1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №95 (16177) 28 қараша, дүйсенбі 2016
28 қараша 2016
Назарбаев шынын айтамын деп сырын айтқан сияқты
Қазақстанның саяси элитасы президентке мадақ айтудан социалистiк жарысқа түсетiн, үлкен кiсiнiң алдында бүгежектеуден белдерi жазылмайтын желтоқсан айының қарсаңында, өзiнiң кезектi төл мерекесi (тұңғыш президент күнi) мен Тәуелсiздiктiң мерейтойының алдында президент Назарбаев Bloom­berg агенттiгiне сұхбат бердi. Президенттiң қандай кiтап оқып, қай әндi жақсы көретiнiн сұраудан аспайтын библиографиялық-музыкалық жанр­дағы қазақстандық әрiптестерiнен гөрi, батыс­тық белдi басылымның өкiлдерi Назар­баев­қа көкейкестi сұрақтар қойды. Сол себептi сұхбаттың жалпы ауаны Қазақстанды аумалы-төкпелi дүниедегi жалғыз тұрақтылық аралы ретiнде әспеттейтiн ресми насихаттың мазмұнынан алыс жатты. Дегенмен президент Назарбаев әлем қауымдастығының, атап айтқанда бiзге инвестиция әкеле алатын қалталылардың секемшiл көңiлiн аулауға тырысты.
“Мен билiктi балаларыма беретiндей жағдайды көрiп тұрған жоқпын, бұл бiз үшiн мәселе емес деп ойлаймын. Бiзде билiктiң ауысуын Конституция айқындайды”, - дей келе Назарбаев: “2020 жылға дейiн мен жұмыс iстемекпiн. Бiрақ 2020 жылы сiзбен тағы да кездесемiз”, – дегендi қосып қойды. Ол уақытқа дейiн кiм бар, кiм жоғын бiр Құдай бiледi. Сондықтан президенттiң бұ­лай сөйлеуiн астамшылық я күпiрлiк демеске амалымыз жоқ. Дегенмен азаматтық қоғамы билiк ұйымдастыратын кезектi сайлау науқаны мен үлкен мерекелерде жалауша ұстап, өзiмен-өзi мәз-мейрам болатын елде кез келген президенттiң осылай дегенiне еш таңданбайсыз. Назарбаевтың ең жоғарғы билiк туралы меншiк түрiнде сөйлеуiне халықтың етi үйренiп кеткенi соншалық, билiк­тiң ауысуына қатысты ойларымен Назарбаев алдымен шетелдiктермен бөлiсудi жөн көредi. Сол себептi Bloomberg агент­тiгiнiң журналистерi Назарбаев туралы “Елдi 1989 жылдан берi басқарып келе жатқан қойшының баласы денсаулығы жарап, халық қолдаса әрi қарай билiкте қалуды ойлайтыны” туралы жазады. 
 
QAZKOM АТАУЫНЫҢ ӨЗГЕРУIНДЕ НЕ ҚҰПИЯ ЖАТЫР? 
Шетелдiк iскерлiк бе­делдi басылыммен бол­ған сұхбат дағдарыс­қа қарамастан тұрақтылығын сақтап отырған Қазақстанда жағдай анау айтқандай мәз емес­тiгiн әшкереледi. Прези­дент­тiң сөзiнен жақында ғана аяқасты атауын өзгертiп ребрендинг жасаған Қазкомның қиын жағдайда қалғанын бiл­дiк. Тиiмсiз басқару мен экономикалық дағдарыс салдарынан елдегi iрi қаржы инс­титуты қарызға батып, ақшадан тарығып отыр. Назарбаев үкiмет­тiң банк­тi далада қалдырмайтынын айтып, акционерлер ақша таппаса мем­лекет қаржылай қолдау көрсететiнiн мәлiм­дедi. “Бiз оны қалыпты жағдайға келтiруiмiз керек. Банктiң құлауына жол бермеймiз”, – дейдi Назарбаев.
2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезiндегi­дей билiк тағы да мил­лиардтаған доллар ақшаны жекеменшiк банктi құтқаруға жұмсамақ. Яғни, “Форбстың” бетi­нен түс­пейтiн байшыкеш­тердiң дүниесiн алып қа­луға сiз бен бiздiң салығымыз жұмсалуы ғажап емес.
Қазкомның өтiмдi активтерi оның борышымен салыстырғанда биыл­ғы жылдың екiншi тоқсанында 13 пайызға төмендеген. S&P Global Ratings банктiң ұзақмерзiмдi несие рейтингiн CCC+-тен B-ке көтергенiмен, халық­аралық сарапшылар мұ­ның бiрiншi кезекте банк қайтарылмаған қарыз мәселесiн шеше алады деген үмiтпен жасалғанын айтады.
Сұхбат жария болысымен Қазком прези­дент­тiң банктiң басындағы жағдай жайлы айтқандары дұрыс жеткi­зiлмедi деп оны терiстеу­ге тырысты. Дегенмен Назарбаевтың iскерлiк басылымға берген сұх­батында банк саласына қолдау көрсету жоспары биылдың өзiнде дайын болуы мүмкiн екенiн айтқаны Қазкомның басына қара бұлт үйiрiлгенiн растай түседi.
“Банктердi iрiлендiрудi объек­тивтi тұрғыда қарастырмақпыз, кейбiр банктер банкрот болуы мүмкiн. Бiрақ “тiрi қалған” банктерге, мемлекет бөлген ақшаны экономиканы қаржыландыруға жұмсайтындарға Ұлттық банк несие беру жолымен көмектеседi”, – дейдi Назарбаев.
Мәссаған, безгелдек? Өзiмiздегi былықтарды басқа елдiң басылымынан бiлiп отырмыз. Президент мұны айтқысы келгеннен жария еткен жоқ, әрине. Бағынышты медиаресурстар мен мем­лекеттiк насихат машинасының көмегiмен “Бағдатта бәрi тыныш” деп қазақстандықтарды алдарқатуға болады, бiрақ бәрiн көрiп-бiлiп отырған әлем жұртшылығының алдында жалаңбұт қал­ғаныңды амалсыз мойындайсың. Ал жағдайымыз шынында да мәз емес. Көмiр­сутек пен металлдардың бағасына байланған Қазақстан экономикасы пайдалы қазбалардың бағасы құлдыраған сайын өсу қарқынын жоғалтуда. Бұл жолғы дағдарыс 2009 жылғы тоқыраудан да күштi болып тұр.   
Ол кезде Ұлттық қордан экономиканы құтқару үшiн 10 млрд доллар жұмсалса, бұл жолы одан да көп қаржы қажет болады деген болжам бар. Ал Ұлттық қордың түбi көрiнiп қалғанын үкiметтiң өзi мойындайды. Экономикаға қаржы таппай жанталасқан билiк зейнетақы қорындағы ақшамызға да ауыз салды, жаппай жекешелендiрудiң кезектi толқынын да жариялады. Назарбаев министр­лерiне мұнай мен газ бағасының құлдырауына қарсы тұру үшiн экономиканың жыл са­йынғы өсiмiн 5 пайыздан кем қылмауды бұйырды. Бiрақ қаржы министрi Бақыт Сұлтановтың сөзiнше экономика биыл небәрi 0,5 пайыздың төңiрегiнде өсiм көрсетпек және бұл 1998 жылдан бергi ең баяу өсiм болмақ.
 Экономиканы сүйрей ме деген билiктiң үмiтiн Қашаған кен орны әлi ақтамай отыр. Ал Қарашығанақ кен орнын игерiп жатқан шетел­дiк инвесторлармен арада пайданы бөлiсу мен салық төлеу жағынан дау туған. Bloomberg-ке берген сұхбатында Назарбаев салық органдары тарапынан шет­елдiк компаниялардың салық төлемегенiне қатысты шағым бар екенiн және өндiрiске сал­ған шығынын қайтарып алған инвесторлармен арада пайданы бөлiсу жағынан түсiнiспеушiлiктер туындағанын айтқан.
Bloomberg журналистерi қиын жағдайда қалған экономикаға инвестиция тарту мақсатында шетелдiк­терге жер сату жоспары қарсылыққа ұшыраған соң, Назарбаев күзде үкiметтi ауыстыруға мәжбүр болды деп жазады. Яғни жердi шетелдiк­терге сату мен оны жалға беру жоспарының астарында сырт­қы қарыздарды өтеу мен жаңа қарыз алу саясаты жатқаны туралы жазған “Жас Алаштың” болжамын әлемнiң iскерлiк басылымы да қуаттайды.
 
ТРАМП – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПIЛI МЕ?
Әлемдегi ахуал мен халық­аралық саясат туралы толғаныстарымен бөлiсуге құмар президент Назарбаев бұл жолы да сүйiктi тақырыбын айналып өте алмапты. Назарбаев АҚШ-тың жаңадан сайланған президентi Дональд Трампқа мақтауын аямаған. Және Трамптың америкалық өнер­кәсiптi қайта өркендету мен инфрақұрылым шығындарын өсiру жоспары металл бағасын күрт өсiредi деп санайды.
“Бiзге керегi де дәл осы. Сондықтан мен болашақтан жақсылық күтемiн, тiптi ке­лесi жылдың басынан бастап бәрi жақсы болуы мүмкiн”, – дейдi Назарбаев қуанышын жасыра алмай.
Президенттiң ойынша мұнай бағасының тұрақтанып, оның әрi қарай өсуiне әлем елдерiнiң бәрi мүдделi көрiнедi. Бұл жерде Назар­баев бәрi деп мұнай өн­дiретiн, көктегi Құдайдан кейiн жердегi мұнайға табынатын елдердi айтса керек. Әйтпесе, өзiндiк құны жоғары өнiм өндiретiн дамыған елдер үшiн шикiзат бағасының төмен болғаны тиiмдi екенiн бес жастағы бала да бiледi. Ал ең сорақысы, Тәуелсiздiк­тiң 25 жылдығын тойлайтын Қазақстанның жағдайы мұ­хиттың ар жағындағы елдiң экономикасына тәумендi бол­ғаны. 98 пайыз сайлаушысы аузына қараған елдiң басшысы, Трамп не iстер екен деп отырса қайтемiз? Олай болса америкалықтар жаңа зауыт-фабрикаларын iске қо­сып, жол салсын, сөйтiп темiр-терсегiмiз өтсiн деп Құдайдан тiлеп, “Нұр Отанның” бастамасымен жалпыұлттық тасаттық берейiк. Басқа-басқа билiк партиясының елдi жинап, флешмоб өткiзуден мол тәжiрибесi бар.
Ал президент “америкалық құндылықтарды әлемге таратудың қажетi жоқтығын” айтқан Трампты мақтап, “Ресей мен өзге де елдердi демократияландыру Батыс бiзбен достық қарым-қатынас жасағанда ғана мүмкiн болатынын” ескертiп қойды.
Алақан жайып қалған жағдайымызды мойындады демесеңiз, бұл сұхбаттан инвесторлар да, Қазақстан хал­қы да жаңа ештеңе естi­медi. Түсiнгенiмiз, қазақстандық “тұрақты даму жүйесiне” ақша керек екен. Сұхбат берушi айтқандай, ең бастысы, президенттiң денсаулығы сыр бермесе болды. Басқасын ақшаға сатып алып үйренген елмiз ғой.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар