1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 81-82 (16268-16269) 12 қазан, бейсенбі 2017
12 қазан 2017
Бензин безгегі қайдан шықты?

Әміржан ҚОСАНОВ
арнайы «Жас Алаш» үшін

Сонымен, астында темір тұлпары бар барша қазақты бірнеше күн әбігерге салып, әп-сәтте бейшара күйге енгізген «бензин безгегінің» себептері мен салдары неден шықты?
Біріншіден, біздің экономикамыз мұнай өндіру өндірістік циклынан әлі де әрі аса алмай, мұнайды толыққанды өңдеу жоғарғы технологиясына жете алмай отыр (мұны билік мойындайды). Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде бізде бірде-бір жаңа мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) салынбады. Президент жыл сайын «мұнайға деген тәуелділіктен құтылып, экономикамызды диверсификациялау керек» деп талап еткенімен, оған құлақ асып жатқан шенді жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас». Жұрт армандап жүрген жаңа МӨЗ-дің он екіде бір нұсқасы да жоқ.
Осы тұста жұрттың бәрі жабылып «мұның бәрі үкіметтің қабілетсіздігінен, кәсіби деңгейінің төмендігінен туып отырған нәрсе, нашар басшылардың орнына тәуірін әкеліп қойсақ жағдай күрт өзгереді» деп кесіп-пішіп тастайды. Өз басым онымен келіспеймін. Өйткені осы күнге дейін жаңа МӨЗ салынбауының себебі басқада.
Шын мәнінде Атырау, Шымкент және Павлодардағы МӨЗ-ге қоса, тағы да бірнешеуін салып тастап, ішкі нарықты бензинмен лық толтырып, баршаны қарық қылып тастау біздің бюджет пен ұлттық мұнай компаниямызға түк емес. Оның үстіне қазірде ондай зауыттардың мобильді нұсқалары да баршылық. Ондай жобалардың жүзеге асуын көрші Қырғызстаннан да көріп отырмыз. Мұнай бағасы 150 доллардың шамасында болған «кемел» кезеңдерде Ұлттық қорда жиналған қаржының бір бөлігін осы мақсатқа жұмсағанда, қазірдің өзінде сыртқа шикі мұнай шығармай, бензин мен керосин сатып, бюджетіміз шаш етектен пайда тауып, қосымша қаржыға кенеліп қалатын еді. Өйткені айналамызда сол мұнай өнімдеріне зәру ел қаншама, нағыз нарық сол емес пе?!
Оның да өзіндік ішкі себебі бар: біздің билікте және оның маңайында МӨЗ десе кежегесі кейін тартып, Қазақстаннан тек қана шикі мұнайды экспорттау арқылы қыруар пайда тауып жатқан ықпалды топ бар. Ағаш қазан қайнатып, қызығын көріп қалған олар мұнайды өңдеп, сыртқа қосымша құны жоғары тауар сатуға тіпті де мүдделі емес. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, МӨЗ салудың қажеті жоқтығы мен қиындығы туралы зар қақсаудан шаршамайды.
Шіркін, кеудесіне нан піскен, кесіп алсаң қан шықпайтын солардың атын атап, түсін түстеп, толық тізімін жарияласа ғой. Және де олардың айтқанынан шыға алмай, дегеніне көніп жүрген ресми билік өкілдері де таза емес, мемлекеттік мүддені топтық мүддеге жығып беріп отыр.
Мұндай теріс саясат бензиннің қат болып, бағасының өсуіне ғана душар етіп отырған жоқ. Ол ұстаным кенезесі кеуіп, керосин іздеген әуе көліктерінен бастап, бензинмен бүйірі шығар бүкіл болмысымызға, экономикаға өз салқынын тигізуде: ескіріп, заманы өткен бір саланы сақтап қаламыз деп, инновация мен инвестицияны қажет ететін басқа заманауи салалар дамыта алмай, кенжелетіп жатырмыз.
Және де үшеу ғана емес, одан да көп МӨЗ болуының бензин бағасына да оң әсері болар еді: нарық заңы бойынша, ұсыныс көп болса, баға да өз ретімен төмендейді. Әйтпесе қазіргі жағдайда үкіметтің қаулы арқылы бағаны төмендетуге тырысуы шын мәнінде нарық талаптарына томпақ келеді. Ол үшін басқа механизмдерді пайдалану керек.
Екіншіден, Қазақстанның өз сұранымын қанағаттандыратын бензиннің 30 пайызы мен керосиннің дені Ресейде өндірілетіндіктен, біздегі баға көрші елдегі бағаға тікелей тәуелді болады. Міне, асығыс-үсігіс, мәселенің мәнісіне бармай, Еуразия экономика одағына кіріп кетудің бізге берген бір «пайдасы» осы болып тұр.
Мұның өзі – бензин бағасының әлі де шарықтай түсетінінің тағы да бір дәлелі әрі себебі. «Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған» көрші өз бағасын қорғап қалады. Оның арты қандай қоғамдық-саяси толқуларға, тұтастай бір катаклизмдерге әкеп тірейтіні бір Құдайдың өзіне аян. Өйткені жанармайдың қымбаттауы, сөзсіз, халық тұтынатын басқа да тауарлар мен қызметтердің, соның ішінде кеше ғана президент өзі батасын берген коммуналдық тарифтердің өсуіне ықпал жасайтыны да белгілі. Сондықтан қылышын сүйреп келе жатқан 2017-2018 жылғы қыстың саяси температурасы кәдімгідей жоғарылауы әбден мүмкін.
Үшіншіден, бензин безгегі бізге «қазіргі қазақ мұнайына кім ие?» деген өзекті де өксікті сауалға жауап іздеуге мәжбүрлейді. Бұл сұрақ «27 жыл ішінде ел экономикасының ең сүбелі салалары мен ең табысты кәсіпорындары кімдердің қолына өтіп кетті?» деген жалпы сауалға ұласып кетеді. Өйткені бәрін де шешетін нақты дүниенің қожайынының қарақан басының жеке мүддесі. Егер де ол олигархқа еш нәрсеге қарамай, шетелге шикі мұнай тасымалдай беру тиімді болса, үкімет он жерден қаулы қабылдаса да, өз айтқанынан қайтпайды. Оларды бір тарының қауызына сыйғызып, шыбықпен айдау сол меншікке қатысы шамалы (не мүлдем жоқ!) үкіметтің қолынан да келмейді. Керісінше, мұнай барондары билікке өз дегенін істетіп отыр.
Мұнай саласына шетелдіктер келуінің де өзіндік геосаяси салдары болатынын да ұмытпаған ләзім. Мәселен, таяу болашақта батыс елдері мен Ресей арасында қалыптасқан таза саяси сипаты бар дипломатиялық ахуал мен санкциялық текетірес осы саладағы инвестициялар мен басым бағыттарға да өз әсерін тигізіп, кейбір жайттар өзгеріске ұшырауы да әбден мүмкін. Оның өзі Қазақстанның ішкі тұтынуындағы жағдайдың бір анықтауышы болмақ.
Өз басым экономиканың либералды сипатта болуын қолдаймын, нарық пен жекеменшіктің орны бөлек, экономиканың қарышты дамуының басты механизмдері де осылар. Бірақ стратегиялық маңызы бар, әрбір қазақстандықтың өмірі мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты салаларға мемлекет тарапынан өркениетті бақылау неге болмасқа?! Ондай қадағалау болмау керек деп қай Конституциямызда, қай заңымызда жазылған?! Әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің өзінде мұнай саласының жағдайын реттеп отыру ісі мемлекет уысынан шығып көрмеген: онда мемлекеттік мүдде мен жекеменшік пайда әп-әдемі үйлескен.
Меніңше, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырмай, осы басты сауалға қоғам болып, болашақта көп партиядан тұратын парламент болып жауап беру керек, әйтпесе қазіргі сорақы жағдай еш өзгермейді.
«Кісідегінің кілті аспанда». Ресейлік бензинге тәуелділіктің экономиканың басқа салаларындағы ғана емес, керек десеңіз, сыртқы және ішкі саясаттағы тәуелділікке ұласып жатқаны да рас. Оны біз ЕАЭО аясындағы ресейлік бизнеске жасалып жатқан қосымша преференция мен мүмкіндіктерден (мәселен, осы одақ оларға қазақстандық сатып алу жүйесіне қатысуға мұрсат беріп, өзіміздің бизнеске мықты кедергі келтіріп отыр!), Қазақстанның халықаралық аренада Ресеймен «келісілген» сыртқы саясат жүргізуге мәжбүр болып отырғанынан айқын көріп отырмыз. Қашанғы танауын тескен тайлақтай сол ел саясатының, қала берді, бензинінің етегінде жүре береміз? Теңге телініп қойылған рубльдің түрі болса анау...
Ал болашақ қазақстандық мұрагерге кепілдік беру арқылы оның кім болатынына Кремль тікелей араласа алатынын бұрыннан бері айтып та жүрмін.
