26 қаңтар 2010
Оларға – соя, бiзге – инвестиция..?

Сұрақтарға жауап келдi
Қытайдың Қазақстаннан жер сұрауына байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев пен ҚР Индустрия және сауда вице-министрi Ерхат Есқалиев мырзаларға ресми түрде және газет арқылы («Жас Алаш». №103, 29 желтоқсан, 2009 жыл) төмендегiдей сұрақтар қойған едiк:
1. Қазақстан аумағында 5 миллион тонна соя шығару жөнiндегi жобаны кiм жасады? Бастаманы Қытай жағы көтердi ме, әлде бұл Қазақстанның қалауы ма?
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен Jilin Grain Group Co. Ltd. компаниясы қол қойған өзара түсiнiк туралы меморандумның толық мәтiнiн сұраймыз.
3. Қазақстанда соя шығару жөнiндегi жобаны iске асыруға жәрдемдесетiн China Investment Corporation CIC корпорациясымен уағдаластыққа қол жеткiзiлген екен. Ол қандай уағдаластық? Толық мәлiмет берулерiңiздi сұраймыз.
4. 5 миллион тонна соя жыл сайын өндiрiлетiн көрсеткiш пе? Бұл бiр жолғы мiндет пе? Оның қанша тоннасы қытайға шығарылады және қандай бағамен?
5. Соя өсiруге байланысты Қытай жағынан қанша маманның, диқанның қазақ жерiне келуi қарастырылған?
6. Соя, рапс өсiруге байланысты бiрлескен кәсiпорындар Қазақстанның қай облыстарында, қай аудандарында құрылмақ? Оларға бөлiнетiн жер көлемi қандай болмақ (әр аймақ бойынша)?
«ҚЫТАЙ МАМАНДАРЫНЫҢ АЗДАҒАН САНЫ... ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖҰМЫС ҮШIН ТАРТЫЛАТЫН БОЛАДЫ»
ҚР Индустрия және сауда вице-министрi Ерхат Есқалиев мырзаның тарапынан министрлiктiң мөрi басылмаған, ай-күнi, тiптi вице-министрдiң аты-жөнi жазылмаған, қолы қойылмаған жауапта былай делiнген: «Қазақстан экономикасын үдемелi дамытудың жоспарын әзiрлеу мақсатында Қазақстанда шығарылған өнiмнiң экспорты үшiн неғұрлым перспективалық нарықтарды айқындау үшiн әртүрлi зерттеулер жүргiзiлген болатын. Зерттеулер нәтижелерi бойынша әрбiр жоба негiзiнде нақты мастер-жоспарлар жасалды. Талдау көрсеткендей құрамына соя, жүгерi, рапс, аңқа, арпа кiретiн сапалы жемдер мен жем қоспаларын шығару Қазақстан үшiн неғұрлым перспективалы және ыңғайлы болып табылады. Аталған бұршақты және дәндi-дақылдар Қазақстанда шығарылуы мүмкiн, сондай-ақ, әлемдiк нарықта неғұрлым тұрақты сұранысқа ие.
Қытай бұршақты және дәндi-дақылдар өнiмiнiң зор тұтынушысы болып табылады. Қазiргi уақытта Қытай 43 миллион тонна сояны импорттайды. Қытай нарығы үшiн Канада, АҚШ, Бразилия, Аргентина, Оңтүстiк Шығыс Азия елдерi мен Австралия күресуде.
Дайындық жұмысының нәтижесiнде климаттық жағдайлары көп жағдайда Қазақстанның климаттық жағдайларына сәйкес келетiн Қытайдың Джилинг провинциясының өкiлдерiмен келiссөздер процесi басталды.
Jilin Grain Corporation – бұл Джилинг провинциясының үкiметiне тиесiлi мемлекеттiк корпорация. Корпорация жыл сайын 3 миллион тоннадан астам сояны импорттайды, корпорацияның өзi сояны, жүгерiнi, рапсты және олардан жасалған қайта өңдеу өнiмдерiн iрi шығарушысы болып табылады. Өнiмдi әлемнiң 18 елiне сатуды жүзеге асырады. Jilin Grain Corporation Қазақстанға өз нарығымен ғана емес, сонымен қатар технологияларымен, жұмыс нәтижелерiмен бөлiсуге келiсiм бердi, оның нәтижесiнде жалпы алдын ала Меморандумға қол қойылды.
China Investment Corporation – бұл 200 миллиардтан астам АҚШ долларындағы сомаға жобаларды басқаратын iрi инвестициялық корпорация. CIC Қазақстанға инвестициялардың мүмкiндiгiн қарастыруға келiстi, бiрақ, бұл компаниямен Меморандумға қол қойылған жоқ.
Бiз 5 миллион тонна өнiм туралы айтып отырған кезiмiзде, әңгiме соя туралы ғана емес, сонымен қатар ауыспалы егiстiң қосалқы өнiмдерi – жүгерi, рапс, аңқа туралы болып отыр.
Қытай Қазақстанда шығарылған сояны және қосалқы өнiмдердi сатып алу бойынша ұзақ мерзiмдi (ұзақ жылғы) келiсiмшарттар жасауға дайын.
Бастапқы кезеңде Қытай мамандарының аздаған саны тәжiрибе, техника және жаңа технологиялар беру мақсатында ғана Қазақстандағы жұмыс үшiн тартылатын болады.
Барлық жұмыстарды тек қазақстандық өндiрушiлер, кәсiпкерлер және жұмыскерлер жүргiзетiн болады.
Эксперименталдық егiстер Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында болады деп жоспарлануда.
Қазiргi уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанында осы мәселе бойынша жұмыс тобын құру жоспарлануда. Жұмыс тобының қызметi бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланатын болады».
«ҚЫТАЙ ЖАҒЫНАНҰСЫНЫС ЖАСАЛҒАНЕМЕС»
Ал Ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары А.Евниев мырзаның атынан жолданған жауап мынадай:
Республикалық «Жас Алаш» газетiнiң бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға!
Ауыл шаруашылығы министрлiгi Сiздердiң хатыңызға сәйкес өз құзыретiнiң шегiнде мынаны мәлiмдейдi.
Нарықтық экономиканың заңдылығына сәйкес әртүрлi шаруашылықты дамыту үшiн тұтыну нарығын кеңейту керек. Бiздiң мемлекетiмiзге көп көлемдегi құс етi сырттан тасымалданады. Бұл отандық құс шаруашылығын дамытуға қолбайлау болатыны рас. Ал осы құс шаруашылығын дамыту үшiн алдымен жем қорын қалыптасыру керек. Оның бiрден-бiр көзi – қытайбұршағының езбесi (соя шпроты). Қазiр Қазақстандық құс өсiрушiлер осы өнiмдi сырттан тасымалдап отыр. Сондықтан бұл шаруашылықты дамыту арқылы бiз отандық құс шаруашылықтарының жем қорын қамтамасыз етуге мүмкiндiк жасаймыз. Ол өз кезегiнде елiмiзде өндiрiлетiн құс өнiмдерi бағасының арзандауына да ықпал етуi тиiс. Қытай мемлекетi қазiр 43 миллион тонна қытайбұршағының езбесiн сырттан сатып алып отыр. Бiз егер осы қытайбұршағын өндiретiн болсақ, өзiмiздiң құс шаруашылықтарымен қатар шетелдiк тұтынушыларға да пұлдай алатын боламыз.
Жалпы, халықты азық-түлiкпен қамтамсыз ету, экспортқа бағытталған қытайбұршақты өндiру және қайта өңдеу мақсатында инвестиция тарту мәселесi туындап отыр.
Бейжiң қаласында 2009 жылғы 14 қазанда Шанхай ынтымақтастығы ұйымына қатысушы мемлекеттердiң кездесуi аясында мүдделi тараптар арасында Меморандумдарға қол қойылды. Онда мынадай мәселелер қаралған:
– ҚР аумағындағы ауыл шаруашылық жерлерде жылына 5 млн тоннаға дейiн жүгерi, рапс, қытайбұршақ және басқа дақылдарды (бұдан әрi – өнiм) өндiру бойынша қуаттылықтарды дамытуды және қаржыландыруды;
– өнiмдi өндiру, сақтау, қайта өңдеу және тасымалдау үшiн инфрақұрылымдарды дамытуды және қаржыландыруды;
– қаржы қызметi секторындағы (лизинг, микроқаржыландыру, сақтандыру) сабақтас кәсiпорындарды дамытуды және қаржыландыруды.
Майлы және астық дақылдары нарығындағы болған ахуалды ескере отырып, осы жүйе құрайтын инвестициялық жобаны iске асыру өзектi болуда. Бiрақ, бұл жерде жер телiмiн сату немесе жалға беру туралы мәселе мүлдем қозғалған емес.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi «Қытайбұршақты өндiру, қайта өңдеу және сату бойынша Қазақстан-Қытай жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыс тобын құру туралы» Қазақстан Репсубликасы премьер-министрi өкiмiнiң жобасы әзiрленiп, құзыреттi мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға қарауға және келiсуге енгiздi. Мұнда қытайбұршақты қайта өңдеу және өндiрiсiн дамытуға инвестиция тартудың қолайлы мәселелерiн iске асыруға жұмыс тобын құруды көздейдi.
Сонымен қатар бұл мәселе туралы мынаны нақтылап айтып кеткен артық болмас. Бiзде 1,3 млн гектардан астам суармалы жер бар. Сол суармалы жерлердiң заңды иелерi бар. Ал, жердi қосалқы жалға беруге, яғни жер иесiнiң үшiншi адамға пайдалануға беруiне заң бойынша тыйым салынған. ҚР Жер кодексiнiң талаптарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлер шетелдiктердiң иелiгiнде болмайтыны туралы нақты жазылған. Қытайбұршақты тек қана суармалы жерлерде егуге болатынын ескеру керек. Қазiр, шамамен 50 мың гектар алқапқа қытайбұршақ егiледi. Егер аталған дәндi дақылға сұраныс көбейген жағдайда да егiс алқабын 200 мың гектарға дейiн ғана ұлғайтуға болады. Бұдан артық мүмкiн емес. Өйткенi, халық тұтынатын көкөнiс, жемiс, бау-бақшалық өнiмдерi, күрiш, қант қызылшасы, мақта алқаптары сияқты суармалы жерлерде өсетiн дақылдардың көлемiн қысқарта алмаймыз. Егер қытайбұршағының егiс алқабы 200 мың гектарға жеткеннiң өзiнде оны бiздiң шаруаларымыз игере алатын мүмкiндiгi бар.
Егер қытайбұршағы егiлетiн болса оңтүстiк-шығыс аймақтардағы суармалы жерлердiң пайдаланылатыны белгiлi. Бiрақ, Сiз сұрап отырғандай бiрлескен кәсiпорын құру туралы келiсiм жоқ. Ондай келiсiм жасалған күннiң өзiнде жердi бiрлесiп игеру туралы емес, өндiрiлген өнiмдi өңдеуге байланысты қаржылық қолдау көрсету мәселесi ұсынылуы мүмкiн. Қазiр астық сатумен айналысып жүрген трейдер компаниялар сияқты қытайбұршағының өнiмiн шетелге өткiзумен айналысатын компания құрылуы мүмкiн. Егер олар бiрлескен кәсiпорын ретiнде құрылатын болса, оның бақылау пакетi бiздiң мемлекеттiң еншiсiнде болатыны сөзсiз.
Тағы бiр мысал ретiнде келтiретiн болсақ. «Азық-түлiк келiсiмшарт корпорациясы» АҚ сияқты ерте көктемде шаруаларды қаржыландыру арқылы шаруалардың өнiм өндiруiне қолдау жасайды. Бiрақ, бұған дейiн бұл мәселе туралы қытай жағынан ұсыныс жасалған емес».
Кейбiр сұрақтардың жауаптарын нақтылау үшiн екi министрлiктiң баспасөз хатшысына хабарластық. Әсiресе, бiрiншi сұрағымызға тиянақты жауап алуға тырыстық. Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң баспасөз хатшысы Талғат Маханов: «Бұл мәселе көтерiлген емес», – деп жауап бергенiмен, Индустрия және сауда министрлiгiнiң баспасөз хатшысы Қайсар Жұмабайұлы: «Қазақстан аумағында 5 миллион тонна соя шығару жөнiндегi жобаны жасаған және бастаған Қазақстан жағы деп есептеңiз», – дедi нақтылап.Дилара ИСА
СОҢҒЫ ТҮЙIН:
Президенттiң аузынан шыққан бiр ауыз сөз дүйiм жұртты дүрлiктiрiп, қоғамда едәуiр дүрбелең туғызды. «Айтқаным – заң» деген қағидаға үйренiп қалған жоғары билiктiң бұл жолы аузы күйдi. «Қытай жер сұрап отыр» дегендi естiген қалың жұртшылық бұған өз қарсылығын бiлдiрiп, қаһарына мiнгенде лауазымды шенеунiктер өздерiн қоярға жер таппағандай әсер қалдырды. Ақырында, инвесторлармен кездесуде айтылған бiр ауыз сөздiң мағынасы «негiзсiз», ал одан кейiнгi әңгiмелер «арандату» болып шықты. А.Күрiшбаевтың орынбасары А.Евниевтiң сөзiн жоғарыда келтiрдiк. Ол министр бүгiп қалған «бiрлескен шаруашылық құру» туралы айтып қалды. Ал Күрiшбаев өз кезегiнде президент Назарбаевтың 1 миллион гектар жөнiндегi сөзiн мүлдем негiзсiз етiп көрсеттi. Сонда кiмге сенемiз? Президентке, премьер-министрге, министрге, әлде оның орынбасарына ма? Президенттiң бастапқы сөзiне қайта оралайық. Ол: «Мысалы, Қытай Халық Республикасы соя мен рапс өсiру үшiн бiзден 1 миллион гектар жер беруiмiздi сұрады», – дедi. Мұны не үшiн айтты? Өзiмiзде бар болғаны 1,3 млн гектар ғана суармалы жер қалғанын мемлекет басшысы бiлмей қалып па? Әлде әлгi дәндi-дақылдардың суармалы жерде ғана өсетiнiн түсiнбеп пе? Екеуiн де бiлсе керек қой. (Қанша дегенмен республиканың бұрынғы Министрлер кеңесiнiң төрағасы емес пе!) Егер Қытай жағы бiзден сонша жердi сұрағаны рас болса, президент нелiктен «бiзде ондай мүмкiндiк жоқ, айыпқа бұйырмаңыз!» демедi. Әлгi сөзi басқа елдердiң инвесторларына мақтан үшiн, қызықтыру үшiн айтылған жай әңгiме болса, мұны да жөн көрмеймiз. Нақтылы дерекке сүйенбеген бос сөздiң, мейлi ол президенттiң аузымен айтылса да, қадiрi жоқ.
Тағы бiр ескеретiн жайт, президент те, премьер-министр де «жердiң сатылмайтынын» ғана айтты. Жалға беру туралы жақ ашпады. Ал Ауыл шаруашылығы министрi «бiзде жер тек қана Қазақстан азаматтарына берiледi» деумен шектелдi. Жер кодексi бойынша шетелдiк азаматтарға да, азаматтығы жоқ адамдарға да жердiң 10 жылға дейiн жалға берiлетiнiн ешқайсысы ауызға алмады. Оны не үшiн жасырғаны күмән туғызады. Қытайға жер беру туралы әңгiмеге қазiрше нүкте қойылатын сияқты.
Бiрақ, қоғамдық күштердi «Қытай мәселесi» әлi де алаңдатып отыр. Өткен бiр жылдың iшiнде ғана Қазақстан билiгi дағдарыстан шығу үшiн Қытайдан 13 миллиард доллар қарыз алған. Бұдан бiрнеше сұрақ туындайды. Бiрiншiден, бұл қарызды не үшiн алдық? Қазiргi таңда елiмiздiң алтын-валюта қорларында 24 миллиард доллар бар. Бейжiңге кiрiптарлыққа түскенше, осы ақшаны неге жұмсамаймыз? Халық үшiн, мемлекеттiң ертеңi үшiн пайдаға асырмаған қаржы бiзге неге керек? Екiншiден, алтын-валюта қорында 2 триллион долларға жуық қаржысы бар Қытай үшiн 13 миллиард доллар теңiз түбiндегi тамшыдай. Ал Қазақстан үшiн бұл көп қаржы. Бiрақ, осы қарызды аспанасты елiнен қандай шарттармен алдық? Оны қалай қайтарамыз? Ақшаны ақшамен қайырамыз ба, әлде басқалай амалдары бар ма? Билiктен осы мәселенiң басын ашуды талап ететiн уақыт жеттi.
Ең бастысы, қоғамдық күштер бұл қауiптiң бетiн қайтарды. Егер БАҚ өкiлдерi, елiмiздiң саяси қайраткерлерi осы мәселенi көтермегенде, Ақорда қайтер едi? Үн-түнсiз жердi Қытайға ұстата салуы да ғажап емес едi. Сондықтан да, жер сұрау немесе оны беру туралы әңгiменiң тоқтатылуы – үлкен жеңiс. Зиялы қауым өкiлдерi, өнер, мәдениет қайраткерлерi, саяси ұйымдар, патриоттар, мерзiмдi басылым басшылары барлығы бiрлессе, тегеурiндi күш екенiн, бетiмен кеткен билiктi де ноқталауға болатынын дәлелдедi. Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.





Бұл мәселе бойынша берілген жауаптан тағы да бірнеше сұрақ бекерден-бекер туындап отырған жоқ.
Өкіметтің опоненттері мен опозиция (қазақ) әлі бірде-бір рет жеңіске жетіп көрген емес. Бұл жеңістің мыңнан бір бөлігі ғана. Жеңіске жету үшін өте көптеген жұмыстар атқару керек.