1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
Трамптың ойынынан от шығуы мүмкiн

Жаңадан сайланған АҚШ президентi Дональд Трамп бiрнеше күннен соң ресми түрде президенттiк қызметiне кiрiседi. Және бұл күндi Кремльдiң қожайыны асыға күтiп отыр. Ең қызығы, бұл жағдай көршi елдiң билiгiнiң алдағы стратегиялық қадамдары Батыстағы идеологиялық өзгерiстерге тiкелей тәуелдi секiлдi көрiнедi. Байқасаңыздар, АҚШ-тағы президент сайлауын америкалықтардан гөрi Ресей билiгi мен қарапайым ресейлiктер ынтыға қадағалағандай. Қазiрдiң өзiнде көршi елдiң ақпарат құралдарындағы жаңалықтардың басым бөлiгi АҚШ-пен, Дональд Трамппен байланысты. АҚШ президентiнiң әр сөзiн аңду Ресейдiң әлсiздiгiн көрсетедi. Бұл орайда АҚШ барлау орындарының президент сайлауына ықпал ету үшiн Ресей кибершабуылдар ұйымдастырды деген айыптауларының жаны бар. Бұл Д.Трамптың билiкке келуiн көздеген әрекет делiнсе де, АҚШ-тың жаңа президентi барлау орындарының есебiмен танысқан соң, “Ресей, Қытай, өзге елдер және жекелеген тұлғалар үнемi бiздiң үкiметтiк құрылымдар мен ұйымдардың, кәсiпорындардың кибер-инфрақұрылымын бұзуға тырысады” деп мәлiмдедi. Дегенмен Д.Трамп Ресейдi айыптауға, бұл елдiң билiгiн сынауға асықпайды.

Ресейдiң экономикасы қазiр өте әлсiз. Сириядағы әскери операциялар қазынаны түгесуге жақын. Сондықтан Кремль қайткен күнде Батыстың өздерiмен сөйлесуден қашпайтын билеушi топтарымен ымыраға келуге тырысуда. Яғни өзiнiң бiтiспес жауы санайтын Х.Клинтон мен оны үмiткер ретiнде үкiлеген Демократиялық партияға хакерлiк шабуыл жасау арқылы, шетелдегi орыстiлдi ақпарат құралдарында Д.Трамптың жағымды бейнесiн қалыптастыруға қыруар қаржы жұмсауымен Ресей өзiнiң әлеуетiн емес, әлсiздiгiн көрсетiп алды.
Екiншi жағынан Дональд Трампты Ресейдiң үлкен досы деуге әлi ерте. Кезiнде Черчилльдiң Британ парламентiнде сөйлеген сөзiнде “Маған Гитлермен күресуге көмектесетiн болса, Сталин түгiлi, шайтанның өзiн қолдаймын” дегенi бар.
Д. Трамп өз кезегiнде “Оларды “дұрыс емес” болғандығы үшiн ғана басқа елдердегi саяси режимдердi құлатпауымыз керек” дейдi. Трампқа салсаңыз, Сирияда басқаруға көнбейтiн, ықпал ету өте қиын содырлардан гөрi Асадтың билiк басында отырғаны дұрыс. Ресеймен “санкция соғысына” килiккенше Кремль қожасымен өзара тиiмдi келiсiмге келген тиiмдi. Және жаңа америкалық президенттiң мұндай ымырашылдығының өз есебi бар.

“МИЛЛИАРДЕРЛЕР” ҮКIМЕТI

Қызыңды алам мен үйленгеннiң арасы жер мен көктей екенiне Д.Трамп жасақтап жатқан жаңа үкiметтiң мүшелерiне қарап көз жеткiземiз. Конгресс Трамптың ұсынысын мақұлдаған жағдайда жаңа президенттiң әкiмшiлiгi тек ақ нәсiлдi байлардан құралады. Туған күйеу баласын өзiне кеңесшi етiп, ExxonMobil, Chevron секiлдi iрi мұнай компанияларының өкiлдерiн қызметке шақырған Дональд Трамп Goldman Sachs сияқты iрi инвестициялық банктiң үш бiрдей лоббисiне де әкiмшiлiгiнен жұмыс тауып бермек. Сайлауалды бағдарламасында қарсыласы Хиллари Клинтонды iрi қаржы топтарынан ақша алады, солардың ықпалында жүредi деп айыптаған Д.Трамптың өзi Уолл-стрит пен трансұлттық корпорациялардың өкiлдерiнен тұратын АҚШ тарихындағы ең “қалталы” үкiметтi жасақтамақ. Яғни байларға салық салып, орта тапқа қолдау көрсетуге уәде берген Д.Трамптың алғашқы қадамдары сайлау алдындағы айтқандарына кереғар келуде.
Д.Трамп ұсынған үмiткерлердiң iшiнде қаржылық алаяқтық дауына шатылғандардың да кездесуi, жаңа әкiмшiлiк Америкада орта таптың мүддесiн қорғайтын саясат жүргiзедi деген сенiмге селкеу түсiредi. Iрi корпорацияларда бұйрық берiп үйренген жандардың қоғам мүддесiн ойлай қоюы екiталай, халыққа есеп беруге құрылған үкiметтiң қызметiн мүлтiксiз жалғастырады деу де қиын.

“ПIЛ” ҚЫТАЙ ФАРФОРЫН СЫНДЫРУЫ МҮМКIН БЕ?
АҚШ-тың әлем алдындағы қарызы қазiр 20 трлн доллар. Бiр ғана Қытайдың қолындағы Федералды резерв жүйесi шығарған борышкерлiк құнды қағасызының сомасы 1 трлн долларға жетедi. Оның сыртында Қытайдың мемлекеттiк компаниясы ең iрi америкалық корпорациялардың акцияларына иелiк етедi. Қытай осы қағаздарды нарыққа шығарып немесе қарызын қайтаруды талап етiп ақ, АҚШ экономикасын тоқырата алатын әлеуетке ие. Ал қарызды жоюдың жалғыз сенiмдi әрi ежелгi амалы – соғыс.
Қазiрдiң өзiнде америкалық сарапшылар Д.Трамп әкiмшiлiгi бiрiншi кезекте Қытайды “орнына қоюмен” айналысатынын болжауда. Жаңа президенттiң сайлаушыларға қытай тауарларының импортына шектеу қойып, iшкi өндiрiстi жандандыруға және кемiнде 25 млн адамға жұмыс тауып беруге уәде еткенi бар. Экономистердiң айтуынша бұл үшiн Америкаға импорттық баж салығын қымбаттатып, экспортты өсiруi керек. Ал АҚШ импортының тең жартысына жуығы Қытайға тиесiлi. АҚШ-қа инвестиция келуiн қамтамасыз ету мақсатында Федералды резерв жүйесi негiзгi пайыздық сыйақы мөлшерiн көтере бастады. Бiрақ бұл ретте доллар күшейiп кетiп, Трамптың индустрияландыру саясатын жүзеге асыру мүмкiн болмай қалады дейдi мамандар. Әзiрге жаңа президент пен оның көмекшiлерi “Былай тартса өгiз өлiп, былай тартса арба сынатын” тығырықтан шығудың жолын таппай отырғандай әсер қалдырады.
Осы ретте Трамптың Тайвань президентi Цай Инвэньмен телефон арқылы тiлдесуi жаңа президенттiң Қытайға қатысты қандай саясат ұстанатынын анық байқатқандай. Бұған дейiн Тайванның Қытайдан тәуелсiздiгiн ишаратпен бiлдiрiп келген америкалық президенттердiң ешқайсысы Азияның аждаһасын ашуландырып алмау үшiн аралдағы мемлекетпен жоғары деңгейде тiкелей байланыспаған едi. Соңғы кездерi Қытайды реттi-ретсiз айыптауға көшкен Д.Трамптың мәлiмдемелерi Азия құрлығын мазасыздандыра бастады.
Iрi қаржы топтары мен концерндердiң өкiлдерiнен құралған президент Д.Трамптың тобы Қытаймен өте қауiптi ойынды бастаған секiлдi. АҚШ-тың жаңа президентiнiң Ресейге жылы қабақ танытуының түпкi себебi де осы ойынмен ұштасып жатқандай. Батыспен “Қырғи-қабақ соғыс” кезiндегiдей жағдайға келiп қалған Ресейдiң билiгi Қытай, Иран секiлдi елдермен түрлi одақ аясында күш бiрiктiруге көшкенi мәлiм. Ал Д.Трамп “Әлемнiң барлық елiмен дос болуға ұмтылатынын” мәлiмдегенiмен, Қытай мен Иранды Американың басты қауiптi қарсыласы санайтынын жасырған емес. Демек, Бейжiң-Мәскеу одағының күшейгенi Вашингтонға тиiмсiз. Кремльдiң АҚШ-тағы саяси науқанға араласу сияқты шектен шыққан қылығына Д.Трамп В.Путинге деген ерекше құрметi үшiн көз жұмып отыр деу қиын. Кезiнде АҚШ президентi Р.Никсонның әкiмшiлiгi ортақ идеологиялық саясат ұстанатын Мәскеу мен Бейжiңнiң арасына от сала алғанын да еске түсiруге болады.


Егер Д.Трамп Қытаймен арада сауда-экономикалық соғысты бастауды көздесе, онда АҚШ Орталық Азияны ежелден өзiнiң ықпалындағы өңiр санайтын Ресейдiң пiкiрiмен келiседi. В.Путиннiң Еуразиялық экономикалық одақты НАТО-ға кiретiн елдердiң шекарасына дейiн кеңейтуге талпынысына уақытша болса да кедергi келтiрмейдi. Бұл жағдайда Қазақстанның ұтқанынан ұтылғаны басым болады деп болжаймыз. АҚШ-пен уақытша ымыраға келiсiмен, империялық дерттен айықпаған Кремль басқыншылық саясатын бұрынғыдан бетер күшейтедi. Екiншi жағынан шығыстағы көршi мен АҚШ арасында текетiрес басталса, Ақорда екi түйенiң ортасында кетпеу үшiн көпвекторлық саясатында күрделi маневр жасауға мәжбүр болады. Оның сыртында ұзақ жылдардан кейiн Ақ үйге оралған америкалық мұнай компанияларының мұнай нарығында жаңа ойын бастары сөзсiз. Онсыз да дағдарыс толқындарынан әупiрiмдеп тұрған Н.Назарбаев билiгiнiң тұрақтылық яхтасына жаңа дауылдан да қазiр тынық айдын керек.
Қалай десек те АҚШ-тың жаңа президентi Д.Трамптың сыртқы саясаттағы ойындары әзiрге өзара тиiмдi әрiптестiкке ұмтылған кәнiгi бизнесменнiң әрекетiн танытпайды, керiсiнше алып елдi ғана емес, әлемдi де апатқа итермелеген әумесердiң iсiне көбiрек ұқсайды.
 

Әдiл ҰЗАҚБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 17 қаңтар 2017 11:04
"Трамптың ойынынан от шығып, "қошқарлардың" сүзіскені ҚАЗАҚ үшін БАҚ болып қонады. Бір-бірін "сүзгілеп" "бірі өліп бірі қалғанша тыштаңдаса, орыстың ҚАЗАҚҚА қарауға шамасы келмей, басымен қайғы болар еді. Онда "евроазиялық одақ " сияқты " қайыс ноқтадан" құтылып бағымыз жанар еді. "Поддержкасынан" айрылған "наданның" да көзі құрыр ма еді...?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті