1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
7 наурыз 2017
Өзбекбасшы келе жатыр

Өзбекстанның жаңа басшысы Шавкат Мирзияев президент ретінде екінші сапарын Қазақстанға жасамақ. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі әзірге жариялай қоймаған бұл іссапар, болжам бойынша, Ұлыстың ұлы күні қарсаңына жоспарланған. Наурыздың басында Түрікменстанға табан тіреген Шавкат Мирзияев Қазақстанмен қандай қарым-қатынас орнатпақ? Орталық Азиядағы тұрақтылыққа Өзбекстанның ықпалы қаншалықты болмақ? Осы сұрақтарды Өзбекстанда кезінде лауазымды қызметтер атқарған, саяси-экономикалық сарапшы Сейіт Иматовқа қойып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Билікке келе сала Шавкат Мирзияев Орталық Азиядағы көршілерімен қарым-қатынасты барынша нығайтуға басымдық беруге тырысып жатыр. Саяси-экономикалық және халық саны жағынан Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы қуатты мемлекеттер. Қазақ пен өзбектің діні мен тарихы ортақ, тілі, мәдениеті жақын бауырлас халықтар. Орталық Азиядағы тұрақтылық осы екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Мұны Мирзияев жақсы түсінеді. Өзбек президентінің қазақтарға ықылас-пейілі жаман емес. Іссапарын Наурыз мерекесінен бастауы да тегін емес. Наурыз – жыл басы, жаңарудың басы. Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында үлкен жанжалға алып баратындай дау-дамай болған жоқ. Дегенмен Совет Одағы ыдыраған соң барыс-келістің бәсеңсігені рас. Өзбекстанның жаңа президенті осы қарым-қатынасқа жаңа серпін беруді жоспарлап отыр. Яғни қазақ-өзбек арасындағы достықтың жаңа парағы ашылғалы жатыр деп айтсақ та болады.
– Бауырлас елмен барыс-келістің бәсеңдеуін айтып өттіңіз. Бұл марқұм Ислам Каримовтың ұстанған саясатының жемісі ме еді?
– Уақтысында шетел ақпарат құралдарында Қазақстан мен Өзбекстан басшылары арасында аймақтағы көшбасшылық үшін өзара бәсекелестік бар деп айтылатын. Назарбаев пен Каримовтың кездесуінде осындай мағынадағы сауалдың төтесінен қойылғаны да есімде. Сонда Назарбаев: «Бір жағымызда Ресей, бір жағымызда Қытай сияқты державалар тұрғанда өз арамыздағы көшбасшылық туралы әңгіме қозғау артық. Біздің қазіргі мақсатымыз – экономикадағы қиындықтарды жеңіп, реформаларды жүргізу»,– деп жауап берген еді. Дегенмен «аймақта кім көшбасшы?» деген әңгімелер бұдан кейін де айтылып жүрді. Қазақстан реформаларды жедел жүргізді. Кәсіпкерлікке айтарлықтай жағдай жасады. Халықаралық ұйымдарға нарықтық экономикасы қалыптасқан ел ретінде мойындала бастады. Өзбекстанның марқұм президенті Қазақстанның осы жетістіктеріне, көптеген бастамаларына қызғанышпен қарайтыны байқалатын. Сосын Каримов Қазақстанның Ресеймен қоян-қолтық араласқанын құптаған жоқ. Ол Ресейдің империялық пиғылынан қауіптенетін. Осындай көзқарас екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға кері әсерін тигізді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы төменгі қалпында қалды. Мәселен, қазір басшылар екі ел арасындағы тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткіземіз деп отыр. Шындығына келгенде, егер дұрыс шешімдер қабылданса, оны таяу аралықта 10 миллиард долларға дейін оңай өсіруге болады.
– Мирзияев билікке келе сала кәсіпкерлерге жағдай жасауды бастап кетті. Мұнысы қаржы дағдарысынан шыққан мәжбүрлік пе?
– Қаржылық дағдарыс, шикізаттық ресурстарға бағаның төмендеуі Өзбекстанға ғана тән жағдай емес. Өзбекстан экспортқа мақта, алтын, газ шығарады. Соңғы жылдары осы тауарларға бағаның түсуіне байланысты экономиканы әртараптандыру жүріп жатыр. Бұл Мирзияев премьер-министр болып тұрған кезде басталған. Мәселен, жуырда Қазақстан президенті Н.Назарбаев 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу туралы міндет қойды. Ал статистикаға қарасақ, Өзбекстан бұл межені 2014 жылы бағындырып қойған. Әрине, екі ел арасындағы ішкі жалпы өнім әртүрлі. Дегенмен Өзбекстанда кейінгі кездері кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Мирзияев ауыл шаруашылығына да көп көңіл бөлуде. Ауыл тұрғындарына жеке шаруашылықпен айналысуына мүмкіндіктер жасалуда. Бұрын диқандар өз тауарларын шетелге сату үшін сатып алушы алдын ала 100 пайыз төлемақы жасауы тиіс болатын. Мирзияев мұны 30 пайызға дейін қысқартты. Биылдан бастап Өзбекстан Ресей нарығына арзан бау-бақша, көкөніс өнімдерін жөнелтеді. Ресейдің ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осы жөнінде Ташкентке келіп уағдаластық жасасты. Өзбекстан ауыл шаруашылығы жаңа белеске көтерілуге дайын тұр. Диқандар мақта алқаптарын қысқартып, бау-бақша, көкөніс егуге көшеді.
– Ал бұл өзгеріс Қазақстанға қалай әсер етеді?
– Әзірге Оңтүстік Қазақстан облысы Ресей түгіл, Қазақстанның өзін бау-бақша өнімдерімен толық қамтамасыз ете алған жоқ. Өзбек диқандарының нарыққа кіруі бәсекені күшейтеді. Ал бәсеке бар жерде тауардың бағасы арзандайды. Яғни қандай жағдай болса да, тұтынушы ұтады. Ал қазақстандық тауар өндірушілерге біраз қиындық туатыны рас. Бұл жағдай қазақ диқандарын ерте тұрып, кеш жатуға, бір сөзбен айтқанда, қатаң бәсеке жағдайында жұмыс істеуге үйретіп, сол арқылы ширауына ықпал етеді деп ойлаймын.
– Өзбекстан жақын арада Еуразия экономикалық одағына мүше болып енуі мүмкін бе?
– Өзбекстан бұл одаққа өте қоймайды. Еуразия экономикалық одағы әзірге өзінің өміршеңдігін дәлелдей қойған жоқ. Өзбекстан бұл одақтың Қазақстан, Қырғызстан, Армения мен Беларуське тиімді бола қоймағанын көріп отыр. Жуырда Беларусь басшысы А.Лукашенко соңғы жылдары одаққа мүше елдер арасында тауар айналымы төмендеп кеткенін мәлімдеді. Бұл одақ әзірге тек Ресей үшін тиімді болып отыр. Екіншіден, Өзбекстан Еуразия экономикалық одағына таза саяси ұйым деп қарайды. Оның мақсаты Совет Одағын барынша қайта оралту, Ресейдің империялық ниетін ілгерілету деп түсінеді. Сол себепті Өзбекстан өзін бұл одақтан мейлінше оқшау ұстауға тырысады.
– Өзбекстанның бірінші президенті тақ үстінде қайтыс болған соң, биліктің ауысуында дау-дамай, тартыс, төңкеріс болған жоқ. Биліктің екінші қолға тыныш өтуі Мирзияевтің ептілігін көрсете ме?
– Билік транзиті Өзбекстанда соңғы жылдары көп айтылды. Табиғат заңына ешкім қарсы тұра алмайды. Каримовтың денсаулығы нашарлаған кезде болашақ президент ретінде екі адамның кандидатурасы аталды. Оның алғашқысы – премьер-министр Шавкат Мирзияев, екіншісі бірінші вице-премьер әрі қаржы министрі Рустам Азимов еді. Сарапшылар Мирзияевті шығыстық, ал Азимовты батыстық құндылықтарға бүйрегі бұратын шенеунік ретінде білетін. Дегенмен Мирзияевтің мүмкіндігі зор болды. Ол оны мүлт жіберген жоқ. Мирзияев шаруаға мығым басшы, 2002 жылдан бергі аралықта табан аудармастан үкіметті басқарды. Дағдарыс кезінде экономикалық тұрақтылықты сақтап қалды. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің зор екендігін байқатты. Сонымен бірге Мирзияев көпшілік ортадан өзін аулақ салып жүрді. Содан да болар, ол өзін саяси тұлға ретінде таныта алмады. Алайда оның билік басына келуін халық жақсы қабылдады. Халық биліктің тыныш өткенін құп көрді. Әйтпесе халықта президентті маңдайынан шертіп жүріп таңдайтын таңдау да болған жоқ. Шынайы бәсекесі жоқ сайлауда Мирзияев 88 пайыз дауыс жинады. Халық оны екінші Каримовтай көріп қабылдады.
– Батыс ақпарат құралдарында Мирзияевтің қызба мінезі, артық сөзі туралы ара-тұра айтылады. Күйеу балаларын қызмет беріп құрметтейді дейді...
– Шетелде жүрген қоғам белсенділері, оппозиция өкілдері, адам құқығын қорғаушылардың осындай сөздерді айтып жүргені рас. Мәселенің анық-қанығы мынандай деп Мирзияевтің мінезі туралы нақты бірдеңе айту қиын. Себебі он екі жыл премьер-министр болса да, ол көпшілік көзіне түспей, тасада отырып үкімет басқарған адам. Ал күйеу балаларына келсек, бірін президент әкімшілігі басшысының орынбасары, екіншісін президенттің күзет қызметі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындағаны туралы бейресми ақпарат бар. Бірақ ресми ақпарат жоқ. Өзбекстанда кей қызметтер туралы ресми ақпараттар еш жерде жарияланбайды. Тіпті 12 жыл премьер-министр болған Мирзияевтің бір тілім өмірбаяны былтыр бірінші рет Орталық сайлау комитетінің талабымен сайлау кезінде жарияланған болатын.
– Өзбекстанда бір жылымық басталды деп айтуға бола ма? Қалай дегенімен, Каримовтың кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандар түрмеден шығып жатыр...
– Барлығы емес, бірен-сараны ғана шығып жатыр. 2006 жылдан жындыханаға мәжбүрлі түрде қамалған Каримовтың немере інісі, журналист Шамшид Каримов жуырда бостандыққа шықты. Ол 2006 жылдары Жизах облысындағы атқарушы биліктің жөнсіздігі туралы шетел ақпарат құралдарында материалдар жариялаған болатын. Артынша оны қамап тастады.
Шетелде қашып жүрген оппозиция серкесі Мұхамед Салықтың 17 жылдан бері қамауда отырған бауыры бостандыққа шықты. Жалпы, Мирзияевтің билікке келуімен Өзбекстанда «әділеттік орнап, каримовтық қуғын-сүргін жылдары артта қалды» деген түсінік қалыптасып жатыр.
– Алайда өзбектер бұрынғы президенті Каримов туралы жағымсыз әңгіме айтуға құмбыл емес. Керісінше, оның туған және өлген күндерін ерекше атап өтіп жатқандарын қалай түсінуге болады?
– Әр халықтың өз табиғаты бар. Өлген адамның соңынан жаман сөз айтпау – шығыстық менталитетке тән. Қандай жағдай болса да, Каримов ел басқарған адам. Ширек ғасырдан астам президент болды. Өзбек халқы Каримовтың екі еңбегін ерекше бағалайды. Біріншісі, Өзбекстан көршілес мемлекеттер сияқты белшесінен қарызға батқан жоқ дейді. Екіншісі, халықтың саны өсті дейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Өзбекстандағы халық саны 20 миллион болса, қазір 32 миллионға жетті. Халық «Каримовтың заманында жақсы өмір сүрмесек те, аш жүрген жоқпыз» дегенді көп айтады. Ал Шавкат Мирзияев тұсында көршілермен қарым-қатынас түзеліп, экономикалық жағдай жақсарады деп үміттенеді.
– Әңгімеңізге рақмет.
 

Әңгімелескен
Бақытжан Әбдірашұлы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар