",оған жықпыл-жықпыл таулы өлке керек. Бұлармен шектесетiн елдер (бiзден басқа) орта азияның "қызу нүктелерi" бұрыннан. Ресейдiң ықпалынан мүлде ажырап батыспен достасу керек қырғыз ағайындар ел болам десе. Әй қайдам,оны ресей жасата қоймас.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 11 қазан 2017 13:24
Билік"біз аспанға ұшып,дамып кеттік"деген оттауды ҚАЗАҚҚА сіңіргісі келеді.Бірақ, "әлемдегі экономикасы жетілген елдерді мынандай көрсеткіштермен оздық"деп көрсетпейді.Бірақ,күнде"біз Қырғыздан,өзбектен,тәжіктен,ауғаннан т.с.с.елдерден оқ бойы алдамыз"деп сайрайды."Орта Азия барысына айналамыз"деп алып"Бәрі нұр..нұр..дан бастау алып,"кемеңгер,сұңғыла тағы бірнәрсе деп бишара"маразм"ш-ы дәріптейміз.ОҒАН Атамбаев"байлығыңды сатып сорлап отырсың.Бізге ақылың қажет емес.Мұрныңды тықпа"деді.Дұрыс!
астаналық | 11 қазан 2017 14:25
Айдостың әуселесі белгілі болды. Билікке адвокат аз еді... Атамбаевтың айтқаны дұрыс және халық үшін жаңалық емес.... бензин мен көмірге жарыта алмай отырған биліктен не сұрауға болады ....
Ерсін | 12 қазан 2017 08:11
Айдос, сен өз жазғаныңа сенесің бе? Ханда бауыр болмайлы, таста тамыр болмайды. Шындықтың жүзімен жүруді үйрен.
ермек | 12 қазан 2017 10:30
Осы біздің өзгелерде шаруамыз қанша? Кәпір тоқ болса, мұсылман тыныш, демей ме! Алдымен өзімізді жөндеп алсақ.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар