9 ақпан 2010
«Ұлтыңызды, тiлiңiздi ардақтаңыз!»

Қазақстан Республикасының президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа
АШЫҚ ХАТ
Құрметтi Президент!
Қазақстан халқы ассамблеясының XV сессиясында Сiз ұсынған «ел бiрлiгi» доктринасы зиялы қауым өкiлдерi, саяси партия жетекшiлерi, қоғамдық ұйымдардың белсендiлерi мен мерзiмдi басылым басшыларының және оларды қолдаған қалың көпшiлiктiң қарсылығына ұшырады әрi қоғам бұл құжатты қабылдамады. Бастауын американдық ұлттан алатын «қазақстандық ұлт» саясаты негiзiнде жасалған доктринаны қабылдау елiмiзде тiршiлiк етiп жатқан барлық ұлттарды жоюға алып баратын бiрден-бiр қадам болары сөзсiз едi. Сонымен қатар, «қазақстандық ұлт», «қазақстандық ел» немесе «ел бiрлiгi» саясаты (қалай атасақ та, бұл жымысқы идеяның мән- мазмұны өзгермейдi) мемлекетқұрушы қазақ ұлтының тiлi мен мәдениетiне, дiлi мен дiнiне, салт-санасы мен әдет-ғұрпына да шексiз қауiп төндiрерi сөзсiз.
Бүгiндерi ұлтымыздың тең жартысынан көбi өз ана тiлiнен, туған ұлтынан қол үзген. Жоғары билiкте отырған лауазымды шенеунiктердiң кемiнде 90 пайызының ұлты қазақ болғанымен, олардың басым көпшiлiгi мемлекеттiк тiлдi меңгермеген әрi тiлдi үйренуге, өз ана тiлiнде сөйлеуге де құлықсыз. Осындай жағдайда «қазақстандық ұлт» саясаты кiмнiң мақсат-мүддесi үшiн қызмет етпек?! Оны қоғамға тықпалап, ресми БАҚ-та насихаттаудың не қажетi бар? Мұның астарында қандай жоспар жатыр? Қоғамды мазалаған осындай сан қилы сауалдарға жауап әлi берiлген жоқ. Ал «қазақстандық ұлт» саясатын Қазақстан халқы ассамблеясында жасаған баяндамаңызда Сiз былай түсiндiрдiңiз: «Бiрiншi мәселе – ұлттық бiрлiктi бiз қалай түсiнемiз? Бұл бiздiң елде тұратын этникалық, дiни және басқа да әлеуметтiк-мәдени топтардың бiрiккен қауымдастығы болу деген сөз. Ең көпұлтты мемлекет – жүздеген этностар мекендейтiн АҚШ болса керек, бiрақ олардың бәрi де – американдықтар. Бразилияға ресми сапар барысында бұл елдiң де көпұлтты екенiн байқадым, бiрақ оның тұрғындарының бәрi – бразилиялықтар… Бiз осы жолмен жүруiмiз керек...». Мемлекетқұрушы ұлттары жоқ АҚШ-тың да, Бразилияның да бiзге үлгi бола алмасы анық. Бiз ол жолмен жүре алмаймыз. Сондықтан да, әлгiндей пiкiрдi дүйiм жұрт «көзбояушылық» ретiнде ғана қабылдайды. «Қазақстандық ұлттың» астарында барлық ұлттардан бiр ұлт жасап, В.Ленин, И.Сталин, Мао Цзедун тәрiздi халық көсемi атану, сөйтiп, халықаралық қауымдастық алдында бедел жинау мақсаты жатқанына қазiр көпшiлiктiң көзi жеттi. Ұлтты жою арқылы әлем алдында бедел жинағаннан гөрi ұлттық мүдде жолындағы күрес әлдеқайда қасиеттi қадам болмақ. Сiз бастаған жоғары билiк осыны ұмытпаса екен. Сол себептен бiз Сiздi «қазақстандық ұлт» саясаты тәрiздi жымысқы идеядан түбегейлi бас тартуға шақырамыз!
2008 жылы «Жас Алаш», «Қазақстан», «Ана тiлi» газеттерiнде және басқа да бiрқатар орыстiлдi басылымдарда «Республика басшылары! Сiздер мемлекеттiк тiлдi сыйлаңыздар, оның мәртебесi мен абыройын аяқасты етпеңiздер!» деген тақырыппен Сiздiң өзiңiзге, ҚР премьер-министрi мен парламент депутаттарына 10 мыңға тарта алматылық студент қолдаған ашық хат жолдаған болатынбыз. Онда «...болашақта мемлекет басшысы ретiндегi ресми сапарларыңызда, шет мемлекеттердiң лауазымды тұлғалары мен басшыларын қабылдауда, ресми басқосуларда, мемлекетаралық келiссөздер жүргiзуде және ел iшiнде сөйлеген сөздерiңiзде мемлекеттiк тiлдi қолдануыңыз Қазақстан халқының шексiз мақтанышын тудырары даусыз деп сенемiз! Мемлекет басшысы мемлекеттiк тiлде сөйлеуi тиiс деген ұстанымды қолдаймыз» дегенге баса тоқталып, Сiздi барлық ресми жиындарда мемлекеттiк тiлде сөйлеуге шақырған болатынбыз. Өкiнiшке қарай, бiздiң талап-тiлегiмiз ескерусiз қалды. 2009 жылы 22 желтоқсан күнi бiрқатар БАҚ басшыларымен кездесуде осы мәселеге қатысты Сiз былай дедiңiз: «Я не могу быть президентом, не говоря на языке, понятном всем, кто за меня голосовал. За меня голосовало 90 процентов населения. Как же я могу не говорить на языке, понятном всем гражданам?”. Бұл ұстаныммен бiз түбегейлi келiспеймiз. Бұлай деуiмiзге екi себеп бар. Бiрiншiден, елiмiздегi қазақ ұлтының үлес салмағы 63 пайыздан асып, оның саны 10 миллионға жеттi. Яғни, Сiздi қолдаған халықтың 90 пайызының басым көпшiлiгi мемлекетқұрушы ұлт өкiлдерi емес пе? Онда неге солардың тiлiнде сөйлемеске? Әлде бұл мемлекеттiк тiлдi мұқатудың бiр амалы ма?! Екiншiден, бүгiнгi таңда Қазақстандағы бүкiл мемлекеттiк билiк тек Сiздiң ғана қолыңызда. Осы орайда белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi А.Сәрсенбайұлының мына сөздерi есiмiзге түстi. Ол былай деген едi: «Мәселен, егер Н.Назарбаев ресми орындарда тек қазақтiлiнде сөйлей бастаса, қазақ тiлiнiң толыққанды мемлекеттiк тiлге айналу мүмкiндiгi 90 пайызға артады. Себебi, Қазақстан мемлекетiндегi шенеунiктердiң 90 пайызы – қазақтар мен қазақ тiлдiлер. Егер президент: «Жiгiттер, бiз ендi тiлiмiздi аяқасты ете алмаймыз, сондықтан да, мен қазақ тiлiнде сөйлеймiн, үлкен мiнберден айтылатын сөздердiң барлығын теледидар қазақ тiлiнде, содан кейiн орыс тiлiнде iлеспе аудармамен берiп отыратын болса, өзгелер ренжiмес», - десе, онда орыстiлдiлер де қажеттi ақпаратын алып отырады және ана тiлiмiзде сөйлеу үрдiсi қалыптасады». Сөздерiңiздiң бiрiнде бұл ойды Сiз де растағандай болдыңыз. «Мне по жизни как президенту страны приходится всем заниматься: и экономикой, и медициной, и образованием, и здравоохранением. Если я начинаю играть в теннис, то весь Казахстан тоже начинает играть. Никто раньше не ездил на Шымбулак, но когда я в 55 лет впервые встал на горные лыжи и стал кататься, многие последовали моему примеру. Теперь на Шымбулак проехать невозможно. Или вот на лошадях я стал кататься - стали возрождаться конезаводы», - деген сөзiңiздiң өзi осы мәселенiң кiлтi өзiңiзде тұрғанын құптай түседi. Бұдан түсiнгенiмiз, Сiз мемлекеттiк тiлде сөйлей бастасаңыз, жоғары билiк те, облыс, аудан, ауыл әкiмдерi де, мектеп директоры да, тiптi қарапайым мемлекеттiк қызметкерлер де қазақ тiлiнде сөйлейтiнi анық. Осы арқылы мемлекеттiк тiлдi дамытуға бюджеттен бөлiнiп жатқан қаржыны үнемдеуге, қоғамдағы түсiнiспеушiлiктердi реттеуге болар едi. Мәселен, Сiздiң кеңесшiңiз Ермұхамет Ертiсбаев «Экспресс – К» газетiне берген сұхбатында былай дедi: «...начиная с 1991 года львиная доля всех бюджетных затрат в гуманитарной сфере шла на возрождение казахской культуры и языка, создание казахской государственности (для меня «казахская» и «казахстанская государственность» - одно и то же)». Бiр сөзбен айтқанда, егер Сiз мемлекеттiк тiлдi жоғары құрметтеп, ардақтай бiлсеңiз, өзгелерi де осы өнегеден үлгi алар едi. Бұған бiз сенемiз. Бұл – ақиқат.
Қадiрлi Нұрсұлтан Әбiшұлы!
Мұхтар Шаханов бастаған ұлт тұлғалары құрамына кiрген «Тәуелсiздiктi қорғау» халықтық қозғалысын құру жөнiндегi кеңес 19 қаңтар күнi «Ел бiрлiгi» доктринасының орнына «Қазақстан Республикасы Ұлттық саясатының тұжырымдамасын» қабылдады. Бiздiң түсiнiгiмiзше, бұл құжаттың өзегi – бiрiншiден, қазақ ұлтын мемлекетқұрушы ұлт ретiнде мойындау, ұлтты жоюға бастайтын «қазақстандық ұлт» саясатынан бас тарту, барша азаматтарды қазақ ұлтының маңында топтастыру, тәуелсiздiгiмiздi баянды ету, қазақ тiлiн шын мәнiндегi мемлекеттiк тiл деңгейiне жеткiзiп, оны барлық этностарды бiрiктiретiн факторға айналдыру, екiншiден, Қазақстан Республикасының атауын «Қазақ Республикасына» ауыстыру. Сонымен қатар, бұл құжатта елiмiздегi тату, бейбiт өмiрдi сақтай отырып, ұлттық саясатты қалай жүргiзу керектiгi дұрыс әрi орынды көрсетiлген. Ұлтымыздың баянды келешегi үшiн бұл аса қажеттi құжат. Сондықтан да, бiз Сiзден «Ел бiрлiгi» доктринасынан бас тартып, оны халық талқысынан түсiрудi, оның орнына ұлт жанашырлары дайындаған «Ұлттық саясат тұжырымдамасын» заңды құжат ретiнде қабылдауды сұраймыз!
«Тәуелсiздiктi қорғау» халықтық қозғалысының бастаған iсiн толық қолдайтынымызды, қажет жағдайда, оның қатарына да өтуге дайын екенiмiздi мәлiмдеймiз! Егер жоғары билiк өкiлдерi ұлт тұлғаларының және оны қолдаған халықтың талап-тiлегiн ескерусiз қалдырса, бiз заң жолымен тыйым салынбайтын наразылық шараларының барлық түрiне қатысатынымызды және оны ұйымдастыру iстерiн қолға алатынымызды ескертемiз!
Қадiрмендi Президент!
Ұлт мәселесi кейбiр кеңесшiлер сияқты кекетiп-мұқатуды, ойын-мысқылды көтермейтiн аса нәзiк проблема. Сонымен қатар, ұлт мәселесiнде шалажансар шимайлар мен бағыты бұлдыр бастамалардың шашбауын көтеруге болмайды. Бiз Сiздi бiлгiр саясаткер, тәжiрибелi лауазымды шенеунiк ретiнде бiлемiз әрi сыйлаймыз. Өзiмiздiң талабымызды айтып, Сiзге хат жазуымыздың себебi де сонда. Жоғарыда айтылған мәселелердi ескерiп, саяси дұрыс шешiм қабылдайсыз деген үмiттемiз.
Жанболат МАМАЙ, «Рух пен тiл» клубының жетекшiсi, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы сыйлықтың лауреаты; Дәурен БАБАМҰРАТОВ, Республикалық «Болашақ» қозғалысының жетекшiсi, «Болашақ» газетiнiң бас редакторы; Азамат ЖЕТПIСБАЕВ «Абырой» жастар қозғалысының төрағасы; Ырысбек ДӘБЕЙ, «Алаң» жастар әдеби бiрлестiгiнiң жетекшiсi; Ернат ӘЛIМҒАЗИЕВ, «Азат» ЖСДП Жастар қанатының жетекшiсi; Серiк ЖОЛДАСБАЙ, «Алаш» қозғалысының төрағасы; Ақберен ЕЛГЕЗЕК, ақын, «Серпер» және Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты; Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ, ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивальiнiң бас жүлдегерi; Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ, ақын, «Серпер» сыйлығының иегерi; Бейбiт САРЫБАЙ, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшiсi; Дархан БЕЙСЕНБЕК, жазушы; Ықылас ОЖАЙ, ақын, «Сарыарқа» журналының бас редакторының орынбасары; Мақсат РАМАЗАНҰЛЫ, жазушы, «Қазақ радиосының» қызметкерi; Жанбота ҚАРАШОЛАҚОВ, саясаттанушы; Ғадiлбек ӘКIМ, әлеуметтанушы; Шынар САҒЫНДЫҚОВА, журналист; Өмiржан ӘБДIХАЛЫҚ, журналист; Өркен КЕНЖЕБЕК, «Жас қазақ» газетiнiң саяси шолушысы; Ұларбек БАЙТАЙЛАҚ, ақын; Мирас НУРМУХАНБЕТОВ, «Свобода слова» газетiнiң тiлшiсi, публицист; Артур НЫҒМЕТОВ, журналист; Дина БАЙДIЛДАЕВА, «Азат» ЖСДП Оңтүстiк Қазақстан облыстық бөлiмшесiнiң белсендiсi; Кәмшат ТАСБОЛАТ, журналист; Жанна БАЙТЕЛОВА, «Голос Республики» газетiнiң тiлшiсi; Дiнмұхамед ЗИЯДИН, журналист; Дилара ИСА, «Жас Алаш» газетiнiң тiлшiсi; Мөлдiр АСҚАРҚЫЗЫ, журналист; Еркiнбек ТҰРҒЫНОВ, «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысының алқа мүшесi; Бауыржан БЕРIКҰЛЫ, ақын; Қарагөз СМАДIЛ, журналист; Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ, экономика шолушысы; Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ, журналист; Есбол СОЦИАЛХАНҰЛЫ, ақын; Рауан ОҚАСОВ, журналист; Дилярам АРКИН, журналист; Бейбiт МОЛДАХМЕТ, «Жалын» журналының тiлшiсi; Инга ИМАНБАЙ, журналист; Ербол АЛШЫНБАЙ, ақын; Нұрболат АМАНЖОЛ, журналист; Олжас СӘНДIБЕКҰЛЫ, ақын, публицист; Думан БЫҚАЙ, журналист; Саламат ОМАШ, журналист; Мәди БЕКМАҒАНБЕТОВ, журналист; Гүлнәр ДIЛДӘХАНҚЫЗЫ, журналист; Санат УРНАЛИЕВ, журналист; Жасұлан МАЙЛЫБАЙ, журналист; Кәмшат ӘБIЛҚЫЗЫ, журналист; Азиз ОРАЗБАЙ, журналист; Серiк ЖҰМАБАЕВ, журналист; Саян ЕСЖАН, журналист; Еркiн ИСАХАН, журналист; Шынар АСАНҚЫЗЫ, журналист және т.б.
Президентке жолданған үндеудi қазiрдiң өзiнде Алматы мен Астана қалаларының, Оңтүстiк Қазақстан облысының 7 мыңға тарта студентi қолдады. Қол қою әлi жалғасуда





Уәж айту