1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №99 (16181) 13 желтоқсан, сейсенбі 2016
13 желтоқсан 2016
Пак Кын Хенiң тағдыры қыл үстiнде
Оңтүстiк Кореядағы халық толқуы саябыр тапты. Өйткенi Корея парламентi дауыс беру қорытындысы бойынша мемлекет басшысы Пак Кын Хеге импичмент жариялады. Президентке сенiмсiздiк танытқан депутаттардың саны – 234. Ал 56 депутат қарсы болса, 2 депутат қалыс қалған. Парламенттегi тал­қылауды халық тiкелей эфирден көрiп отырды. Сөйтiп, өкiлеттiгiнен айырылған президент билiктен шеттетiлiп, оның қыз­метiн уақытша атқару мiндетi үкiмет басшысы Хван Ге Анға жүктелдi.
 
Дәл осындай жағдай Оң­түстiк Корея тарихында 2004 жылы да болған. Ол кезде парламент депутаттары президент Но Му Хеге импичмент жариялаған. Алайда Конституциялық сот бұл шешiмдi өзгертiп, президент елдi 2008 жылға дейiн басқар­ған едi. Пак Кын Хенiң де тағдыры Конституциялық сотқа тәуелдi. Сот өз шешiмiн 6 айдан соң айтады.
Дегенмен Но Му Хенi ақтап алған Конституциялық соттың Пак Кын Хенiң “маңдайынан сипай” қоюы қиындау. Себебi ол жұрт алдындағы абырой-бе­делiнен айырылды. Қазан айынан басталған қарашаның толқуы билiктi әбден есеңгiреттi. Сеул көшесiнде шеруге шыққандар әлденеше жүз мыңдап саналады. Тiптi желтоқсан айының басындағы митингiге 2,3 млн адам жиналды. Шерушiлер президент резиденциясының маңынан қолдарына тұтанған алау ұстап өттi. Парламент ғимаратының алдында да түрлi акциялар ұйымдастырылды. Мұның бәрi бейбiт шеруге шыққандардың ел басшысына жасаған ескертуi, өз еркiмен билiктен кетуге жол нұсқауы едi.
 
Пак Кын Хеге деген сенiмсiз­дiк­тiң неден туындағаны бүгiнде бүкiл әлемге аян. Қоқыс жәшi­гiнен табылды делiнген құпия құжаттар журналистердiң қолына түсiп, баспасөзде жарияланып кетi. Бұл – “бала күнiнен бiрге өскен құрбысы Чхве Сун Силь ешқандай лауазымды қызмет атқармаса да, президентке ықпалын жүргiзiп, мемлекеттiк саясат­қа араласады” деген күдiктi күшейттi. Бастапқыда Пак Кын Хе ол құжатты “журналистерге сұхбат беруге дайындық барысында қолжазбадағы қағазға құрбысының енгiзген түзетуi” екенiн айтып, ақталғысы келген. Бiрақ прокуратураның тексеруi өзге де жайттардың басын ашып бердi. Дәлiрек айтқанда, Чхве Сун Силь iрi-iрi елуден астам компанияны мемлекеттiк емес екi қорға заңсыз ақша аударуға мәжбүрлеген. Кейбiр деректер бойынша екi қорға аударылған қаржының жалпы сомасы 70 миллион доллардан асып жығылады. Осыған байланысты Пак Хын Хенiң құрбысымен бiрге президент әкiмшiлiгiнiң екi қызметкерi де қамауға алынған болатын.
 
Соңғы деректер Пак Кын Хенiң басына да қара бұлтты төндiрiп келедi. Даулы iстi қарап жатқан арнайы комиссияның өкiлi “Ренхап” агенттiгiне берген мәлiметiнде Чхве Сун Сильдiң қолына заңсыз түскен мем­лекеттiк құжаттардың саны 180-ге жеткенiн айтыпты. Мұны қызметiнен шеттетiлген пре­зиденттiң хатшысы Чон Хо Сон мойындаған көрiнедi. Ондағы деректерге қарасақ, Пак Кын Хе оқып шығу үшiн құрбысына 2013 жылы – 138 құжат, 2014 жылы – 2, 2015 жылы – 4, 2016 жылы – 6 құжат жөнелткен. Ерекше назар аударатын бiр мәселе, қос құрбының арасындағы “құжат бөлiсу” ойыны президент инаугурациясынан бұрын басталған екен. Пак Кын Хенiң президент ретiнде ресми мойындалуы 2013 жылдың ақпан айында өткен. Ал ол 2012 жылы-ақ, құрбысының “көз сүзiп” шығуы үшiн 30-ға жуық құжат жөнелтiптi.
Осыны ескерсеңiз, Пак Кын Хе “байтал түгiл бас қайғының” кебiн құшуы әбден мүмкiн. Себебi Сеулдi сiлкiндiрген шерушiлердiң арасында пре­зиденттi қамауға алуды талап еткендер өте көп. Рас, Пак Кын Хе бiр емес, бiрнеше мәрте “өз кемшiлiктерiне” байланысты халықтан кешiрiм сұрады. Тiптi “Мен халық наразылығын көрiп тұрмын. Көптiң сенiмiнен айырыл­ғаным үшiн жүз мәрте кешiрiм сұрасам да артық емес. Парламент қандай шешiм шығарса да, мен оған бағынамын” деген-дi.
 
Иә, Пак Кын Хенiң өйтпеске амалы да жоқ. Өйткенi халық одан терiс айналды. Халық терiс айналса, төбесi көк тiреген кез-келген ел басшысы тәубесiне келедi. Кешiрiм де сұрайды. Тiптi түрмеге де түсуi мүмкiн. Бiрақ оны әлдеқашан есiнен шығарып алған президенттер аз емес әлемде. Пак Кын Хенiң бүгiнгi тағдыры – соларға сабақ. Ең бастысы, өкiлеттiгiн асыра пайдаланатын, жемқорлыққа белуарынан батқан президенттерi бар қай халық кәрiстерден үлгi алуға ұмтылады? Мәселенiң төресi осы болса керек.
Сансызбай НҰРБАБА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар