23 ақпан 2010
«Құлыбаев ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiрдi»

Бар нәрсеге екi шоқып, бiр қарайтын адамдардың басына «Әблязов ақжүрек болса, бұрын елде жүрген кезiнде мынадай сорақы әрекеттердi дәлелдейтiн қолындағы құжаттарды неге жария етпеген?» деген сұрақ сап етерi сөзсiз. «Свобода Слова» (№7, 2010 жыл, 18 ақпан) басылымы арқылы ол бұл құжаттардың қолына жақында ғана түскенiн айтқан. Бiрақ оны қандай жолмен және кiмнен алғаны ашып айтылмаған.
Тимур Құлыбаевтың тақ мұрагерiнiң бiрi екенi жиi сөз болады. Әкесi Асқар Құлыбаев та жақында «журналистердi қабырғаға тұрғызып, оқ жаудыру керек екенiн» айтқан сұхбатында ұлын тақтан көргiсi келетiнiн байқатып алды. Бiр қызығы, құзырлы орындар Құлыбаевтың Форб журналына iлiккен әлемдегi ең бай адамдардың бiрi – миллиардер, ел президентiнiң ортаншы күйеу баласы екенiне (!) қарамастан Әблязов жолдаған шағымды қабылдап алған.
Бұл жағдайларды сан-саққа жүгiртушiлер бар. Мәселен былай: «жоғары лауазымды шенеунiктердiң бiрi Құлыбаевпен қиян-кескi күресiп жатыр екен, Әблязов пен билiк Құлыбаевқа қарсы күресте өзара уағдаластық жасапты немесе билiк «бiзде демократия бар» деу үшiн ғана бұл шағымды қаперге алған, бiрақ нәтижесi ел күткендей болмай шығады, әлi-ақ көресiңдер», тағысын тағылар.
Әблязовтiң өзi мұның бәрiн жоққа шығарады. Оның пiкiрiнше, бұл жерде ешқандай демократия елесi де, көрпе астындағы күрестiң де нышаны жоқ. Құжаттар пошта арқылы келгендiктен, қарапайым бюрократиялық тетiк iске қосылып, билiк оны қабылдауға мәжбүр. «Жасыратыны жоқ, менiң саяси есебiм бар: мемлекеттiк органдар да, қоғам да шынайы әрi құжаттар арқылы дәйектелген бiрдей ақпарат алады. Азаматтар өз пiкiрi мен ресми көзқарасты салыстырып көредi. Осы екi көзқарастың арасында жер мен көктей айырмашылық боларына сенiмiм кәмiл. Бұдан соң «бiз қандай мемлекетте тұрып жатырмыз, бiздi басқарып отырған кiмдер?» деп көп азаматтар ойланатын болады», – дейдi Әблязов.
Демек, бұл сөзiмен ол мәселенiң саяси астары туралы сұраққа жауап берiп қойды. Қалай десек те, саяси тайталастың да пайдасы бар. Қоғам үшiн жабық шымылдық түрiлiп, бiраз шындық қылаң бередi. «Тимур Құлыбаев ешқашан кәсiпкерлiкпен айналыспағанын бүкiл ел бiледi. Оның «бизнесi» – тек қана Назарбаевпен туыстық қарым-қатынасын пайдалану. Ешқандай жауапкершiлiксiз, ойына келгенiн жасап жүргендерi таңғалдырады. Ұрлықтары ұлттық қауiпсiздiкке де тiкелей қауiп төндiрiп отыр. Елiмiздiң мұнай саласының 40 пайызы Қытайдың ұлттық компанияларының қанжығасына байланып кеттi. Бұл түйткiлдi шешу бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз үшiн де ауыртпалық әкеледi», – дейдi Әблязов.
Оған сенсек, қызмет бабын асыра пайдаланп, ел активтерi құпия түрде сыпыра сатылып жатыр. Бұдан түскен миллиардтар оған бақылаусыз билiк сыйлайды. «Басқа да жоғары лауазымды шенеунiктер түкке алғысыз қағазды сылтау етiп, әдеп сақтауға тырысса, Тимурға ешқандай шектеу жоқ. Журналистер мұны өз көзiмен көрдi, ал ел бизнесi болса, көресiсiн бұрыннан көрiп келедi», – дейдi Әблязов.
«Свобода Слова» тiлшiсiмен сұхбатта «Қазатомөнеркәсiптiң» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшевтiң тұтқындалуына қатысты тың деректер айтылады. 2002 жылы М. Әблязов түрмеге қамалған кезде оны босату үшiн М.Жәкiшевтiң барын салғаны, тiптi ашық саясатпен ендiгәрi айналыспайды деп Назарбаевқа өзi кепiл болғаны белгiлi. Мұны достыққа берiк Жәкiшев Әблязовқа түрмеден шыққан соң бiр-ақ айтқан. Үкiмет БТА банктi тартып алып, Әблязов шетелге қашқан кезде билiк Жәкiшевтi келiссөз жүргiзушi етiп пайдаланбақшы болыпты. Әблязов: «өзiңнiң басың кетедi, айбайла» деп мұндай келiссөздерге қатыспауын өтiнген.
«Оны алдап соғатынын бiлiп, елге қайтушы болма деп ескерттiм. Тұтқындалған күнге дейiн елден кетуге үгiттедiм. Өкiнiшке қарай, ол әлi Назарбаевқа сенетiн едi. Қараңыздаршы, ендi билiктiң оған не iстеп жатқанын! Елiмiзге сiңiрген еңбегi үшiн айтқан алғысы осы ма?», – дейдi Әблязов.
Мұнда айтылған деректердiң бәрi төбе шашыңды тiк тұрғызады. Рас болса, онда бiздiң шынымен де, патша – құдайдың жердегi көлеңкесi, мемлекет мүлкi билеушiнiң жеке меншiгi болып есептелiнетiн, ханзадалардың iсi талқылауға түспейтiн, кепiлдiкке мал-мүлiк емес, адамның басы қойылатын орта ғасырда өмiр сүрiп жатқанымыз ба?
Ш. Жарқымбек.





Уәж айту