Депутат Тито Сыздықов Анкарадан бұрын Н.Назарбаевқа ескерткiш Астанада қойылуы керек екенiн айтты да, шек-сiлесi қата күлдi. Ол неге өйттi?
Кеңес өкiметiнiң көсемдерi туралы анекдот есiне түскендiктен (17.7%)
Не айтып тұрғанын өзi де түсiнбей қалғандықтан (26.2%)
Жағымпаздығын жуып-шаюды ойлағандықтан (46.8%)
Түрiктердiң әрекетi күлкiлi көрiнгендiктен (9.2%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Қытайдың жер сұрағаны рас болса оларға бере қоятын жерiмiздiң жоқ екенiн о баста неге айтпаған?
Қоғамды дүрлiктiрген, жалпақ жұртшылықтың қарсылығын тудырған екi мәселенiң бiрi – «қазақстандық ұлт» идеясына негiзделген «Ел бiрлiгi» доктринасы болса, екiншiсi – Қытайдың соя мен рапс өсiру үшiн Қазақстаннан 1 миллион гектар жердi сұрағандығы болды. Бiрiншi мәселе бойынша бәрi анық. Американдық ұлттың үлгiсiнде жасалмақ болған «қазақстандық ұлт» идеясына наразылық әу бастан күштi едi. Қазақты ұлт ретiнде жоюға бағытталған идеяның негiзiнде жазылған «ел бiрлiгi» доктринасына халықтың жапатармағай қарсылық бiлдiргенi де сондықтан. Ал Қытайға жер беру туралы мәселе күтпеген жерден пайда болды. Үш ұйықтаса да, қазақтың түсiне кiрмейтiн идеяны айтқан да, оны қоғамға ұсынған да – президенттiң өзi. Н.Назарбаев шетелдiк инвесторлардың кезектi мәжiлiсiнде былай деп мәлiмдедi: «Мысалы, Қытай Халық Республикасы соя мен рапс өсiру үшiн бiзден 1 миллион гектар жер беруiмiздi сұрады». «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, қоғамды дүрбелеңге түсiрген де – президенттiң осы сөздерi. Бұл мәлiмдеменiң ҚХР бас хатшысы Ху Цзиньтаоның елiмiзге жұмыс сапарының алдында жасалуы «отқа май құя» түстi. Қазақтың ұлтжанды тұлғалары бұған өз қарсылығын бiлдiрiп, Қытайдың Алматыдағы бас консулдығының алдында наразылық акциясын өткiздi.
Елiмiздiң саяси партия жетекшiлерi, қоғамдық қозғалыс белсендiлерi мен зиялы қауым өкiлдерi де Қытайға қандай да жағдайда жер беруге болмайтындығын ашық мәлiмдедi. 16-17 желтоқсан жақындаған сайын, қоғам мен билiк арасындағы текетiрес күшейдi. Наразылық акциясынан соң Қазақстан премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов былай деп мәлiмдедi: «Ешкiм де Қытайға жер сатайын деп отырған жоқ. Жердi шетелдiктерге сатуға болмайтындығы туралы Конституцияда айқын жазылған». Бұл ұлтжанды азаматтардың бiлдiрген қарсылық үнiне алғашқы жауап болатын. Көп ұзамай президент әкiмшiлiгi жетекшiсiнiң орынбасары Мәулен Әшiмбаев та Қытайға жер беруге қатысты өз пiкiрiн айтты. «Ел аумағының тұтастығы Конституциямызда нақты жазылған. 1 миллион гектар жердi игерсек деген әңгiме – ұсыныс қана. Ата-бабамыз аманат еткен қазақтың жерi басқа мемлекеттерге сатылмайды. Қазақстан Республикасының Жер кодексiнiң 23-бабында тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жер учаскелерi шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың жекеменшiгiне берiлмейтiнi нақты жазылған», – дедi ол ұлт зиялыларына жазған ресми хатында. Бiрақ, лауазымды шенеунiктердiң бұл жауабы қалың жұртшылықты қанағаттандырмады. Себебi, К.Мәсiмов те, М.Әшiмбаев та «Қытайға жер сатылмайды да, жалға да берiлмейдi!» деп кесiп айтқан жоқ. Мұны «президенттiң өзi шешедi» деген сыңай танытып, «жер сатылмайды» деген сырғытпа жауапты көлденең тартты. Жердiң шетелдiктерге сатылмайтыны әуелден белгiлi.
Бiрақ, оның Қытайға жалға берiлуi де мүмкiн едi. Осы мәселе ұлт тұлғаларының мазасын қашырды. Олар жер-жерден өздерiнiң қарсылығын бiлдiрiп жатты. Бұл мәселеге мемлекет басшысы нүкте қояды деп үмiттендi. Н.Назарбаев бiрқатар БАҚ басшыларымен кездесуде осыған байланысты өз көзқарасын бiлдiрдi.
«Өткенде тiкелей эфирде болған сауалдардың бiрiне жауап бергенде Қытайдың ауылшаруашылық мақсатында жер сұрағанын айттым. Олардың жердi игеруге деген ниетi бар екенiн айттым. Бәрi менiң сөзiмнен шығып отыр. Менен басқа ешкiм айтқан жоқ мұны. Бұл сұраққа жауап берсем, Жер кодексiнiң 23-бабында “шетелдiктерге, Қазақстанның азаматтары емес адамдарға жер сатылмайды” деп анық жазылған. Бұдан артық не деуге болады? Ал жалпы ауыл шаруашылығы жерi қазақстандықтарға сатылуы мүмкiн деген қағида кодексте бар. Бiз жер бағасын әдейi көтерiп қойдық. Сондықтан бүкiл ауылшаруашылық жерiнiң 0,5 пайызы ғана сатылды.
Жер жағдайын жақсарту үшiн оған инвестиция салу қажет, жер өңдейтiн заманға сай құрал-жабдықтар сатып алу керек. Өйткенi, мына заман – бәсекелестiктiң заманы. Осыны түсiнбейтiндердiң мәселенiң байыбына бармай айтқан сөздерiнiң халықты дүрбелеңге салғаннан басқа пайдасы жоқ. Мұндай жағдайда жалған сөз үшiн заңдылыққа сүйенiп жауапқа тарту шарасының болғаны жөн. Мен прокуратураға тиiстi команда бердiм», – деп мәлiмдедi мемлекет басшысы.
Қысқасы, ол кiсiнiң бұл сөзi де шиеленiскен жағдайды реттеудiң орнына мәселенi ушықтыра түстi. «Жауапқа тартамын» деп қорқытып-үркiтуi ұлт тұлғаларының наразылығын тудырды. Қытайдың жер сұрауына қатысты мәселенi талдап, таразылау үшiн «Жас Алаш» газетi арнайы дөңгелек үстел өткiздi. Жиынға қатысқан белгiлi саясаткерлер, саясаттанушылар мен қытайтанушы мамандар Қытайға жердi жалға да беруге, сатуға да болмайтынын жан-жақты дәлелдедi. Бұған дейiн Ауыл шаруашылығы вице-министрi Арман Евниевтiң мәлiмдемесi бiрқатар БАҚ-та жарық көрдi. Ол былай дедi: «Бұл жердi жалға беру емес, әңгiме бiрлескен шаруашылық құруда болып отыр... Жоба 2010 жылдың басында iске қосылады... Қазiр келiссөздер жүрiп жатыр, жақын уақытта қытай тарапының өкiлдерi бұл аймаққа келiп, мәселенi нақты талқылаймыз». Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлiгi Қытайдың жердi пайдалану мүмкiндiгiн жоққа шығармады. 30 желтоқсан күнi Қазақстан Бас прокуратурасының ресми сайтында БАҚ өкiлдерiне қатысты арнайы мәлiмдеме жасалды. «Соңғы уақытта әртүрлi бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық бiрлестiктердiң жекелеген өкiлдерiнiң тарапынан ҚХР-ға экспортқа шығару мақсатында ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiру үшiн жер бөлуге қатысты шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтер таратуға жол берiлуде.
Анық ақпаратты бiлместен және iстiң шынайы жағдайын қасақана бұрмалап, арандатуға ниеттенген адамдар кейбiр БАҚ-тарды пайдалана отырып, қоғамдық тәртiптi бұзуға және Қазақстан мен ҚХР арасындағы тату көршiлес қарым-қатынасқа залал келтiруге тырысты.
Осыған байланысты, Бас прокуратура бұл дерек бойынша материалдардың ұлттық араздықты немесе алауыздықты қоздыру, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлау, ұлттық қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын насихаттау белгiлерiнiң бар болуына қатысты сараптаулық зерттеу және процессуалдық шешiм қабылдау үшiн құқық қорғау органдарына жолданғанын мәлiмдейдi. Жоғарыда көрсетiлген қылмыс құрамы белгiлерi бар екенi расталған жағдайда кiнәлi тұлғалар заңның барлық қаталдықтары бойынша жауапкершiлiкке тартылатын болады», – делiнедi бұл мәлiмдемеде. Бұл президент Назарбаевтың прокуратураға берген «командасынан» кейiн орын алған жағдай. Бiрақ, күштiк органның қоғамдық қозғалыс жетекшiлерi мен мерзiмдi басылым басшыларына жасаған ескертуi халықты тоқтата алған жоқ. Оппозициялық партиялар да бұл iске белсендi түрде араласып, өз қарсылығын бiлдiрдi. «Азат» ЖСДП баспасөз мәслихатында, 30 қаңтар күнi Алматыда наразылық митингiсiн өткiзетiнiн айтты.
Президент Н.Назарбаевтың аузынан шыққан бiр ауыз сөз қоғамды дүрбелеңге түсiрдi.
Жай кездерi қалың ұйқыда жатқандай тыныш жүретiн қазақ жер мәселесiне келгенде, шошып оянғандай селк ете түстi. Халықтық наразылықтан билiк те үрейлендi. Қалың қазақтан сескенген жоғары билiк ақырында «Қытайға жердi жалға да бермейтiнiн» айтуға мәжбүр болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев мәлiмдеме жасады. «Бiрiншiден, Жер кодексi бойынша бiзде жер тек қана Қазақстан азаматтарына берiледi. Ұлттық заңнамамыз бойынша, шетел азаматтарына жердi жекеменшiкке сатып алуға тыйым салынған». Екiншiден, «Қытай бiзден соя өсiру үшiн жер сұрап отыр» дейтiн соя дақылы тек суармалы жерлерде ғана өседi. Суармалы жерлердiң бiздегi алқабы 1,3 миллион гектар ғана! Бұл жерлерге сұраныс қазiр үлкен. Оның үстiне баяғыдан әрбiр жердiң өзiнiң қожайыны бар. Мұны мамандар жақсы бiледi. Суармалы аудандарда бос жатқан жердi табу қазiргi кезде мүмкiн емес.
Қытайға беретiн 1 миллион гектар жер бiзде (мемлекетте - авт.) жоқ! Сондықтан айтарым, егер де Қытай жағымен үкiметаралық келiссөздер болатын болса, бiз оның барысында тек қана сояны саудалау және оны сатып алу механизмi, сондай-ақ соя өндiрiсiн қаржыландыру мәселесiн көтеремiз, мұнда жер мәселесi көтерiлмейдi. Басқа вариант жоқ!».
«Бiзде бүгiнде соя өсетiн алқап бар-жоғы 50 мың гектар. Кеңес өкiметi кезiнде сояны бiз «партиялық дақыл» деп атайтынбыз, соған жағдайдың бәрi жасалған-тын, сол кездiң өзiнде соя алқабын көп ұлғайта алған жоқ. Бiздiң жобамыз бойынша, егер де сояға қатты сұраныс болса, ары кеткенде оның алқабы 200 мың гектарға дейiн өседi», – дедi министр.
Келiсiмдi сөздi, осындай мәлiмдеменi ұлт жанашырлары билiктен күттi емес пе? Байқауымызша, билiк халықтың аңдысын аңдыған. Наразылық тоқтамай, жаңа қарқын алып бара жатқан соң ғана Ақорда бұл мәселеден бас тартуға мәжбүр болды. Айтпақшы, өткен аптаның аяғында президенттiң «бұлбұлы» осы мәселеге қатысты өз ойын бiлдiрдi. Ол жалға жер беру идеясын қолдайтынын айта келе, «оппозиция бессовестным образом, искажая суть вопроса, распространяет панические, в некотором смысле антигосударственные слухи, о том, что якобы землю решили отдать китайцам. Это по принципу ОБС – «одна бабка сказала», – дедi. Оның сөзiнен бiр нәрсенi аңғаруға болады. Президент «бәрi менiң сөзiмнен шығып отыр. Менен басқа ешкiм айтқан жоқ мұны» деп, Қытайдың жер сұрағаны туралы әңгiменiң өзiнен шыққанын ашық мойындады ғой. Ал президенттiң «бұлбұлы» Қытайға «жер беру мәселесiн» «бiр кемпiрдiң сөзi» деп сипаттады. Сонда, Ертiсбаев айтқан «бiр кемпiр» кiм болып шықты?
Бiр сөзбен айтқанда, жоғары билiк Қытайға жер беру мәселесi бойынша өз сөзiн өзi жоққа шығарумен болды. Кеше ғана «Азат» ЖСДП осыған қатысты тағы бiр мәлiмдеме жасап, «жауапты мемлекет басшысының өзi берсiн» деген талап қойды. Орынды талап емес пе? Осы арқылы президент Назарбаев саясатының кемшiлiгiн байқауға болады. Президенттiң сөзi далада қалып, ол «негiзсiз» болып табылды. Бұл да жоғары билiктiң «бiр кiсi не айтса да болады ғой» деуiнiң үлкен қателiктерге ұрындыратынын және әмсе олай бола бермейтiнiн де ұқтырғандай.