1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №98 (16180) 7 желтоқсан, сәрсенбі 2016
7 желтоқсан 2016
Армяндар Қазақстан мен Беларуське доқ көрсетуде
Армян стратегиялық және ұлттық зерттеулер орталығының директоры Манвел Саргсян 1in.am басылымына берген сұхбатында Қазақстан мен Беларусьтi екi бiрдей iрi еуразия­лық құрылым — ЕАЭО мен ҰҚКШҰ-дан шығару туралы бастама көтердi. Армян саясаттанушысы мұны Қазақстан мен Беларусьтiң Таулы Қарабақтағы соңғы қақтығыс кезiнде Армения мүддесiн қор­ғау үшiн ештеңе iстемегенi­мен түсiндiредi. Және армян порталына берген сұхбатында Саргсян қызды-қыздымен екi елдi Арменияның алдында “жауапты” деп салыпты. Беларусьтi “Армения үшiн ешқандай маңызы жоқ, әйтеуiр бiр мемлекет” есебiнде атаған Саргсяныңыз Қазақстан­ға да дөңайбат шегедi.
 
“Немесе Қазақстанды ала­йық. Оның Армения үшiн қандай маңызы бар? Армения үшiн бұл ашықтан-ашық жау мемлекет, неге Армения Қазақстанның ұстанымдарын сыйлауы керек?”, – дейдi армян сарапшысы.
Осылай өрекпiген армян саясаттанушысы одан әрi Арменияға жау көзқарастағы екi елдi Еуразиядағы екi бiрдей iрi ұйымнан қуып шығу керек деп бiрақ кеседi.
М.Саргсянның Беларуське дүрсе қоя беруiне осы елдiң прези­дентi Александр Лукашенконың Әзiрбайжанға сапары кезiнде Бакуде президент Ильхам Әлиевпен бiрлескен мәлiм­де­месiнде “Беларусь Әзiрбай­жан­ның территориялық тұтастығын қолдайды және Арменияны басқыншы ел санайды” дегенi себеп болды.
Елдiң бәрiмен достық қарым-қатынас жасауға тырысатын Қазақстанға армяндар неге өкпелi? Бұл әңгiменi асүйдегi армяндар емес, стратегиялық зерт­теулермен айналысатын бiлдей бiр орталықтың басшысы айтып отыр. Әрине бұл сөз армян президентi Серж Саргсянның аузынан шыққан жоқ. Алайда М.Саргсян да жай адам емес. Ол президент әкiмшiлiгiне жақын адам, билiктiң идеология бойынша саясатына қатысы бар маман ретiнде, ресми билiктiң бейресми үнi есебiнде танымал. Яғни, президент Саргсянның айтқызбасы айтқызбайтын әңгiменi директор Саргсян жария етедi.
Қазақстан мен Арменияның арасы бүгiн ғана нашарлаған жоқ. Осыдан екi жыл бұрын бұл елдiң қаржы министрiнiң орынбасары Павел Сафарян армян басылымына “Қазақстан Еуразия­лық экономикалық одаққа Арменияны емес Түркия және Әзiр­байжанды тартқысы келдi. Сол себептi қазақтар бұл ұйымға кiруiмiзге көп кедергi келтiрiп бақты” деп мәлiмдеген едi. Осы мәлiмдемемен бiр мезетте өзге армян басылымдарында Қазақ елiнiң тарихына күмән келтiретiн, ұнамсыз материалдар басылды. Астана Арменияны Еуразиялық экономикалық одаққа бұл елдiң БҰҰ белгiлеген шекарасы аясында қабылдауды ұсынғанда кей­бiр армян депутаттары Таулы Қарабақтағы жанжалдың қайта қозуына Қазақстанды ашық айып­тағаны бар. Өйткенi БҰҰ бекiткен шекара бойынша Таулы Қарабақ армяндар жаулап алған Әзiрбайжан аумағы болып саналады.
Биыл көктемде Таулы Қарабақтағы қақтығыс қайта қоздағанда Армения ҰҚКШҰ-нан кө­мек сұрағанымен, Қазақстан Беларусь секiлдi армяндарды бiржақ­ты қолдаудан бас тартты. Мұны Әзiрбайжанға болысу деп бағалаған армяндар Арменияның Ширак облысындағы Арич ауылындағы бiр көшеден Н.Назарбаев атын алып тастады. Арменияда әлi күнге дейiн әскери ұйымдағы одақтастарының саясатын опасыздық деп санайды және ұмыта алмайды.
Қазiр армян сарапшыларының арасында Ресейдi өздерiн­дегi “Искандерлермен”, ал Қа­зақстан мен Беларусьтi ЕАЭО және ҰҚКШҰ секiлдi ұйымдардан шығару арқылы жуасытып алатындарына сенiмдi тұлғалар көп. Бұл ендi Арменияны әлемнiң кiндiгi көргiсi келетiндердiң күшеншектiгi. Барлық елден “Арменияның алдындағы жауап­кершiлiгiн сезiнудi” талап еткендер бұл елдiң геосаяси тұрғыдағы маңызын зорайтып көрсетуге тырысады. Бiрақ Ресей үшiн Еуразиялық экономикалық одақтағы басты әрiптесi әрi тауарын өткiзетiн әлеуеттi нарығы – Қазақстан. Есесiне, Қа­зақстан Армениядан бiрде-бiр тауар сатып алмайды. Оның үстiне, Таулы Қарабақтағы бұған дейiнгi қақтығыстардың бәрiнде Кремль ешкiмдi ашық жақтамауға тырысты. Және алдағы уақытта Ресейдiң Арменияның айғайына бола стратегиялық серiктерiмен қарым-қатынасын нашарлатқысы келмейтiнi түсi­нiк­тi. Оның үстiне, Таулы Қарабақты Арменияға тиесiлi деп таныған жағдайда ЕАЭО пен ҰҚКШҰ о бастан халықаралық құқық нормаларын мойындамайтын бiрлестiктерге айналар едi. Ал бұған ешкiмнiң жол бере қоймайтыны анық. Тiптi Арменияның өзi Таулы Қарабақты жеке мемлекет ретiнде тануға батпай отырғанда, мұндай әңгiмелер бос даурықпаға ұқсайды.
Екiншi жағынан, бұрынғы КСРО-ның аумағында жаңа одақ құруға талпынған Ресейдiң бұл жобаларын бiртұтас, мызғымас ұйым ретiнде қабылдауға болмайтынын көремiз. Күнi бүгiнге дейiн ортақ қаржы нарығын құру секiлдi экономикалық мәселелер бойынша тiл табыса алмай отырған одақтастар арасындағы осындай саяси алауыздық Еуразия кеңiстiгiндегi ең алып бiр­лес­тiк құру туралы Кремль жоспарының тым тайғанақ екендiгiн байқатады. Сондай-ақ, қазақ билiгiнiң елiмiздi өзара ынтымағы жоқ қолайсыз одаққа қосақ­тағаны бадырайып көрiнедi.
 Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар