1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №99 (16181) 13 желтоқсан, сейсенбі 2016
13 желтоқсан 2016
«Күрес жалғаса бередi» М.Әблязов бостандыққа шықты
Санаулы күндерден соң Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын тойлауға алаңсыз дайындалып жатқан Қазақстан билiгiне өткен аптада Франция астанасынан жайсыз хабар жеттi. Француз түрмесiнде 3 жылдан артық уақыт отырған БТА банкiнiң бұрынғы иесi, қуғындағы сая­саткер Мұхтар Әблязов бостандыққа шықты. Бұл елдiң ең жоғарғы әкiмшiлiк сатысы – Францияның Мемлекеттiк кеңесi М.Әблязовтi саяси астармен қуғындап жатыр деген уәжбен келiсiп, оны Ресейге беруден бас тарт­ты.
 
Мемлекеттiк кеңесте сөйлеген баяндамашы түрмедегi М.Әблязовтi Ресейге экстрадициялау туралы шешiмнiң күшiн жоюға кеңес берген. Бұған М.Әблязовтiң iсiн қараудың алдында БҰҰ-ның азаптау мәселелерi жөнiндегi арнайы баяндамашысы Нильс Мель­цердiң Париждi экстрадициядан бас тартуға шақырған үндеуi әсер еткен секiлдi. Н.Мельцер “Украинаның көмегiмен М.Әблязовтi қолға тү­сiргiсi келген Қазақстан билiгi ойы iске аспаған соң, Ресей арқылы әрекет еттi. Ресей билiгi Әб­­лязовтi қолға түсiрi­сiмен оны Қазақстанға бередi, ал ол жақта Әб­лязовтi азаптауы мүмкiн” деп санайды. Экстрадициялаудан бас тарту Мұх­тар Әблязовтен барлық айыптауларды алып тастау және жедел босату дегендi бiлдiредi. Ше­шiм шыққан түнi қуғындағы банкирдiң туыстары әлеуметтiк желiлерде оның түрмеден шыққан және отбасымен үйде отырған суреттерiн жария­лады.
 
Бiр жыл бұрын француз үкiметi Мұхтар Әб­ля­зовтi Ресейге, ал iс жү­зiнде Қазақстанға беру туралы шешiм қабылдағанда бұл Қазақстан билiгiнiң үлкен жеңiсiн­дей көрiнген. Үш жыл бұрын Ниццадағы вилласында түсiнiксiз жағдайда ұсталып, осы күнге дейiн француз түрме­сiнде отырған Мұхтар Әблязов ендi бiр жыл өткен соң Ақорданың қуанышын су сепкендей басты деуге болады.
Мұхтар Әблязов қазақ билiгi әдеттегiдей ау­дан­дық соттардың көме­гi­мен сырттай соттап, артынша халықаралық iздеуге жариялаған қарсыластарының iшiндегi ең табандысы. Және үкiметтiң пәрменiмен мемлекет меншiгiне өткен БТА банк арқылы кезiн­дегi ең табысты қаржы институтының бұрынғы қожайынымен халықаралық деңгейде соттасуды бастаған. Лондондағы халықаралық сотта Қазақстан жағы Мұхтар Әбля­зовтi банктiң 5 млрд доллар көлемiндегi ақшасын ұрлап қашып кеттi деп айыптаса, қуғындағы бан­кир жауап ретiнде билiктiң банктi өзiнен тартып ал­ғанын, президент Н.Назарбаевтың басты саяси қар­сыласы ретiнде қу­ғынға ұшырағанын мә­лiм­деген. Ақырында Лондонның халықаралық соты сотқа құрмет көрсетпедi деген айыппен М.Әбля­зовтi 22 айға түрмеге қамау туралы шешiм шығарғанда, БТА банкiнiң, яғни Қазақстан билiгiнiң талабы заңды секiлдi көрiнген.
 
Бұған жауап ретiнде өздерiне қажеттi шешiм шығаруға ықпал ете алатын шетелдiк тұлғаларға миллиондаған доллар па­ра бердi деп қазақ билiгiн айыптаған М.Әблязов Ұлыбританиядан қашып кеткен едi. М.Әблязовтiң iзiне шам алып түскендер Италияда оның жұбайы Алма Шалабаева мен Алуа есiмдi қызын Қазақстанға ұрлап әкеткенi бар. Олай дейтiнiмiз, бұл операцияға қатысқан италия полицейлерi мен полицияның жоғары шендi офицерлерi және Қазақстанға депортациялау туралы шешiм шығарған судьяның өзiне кейiн Ита­лияда адам ұрлады деген айып тағылып, бастары бәлеге қалды. Ел парла­ментi саяси жанжалға шатылған iшкi iстер министрi Анжелино Алфаноға се­нiмсiздiк танытқан соң, Рим бұл шешiмнiң күшiн жойып, Астанадан М.Әб­ля­зовтiң әйелi мен қызын қайтаруды сұраған.
 
Көп ұзамай М.Әблязов Францияның демалыс аймағында ұсталып, бiр жыл бұрын француз үкiметi оны Ресейге беру туралы шешiм қабылдағанда бұл қазақ билiгiнiң үлкен жеңiсi iспеттi көрiнген. Ендi бәрiн басынан бастауға тура келедi. Осы уақытқа дейiн Қазақстан Мұхтар Әблязовтiң iсiн заң-құқық аясынан асырмауға тырысып келдi. Мұхтар Әблязовтiң қорғаушылары жариялаған құжаттарға сенсек, бұған Қазақстанның ең мықты деген тергеу, прокуратура, сот өкiлдерiмен бiрге халықаралық адвокаттар, түрлi лобби топтары мен ықпалды тұлғалар жұмылдырылған. Және құжаттардағы ақша сомалары олардың қызметi Қазақстанның қазынасына арзанға түспегенiн айғақтайды.
 
     Бұл текетiрес ендi жаңа күшпен өршiмек. Себебi дағдарыс кезiнде де Мұхтар Әблязовтi ұстауға қыруар ақшаны аямаған Қазақстан билiгi оны ең қауiптi қарсыласы санайды. Азаттық алған М.Әблязов та қол қусырып қарап отырмайды. Бостандықта жариялаған ең алғашқы үндеуiнде ол “Назарбаев режимiмен күресiн жалғастыра беретiнiн” мәлiмдеп, “iсiнiң ақ екенiне, жеңiске жететiнiне” сенiм бiлдiрдi. 
    Ал саяси құқықтар еуропалықтар үшiн құр сөз емес. Француздар саяси астармен қудаланған шетелдiктi елiне қайтаруға тыйым салатын Франция конституциясына бағынды.     
 
   Францияда шығарылған шешiм Еуропа қауымдастығының Қазақстанды құқықтық және әдiлеттi сот жүйесi қалыптасқан ел ретiнде мойындамайтынын бiлдiредi. Көзқарасын бiлдiру үшiн конституциялық құқығын пайдаланған Макс Боқаев пен Талғат Аян секiлдi азаматтарын соттаған елде әдiл сот бар дегенге Батыс сенбейдi. 
 Сондықтан қазақ билiгi “Отанын сатты” деп айыптаса да ешбiр күдiктiнi Қазақстанға қайтарып бермейдi. Бұл iс жүзiнде тәуелсiз Қазақстанның 25 жыл iшiнде құрған құқықтық, зайырлы қоғамына шығарылған үкiм iспеттi.
 Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар