12 қаңтар 2010
«Атыраудың халқы бiр күнде ұйқысынан оянбай қалуы мүмкiн»

ОБЛЫСТА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ БҰЛТЫ ҚОЮЛАНЫП БАРАДЫ. ОНЫ ОЙЛАЙТЫН ҮКIМЕТ ЖОҚ
Қойнауының байлығы маңдайына сор болған аймақтың бiрi — Атырау. Оның экологиялық жағдайының асқынып бара жатқанын айтпаған ауыз қалмады. Бiрақ, соның бәрi жиындағы әңгiме-дүкеннен ары аспайды. Осы жолы экологиялық қауiпсiздiктi Атырау облыстық прокуратурасы сөз қылды. Облыстағы экологтар мен үкiметтiк емес ұйымдардың, “Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.” (НКОК- Солтүстiк Каспий жобасының Аджиптен кейiнгi жаңа операторы) мен ТШО мұнай компанияларының эколог менеджерлерi және табиғат қорғау прокуратурасы басын қосқан семинар-кеңес өттi.
Қоршаған ортаны жақсарту үшiн не iстеу керек? Әңгiме осы тұрғыда өрбiдi.
ЭКОЛОГИЯҒА ТӨЛЕНГЕН ҚАРЖЫ ҚАЙДА КЕТIП ЖАТЫР?
Әрине, бәрi қаржыға тiреледi. Ал Атырауда ол үшiн ақша бар ма? Бар болғанда қандай! Мұнда жиылған өндiрiс ошақтарына әртүрлi заң орындары дейсiз бе, экологиялық органдар дейсiз бе, айыппұлды салып-ақ жатыр. Мәселен, осы семинарда баяндама жасап, қолданған шараларды тiзбелеген облыс прокуроры көмекшiсi Аршат Тайтуллиннiң сөзiне сүйенсек, өткен жылы 350-ден астам заң бұзушылық анықталған дейдi. Қоршаған ортаға елеулi залалын тигiзгендер қатарында Теңiзшевройл ЖШС, Ембiмұнайгаз ӨФ, Аджип ККО, Каспий нефть АҚ, Сазанқұрақ ЖШС және тағы осы тектес 15 iрi табиғат пайдаланушы аталады. Оларға тексеру жүргiзiлiп, әкiмшiлiк айыппен қосқанда 1 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынған және оның 800 миллион теңгесi өндiрiлiптi.
Ал табиғатты қорғау прокуроры Болат Шоқайдың айтуынша, өткен жылдың өзiнде 94 заң бұзушылық анықталып, 356 миллион теңгеден астам айыппұл өндiрiлген. Жоғарыда аталған жер қойнауын пайдаланушыларға табиғат қорғау прокуроры тарапынан да 350 миллион теңгеден астам айып салынып, әкiмшiлiк шараларды қосқанда 300 миллион теңгеге жуық қаржы қазынаға түскен.
Жайық-Каспий экологиялық департаментiнiң бөлiм бастығы Құралай Шанкиева 2009 жылдың 11 айында 5 миллиард төлем өндiрiлгенiн, ал 2008 жылы 10 миллиард теңге төленгенiн айтады.
Ал бұған дейiн 2002 жылдары ТШО қоршаған ортаға келтiрген залалы үшiн 11 миллиард, ал 2007 жылы күкiрттi ашық сақтағаны үшiн 37 миллиард теңге төлегенi белгiлi. Соңғы қомақты сома келiп бiрден облыстық бюджет қалтасына құйылды. Бiрақ содан елге экологиялық зардап үшiн өтемақы берiлдi ме? Жоқ. Ел өз қотырын өздерi қасып, күн көрiп жатыр. Алайда, егер оның денсаулығы мен тұрмысы жақсармаса, Атырауда бiрiнен кейiн бiрi салынған сан көпiрлер мен басқа да құрылыстар кiмге пана болмақ? Адыра қалмай ма адамсыз?
Жиынға келгендер «экологиялық жағдайды жақсартуға болар едi, бiрақ оған ақша керек» дестi. Облыс прокурорының орынбасары Мұрат Төлеубаев «қанша қаржы қажет, сараптама жасаңдар, үкiметке, министрлiктерге жазамыз» дейдi. Дегенмен, табиғатты қорғау органдары жоғарыда тiзбелеген миллиондар мен миллиардтар қайда кетiп жатыр сонда?
Бұған жауапты Жайық-Каспий департаментiнiң бастығы Роберт Сүйербаев бердi.
— Экологиялық ахуалды жақсарту үшiн ақшаны даладан iздеудiң қажетi жоқ,—дедi ол. — Ақша өз қолымызда. Экологиялық проблемаларға орай түскен қаражат тек экологияға арналуы керек. Ал бiзде оның бар болғаны 10-20 пайызы ғана экология мәселесiне бөлiнедi де, қалғаны жергiлiктi бюджеттi жабу үшiн жұмсалады.
Бiрақ бұны облыс әкiмi Бергей Рысқалиевке қалай түсiндiруге болады? Ол үшiн «басқа шаруалар» маңызды.
— Экологиядан түскен ақшаға Жилгородок-Авангард автокөпiрi салынды,— деп еске алады “Азат” ЖСДП облыстық бөлiмшесiнiң төрағасы Жалғас Тiкенбаев. Ал ол көпiрге қарсы болған ел пiкiрi ескерусiз қалды. Тiптi ол көпiрдi салуға прокуратура да наразылық бiлдiрген...
Өкiнiшке қарай, сол көп көпiрдiң бiрi өткен жылы құлап, 8 адамның отбасын қайғыға ұрындырған едi.
Экологияның ахуалы қызуы басылмаған тоқал мәселесiнен де маңызды
Семинарда айта-айта жауыр болған Теңiздiң күкiртi де талқыға түстi.
Аршат Тайтуллин жасаған баяндамадан тағы бiр ұққанымыз — түйiршiктi күкiрттi ашық ауада үйiп сақтағаны үшiн ТШО-ға ендi бiздiң құқық қорғау органдарымыз ауыз аша алмайтын болыпты. Оған себеп ҚР Экологиялық кодексi көрiнедi.
— Бұрын күкiрт өндiрiс қалдығы ретiнде қаралатын. Ол үшiн кезiнде тиiстi айыппұлдар салынды да. Алайда, бүгiнгi күнi қатты күкiрттiң құқықтық жағдайы анықталмағандықтан, ТШО ендi күкiрттi сақтағаны үшiн төлем төлеуден босатылып отыр,— дейдi облыс прокуроры көмекшiсi.
Өкiнiшке қарай, күкiрт мәселесi тек Теңiзбен шектелмейдi. Аджип компаниясы өз жұмысын бастағанда екi жыл iшiнде 4 миллион тоннадан астам күкiрт жиналмақ. Өйткенi, Қашаған кенiшiндегi күкiрттiң үлесi Теңiздегiмен салыстырғанда 24 пайызға артық. Ал әлгi Экологиялық кодекске сәйкес, облыс аумағында күкiрт таулары көбейе берсе де, бұған мұнай компаниялары пысқырмайтын болады. Себебi олардың қай-қайсысы да Экологиялық кодекске сай күкiрт сақтау жөнiндегi қандай да бiр төлемдерден босатылған!
Күкiрттен басқа Экологиялық кодексте тiптi атмосфераны зиянды заттардан қорғаудың көптеген маңызды нормалары көрiнiс таппапты.
Жылу көздерiнен шығатын ластауды есептеудiң де нақты әдiстемесi жоқ дегендi айтты прокуратура қызметкерi.
— Факелдерде газ жағылғанда атмосфераға 200-ден 800-ге дейiнгi жоғарғы температурада жалпы климатқа әсер ететiн үлкен мөлшердегi жылу түседi. Алайда, жылу көздерiнiң ластауын болдырмайтын шектеулер қолданыстағы заңнамада қаралмаған,— дейдi прокурор Аршат Тайтуллин.
Мәселен, өткен жылы ТШО зауытында газды факелде жағудың салдарынан 58 апатты жағдай болған. Бiрақ, мұны бiле тұра кiнәрат қоятын мүмкiндiк жоқ деп шарасыздық танытады прокурор. Тiптi суға төгiлген қышқыл, сiлтiнi де есептейтiн мүмкiндiк жоқ.
Бұл орайда ТШО компаниясы заң бөлiмi бастығы Қалау Мусин өз уәжiн айтты.
Ол күкiрттiң көлемi азайып келедi, қазiр оның мөлшерi — 6,9 миллион деп ақталып, күкiрт үшiн ТШО 2 есе қаржы жұмсап отырғанын көлденең тартты.
— Ал “пилоттық горелканың” болуы — техникалық талап, ол үнемi жанып тұруы керек. Бiз оның жағылғаны үшiн де ақша төлеймiз, — дейдi Қалау Мусин.
Табиғат қорғау прокуроры Болат Шоқай болса, айыппұл төлеп отырған мұнай өндiрушiлердiң қай-қайсысы болса да, қоршаған ортаны ластауды азайтатын немесе оның алдын алуға мүмкiндiк беретiн технологиялармен жабдықтауға құлықсыз дейдi. Өйткенi, мұндай қондырғылар олар төлейтiн айыптан екi есе қымбат, яғни экономикалық жағынан өндiрушi компания үшiн тиiмсiз.
Сонда бұл Экологиялық кодекс кiмнiң пайдасына жасалғаны? Менiңше, бұл депутаттардың көздiң қарашығындай қорғайтын мәселесi емес пе? Ол керек десеңiз парламентте әлi күнге дейiн қызуы басылмаған тоқал мәселесiнен де маңызды.
«ТАЙСОЙҒАН ҮШIН БIР ТИЫН ДА ЖОҚ»
Ал НКОК (бұрынғы Аджип ККО) компаниясының экология жөнiндегi менеджерi Гүлсiм Мұтышева ханымның айтқанын естiп не ойларымызды бiлмедiк.
Атыраудың iргесiндегi Ескенеден Болашақ мұнай өңдеу зауытын салып жатқан бұл компания қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зиян келмеуi үшiн арнайы жасыл белдеу ұйымдастыруы керек едi. Компанияның жоспары бойынша олар 2012 жылы мұнай өндiрудi бастамақ. Бiрақ әлi күнге дейiн орман жолағы тұрмақ, исi де жоқ.
Табиғат ресурстары жөнiндегi басқарма бастығы Ербол Қуановтың айтуынша, ол ағаштар оттегi бөлетiндей дәрежеге жетуi үшiн 10-15 жыл өсуi керек. Алайда, бұл жайлы не НКОК, не «Қазмұнайгаз» ойланып отырған жоқ. Ал ағаш отырғызуға қажеттi 1000 гектар жер техникалық экономикалық құжатымен дайын тұр дейдi шенеунiк.
Гүлсiм Мұтышева мәлiмдегендей, ағаштарды отырғызу жұмыстары 30 миллион доллар тұрады екен.
— Аджип ол ағаштарды отырғызудан бас тартпайды. Бiрақ кiмге керек? Осыдан 3-4 жыл бұрын Экологтар күнiнде Жайық өзенiн бойлай көк тал көшеттерiн егiп, сыйлық ретiнде ұсынған едiк. “Гүлдала” деген фирмаға 3 ай ақша төлеген уақытта олар суарып, күтiм жасады. Ал одан соң ешкiмге керексiз болып, солып қалды. Сондықтан ағаш отырғызудың қажетi қанша? — дедi Гүлсiм Мұтышева.
Орман шаруашылық инспекциясы бастығы орынбасары Тимур Мусин НКОК компаниясы экологының бұл сөзiне қатты наразылық бiлдiрдi.
— Егер ол жасыл белдеу жасалмаса, 240 мың адам мекен ететiн Атыраудың халқы бiр түнде ұйқысынан оянбауы мүмкiн, — дейдi ауыл шаруашылығы ғылымдары кандидаты Тимур Мусин. Ал егiлген ағаш қараусыз қалады деген тiптi ақылға сыйымсыз. Ол ағаштар бiрден Атырау орман және жануарлар дүниесiн қорғау мекемесiнiң қарамағына өтедi.
Сондай-ақ Тимур Мусиннiң айтуынша, мұнай компанияларының Каспий теңiзiндегi жасанды аралдары топырақтарын да ешкiм зерттеп жатқан жоқ.
— Оның құрамында ауыр темiрлер өлшемнен көп. Былтырғы итбалықтардың жаппай қырылуына зерттеу жасаған британдық ғалымдар оны чумкадан емес, Баутино жақтан төгiлген ауыр темiрлер салдарынан болғанын дәлелдедi, — дейдi ғалым.
Әрине, Қазақстанның экологиялық саулығының НКОК үшiн де, Аджип үшiн де керегi жоқ. Себебi, олар ертең қажетiн алған соң қаңыраған даладан iздерiн суытады. Бұл билiк басындағыларға да қажет болмауы мүмкiн. Өйткенi, олардың да дөң астында баратын басқа мекенi бар. Сонда мұнайы таусылып, ауасы мен суы, жерi өмiр сүруге қауiптi ортаға айналғанда жергiлiктi халық не iстемек?
Эколог Қ.Шанкиева Азғыр мен Тайсойған полигондары туралы да ақпар айтты. «Азғыр үшiн былтыр 15 миллион теңге бөлiнгенiмен, ол ешнәрсеге жеткен жоқ, ал ондағы радиациялық фон 1000-нан астам», – дейдi эколог. «Ал Тайсойған үшiн бiр тиын да бөлiнбей отыр», – дедi.
Жиынға қатысқан “Каспий табиғаты” үкiметтiк емес ұйымы жетекшiсi Махамбет Хәкiмов осыдан 3 жыл бұрын Бiрiккен ұлттар ұйымының Қазақстанда XXI ғасырда халық саны 13 миллионға төмендейтiнi жөнiнде болжам жасағанын еске салды. Ал Қарабатандағы НКОК салып жатқан зауыт iске қосылғанда, оның жаңғырығын сол XXI ғасырдың ортасында еститiн боламыз деген көңiлсiз тұспал жасады белгiлi эколог...
Сондықтан ел ендi ұйқысынан оянғаны жөн деп ойлаймын. Мұнайдың телегей теңiз дивидендiнен қара бұқараның қалтасына бiр тиын түсiп жатқан жоқ. Ендеше президенттен, үкiметтен экоцид үшiн тиiстi өтемақыны, сақтандыру полисiн қатаң талап етер кез келдi.
Сәния ТОЙКЕН,
Атырау





Уәж айту