11 ақпан 2010
Тәуелсiз басылымдар жеңiске жеттi

Белгiлi кәсiпкер, БТА банкiнiң бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтiң елiмiздiң құқық қорғау орындарына, ҚХР жетекшiлерiне жазған хаты қоғамда үлкен серпiлiс туғызды. Онда М.Әблязов президенттiң ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевты шетелдiктерден аса iрi көлемде пара алды, 2 миллиард долларды қымқырды-мыс деп айыптаған. Сөзiн дәлелдеу үшiн қуғындағы оппозиция жетекшiсi жолдаған хатына тиiстi құжаттарды тiркеп жiбердi. Әблязовтiң келтiрген дәлелдерi мен дәйектерi қоғамда үлкен дау-жанжал туғызып, елiмiздiң тәуелсiз басылымдарының барлығы дерлiк бұл туралы жазды.
Өткен аптаның басында осы мәселе төңiрегiнде жазған, Тимур Құлыбаевтың атын атаған тәуелсiз басылымдар жаппай қудаланды. Медеу аудандық соты Дана Махметованың шешiмiне сәйкес, «Тимур Құлыбаевтың ар-намысына тиген», газетте оның атын атаған басылымдардың таралымы саудадан алынып, оларды тәркiлеу басталды. Ең қызығы, елiмiздiң барлық бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте «Тимур Құлыбаев» атын атауға қатаң тыйым салынып, бұған бағынбаған басылымдарды жазалау науқаны жүзеге асты. Бейсенбi күнi «Тимур Құлыбаев – екiншi президент?» тақырыбымен бiрiншi бетiнен ақпараттық мақала басқан «Свобода слова» газетi де тәркiлене бастады. Осылайша, президенттiң ортаншы күйеу баласына сот «шаң жуытпай», оның «ар-намысын қорғамақ» болды.
Мұндай заңсыздыққа наразылық танытқан тәуелсiз БАҚ жетекшiлерi «Азат» ЖСДП кеңсесiнде жиналып, арнайы кеңес ашты. «Жас Алаш», «Свобода слова», «Общественная позиция», «Голос Республики», «Қазақстан», «Взгляд», «Азат», «Алға» газеттерiнiң бас редакторлары, «Журналисты в беде» қорының жетекшiсi Розлана Таукина және «Әдiл сөз» халықаралық ұйымының төрайымы Тамара Калеева Вена қаласындағы ЕҚЫҰ Штаб- пәтерiне барып, оның төрағасы Қанат Саудабаевқа өз наразылықтарын бiлдiретiнiн ашық мәлiмдедi. Сонымен қатар, тәуелсiз басылым басшылары Медеу аудандық сотының шешiмiне шағымданып, Д.Махметовамен келiспейтiнiн де мәлiмдедi. «Свобода слова» газетiнiң бас редакторы Гүлжан Ерғалиева бейсенбi күнi таратқан мәлiмдемесiнде «соттың шешiмiне бағынбайтынын, мұны заңсыз деп санайтынын әрi азаматтық келiспеушiлiк бiлдiретiнiн» айтты. Олар өздерiнiң позициясынан қайтпайтынын, егер қысым тоқтамаса, газеттi шығаруын тоқтататынын да мәлiм еттi.
iр сөзбен айтқанда, Мұхтар Әблязов хатының нәтижесiнде туындаған даудың екiншi жағы көрiндi. Тәуелсiз журналистердi қолдаған «Азат» ЖСДП, тiркелмеген «Алға» партиясы мен Коммунистiк партия тәуелсiз басылымдардың шағымы қаралатын күнi өзiнiң жақтастарын Медеу аудандық сотының алдына жинап, пикет өткiзетiнiн жеткiздi.
Билiк те бұл мәселенi тiкелей өзiнiң бақылауына алатынын мәлiмдедi. ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми журналистердiң талап-тiлегi бойынша бұл iске ерекше назар аударатынын айтты. Ал Жоғары соттың төрағасы М.Әлiмбеков «Медеу аудандық соты қателесуi де мүмкiн» деген уәж айтты. Қысқасы, қоғамдық күштердiң серпiлiсiнен жоғары билiк те қатты сескендi.
Сейсенбi күнi Медеу аудандық сотының алдына тәуелсiз басылым басшылары, саяси партия жетекшiлерi, қоғам қайраткерлерi, журналистер мен қарапайым жұртшылық жиналып, соттың шешiмiне өз қарсылығын бiлдiрдi. Мұның «заңсыз» екенiн айтып, халықтың тарауын сұраған прокурор өзiн «Әуезов ауданынан келдiм» деп таныстырды. «Әуезов ауданынан келсеңiз, мұнда не iстеп жүрсiз, бұл Медеу ауданы емес пе?» деген сауал қойылды ортадан. Прокурор қағазына үңiлiп, «қазiр түзетемiз» деп жауап бердi. Бұған жұрт ду ете қалды. Жұртшылықтың тарамайтынын түсiнген құқық қорғау қызметкерлерi жиналғандарды сот залына кiргiзуге мәжбүр болды. Алғашында сот процесi жабық өтетiн болып, Махметова жиналғандарды сот залына кiргiзгiсi келмедi. Алайда, «Азат» ЖСДП тең төрағасы Болат Әбiлев бастаған топ Медеу аудандық сотының төрағасына кiрiп, журналистердi iшке кiргiзудi талап еттi. Олардың талаптары орындалды.
Сот Махметованың өз шешiмiн өзi өзгертетiнiне журналистер қауымы сенген жоқ. Тимур Құлыбаевтың өкiлi президенттiң ортаншы күйеу баласы туралы жазған газеттердi жазалауды сұрады. Тәуелсiз басылымдардың мүддесiн қорғаған заңгер Сергей Уткин Құлыбаевтың «арыз-шағымын қараусыз қалдыруды» талап еттi. Қысқа ғана уақытқа созылған сот процесiнiң шешiмiн шығару үшiн Махметова 20 минут уақыт сұрады. Нәтижесiнде, сот Дана Махметова журналистер қауымының талап-тiлегiн орындап, Құлыбаевтың арыз-шағымын қараусыз қалдырды. Сот өзiнiң 2010 жыл 1 ақпан күнi шығарған шешiмiнiң күшiн жойып, президенттiң ортаншы күйеу баласы төлеген 2121 теңге баж салығын оған қайтарып беруге шешiм шығарды. Махметованың шешiмiн сот залына жиналған журналистер қауымы қол соғып қарсы алды. «Бұл қазақстандық әдiлеттi соттың алғашқы әдiлеттi шешiмi» деп бағалады мұны жұртшылық. «Бұл сот тәуелсiз басылым басшылары мен журналистер қауымы ауызбiрлiк көрсетсе, алынбайтын қамалдың жоқ екенiн көрсеттi. Бүгiн әдiлеттiлiк жеңдi! Бәрiңдi құттықтаймын», – дедi заңгер Сергей Уткин.
Түстен кейiн тәуелсiз басылым басшылары мен партия жетекшiлерi баспасөз мәслихатын өткiздi. «Жас Алаш» газетiнiң бас редакторы Рысбек Сәрсенбай былай дедi: «Бұрыннан да «Жас Алашқа» аңду, тору жасалып келе жатыр. Газет шығатын күнi баспаханада арнайы қызметкерлер газеттi алдын ала оқып, өздерiне керек мәселелердi жазып алып жүредi. Оны олар жасырмайды да. Жоғары соттың төрағасы Әлiмбеков «журналистер сотты мазақтап жазады, оларды жеңiл жүрiстi әйелдерге теңейдi» деп өкпе-ренiшiн бiлдiрдi. Ал олардың мына тiрлiгiн қалай бағалаймыз? Құлыбаевтың шағымын қарайды да, оның пайдасына шешiм шығарды. Содан кейiн тәуелсiз басылым басшыларының наразылығын дұрыс деп тауып, оның арыз-шағымын керi қайтарды. Демек, журналистердiң теңеуiнiң дұрыс болғаны ғой: бүгiнгi қазақстандық сот шындығында жеңiл жүрiстi әйел сияқты. Бұл сот заңға, әдiлдiкке қызмет етпейдi, билiк басындағы шенеунiктерге, олардың отбасы үшiн жұмыс iстейдi». «Свобода слова» газетiнiң бас редакторы Гүлжан Ерғалиева Тимур Құлыбаевтың өзiн сотқа беретiнiн мәлiмдедi. «Бiздiң таралымымыздың ары кетсе 10 пайызын ғана тәркiледi. Қалғандары халыққа тарап кеттi. Мәселе онда емес. Құлыбаев бiзге моральдық шығын келтiрдi. Соны қайтарып алғым келедi. Одан қанша ақша талап ететiнiмдi әлi бiлмеймiн. Бiрақ, Әблязов өзiнiң деректерiнде Құлыбаев 2 миллиард долларды қымқырды деген мәселенi айтты. Мiне, сонысы рас болса, осы ақшаны халыққа қайтарғым келедi. Оны алсам, бәрiн де жұртқа таратып беремiн», – дедi ол. Құлыбаевты сотқа беру мәселесiн «Взгляд» газетiнiң басшысы Игорь Винявский де қолдады. «Әдiл сөз» халықаралық ұйымының жетекшiсi Тамара Калеева «цензураға елiмiзде орын жоқ екенiн» айтты. Сонымен қатар журналистер қауымы «Свобода слова» газетiн басқан «Время-принт» баспаханасының директорын жауапқа тартуды тоқтатуды талап еттi. «Журналисты в беде» ұйымының төрайымы Розлана Таукина халықаралық қауымдастықтың да басылымдарға қысым жасауды тоқтатуды талап етiп отырғанын айтты.
Журналистер алған бетiнен қайтпайтынын мәлiмдеп отыр. «Бұл уақытша ғана жеңiс болуы мүмкiн», – дейдi олар. Себебi, билiк халықаралық ұйымдардың наразылығынан, тәуелсiз басылым басшыларының бiрiгуiнен сескендi. ЕҚЫҰ төрағалығы кезiнде мұндай дау-дамайдың билiк үшiн қажетi жоқ екенi түсiнiктi. Сондықтан да, олар керi шегiнуге мәжбүр болды. Бiрақ, Т.Құлыбаев өзiнiң құқық қорғау орындарына шағымданғанын мәлiмдедi. Демек, күрес әлi тоқтаған жоқ. Ал демократиялық басылым басшылары Венада наразылық шараларын өткiзу идеясынан әлi де бас тартқан жоқ.
Жанболат МАМАЙ





Уәж айту