1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №99 (16181) 13 желтоқсан, сейсенбі 2016
13 желтоқсан 2016
Түркиядағы кезектi жарылыс Ердоғанның Қазақстанға сапарын шегердi
Түркия президентi Режеп Тайып Ердоған Стамбул қаласындағы жарылыстардан соң 11-12 желтоқсанға жоспарлан­ған Қазақстанға ресми сапарын кейiнге қалдырды. Түркия­да 11 желтоқсан қаралы күн ретiнде жарияланды.
Түркия президентi Режеп Ердоған өткен сенбiде Стамбулдың қақ ортасында, Vodafone Arena стадионының маңында футболдан кейiн болған жарылысты террорлық шабуыл деп атады. Түркияның iшкi iстер министрi Сүлейман Сойлу терроршылар полицейлер отырған автобусты көзде­генiн, сол себептi зардап шек­кендердiң денi полиция қызметкерлерi екенiн мәлiм­дедi. Алдын ала мәлiмет бо­йынша күш құрылымдарының автобусына соғылып жарыл­ған автокөлiкте жанкештi отырған болуы мүмкiн. Президент Ердоған террорлық шабуыл қауiпсiздiк күштерiнiң өкiлдерi мен бейбiт тұрғындарға қарсы бағытталғанын айтып, қылмыс­керлердi қатаң жазалауға уәде еттi. 
 
“Өкiнiшке қарай бұл оқи­ғада өлгендер мен жаралан­ғандар бар. Шейiт болғандар­ға Алла рақым етсiн. Зардап шеккендердiң тезiрек сауығуларын тiлеймiн”, — дедi Ердоған. Алайда президент қанша адамның өлiп, жараланғанын айтпады. Al Jazeera Turk телеарнасы 15 адамның қаза тап­қанын хабарласа, Рейтер агенттiгi күш құрылымдарындағы дереккөздерiне сүйенiп 13 адамның өлгенiн жариялады. Соңғы дерек бойынша жарылыстан кемiнде 70 адам жарақат алған.
 
Бұл оқиғадан бiрнеше күн бұрын түрiктiң Мардин провинциясында металл сынықтары қоймасында болған жарылыстан бiр адам қаза тауып, екеуi жараланған едi. Ал Стамбулдағы жарылыстан бiр күн бұрын, 9 желтоқсанда мешiт­тен шыққан түрiк президентi­нiң кортежi iрi автокөлiк апатына ұшырап, төрт полицей жарақат алған. Бұл оқиғаның егжей-тегжейi мен себеп-салдары әлi күнге белгiсiз. Яғни, түрiк елiнен соңғы күн­дерi маза қашқан. Түркияның саяси билiгiнде де қазiр дау-жанжал өрбуде. Жарылыс бол­ған күнi билiк басындағы “Әдiлет және даму партиясы” парламентте президент Режеп Тайып Ердоғанның өкi­лет­тiлiгiн күшейту үшiн Конституцияға өзгерiс енгiзудi көздейтiн заң жобасын ұсынатыны белгiлi болды. Заң жобасына сәйкес, Түркия Франция секiлдi президенттiк елге айналады. Президент өкiлеттi­лiгiн күшейту мәселесiн Ердоғанның өзi екi жыл бұрын көтерген едi. Оның қарсыластары мұндай конституциялық өзгерiс билiктi бiр адамның қолына шоғырландыруға әкеп соғатынын айтады. Ал оны жақтаушылар бұл өзгерiстер елде төңкерiс жасау әрекет­терiнiң алдын алады деп есептейдi.
 
Өз кезегiнде түрiк прези­дентi Еуропалық Одаққа қарата кезектi сын айтып, Түркияның Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше болуы мүмкiн екенiн Батыстың есiне салды. Ұзақ келiссөздерден кейiн желтоқсанның басында Ресей газын Еуропаға жеткiзетiн “Түрiк ағыны” газ құбырының құрылысын салу туралы      Кре­мль­мен арадағы келiсiмге қол қойды.
Айтпақшы Қазақстан пре­зидентiнiң шақыруымен Қазақстанға жоспарлаған ресми сапарында Режеп Тайып Ердоған Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше болу туралы тағы бiр мәрте Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгiмелеседi деген сөз тараған. Ресми мәлiм­демеде Р.Ердоған Н.Назарбаевпен оңаша және кеңей­тiлген алқада кездесiп, екi елдiң қарым-қатынасын, маңызды халықаралық тақырыптарды талқылап, Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әрiптестiк Кеңесiнiң келесi отырысына дайындықты пысықтайтыны туралы жазылған едi.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті