1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №94 (16176) 24 қараша, бейсенбі 2016
24 қараша 2016
АСТАНА – «НҰРСҰЛТАН» АТАЛСА, ЕЛIМIЗДI НЕГЕ «НАЗАРБАЕВСТАН» ДЕМЕСКЕ?
Арқаның ақтүтек боранымен жағаласып депутаттар да ызыңдап жатыр. Бұл қазақтың құлағына таныс ызың. Бұрын да талай сөз болып, президенттiң тосқауыл қоюымен ғана iске алғысыз ұсыныс есебiнде “күресiнге” кеткен. Бiрақ бұл жолғы бастамашылардың қарқыны қатты. Өйткенi олар Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы мен тұңғыш президент күнi аталатын мерекенi бетперде қылып ұстап алған. Алайда олардың түпкi ниетiнде не жатқаны жұмбақ. Осы тұста ұйғыр ағайындар жиi айтатын бiр сөз ойы­мыз­ға орала кеттi. Олар бүй дейдi: “Көтередi екен, көтередi екен, тастай салса, пачақ-пачағы шығады екен”. Ал Сiз “Н.Назарбаевтың есiмiн жалғыз Астана ғана емес, Қазақстандағы өзге де нысандарда көрсету” туралы депутаттардың өрескел ұсынысынан “тастай салудың” лепесiн аңғардыңыз ба, жоқ па? Бiздiңше, ең үлкен мәселе – осы.
 
Билiкке қарасты БАҚ-тың хабарлауынша, кеше парламент палаталарының бiрлескен отырысында Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арналған декларация қабылданған. Жиынға сенаттың 46, мәжiлiстiң 105 депутаты, үкiмет басшысы, мемле­кеттiк хатшы, президент әкiм­шi­лiгiнiң жетекшiсi, Конституциялық кеңес, үкiмет мүшелерi қатысқанға ұқсайды. Осы басқосуда депутат Қуаныш Сұлтанов былай дептi: “Тәуел­сiздiкке қалай жеткенiмiз мәңгi есте қалуы керек. Осыны ескере отырып, елордада «Тәуелсiз Қазақстан» монументiн орнату керек. Конституциямызда Мемлекет басшысы әрi Қазақстанның тұңғыш президентi – Нұр­сұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың мемлекетiмiздi салуға қосқан үлесiн атап көрсетудi ұсынамын. Сондай-ақ, елбасының есiмiн елорда атауында және елiмiздегi маңызды нысандарында көрсетудi ұсынамын...”.
Онсыз да түзетуден көз ашпаған Ата заңға прези­денттiң еңбегiн қыстыру – күлкi шақыратын дүние. Бiрақ оған тоқталмай-ақ, негiзгi мәселеге көшейiк. Сонда Астананың атын қалай өзгерткен дұрыс? Қуаныш Сұлтановтың нұсқасы екеу-ақ: бiрi – “Нұр­сұлтан”, екiншiсi – “Назар­баев”. Былай қарасаңыз, жұп-жұмыр. Ахметжан Есiмовтiң “Нұрәлемi” сияқты бұлыңғыр емес. Бiр кемшiлiгi, нақтылығы аздау. Себебi Қазақстанда не көп, Нұрсұлтан көп. Ертең олардың бәрi “Ақыры Астананы менiң атыммен атады-ау” деп мәз болуы мүмкiн. Мұндай жағдайда “тақыр жерден тау тұрғызған” адамның ерен еңбегi “еш кеттi” дей берiңiз. Екiншiден, кiм бiледi, бiр заманда жұрт жаппай “нұрдан” безiнiп, “Нұрсұлтан” “Сұлтан­ға” қысқарып қалуы да мүмкiн ғой. Сонда ол кiмнiң қаласы болмақ? Әбiштiң баласынiкi ме, Қуаныштың атасынiкi ме?
Тегi Назарбаев аталатын кiсiлердi де аз дей алмаймыз. Мәселен, жуырда ғана бiр басылым Бекет Назарбаев деген қарияның оңтүстiк өңiрде қайыр сұрап жүргенiн жазды. Егер бiз Астананы “Назарбаев” деп атасақ, жұрт көңiлiнде “Бұл Назарбаевың қай Назарбаев?” деген сауал туа ма, тумай ма?
Алайда бұдан құтылатын жол бар. Ол үшiн Қ.Сұлтановтың екi нұсқасына “Нұрсұлтан Назарбаев”, “Нұрсұлтан Әбiш­ұлы Назарбаев” деген тағы екi нұсқаны қоссаңыз, жетiп жатыр. Есесiне алдыңыздан тағы бiр қиындық шығады. Оны түсiндiру үшiн Қ.Сұлтановтың нұсқасымен-ақ жөней бе­рейiк, Арқаның мiнезiн бiлесiз – ала­құйын. Ертең депутаттардың дүбiрiне iлесiп, Астананың атын өзгертсек, дауылдан зәрезап болған халық “Нұрсұлтанның” желi құрсын” дейдi де отырады. Көктемде көше-көшенi су басқанда телеарна дикторлары “Бүгiн “Нұрсұлтанды су алды” деп хабар таратады. Астананың “өгiздей” масасынан мазасы қашқандар “Нұрсұлтаның” ит байласа тұрғысыз жер екен” дейдi. Бұл және бер жағы ғана. Қарашаның суығына шыдас бермеген ЭКСПО құрылысының қаңтарда “қандай өнер” шығарарын бiр Құдай бiледi. Бетiн ары қылсын, әрине, қарлы-боран ұйытқып ұрғанда дөңгелек шарың дөңгелей жөнелсе, мемлекет­тiң қыруар қаржысын жұтқан ЭКСПО-ға қарсы жұрт не дейдi? “Нұрсұлтанның” добы ұшты” дей ме, “басы кеттi” дей ме?
Мiне, осының бәрiн ескер­сеңiз, жағынғыш депутаттар президенттi әдейi “жарға итерiп” отыр ма деген ойға қаласыз. Бұлай деуiмiзге тағы бiр себеп бар. Астана – Н.Назарбаевтың өзi қойған атау. Бұл туралы ол “Еуразия жүре­гiнде” атты кiтабында:  “Бұған дейiн де бұл қаланы қалай атау туралы сөз көп болды. Түрлi ұсыныстар айтылды. Қаланы елдiң атымен Қазақстан деп атау жөнiнде, басқа да, соның iшiнде Нұрсұлтан деп атау керек деген де ұсыныстар болды. Бұл – қала, Қазақстанның жаңа астанасы менiң мақтанышым едi, сондықтан оның ата­у­ын сан құбылтуға жол бере алмайтын едiм...” деп келедi де бүй дейдi: “Шынын айтқанда, астананың атын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат iздеумен болдым. Сөйтiп жүргенде бiр жолы...Бiр жолы түнде, дәлiрек айтсам, сағат түнгi екiде Астана деген атау ойыма сап етiп, көкейiме қона кеткенi. Астана дегенiмiз – астана! Қазақша әдемi естiледi. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуездi. Орысша да, ағылшынша да солай естiледi. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана!”.
Әнеки, көрдiңiз бе, Астана – президенттiң түн ұйқысын төрт бөлiп жүрiп тапқан аты. Оны тапайдың тал түсiнде депутаттардың өзгертiп жiберуi мүмкiн бе? Жоқ, қаланың атын “құбылтуға президент жол бере алмайды”. Өйткенi Нұрекең “Еуразия жүрегiнде” атты кiтабында мұны жүрегiнен өткiзiп тұрып жазған.
Ендi мынаған қараңыз, “Мен өз атыммен кеңшарды да, ауылды да, көшенi де, қаланы да, Астананы да атауға ешқашан рұқсат берген емеспiн, бiрақ университеттi атауға рұқсат беремiн”. Мұны Н.Назарбаев Астанадағы “Назарбаев университетi” ашылар кезде айтқан. Демек өрекпiген депутаттар президенттi сөзiн­де тұрмайтын өтiрiкшi жасаудан да дәмелi-ау деп пайым жасауға болатындай. 
Рас, кезiнде бұл мәселенi мәжiлiсте жүргенде Сәт Тоқпақбаев та көтерiп көрген. Сәттiң сәтсiз ұсынысына iле-шала Қуаныш Сұлтановтың да қосыла кеткенi есiмiзде. Араға бiраз уақыт салып барып, Сұлтан Сартаевтың да соқтыққанын жұрт ұмытқан жоқ. Бiрақ жоғарыда айтқанымыздай, бұл ұсыныс президенттен қолдау таппай, былжырбай бастама ретiнде қалып қойған едi. Соның есесiн Қ.Сұлтанов ендi қайтарғысы келетiндей. Өйткенi ол әрiптестерi Бақытгүл Хаменова (“Елбасы”), мен Михаил Бортник (“Астана-Елбасы”) құ­са­май, Астананың атын өзгертуге қатысты пiкiрiн тiкелей президенттiң есiм-сойына тiреп отыр. Және қалаға әйдiк ат тауып берумен шектелiп қалғысы жоқ. Президенттiң есiмiн Қазақстандағы өзге де нысандарға тықпалауға ниеттi. Сұлтановқа салсаң, Астананы – “Нұрсұл­тан”, Қазақстанды – “Назар­баев” деп өзгертуден де та­йынбайтын шығар. Тiптi “бұл – халықтың ұсынысы” деп қоятынын қайтерсiз. Сiрә, ол “халыққа бәрiбiр емес пе?” деп ойлайтын секiлдi. Бәрiбiр болса, Сұлтановқа бәрiбiр шығар, ал халыққа бәрiбiр емес. Халық Сұлтанов пен сұлтановсекiлдi­лерден “мемлекет болмағанбыз” дегенде-ақ жерiген.
Бәрiбiр ме, бәрiбiр емес пе деген сауал ендi президенттiң өзiне тiрелiп тұр. Өтiрiкшi атану мен күлкi болудан жиренсе, жағымпаз депутаттарға бұл жолы да “тәйт ары” деуi бек мүмкiн. Мұнысы – тақтан түскiсi келмейтiн президенттiң Тәуел­сiздiк қарсаңындағы халыққа жасаған сыйындай болып шығады. Ал өйтпесе ше? Онда бәрiбiр деген сөз. Ал бәрiбiр­дiң тақар жерiн жоғарыда айттық: “Көтередi екен, көтередi екен, тастай салса....”
 Сансызбай НҰРБАБА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар