1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №21 (16207)   14 наурыз, сейсенбі 2017
14 наурыз 2017
АҚШ-ты шаң қаптырып кеткен күн

Сөйтіп, АҚШ-ты шаң қаптырып кеттік. Наурыздың 10-ы күні жаңа Конституциямен оянған депутаттар мен шенеуніктер демократиялық құндылықтары ғасырларға созылған АҚШ-тан Қазақстанның озып кеткенін аңғармай да қалған сияқты. Байқамай қалатын жөндері де бар. Депутаттардың сөздеріне сенсек, тарихи бетбұрыс жасап, зор жауапкершілікті мойындарына жүктепті. Енді олар билік өкілеттілігін «қылдай бөлген» су жаңа Конституция бойынша үкімет жұмысын қадағалайды екен. Үкіметтегілер де мәз. Өзгерген Конституцияда президент үкімет актілерін тоқтата алмайды.
Алайда негізгі мәселе үкіметтегілер президентке ұнамайтын актіні өз беттерінше қабылдай ала ма дегенге тіреліп тұрған жоқ па?! Үкіметте президентке көрсетер ондай қауқар мен мінез жоқ кезде Конституциядағы жаңа өзгерістер мен толықтырулар көзбояушылық екенін қоғам белсенділері түсінде аян көргендей айтып-ақ жатыр. Күштік құрылымдарды, ішкі істер, қорғаныс министрлерін президент тікелей тағайындайтын жағдайда нақты билік кімнің қолында екені соқырға да айқын екені және белгілі. Күштік құрылымдар демекші, жаңа Конституция терроршылармен күресетіндерге керемет жеңілдік жасағандай. Енді терроризм ісі бойынша сотталғандарды сот Қазақстан азаматтығынан айыра алады. Яғни Сирия сияқты соғыс ошағына кеткендерді сырттай соттап, азаматтығынан айырып тастаса, адасып кеткен 300-ге жуық қандасты елге қалай қайырамыз деген сұрақ мүлдем қойылмайтын болады. Және шетелге шығып содыр атанғандарды азаматтықтан айырып тастаған соң, олар салған сойқанға Қазақстан заң жүзінде жауапты емес.
Сондай-ақ Конституциядағы жаңа түзетулер Қазақстан заңдарын халықаралық құқықтық норма талаптарынан жоғары қояды. Бұл – Қазақстан өзі мойындаған халықаралық талаптарды енді қалауынша пайдалана алады деген сөз. Мәселен, бұған дейін адам құқығы, саяси, азаматтық, қоғамдық белсенділігіне қатысты дау-дамайда екінші жақ Қазақстан өзі мойындаған халықаралық талаптарды сақтамай отыр деген уәж айтып шығатын. Енді көзірлікке ең алдымен Қазақстан заңы жүреді.
Жаңа Конституцияда парламентке жауапты болдық дегенімен, премьер-министр депутаттарға соншалықты тәуелді болмайды. Мәселен, премьер-министр әлеуметтік саладағы министрлерді тағайындау кезінде депутаттармен ақылдасқанымен, олардың келісіміне күні түспейді.
Сарапшылар Конституцияға енген түзетулер орындалмайтын түрлі бағдарламаларға үкімет пен парламентті жауапты жасаудың амалы ғана деп біледі.
Олай дейтін себептері – бұған дейін елде жасалған жетістіктер тек президенттің еңбегіне телінетін. Ал ашылмай жатып жабылатын зауыттар, миллиардтаған қаржы жұмсалып түк нәтиже бермеген сансыз бағдарламалардың иесі табылмайтын.
Қазақстанның алғаш Ата заңын жазуға елеулі еңбек сіңірген, бұрынғы әділет министрі, марқұм Нағышыбай Шәйкеновтің заңгер ұлдары Арман мен Уәлихан әкелерінің 70 жылдық мерейтойына арнап Forbes.kz сайтына жариялаған мақалаларында «Конституцияға енгізген түзетулердің анық мақсаты – қаржы саласына қатысты, яғни «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) туралы заңды легализациялау» деп бағалайды. Астананы «қазақстандық қаржы Гонконгын» жасау ниетімен және оны Конституцияға Астананың ерекше юрисдикциясын ескере отырып түзетулер ретінде енгізумен келіспейтіндерін жазған Шәйкеновтер биліктің осылай параллель құқық нормаларын қолдануы Қазақстанның унитарлығын бұзады деп бағалайды.
Бірақ мұндай қауіпті ескерейік, «жеті рет өлшеп, бір рет кесейік» деген билік болмады. Конституцияға енер өзгеріс пен түзетуді халық талқысына салып, референдум арқылы қабылдайық деген ниет де танытпады.
Сөйтіп, 2017 жылдың 10 наурызы Қазақстан Конституциясы төртінші мәрте түзетілген (бұған дейін 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгерген) күн болып тарихта қалды. Бұл жолы Ата заңға 26 өзгеріс енді. Енді мына деректі қараңыз, қабылданғанына 230 жыл өткен АҚШ-тың Конституциясына осы күнге дейін бар-жоғы 27(!) өзгеріс еніпті. Ал бас-аяғы 22 жылда біз басты заңға жүзге жуық түзету енгіздік. Бірақ сот билігін, парламент өкілеттілігін, үкімет құзырын АҚШ-тағыдай өсіре алдық па? Федералдық соттар АҚШ президенті Дональд Трамптың кейбір жарлықтары заңға қайшы деп, олардың күшін жойып жатыр. Ал біздің соттар жемқорлықпен ұсталған шенділерді де дұрыстап соттай алмай келеді. Бірақ біз бәрібір Ата заңға өзгеріс енгізуден АҚШ-тан озып кеттік қой!

«КОНСТИТУЦИЯ – ҚОЙЫН КІТАПША»
Сыншы дейтін сырт көз, жалпы, Орталық Азия мемлекеттерінің Конституциясын билік басындағылардың қойын кітапшасы деп біледі. Бұған енді сөз таластыру тіпті қиын. Олардың сыни сөзін өзіміз де, көршілер де жерге қалдырмай дәлелдеп жатқан түріміз бар.
Мәселен, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев жуырда ғана әйелі Мехрибан Әлиеваны вице-президент лауазымына тағайындады. Ильхам Әлиевтің өз сөзімен айтқанда, «кәсіпқой, гуманист, тәжірибелі және принципшіл» әйелін ешкім сайламайтын, парламент пен үкіметке бағынбайтын мемлекет басқаруындағы екінші лауазымға тағайындау үшін былтыр референдум өткізіп, ел Конституциясын өзгерткен болатын. Тәжікстан билігі де Конституция өзгертуден қалыспай, былтыр референдум жасап, президент Эмомали Рахмонды «ұлт көшбасшысы» деп жариялап, оған шектеусіз мерзімге сайлана беретін құқық берді. Қазақстан мұндай өзгерісті осыдан бес жыл бұрын жүзеге асырып тастағанын білесіздер. Тәжікстан жаңа Конституциясының бір айырмашылығы – жасы 30-дан асқан Тәжікстан азаматы президент болып сайлана береді. Сарапшылар бұл өзгеріс президент Рахмонның осы жылы 30 жасқа толатын Рустам Эмомали үшін арнайы жасалғанын айнадан көргендей айтып жүр.
Конституция өзгерту жарысынан Түрікменстан да қалысқан емес. Былтыр өткен конституциялық реформада президент сайлауы үшін кандидаттың жас шектеуін алып тастады. Сондай-ақ бір адамның президенттік өкілеттілігін бес жылдан жеті жылға ұзартты. Орталық Азия елдері ішінде саяси өмірі қара қазандай қайнап тұрған Қырғызстан да былтыр референдум өткізіп, Конституциясын өзгертті. Ондағы басты жаңалық – премьер-министрдің құзыретінің өскені. Сарапшылар Алмазбек Атамбаев президенттіктен кеткеннен кейін (Қырғызстанда бір адам қатарынан екі мерзімге президент болып сайлана алмайды – ред.) премьер-министр болады деп болжайды.


Жасұлан АҚКЕР

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Ореке | 14 наурыз 2017 15:12
Дүние жүзіне қор болған, мазақ болған Мазақстан елім-ай!!! Конституция жалғыз адамның, ҚАРА басына қызмет етіп келеді.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар