4 наурыз 2010
«Нұротанның» Ордабаевы ойран салды

Дүйсенбiде Ақтөбедегi Достық үйiнде ассамблеяның жергiлiктi бөлiмшесi мен «нұротандықтар» бiрлесiп, ассамблеяның 15 жылдығын атапөттi. Мейлi, өте берсiн. Бұрынғы пошта бастығы, облыстық мәслихаттың қазiргi хатшысы әрi «Нұр Отанның» жергiлiктi жетекшiсi Балғали Ордабаевтың диаспораларды жинап, ұлтаралық қатынасқа шоқ салып жiбергенiн түсiнбедiк. Осы жиында Ордабаев «бiзде халықтар достығын қамтамасыз етiп отырған – ассамблея ғана» деп мәлiмдедi. Жылма-жыл мәдени орталықтар санының көбейiп келе жатқанына қуанышын жасырмады. Бастан аяқ орысша сөйлеген Балғабаев көп қазақтың iшiнде қамалып отырғандай диаспора өкiлдерiне мұңын шақты.
Ассамблеяшыл Ордабаевтың одасында мемлекеттiң диаспораларға қамқорлық жасап отырғаны, дағдарысқа қарамастан осындай тамаша ғимарат тұрғызып, мәдени орталықтардың жұмысын жандандырғаны жөнiнде бiр сөз жоқ. Екiншi болып мiнбеге көтерiлген қалалық мәслихат депутаты Константин Цхай сөздiң басын Мұхтар Шахановқа тiл тигiзуден бастады: «дамыған елдердiң Конституцияларын қарап шықтым, жеке бiр ұлтқа артықшылық берiлгенiн көрмедiм. Қазақ неге басқа ұлттан айрықшалануы тиiс? Қазақты неге даралайсыңдар? Тiлдi зорлап үйретуге болмайды». Қысқасы, Шахановтың iсi – абсурд!
Ассамблеяның 15 жылдығына арналған жиында қазақ ұлтына қарсы былапыт басталып кеттi. Зал толы мәдени орталық өкiлдерi, арасында бiрен-саран студент жастар мен iрiктелiп шақырылған «нұротандықтар». Қоғамдық ұйымдар, партия өкiлдерi көрiнбейдi. Тiптi, билiктiң «дежурный» шалдары да жоқ. Аудитория аң-таң. Аң-таң болатын себебi, Ақтөбеде жұрттың бәрiн жинап алып, қазақты, соның iшiнде қазақтың ұлтшылдарын жамандауға арналған жиын ешқашан өтiп көрген емес.
Шыны керек, жергiлiктi билiк те, «нұротандықтар» да ұлттық мәселелердi қозғаудан қашқақтайтын. Оның үстiне, Ақтөбе облысында ұлтаралық қайшылық осы кезге дейiн туындаған жоқ. «Сен – қазақсың, сен – басқа ұлтсың» дегендi мәдениеттi жанның аузынан естiмедiк. Осы бiр нәзiк мәселенi есi дұрыс жан шұқыламайды. «Нұр Отанның» Балғабаевы ұйымдастырған ұлтты жiлiктеу жиыны қыза түстi: қазаққа артықшылық беруге болмайды! Бiртүрлi жиын. Бiртүрлi сөздер. Шыдау мүмкiн емес. Қазақтың балаларын оқыту арқылы университеттiң нанын жеп жүрген Цхай өрши түстi. Себебi, елдiң сөзiн сөйлейтiн Ақтөбедегi санаулы азаматтар залда жоқ. Ордабаев мiнбеден қызықтап отыр. Жанында «нұротандық орынбасар» Еркеш Қалиев.
Жалғыз қалған «Қазақ тiлi» қоғамын басқаратын ақсақал Кемейдулла Төлеубайұлы атып тұрды: «Балғали! Күн тәртiбiнен ауытқыдың. Неге баяндаманы орысша жасадың? Неге ұлттық мәселенi ассамблеяға тықпалап отырсың? Елiмiзде ұлтаралық татулық сақталынып келсе, ЕҚЫҰ-ға төраға болып жатса, бұл ең алдымен қазақтың ниетiнiң түзулiгiнен. Мемлекетiмiз, президентiмiз Қазақстандағы әр диаспораның өсiп өркендеуiне жақсы жағдай жасап отыр. Мынадай тамаша, зәулiм ғимарат салып бердi. Қаржылай қолдау көрсетiп жатыр. Сендер, осыны неге айтпайсыңдар. Бiзде мемлекеттiк тiлдiң аяқасты болып жатқаны, жақсы iстердiң көрiнбей қалғаны мемлекеттiк қызметтегi Балғали, Еркеш сияқты азаматтардың өз мiндеттерiн дұрыс атқармауынан». Ақсақалға қарсы мәдени орталықтың жетекшiсi Матвиенко бастағандар өре түрегелдi: «Хватит! Прекратите!». Аяқтарымен тарсылдатты, ақыры ақсақалды сөйлетпедi. Залдағы студенттер өре түрегелдi: «Кемейдулла ағай дұрысын айтып отыр!». Кемейдулла Төлеубайұлы тұрды да шығып жүре бердi, соңынан «Нұр Отанның» бiрнеше депутаттары iлестi.
Осылайша Ордабаевтың оңаша жиынынан өрт шықты. Сөйтсе, Ақтөбедегi саяси температураға жауапты бұрынғы почтальон ассамблея жиынын сылтауратып, баяғы әндi қайта бастамақ екен: «Билiк ұсынған доктринаны көпұлтты Ақтөбе қолдайды!». Сөйтiп, Ордабаев қолданысқа жаңадан тiркес қосты: «көпұлтты Ақтөбе»... Көпұлтты Ақтөбе дегендi осыған дейiн бiрде-бiр саяси партия өкiлiнен, тiптi билiктен де естiген жоқ едiк. Басқа ұлт өкiлдерi де ешқашан көпұлтты Ақтөбе деп айтқан емес.
Ақтөбеден соңғы уақытта табансыз ұсыныс, өрескел жобалар шығып жатыр, шығып жатыр... Тәуелсiз Қазақстанның аяқтан тiк тұруына өлшеусiз еңбек сiңiрген тұлғалар – Марат Оспанов, Нағашыбай Шәйкенов туған топырақтан мұндай саяси сауатсыз әрi арандатушы әңгiмелер шықпауы тиiс едi. Не болды? «Мәңгiлiк президент» идеясының авторы Зәкiратдин Байдосовты әзер тоқтатқанбыз. Қазiр өзiн-өзi сыйлайтын кез келген ақтөбелiк Байдосовты көрсе, айналып өтедi. Ендi Ордабаевы, Цхайы бас көтердi. Бұл не? Мазақ па? Әлде тыныш жатқан елдi бүлдiру әрекетi ме?
Ордабаев ойран салды. Ендi осы билiк партиясына жауапты тұлғаның iс-әрекетiн қадағалайтын боламыз. Көтере алмайтын шоқпарды белiне қайта қыстырмақ Ордабаевтың «көпұлтты Ақтөбедегi» саяси климатты реттеу әрекетi басқа арнаға бұрылып кетуi мүмкiн. Қолыңнан келмейтiн iске басыңды тықпа деген бар ғой. Шахановты қаралайтындай Ордабаев пен Цхай кiм едi? Бұлар танымал тұлғалар емес, елге не еңбек сiңiрдi? Шетiн мәселенiң шетiн басып кеткесiн, тiптi «нұротандықтар» да үнсiз қарсылық көрсетiп, шығып кеттi. Шахановқа қарсы сөз айтылса, қазiр қазақтың қаны қызады.
Көпшiлiк не дейдi? Облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Келдiбай Еспағамбетов: «Депутат қазiргi жағдайда елдi алаңдататын шаруалармен шұғылдануы тиiс. Бұл – әлеуметтiк мәселелер: жұмыссыздық, ауыл шаруашылығын көтеру, жастарды мамандық бойынша жұмысқа орналастыру, шағын кәсiпкерлiктi дамыту... Ел аралап, жұртпен ашық сөйлессiн. Тiлдерi қышып бара жатса, сектанттарды ауыздықтасын. Ассамблея мүшелерi тәуелсiз Қазақстанның өркендеуiне үлес қосам десе, өршiп тұрған дiни экстремизмнiң бетiн қайтаруға, қатарын көбейтiп жатқан секталарды тоқтатуға әрекет жасасын. Ұлтаралық мәселеде ассамблеяның не шаруасы бар?».
БаянСӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе





Журналист қызға рахмет!Еңбегің Алладан қайтсын!Бұл мақаладан кейін жоғарыдағыларда ойланар?
БЕС АЛТЫ КЫЗ КЕЛИНШЕКТИ ЖИНАП АЛЫП, МАРИЯМ МЕН БАЛГАЛИ БИР БИРИНЕ БАКЕ МАКЕ БОЛДЫ ДА КАЛДЫ. КАРКЫЛДАП; ТАРКЫЛДАП МАЗ БОЛЫСЫП ЖАТКАНДАР ДА ТЕК ОСЫ ЕКЕУИ. СОНДА "КОПУЛТТЫ АКТОБЕДЕГИ" НОМЕРИ БИРИНШИ НУРОТАНДЫК ОСЫ ОРЫЕГА ОЗИНИН ПОДРУЖКАЛАРЫН РЕКЛАМАЛАУГА ("ТЕМИРБАНКТИН" ФИЛИАЛЫН)ДА КЕЛГЕН БЕ?! КУРАЛ РЕТИНДЕ ЖЕРГИЛИКТИ БАК-ТАРДЫ ДА ШАКЫРДЫ.