Бензин безгегінің тағы да ерекше бір сипаты бар: ол кеше ғана билік бастап, жұрт қостап, бөркімізді аспанға лақтырып, «алақайлап» тойлап өткізген ЭКСПО секілді тойдың шымылдығы жабылмай жатып орын алды. Ол көрмеге қыруар қаржы жұмсалғанын биліктің өзі де мойындап отыр. Халық ақшасын оңды-солды түкке тұрғысыз әрі еш қажеті жоқ той-томалаққа шашып, нәтижесінде мемлекеттің «бензиндік егемендігін» қамтамасыз етуге жарамаған билікке ендігі жерде жанармай іздеп сарсылып, табан тоздырған, ертеңнен бастап бір жарым есе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болып жатқан қарапайым халықтың көзқарасы қандай болуы керек?! Бұл өзі өзім сондай жақсы көретін риторикалық сұрақтар қатарынан табылатын, жауабы айтпаса да түсінікті сауал. Осы тұрғыдан алғанда, қалыптасқан жағдай наразылық отына... бензин құйып отыр.
Жә, «болар іс болды, бензині де сіңіп бара жатқан сияқты». Халық наразылығының әжуа мен мысқылдан шынайы ызаға ұласып бара жатқанын сезген билік отпен ойнағысы келмей, дереу кадрлық шешім қабылдап тастады: тиісті мекемелердің орынбасарлары жұмыстан кетті. Бірақ егер де, мұнайдың басты менеджерлері айтып жатқандай, бәрі де Ресейдегі жағдай мен біздің МӨЗ жоспарлы түрде жөндеуден өтіп жатқанына тірелсе, тікелей бастықтарының тапсырмаларын орындап жүрген бейшара орынбасарлардың не жазығы бар?! Мұның бәрі «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» деген қазақ мәтелінің тамаша иллюстрациясы секілді емес пе?! Бір сөзбен айтқанда, осындай масқараларға «сам» емес, «зам» жауап беретін дәстүр үзілмей, бізде ешбір салада және ешқашан да береке болмайды.
Ел аузына қақпақ бола алмайсың. Сөз реті келіп тұрғанда айтуға тиіс тағы да бір, сырт көзге салғанда мұнайға мүлдем қатысы жоқ боп көрінетін бір астар бар.
Осы күндері ел ішін мынадай бір қызық әңгіме кезіп жүргені рас: «Елде бензин қоры жеткілікті. Бұл – қолдан жасалып жатқан дефицит. Оны ұйымдастырушылардың түпкі мақсаты – билік басындағы нақты тұлғаларға күйе жағып, қаралап, президент алдында масқара етіп, олардың үкімет не мұнай саласын басқаруға қабілетсіз етіп көрсету. Сөйтіп, олардың орнына өз адамдарын қойып, билікке ықпалын арттыру».
Ол сәуегейлер осы акцияның құрбаны болуға тиіс нақты адамдар қатарында премьер және «Қазмұнайгаз» басшысын атап жатыр. Ал кейбіреулері тіпті «қатты кетіп», «мұның бәрі президенттің елдегі жағдайдан бейхабар, осындай дағдарыстарды реттеу қолынан келмейтінін көрсетіп, оның беделіне нұқсан келтіру үшін жасалып жатқан астыртын әрекет» дегенге дейін барып жатыр.
Өз басым қазіргі Қазақстан секілді басты шешімдер ат төбеліндей ғана топ аясында қабылданатын, қоғам назарынан тыс, жабық әрі жасырын түрде қимыл-әрекет жасайтын әрі постназарбаев дәуірінің қарсаңында бір-бірін аяқтан шалып, аяусыз сабап жатқан біздің ашкөз әрі амбициялары асып-тасыған олигархтардан бәрін де күтуге болады деп ойлаймын. Ертең бензин дауы жайымен қалып, басқа, бұдан да үлкен, жойқын дауларға душар болып жүрмейік...

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Минстр | 12 қазан 2017 23:07
Өте дұрыс айтылған.бірақ айтылғанды ұғатын құлақ болса.
Ерсін | 13 қазан 2017 13:22
Өте сауатты сараптама.
Элла | 13 қазан 2017 18:06
Бензин дауы косегіш - тің аяғын аспаннан келтірсе екен. Уже он надоело, поперок горло стоит. Қашан кетеді.
Азат Есен | 15 қазан 2017 22:35
"Бәрін де кадрлер шешеді." Сталин айтқан дұрыс сөз осы. Мұнай мол, мәселе кадрлерде боп тұр.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар