1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
«Жайсыз» желтоқсан

Ызғарлы Желтоқсанның отыз жылдығы мен ел Тәуелсiздiгiнiң ширек ғасырлық мерейтойы қабаттасып, көпшiлiк қарбаласпен жүргенде желтоқсан бiздегi билiкке биыл тағы жайсыз соқты. Ақордаға жақпайтын жалқы емес, қос жаңалығын ала келдi. Оның бiрi — “бүлiкшiл” банкир Мұхтар Әблязовтiң бостандыққа шығуы. Екiншiсi — өмiрiнiң соңында “қашқын күйеу” атанған марқұм Рахат Әлиевтiң өлiмiне қатысты тың дерек.

ӘБЛЯЗОВТIҢ «ӘЛЕГI»ӘЛI ӘБIГЕРГЕ САЛАТЫН СЫҢАЙЛЫ
2013 жылғы шiлдеден берi темiрторда отырған М.Әблязовтi РФ-ның экстрадициялау жөнiндегi өтiнiшiне орай Франция премьер-министрi былтыр қыркүйекте Ресейге беру туралы шешiм шығарғаны белгiлi. Соны Франция Мемлекеттiк кеңесi биыл 9 желтоқсанда бұзып, “бүлiкшiл” банкирдi бостандыққа босатып жiбердi.
Әрине, бұл ең алдымен, бала-шағасын қуанышқа кенелттi. Қарындасы Қарлығаш, ұлы Мадияр мен қызы Мәдина әлеуметтiк желiге ағасы мен әкесiнiң бостандықта жүргенiн бейнелейтiн әртүрлi сурет салып, мәре-сәре болды.
Осы оқиғаға орай ҚР Бас прокуратурасы да өз көзқарасын бiлдiрдi. Экстрадициялау туралы Франциямен келiсiмi жоқ елдiң ондай органы не дей қойсын? Кез келген айыпталушыны ұстау, тергеудi жерiне жеткiзу, соттың iстi әдiл қарауын қамтамасыз ету және келтiрген зиянды қайтару үшiн заңда қарастырылған барлық шараны қолданатынын айтқан.
Орайы келгенде еске сала кетейiк, бұрынғы банкирге тағылған айыптың жеңiлi жоқ: алаяқтық, құжатты қолдан жасау, өкiлеттiгiн жөнсiз пайдалану арқылы қаржыны талан-таражға салу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру мен оған басшылық жасау, қысқасы — сыбайластарымен бiрiгiп 7,5 миллиард доллар қымқырған. Қазақстанмен қоса Ресей мен Украинаны да тақырға отырғызған. 2009 жылы үстiнен қылмыстық iс қозғалып, соңына үш ел түскенде, өндiргенi шамалы. Соған қарағанда, “осылар өзара ақылдасып, қарапайым халықты ақымақ қылып жүргеннен сау ма?” деген күпiрлiк ойға да келедi екенсiң.
Бостандыққа шыққан “бүлiкшiл” банкир бiрден белсендiлiк байқатты. Америкалық “Times” журналында жарияланған диктатор билеген бес мемлекет туралы мақалада бiзге Куба мен Белоруссиядан соңғы орын бұйырыпты. Қазақстаннан кейiн Зимбабве мен Солтүстiк Корея тұр. Францияның “Liberation” газетi 13 желтоқсанда М.Әблязовтан алған сұхбатты жариялапты. Сөзiнiң сыңайына қарағанда, әлi талай әбiгерге салатын түрi бар көрiнедi.

РАХАТТЫ РАСЫНДА ӨЛТIРГЕН БЕ?
Мұндай сауалды қоюға түрткi болған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшiсi Рахат Әлиевтiң қорғаушысы Манфред Айнедтердiң мәлiмдемесi. Германиялық сот медицинасының профессоры Бернд Бринкманн жасаған соңғы сараптама нәтижесiне сүйенген ол баспасөз мәслихатында Вена түрмесiндегi өлiм Р.Әлиевтiң өзiне қол салғанынан емес, әлдекiмнiң қастандығынан болғанын айтқан.
Германиялық сот медицинасының профессоры Бернд Бринкманн Р.Әлиевтiң өзiне қол салу нұсқасын толықтай жоққа шығарады. Оның пайымдауынша, мойнындағы жiптен қалған көгерген дақ “оны бiреу өлтiрген” деген ойға итермелейдi. Өйткенi майда-майда қанталау тұншықтыру кезiнде пайда болуы мүмкiн.
Сондай-ақ, сарапшы қан айналымы бiрден тоқтайтындықтан асылған адамның өңi әдетте бозарып тұратындығына, ал Әлиев мырзаның түрi көкшiл-күлгiн болғанына назар аударған. Мұндай жағдай қанмен қамтамасыз ету толық тоқтамайтын тұншықтыру кезiнде орын алады. Сонымен қатар, профессор бұрынғы елшiнi әлi тiрi кезiнде асып қоюы ғажап емес екендiгiн де жоққа шығармайды. Бiрақ ол бiр адамның қолынан келетiн шаруа емес, кемiнде екi адам болса керек дептi.
Рахат Әлиев 2015 жылы 24 ақпанда Венаның тергеу абақтысындағы бiр орындық камераның жуынатын бөлмесiнде асылып тұрғанда табылған. Тергеу мен түзеу мекемесiнiң басшылығы оны бiреудiң өлтiруi ықтимал екенiн жоққа шығарған.
Рахат Әлиевтiң қорғаушылары сараптама нәтижесiн Австрия прокуратурасына тапсырды. Олар қылмыстық iстiң қайта қаралатынына үмiттенiп отыр...

Әлiбек ӘБДIРАШ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті