1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
Орын ауыстыру ойыны биылғы жылы да ойдағыдай өттi

2016 жылы билiк басында айтарлықтай ауыс-түйiстер болды. Және бұл ауыс-түйiстер қарапайым халықтың ықпалымен жасалды деуге негiз бар. Өткен күнге қысқаша шолу жасасақ, көктемде қайта сайланған ескi де, жаңа парламенттен кейiн халық жаңа үкiмет күткен едi. Бiрақ Ақорда да, парламент те ұзақ жыл үкiмет басында сүрленген Кәрiм Мәсiмовтен асқан премьер-министр таппады. Үкiмет құрамы iшiнара ғана жаңарып, Мәжiлiстен ұшып шыққан Дариға Назарбаеваның премьер-министрдiң орынбасары болуы жұрт iшiнде бiраз сөз шығарды. Алайда Дариға Назарбаева үкiметтi тiреп тұрған тұлға ретiнде көп жүре алмады. Анығында жүргiзбедi. Жүргiзбеген шеруге шығушылар. Сәуiр айының соңында жердi шетелдiктерге сатпау мен жалға беруге қарсылық ретiнде Атырауда билiктiң түсiне кiрмеген митинг өттi. Облыс әкiмi алаңнан табылып, белсендiлердi қудаламауға уәденi үйiп-төгiп жатқан сәтте Ақорда шарасыздықтан қолын тiстеп отырды. Себебi, Кәрiм Мәсiмов үкiметi iшiнен қайнаған қазандай бұрқылдап тұрған аймаққа басу айта алатын адам табылмады. Мәселен, 2011 жылғы Жаңаөзен қанды оқиғасында мұнайшылар тiлiн табуға Астанадан “Самұрық-Қазына” жетекшiсi Өмiрзақ Шөкеев дереу жiберiлген едi. Ал 2016 жылы Атырауда жергiлiктi жұртпен, қарапайым адаммен алаңда адамша тiлдесе алатын шенеунiк шықпады. Президент әкiмшiлiгiнiң сол кездегi басшысы Нұрлан Нығматулин, үкiмет жетекшiсi Кәрiм Мәсiмов, оның орынбасары Дариға Назарбаева жұрт алдына шығып, жүйелi сөз айтуға жарамады.
Дәл осы күндерi бас прокурор Асхат Дауылбаев қызметiнен босап қалды. Сырт көзге бұл жаңалық жер дауына қатысты көрiндi. Алайда жер митингiсi болса да, болмаса да Асхат Дауылбаев бәрiбiр 2016 жылы “6 жылдан астам бiр жерде басшылық жасамау” талабымен қызметiнен кетер едi.
Атыраудағы жер митингiсiне байланысты билiктiң ұстанымын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi айтуға мәжбүр болды. Жерiн қорғаған елге алғыс айта келiп, “қашқында, босқында жүргендердiң әрекетi” деп бағалап, “жалған ақпарат таратушылар жазалануы тиiс” деп түйiндедi президент. Бiрақ Н.Назарбаевтың бұл сөзiнен кейiн саябырсып қалған “жер қорғағандар” болмады. Ақтөбе, Семей, Орал, Қызылорда, Алматы, Астана қалаларында түрлi қарсылық акциялары бiрiнен кейiн бiрi жалғасты. Ақорда ел көңiлiн аулап, ауыс-түйiстердi қолға алды. Президенттiң “өмiрлiк көмекшiсi” Кәрiм Мәсiмов Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне көшiп барды. Бұл ел көзiне көрiнбейтiн қызмет болғанымен, Нұрсұлтан Назарбаевқа сенiмдi адам ғана басқаратын орын. Премьер-министр қызметi саяси амбициясы жоқ, шаруашылық саласынан шықпаған Бақытжан Сағынтаевқа бұйырды. Бiр қызығы, Сағынтаевтың орынбасарлығына кезiнде үкiметтi басқарған Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды. И.Тасмағамбетов үшiн бұл қызмет соншалықты қалаулы едi деп айтуға келмейдi. Дегенмен, Ақорда Б.Сағынтаев пен И.Тасмағамбетовтi экономикалық дағдарыс кезiнде қиын сынға тастап, Дариға Назарбаеваны өтпелi кезде “күйiп” кетуден сақтап, сенатқа жылы орынға жайғастырып қойды.
Ал президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi болған Нұрлан Нығматулиннiң Мәжiлiс төрағалығына қайта оралуы, Әдiлбек Жақсыбековтiң президент әкiмшiлiгiне тағы да тағайындалуы қосылғыштардың орнын ауыстыру амалдарымен бiрдей.
Осылайша, 2016 жылғы жер дауы билiк басында айтарлықтай ауыс-түйiстер жасатып, президент мерзiмi аяқталатын 2020 жылға дейiнгi өтпелi кезеңнiң үкiметiн жасақтап шықты. Бұл үкiмет құрамы 2017 жылы өзгере қоймас. Бiрақ келер жылы мемлекеттiк қызметкерлерге аттестация жүрмек. Бiлетiндердiң айтуынша, билiктегiлер осы аттестация арқылы мемлекеттiк қызметтi дiни “қайраткерлер” мен белсендiлерден тазартпақ. Бұл сөз рас болса, 2017 жылды салафиттермен күрес жылы деп атай беруге де болатын сияқты.

Жасұлан АҚКЕР,
Астана
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті